ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ САЯСИ ҚҰЖАТТЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Жұма, 12 қаңтар күні «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында қалалық мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылады.

Алқалы жиынның шымылдығын ашқан «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова Елбасымыздың кезекті Жолдауындағы басты бағыттар мен міндеттеріне жан – жақты тоқталды. 

- Бірінші кезекте Президент еліміздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Осы жетістіктер Мемлекет басшысының Жолдауына арқау болып отыр. Еліміз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуды басты орынға қоюда. Міне, осы түпкі мақсатқа қол жеткізу үшін Н.Назарбаев қазақстандықтар алдына нақты міндеттерді ұсынды. Біздің депутаттарымыздың басым көпшілігі өндіріс орындарының басшылары болып табылатындықтан, Жолдаудағы міндеттерді қаламыз бойынша жүзеге асыру еш қиындық тудырмайды,- деді Зульфия Фазылжанқызы.

Жиында Жолдаудан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыру жолында заманауи технологияларды өндіріске енгізіп, сол арқылы еңбек ресурстарын дамыту жағы, Елбасының халыққа арнауында айтылған адам капиталы туралы да сөз болды. Семей өңіріндегі кәсіпорындарға жаңа заманауи технологиялар мен өнім өндірудің жаңа әдістерін енгізуден бөлек, қаламыздағы көлік-логистика жүйесін жөнге келтіру мәселесі де айтылып, жүк көліктеріне арналған айналма жолдар, әуежайдың қайта жаңғыртылуы жайында сөз болды.

Семей өңірінде жүргізілген сауалнамалар бойынша халыққа қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, сондай-ақ жұмыссыздық мәселесі де осы жиында айтылмай қалған жоқ. Ал сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты елдің пікіріне ден қойсақ, қатерлі дерт білім беру мен денсаулық сақтау саласын, сонымен қатар құқық қорғау органдарын жайлап отыр. Баланы балабақшаға беру, дәрігерлік және педагогтік қызметке кіруде бармақ басты, көз қысты әрекеттер жиі кездесетін құбылысқа айналып үлгерді.

- «Нұр Отанға» көмек іздеп келгендер денсаулық сақтау саласына қатысты шағымданады. Сол себепті биыл партиялық тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрі осы арқылы денсаулық сақтау саласы өкілдерінің сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатқандарына көз жеткізетін боламыз,- деді З. Жамалтдинова.

Жолдауды талқылау барысында халық қалаулылары Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда ортақ мақсатта жұмыла жұмыс жасау қажет деген ойда тарқасты.

Серік Әбілқасымұлы

СЕМЕЙЛІК ЖАСТАР ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауымен алғашқылардың бірі болып Семейдің жастары танысты. Елбасы Жолдауын басты назарға алған жастар мәслихатының депутаттары, жоғары оқу және арнаулы орта білім беретін орындардың студенттері Абай атындағы кітапханада өткен дөңгелек үстелде бас қосты.

Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев пен Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Олжас Соғымбайдың жетекшілігімен өткен отырыста еліміздің басты құжатында көрсетілген он басымдық жан-жақты түсіндіріліп, ой-пікірлер айтылды.

- Биылғы Жолдаудан біз егеменді еліміздің кемел келешегін, алып мемлекеттер қатарына қосылу жолында қойылған нақты мақсат-міндеттерді көреміз. Оларды жүзеге асыру жастардың білімділігіне, одан кейін белсенділігіне тікелей байланысты,- деп өз сөзін бастаған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы тосыннан туындаған құжат емесін, бұл осыдан алты жыл бұрын жарияланған «Қазақстан – 2050» Cтратегиясын бағындырудың келесі бір белесі екенін айрықша атап өтті.

- Бұған дейін Үшінші жаңғыру үрдісінен өттік. Өткен жылы ел саяси, экономикалық, рухани жаңғыруға барынша көңіл аударып, тарихын білетін, тілін, дінін түсінетін жас ұрпақты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар көптеп өткізілді. Қазақ елінің ұлт ретінде ұйыса білуінің, ұлтаралық түсіністіктің, төзімділік пен сенімділіктің арқасында биік белестерді бағындырдық. Осы жолы Ұлт Көшбасшысы алдағы жылдары атқарылуы тиіс он бағытты айқындап берді және жастарға зор сенім білдірді. Себебі Елбасының саясатын іске асыратын қозғаушы күш – жастар,- деді Айдар Серікқазыұлы. 

Ашық әңгіме түрінде өрбіген жиында Жастар мәслихатының депутаты Сұлтан Мейрамбеков Жолдаудың басты бағыттары туралы өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, инновациялардың дамуы, ресурстық әлеуетті, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, көлік-логистика инфрақұрлымын жетілдіру, білім берудің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, «Смарт Сити» тұжырымдамасын енгізу Қазақстанды жаңа белеске шығаруға мол мүмкіндік береді.

- «Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы» атты жетінші басымдық бірден назарымды аударды. Себебі, Жолдауда көрсетілгендей, балалардың ерте дамуы үшін, мектепалды білім беруде 2019 жылы оқушылардың өз бетінше оқу машығын, әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттары енгізілуі керек. Сондай-ақ мектептерде жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Ол 2021 жылы аяқталмақ. Жаңа технологияларды енгізуге пайдасы мол математика, жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Бұл технологияны жете меңгерген маман дайындап, алдыңғы қатарлы елдерге ілесудің маңызды шарты екенін  Елбасы жақсы айтып кетті. Сол сияқты балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілді оқытудың жаңа әдістемесін әзірлеу, латын әліпбиіне көшу біздің болашағымыз үшін тиімді екеніне шүбә жоқ,- дейді С.Мейрамбеков.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Президенттің бастамаларын қолдайтындарын айтып, алдағы мақсаттарға жету үшін бір кісідей атсалысатындарын жеткізді.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН БОРОДУЛИХА

Өткен аптаның соңында бір күндік іссапармен Бородулиха ауданында болудың сәті түсті. Іссапар барысында ауданның тыныс-тіршілігімен таныстық. Ауданға қарасты Таврия, Красный Яр ауылдарында болып, мұндағы кәсібін дөңгелетіп отырған «Сахновское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын көзбен көрдік. Тасы өрге домалап, шаруасы шалқып отырған шаруашылықтың тынысы адам қызығарлықтай.

 «Сахновское» серіктестігіндегі серпіліс

Бородулиха ауданы Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде орналасқан. Жалпы аумағы 7,2 мың шаршы метрді құрайтын ауданның 87 773 гектар жерін орман, 14 301 гектарын су алып жатыр. Аудан солтүстігінде Ресей Федерациясының Алтай өлкесімен, шығысында Шемонайха қаласымен, батысында Бесқарағай ауданымен, оңтүстігінде Семей қаласымен шекараласады. Өсімдік және мал шаруашылығына ден қойған өңір сілеусін, қасқыр, қарсақ, түлкі, тиін, борсық, қоян, тағы басқа жабайы аңдар мекен ететін орманымен мақтана алады. Ауданға келе сала бірден Таврия ауылдық округінде орналасқан «Сахновское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне аялдадық.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары орын алған тоқыраудан ең қатты «таяқ жеген» салалардың бірі ауыл шаруашылығы болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Жекешелендірудің алғашқы толқыны кезінде қалыптасқан кооперативтер, серіктестіктер мен ұжымдық шаруашылықтардың басым көпшілігінің ісі алға баспай, құрдымға кеткен болатын. Саладағы 1998-2001 жылдары жүргізілген реформа барысында көптеген шаруашылық банкротқа ұшырап, 2002 жылға қарай олардың тең жартысы жер-жерде таратылды. Нәтижесінде ауыл тоқырау кезеңінде белшеден батқан берешегінен құтылды. Оның орнына жеке шаруа қожалықтары құрылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы реформалаудан өткен кезеңде өз ісін бастағандардың қатарында «Сахновское» серіктестігі де бар еді. Қазіргі уақытта, мал шаруашылығымен қатар, дәнді дақылдар өсірумен де айналысатын қожалық аудандағы ең ірі серіктестіктердің бірегейі саналады.

- Иә, бастапқы кезде бәрі оңай болды деп айта алмаймын. Тоқырау заманы бізге де әсер етпей қоймады. Қаржы тапшылығы болды, арнайы техникалар мен ауыл шаруашылығы мамандары жетіспеді. Тіпті жеке совхоз бөлімі де, техникаларды жөндеу базалары да болмады. Десек те ауыл тұрғындары қиындықтарға бір кісідей төзімділік танытып, жемісті нәтижеге қол жеткізді. Береке-бірліктің арқасында қолға алған шаруамыз шалқып, қожалық жұмысы ілгері қарай өрледі,- дейді «Сахновское» ЖШС директоры Серік Молдабеков.  

Мемлекеттік бағдарламалар табысқа жетелейді

Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, экономиканың басты тетігі саналатын ауыл шаруашылығы саласын қиын-қыстау кезеңнен аман алып қалуға мемлекеттік бағдарламалардың септігі тиген сынайлы. Маңызды мемлекеттік шараларды жүзеге асыру барысында 2002 жылдары республикада тұрақты экономикалық даму, өндіріс көлемінің өсуі байқалды.

 - Ауыл шаруашылығын одан әрі дамы-тудың жаңа белесі 2002 жылдан бастау алды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс кезеңде аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау қарастырылды. Ауыл шаруашылығы салаларын қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді. Қорыта айтқанда, еліміздің ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсету арқылы оның деңгейін көтеру, соның ішінде егістік көлемін сақтау, одан алынатын өнімді арттыру, мал басы санын тұрақтандыру ісін жүзеге асыру көзделген. Қазір ауылдық жерлерде Қазақстан халқының 70 пайызы тұрып жатыр. Олардың барлығы дерлік мал және егін шаруашылығымен айналысып, табысты еңбек етуде. Бұл ретте «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның ауыл шаруашылығын дамытуға, қажетті техникаларды сатып алуға көп қолдау көрсеткені талай шаруа қожалықтарының өсіп-өркендеуіне жол ашқанын айту керек. Бүгінгі таңда біз заманауи импорттық техникамен жарақтандырылған серіктестіктердің ішінде көш бастап тұрмыз. Егін жинайтын, жер жыртатын және басқа да техникалардың 40-қа жуық түрі бар. 12 400 гектар аумақты қамтитын  «Сахновское» серіктестігінің 8 мың гектар жері өсімдік шаруашылығына бағытталған. Биылдың өзінде жердің 30 пайызы күнбағыс, 40 пайызы бидай, 10 пайызы мал азығына арналған жем-шөп өсіруге, қалғаны қара бидай мен қарақұмық егуге берілді. Бородулиха ауданының жері құнарлы болғандықтан, еккен егіндері ешқандай дәрілік қоспаларсыз, табиғи тыңайтқыштармен өсіріледі. Тағы бір айта кетерлігі, астық тұқымдасына жататын аса маңызды дәнді дақылдардың бірі саналатын бидай бүгінде қазақ еліндегі дара өнім ретінде белгілі. Бидай өсіруден біздің ел дүние жүзі бойынша бірінші орында. Бидай өсіруде бәсекелес мемлекеттерден озғанымызбен, қазіргі уақытта басқа да бағыттарға көңіл бөлгеніміз абзал. Ендігі жылы бидай егуді біршама азайтып, орнына рапс, жүгері, сорго егуді мақсат етіп отырмыз,- деп ойымен бөлісті кәсіпкер Серік Молдабеков.

Қазіргі күні қожалықта 65-ке тарта ауыл тұрғыны еңбек етеді. Жазғы мезгілде жұмысшылардың саны 100-ге жуықтайды. Көбінесе жиын-терін маусымында қосымша адамдар жалданады екен. Серіктестік басшысының сөзінше, мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп, тиісті субсидиялар да беріліп тұрады. Соңғы 15 жылдың ішінде көшбасшы шаруа қожалықтарының біріне айналған «Сахновское» ЖШС өз өнімдерін Семей, Павлодар қалаларына тасымалдайды. Тұтынушылардың санын арттыру мақсатында серіктестік әр жыл сайын өнім түрлерін де өзгертіп отыруды жөн санайды.

«Сахновское» ЖШС тек өсімдік шаруашылығы бойынша емес, төрт түлік өсіруде де алдыңғы қатардан көрініп жүр. Қожалықта аудан климатының ерекшелігі мен географиялық орналасуына бейімделген етті бағыттағы қазақтың ақбас сиыры мен Герефорд сынды асыл тұқымды 400 бас ірі қара малы өсірілуде.

- Біз ресми түрде асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруа қожалығы деген статусқа ие болып, ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдарында тіркелгенбіз. Бұл бізге республиканың әр аймағында орналасқан қожалықтарға асыл тұқымды ірі қара малын жіберуге мол мүмкіндік береді,- деді С.Молдабеков.

Ауыл шаруашылығын дамыту жолында қожалық басшылығы тек техникалар паркін жаңартуға ғана көңіл бөліп қоймай, серіктестік аумағының инфрақұрылымына да баса назар аударуда. Техникаларды қоюға арналған арнайы қысқы гараждар бой көтеріп, мал өсіруге бағытталған базалар мен жиналған астық өнімдерін сақтайтын қоймалар салынып жатыр. Алдағы уақытта қосымша еңбек ресурстарын тарту үшін тұрғын үйлер салу жоспары да жоқ емес. Ең бастысы, өндірісті әртараптандыру, яғни жаңа технологияларды енгізіп, заман талабына сай техникаларды қолдану арқылы өндірілген өнім көлемін екі есе арттыру мақсаты тұр.

Ауылдың бүгіні баянды, келешегі кемел

Шөбі шүйгін, мал баққанға, егін еккенге таптырмас құт мекенге айналған Бородулиха ауданындағы жұмыс сапарымызды Красный Яр ауылдық округінде жалғастырдық. Красный Яр, Речное, Девятка және Уба-Форпост ауылдарын қосқанда, округте 753 адам тұрады. Уба өзенінің бойында орналасқан көркімен көз тартып, көрген жанды таң-тамаша ететін таңғажайып табиғаты бар ауылдың бүгіні баянды, келешегі кемел. Округте Краснояр орта мектебі бар. 2003 жылы негізі қаланған оқу ордасында 90-ға жуық бала білім нәрімен сусындауда. Сондай-ақ мұнда 25 бүлдіршінге шақталған шағын орталық та жұмыс істеп тұр. Медициналық пункт те күрделі жөндеуден өткен. Ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсететін пунктте егу бөлмесі, ем-дом шараларын жүргізуге арналған кабинет пен гинекология кабинеті бар.

- Бұрнағы жылдары науқастарды Мәдениет үйінен берілген аядай бөлмеде қабылдадық. Кейін халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын меценат, Бородулиха ауданы мәслихатының депутаты Сергей Быков өз қаражатына бұрынғы Қазпошта ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға берді. Бюджеттен бөлінген қаржыға заманауи құрал-жабдықтар, жиһаздар алынды. Өткен жылдың 20-шы қыркүйегінен бастап қолданысқа берілген жаңа медициналық пунктке күніне 7-8 адам келеді. Барлығын бір өзіме қабылдауға тура келеді. Себебі ауданда медицина саласын игерген мамандар тапшы,- деді ауыл фельдшері Жеңіс Базилов.

 Медициналық пунктте 27 жыл бойы жалғыз өзі еңбек етіп келе жатқан фельд-шер Жеңіс Базилов қызметін абыроймен атқарып жүр. Ауыл тұрғындары оны әмбебап дәрігер деп атап кеткен. Жеңіс Базиловтың жұбайы Гүлнар да осы ауылда медбике болып еңбек еткен абзал жан. Мамандардың жетіспеушілігі салдарынан қазір ол ауыл әкімшілігінде бас маман қызметін атқарады.

-  Ауылда мамандар өте аз, бірақ біз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір кісідей жұмыс істейміз. Округ тұрғындары  бір-бірімізге жақын туысқандай болып кеттік. Ауыл-аймағымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың жағдайын жақсартуға үлесімізді қосу үшін барымызды салып жүрміз,- деді Красный Яр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Гүлнар Базилова.

Әр ауылдың тағдыры сонда тұрып жатқан қарапайым халқына тікелей байланысты десек, бұл тұрғыдан алғанда, шағын ауылдағы жақсы іс, жарқын бастамаларды аңғармау мүмкін емес. Ауылдың бүгінгі келбетінен мұндағы қарашаның еңбегінің нәтижесін көреміз. Халықпен бірге жұмыла жұмыс істелсе, кез келген ауданның дамуына қол жеткізуге болады. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы жүйелі жолға қойылған Бородулиха өңірі бұл ретте өзінің ерекшелігін ұтымды пайдалануда. Әлеуеті артқан іргелі аудандардың бірі, даму жолында талай белестерді бағындырған бірлігі берік Бородулиханың болашаққа бағдары айқын. Оны іссапар барысында анық байқадық.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ТОҒЫЗ АЙДАҒЫ ТОЛАЙЫМ ТАБЫСТАР

Жуырда  Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов облыстық баспасөз орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, өңірдің жалпы ахуалына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бір сағатқа созылған кездесуде Жармаға аймақтық БАҚ өкілдерінің қызығушылығы басым екендігіне көз жеткіздік. Көтерілген әрбір сауал тұшымды жауабын тауып, тіпті күрделі мәселелердің түйіні тарқатылған еркін пікір алмасу алаңы болды.

Атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған брифингте ауданның ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері кеңінен сөз болып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне өңірдің қаншалықты атсалысқандығы айтылды.

Жалпы ахуалға көз жүгірткен аудан әкімі облысымыздағы қалалар мен аудандардың әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштері сараланатын 14 бағыт бойынша Жарма көш бастап келе жатқандығын атап өтті. Яғни даму қарқыны сақталып, өңірде өріс алған салалар басым екендігін алға тартты.

Аудан экономикасын одан әрі дамытуда қолда бармен тоқмейілсімей, инвесторлар тарту ісі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналған. Мұндағы мақсат - қарт Қалбаның мол қазынасын халық игілігіне жарату.

- Жарма ауданының тағы бір ерекшелігі - аудан аумағынан 300 шақырым темір жол желісі басып өтеді және 17 темір жол айрығы мен бір депо орналасқан. Бұл салада 1 мыңнан астам адам еңбек етеді. Сол сияқты ауданда ауыл шаруашылығы саласының жыл санап салмағы артып, мал шаруашылығының жаңа көкжиектері қалыптасқан,- деді әкім өз сөзінде.

Өңір басшысы өз сөзін қорыта келе, ауданның барлық салаларындағы жоспарлы жұмыстар 100 пайыз орындалып отырғандығын атап өтіп, аудан қазынасын толтырудың арқасында өңірдегі өзекті деген мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келе жатқандығын жеткізді.

Брифингте «Шалабай» ЖШС бас директоры Қуаныш Сүлейменов шаруашылықтың жалпы жағдайын БАҚ өкілдеріне баяндап берді. Кеңестік дәуірде асыл тұқымды ірі қарамен аты шыққан ауыл тоқырау жылдары кәсібінен қол үзіп қалған болатын. Кейіннен бұл істі «Шалабай» серіктестігі қолға алып, он жылдан аса уақыт ішінде жұмыс аясын да кеңейткен. Яғни, Шалабай ауылымен қатар, бүгінде асыл тұқымды төл Әди, Бірлік ауылдарында өсіріліп, жалпы мал басы 3500-ге жеткен. Серіктестік бүгінде жалғыз ірі қара емес, ауданның брендіне айналған асыл тұқымды Байыс қойын, Жәбе жылқысын өсірумен және жер өңдеу мәдениетімен де шұғылданады.

Шаруашылық басшысы іргелес кент-ке «Полиметалл» компаниясының келуімен жұмыс жанданып, етке сұраныс артып отырғандығын жеткізді.

 Өздерін толғандырған сауалға жауап іздеген журналистер жер мәдениеті, оның ішінде суармалы жерлерді игілікке жарату төңірегінде сұрақтар қойды.

  - Ауданда 30 мың гектар егістік алқабы болса, соның ең бастысы суармалы жерлер болып отыр,- деді аудан әкімі. – Суармалы жерлердің негізгі бастауы Шар су қоймасы болып табылады. Су арналарының тозығы жетуіне байланысты суармалы жерлерге су жетпейтін. Осының салдарынан суармалы жер дамымай келді. Көп жыл кезегін күткен бұл  мәселе  шешімін тауып, республикалық бюджеттен 1 млрд. 600 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Су қоймасы, арналар қалыпқа келтірілсе, суармалы жер көлемі 6 мың гектарға жететін болады. Бұл бағытта да тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз,- деді Нұрлан Бәтташұлы.

Аудан халқын таза ауыз сумен қамту мәселесі де брифингке жиналған тілшілер назарынан тыс қалмады.

  - Егер аталған көрсеткішке көз жүгіртсек, 41000 халқы бар ауданның 70 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Бүгінгі таңда 3 ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жобалық – сметалық құжат әзірленсе, облыстан 22 млн. теңге қаржы бөлініп, 2 ауылға су тарту құрылысы жобасы әзірленді. Оның ішінде Жарық ауылына су тарту құрылысын қаржыландыру ісі қолдау тауып отыр,- деді өңір басшысы.

Мәселеге терең үңілген аудан әкімі өңірде ауыз сумен қамтылмағандар қатарында темір жол айрықтары, бірер түтіні қалған шағын елді мекендер барын айтып өтті. Сонымен бірге 50 немесе 100-ге жуық тұрғыны бар шағын ауылдар су ұңғымалары арқылы ауыз суға қол жеткізіп отырса да, ауыз сумен қамтылғандар сапына енбей отырғанын, осы істің барлығы зерделеніп, сараптама жасалатындығын жеткізді. Жалпы алғанда, 2020 жылға дейін қабылданған өңірлік бағдарлама аясында кешенді жұмыс жобасы қалыптасқандығын айтты.

Брифингте ауданда балалар арасында туберкулезге шалдығу жайттарына қатысты, жанармай бағасы және баламалы қуат өндіру жобаларын жүзеге асыру төңірегінде сауалдар қойылды.

 - Ең алдымен жанармай бағасына тоқталайын. Осыдан бірер күн бұрын жанармай құю бекеті басшыларымен жиын өткіздім. Аудан аумағында екі бірдей «Қаз Мұнай Газ» және бір «Гелиос» жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Осы үш орын ауданның 80 пайыз сұранысын қамтамасыз етеді. Бұлардағы баға, әрине, еліміздегі бағамен бірдей. Ал ұсақ бекеттерде, аталған үш станция жұмысын тоқтатқан тұста, бағаларын өсіру үрдісі бар. Ол жасырын емес. Жанармай тапшылығы туындаған кезде ауданда ұзақ кезектер болған жоқ. Себебі Жаңғызтөбе кентінде орналасқан «Жаңғызтөбе мұнай өнімдері» ЖШС-нің жанармай қорын пайдаландық. Ал баламалы қуат өндіру бағытында 3 жобаны көздеп отырмыз. Оның ішінде «Жаңғыз солар» жобасы күннен қуат өндіруге негізделген. Испандық компания бүгінгі таңда барлық рұқсат құжаттарын рәсімдеп, келер жылдың маусым айынан бастап құрылысты бастайды. 30 мвт электр қуатын өндіретін бұл орынның жалпы құны 17 млрд. теңгені құрайды. Екінші жоба - жел электр станциясы құрылысы. «Жарма энерджи» бұл жобаға биыл ынта білдіріп, рұқсат құжаттарын рәсімдеуде. Үшінші жоба - «ВЭУ Шар» жел электр станциясы құрылысы. Соңғы екі жылда бұл орында желдің күшін анықтау жұмыстары жүргізіліп отыр.

Өкпе ауруына келетін болсам, бұл келеңсіз жайтқа байланысты тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ келіспейтін тұстарымыз көп. Олай дейтінім - кадрлық мәселеге қатысты жұмыстарға жергілікті атқарушы билік араласа алмайды. Яғни, аудандағы денсаулық сақтау мекемелері тікелей басқармаға бағынатындықтан, нақты талаптар қоя алмаймыз. Қазіргі таңда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері орны бос тұр. Ұжым өз ішінен лайықты үміткерді ұсынған болатын. Дегенмен көпшіліктің ұсынысы ескерусіз қалып отыр. Ал халық денсаулығын сақтау - басты әрі жауапты іс,- деді өңір басшысы өз жауабында.

«Қазақ цемент» зауытының бүгінгі жағдайы да тілшілер қауымының қызығушылығын тудырды.

- Бір ғана Шар қаласының 300 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Қазақ цемент» зауыты жұмысы өткен жылдары, теңге бағамының өзгеруіне байланысты, біраз тұралап қалған болатын. Бүгінгі таңда зауыт жұмысы тұрақталып, 500-600 мың тонна көлемінде өнім өндіріп отыр. Кәсіпорын басшылығы толық қарқынмен жұмыс істеуге күш салуда. Зауыт жылына 1 млн. тонна цемент өндіруге қауқарлы,- деді аудан басшысы.

Кездесу соңында тілшілер тарапынан халықты қатты отынмен қамту жайы, көмір бағасы төңірегінде сұрақтар берілді.

- Негізгі қатты отын қорына көмір «Қаражыра» кен орнынан тасымалданады. Бұл орында жұмыс істегендіктен, жалпы жағдайды жақсы білемін. Ауданда екі бірдей отын қорын жинақтайтын орын бар. Бірақ, отын дилерлер арқылы берілетіндіктен, тікелей алу мүмкін емес. Ал мемлекеттік мекемелерге келісімшарт негізінде беріледі. Негізгі тасымалдау жеке тұлғалардың еншісіне тиеді. Олардың жол шығыны ескерілетіндіктен, бағада ауытқу бар. Дегенмен қатты отынмен қамту ісі жолға қойылып, әлеуметтік көмір де беріліп отыр. Ауданда қатты отынға қатысты қандай да бір мәселе жоқ,- деді Нұрлан Сыдықов.

Кездесу соңында өңір басшысы БАҚ өкілдерін қызықтырған өзге де сауалдар төңірегінде жауаптар қайтарды.

Мейірхан Оспанбаев

АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ

Кез келген жайттың байыбына бармай, оған терең бойламай көзсоқырлыққа салыну тура жолдан адастырары анық. Білімсіздіктен жасалған алыпұшпа әрекеттер кімге де болсын береке таптырмайды. Әсіресе қылдан да нәзік дін саласында «сауысқанның сақтығындай» сақтық керек. Десек те тағдырдың тарам–тарам жолдарында әркімнің өз соқпағы бар. Біреу жөн жүреді, енді бірі адасады. Ғасырлар қойнауынан бастау алатын ата дінімізден алшақтап, дәстүрлі емес діни ағым жетегінде кетіп, адасып жүргендер біздің де арамызда жоқ емес. Бұл - бүгінгі күннің шындығы. Бірақ жаза басқанын кешірек түсініп, өткеніне опық жеген қандастарымыз да бар. Жуырда солардың екеуімен жүздесіп, ашық әңгімелестік. Ескеретіні - сұхбаттас адамдар есімі олардың өз өтініштері бойынша өзгертілді.

- Әмір, дінге бет бұру үшін де үлкен дайындық керек. Оған атүсті келе салу жарамайды. Сіз қалай келдіңіз, не түрткі болды?

- Өз басым дін жайында алғаш білім ала бастағанымда молда болмаса имам болайын деген мақсат қойғаным жоқ. Менің бар ойым дін жайында жалпы мағлұмат алу еді. Құран жаттап, намазға жығылуды көздедім. Бірақ 90-шы жылдардың орта тұсы бүгінгідей ел жаппай мешітке барып жүрген кез емес. Алғашында 2 жылдай қала мешіттеріндегі жұма намаздарына үзбей қатысып жүрдім. Сондағы байқағаным – мешіттерде, имамнан бөлек, қариялар ғана отыратын. Жастар жағы тым аз. Бірде мешітке келген өзім қатарлас жастармен танысып, олардың сол кезде қаламызда түріктер ашқан медреседе білім алып жүргендерін естідім. Содан, жалпы, діннің не екенін білмекке, ілім үйренуге медресеге шәкірт болып бардым. Бардым дегенімнің өзі жай сөз. Үзіп–жарып 1 жылдай сол жерден білім алдым. Мен ол кезде әліппені жаңа ашып, қолына қаламды алғаш ұстаған баладай ештеңеден хабарсыз едім. Мен үшін дінде аражік бар деген түсінік, ой болмады. Сөйтсем, медреседегілер сопылық ұстанымды ұстанады екен. Олардың түсінігі бойынша, Алла оларға көмекті өздерінің дүниеден өткен ұстаздары, яғни шейхтары арқылы береді –міс. Олар соған ғана табынып жүрді. Алғашында дін дегеніміз осы, осылай болу керек екен ғой деп жүрген мен уақыт өте келе медреседегі ұстаздарым мен қатарластарымның көзқарастарына қарсы шыға бастадым. Діни сауатым болмаса да, Құдайдан өлген адам арқылы жәрдем сұрау дегенді ешбір жерден естімеппін. Міне, осыдан келіп медреседегі ілімде ата дінімізден айырмашылық бар екенін түсіндік те, бір жігіт екеуіміз кетіп қалдық. Менің дін жайындағы алғашқы білгенім осылар ғана. Бірақ сопылардың ағымына беріліп кіргенім жоқ.

- Діни сауатыңыз аз, өзіңіз қалаған ілімді медреседен ала алмадыңыз. Ары қарай іздендіңіз бе?

- 2000-шы жылдардың басында Шымкентте білім алып келген ескі танысыммен кездестім. Ол жоғарыда өзім айтқан медреседен бірге кеткен жігіт еді. Сол маған таухид дегеніміз не екенін түсіндіріп, ширктен сақтану амалдарын үйретіп, «дінге көптеген жаңалықтар енді, сен де үйреніп ал» деп біраз мағлұматтар берді. Мен сол жігіттікі дұрыс, бізде көп ағаттық бар екен деп түсіндім. Оның үстіне оңтүстікке сол кезде шетелден әсіресе БАӘ мен Пәкістаннан дін мамандары жиі келіп жатты. Маған насихат жүргізген жігіттің сөзіне қарап отырып, түрлі сұрақтар туды. «Неге біз барлығымыз намазға жығылмаймыз, неге Құранмен ғана шектеліп, өлімге ғана барамыз? Жылына бір келетін оразамызды ұстасақ қана мұсылманбыз ба?» деген сауалдар жиі мазалайтын болды. Міне, осыдан келіп мен Әбу – Ханифа мазһабын емес, сол мазһабты ұстанатын адамдардан алыстай бастадым. Бірақ маған Әбу–Ханифа мазһабының ұстанымы қате деп ешкім айтқан емес. Ал жаңағы танысым арқылы шетелден келген ханбали, шафиғи сынды мазһабтардың бар екенін білдім. Бірақ бәрібір олардың қандай айырмашылығы бар екенін, нені көздейтінін,  қайсысының дұрыс, қайсысының бұрыс екенін ажырата алмадым. Оның бір себебі – бүгінгідей білімді мамандар жоқтың қасы еді.

- Әбу–Ханифа мазһабын ұстанған адамдардан алыстай бастадым дейсіз. Оны қалай білдіңіз?

- Өзіңіз де жақсы білесіз, 2001 жылдан бері қарай әлемнің әр бұрышында түрлі жарылыстар бола бастады. Ең сұмдығы – сол жарылыстарды ұйымдастырушы мұсылмандар деген жаңсақ пікір пайда болды. Жамандық атаулының бәрін соларға әкеп теліді. «Лаңкестік ұйым, лаңкес» деген сөздер пайда болды. Осыны желеу еткен кейбір мемлекеттер мұсылман елдерінде соғыс өртін тұтатты. Міне, осы жайлы көптеген ақпараттарды өзімнің бауырластарымнан естіп-біліп отырдым. Олар маған түрлі бейнероликтер көрсететін. Ол бейнероликтерде кинодағыдай оқиғалар тізбектелетін. Мен: «Бұл - мұсылмандарға жабылған жала, олай болуы мүмкін емес, біз қалай лаңкес боламыз?»- деумен болдым. Бұл шынымен жаныма бататын, жасыратыны жоқ, ашуға да берілетінмін. Міне, дәл осы кезде Шымкентте бір адамдармен танысып, олар маған жиһад жайлы әңгіме қозғай бастады. Сондағы олардың айтқаны: «Бұл жерде барлығы бейқам отыр. Ал ана жақта біздің бауырларымыз жапа шегіп жатыр, біз оларға сөзбен емес, іспен қол ұшын берелік». Менде оларға қояр ешбір сұрақ болмады. Сондықтан бұл дұрыс па, жоқ па, саралап жатпадым, бар болғаны эмоцияның жетегінде кеттім.

- Сізді жиһадқа шақырып, үгіт–насихат жүргізгендер кімдер? Қандай тапсырма берді, қаржылай көмектесті ме?

- Мен жиһад дегенді бейбіт халыққа қару кезенген әскерлерге қарсы шығу деп түсіндім. Үгіт-насихатшылар біздің елдегі әрекеттерін өте құпия түрде жүргізген өзге мемлекеттің азаматтары болды. Араларында Өзбекстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ауғанстаннан шыққандар да бар. Олардың негізгі мақсаты мені өздерінің базаларына тарту еді. Ал базалары шетелде орналасқан екен. Маған: «Бізге баруға келіссең, біздің айтқан бұйрығымызды бұлжытпай орындайсың, айтқанымыздан шықпауға уәде беруің керек»,- деп ескертті. Мен оған да келістім. Сөйтсем, олардың негізгі көздегендері Өзбекстан екен. Араға уақыт салып сол жақта өздерінің тілінде «операция» деп жүрген лаңкестік әрекеттер орын алды. Бірақ мен оған қатысқан жоқпын. Маған «әзірге жүре бер, өзімізден хабар күт» деген ақпарат қана келді. Бірақ сол күйі байланысымыз үзіліп қалды. Ал қаржылай ешкім көмектескен емес, ұсыныс та жасамады. Керісінше, мүмкіндік болса, өзім көмектескім келді оларға.

- Білуімше, сіз осы әрекеттеріңіз үшін істі болған екенсіз...

- Иә, 2004 жылы «Лаңкестік әрекеттерді насихаттау, ұйымдастыру және қатысу» айыбымен 12 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Жазамды толық өтеп шықтым.

- Қазір әсіре діншіл емессіз. Ел қатарлы өмір сүріп келесіз. Осы «фанатизмнен» қалай арылдыңыз, өткенге өкініш бар ма?

- Түзеу мекемесінде жазамды өтеп жүргенімде, діни кітаптар, теологтер, білікті имамдар келе бастады. Соларды тыңдап, кітапта жазылған дүниелерді оқып, жүрген жолымның жаза басу екенін ұқтым. Жиһад атын жамылып, түрлі лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыруға ешкімнің пәтуа бермегенін, дін де оны қолдамайтынын осы кезде алғаш естіп, оқыдым. Осыдан кейін айналамдағыларға біздікі қате, түзу жолға түсу керек екенін  жиі айта бастадым. Әрине, өткенге неге өкініш болмасын? Сол кезде өзім Семейде болсам да, бүкіл ой-санам сол жақта еді. Бала-шаға, туған-туысқа қарамай кеттім. Бәріміз де қателесеміз. Мен де шалыс бастым. Қазір, Аллаға шүкір, бала-шағамның ортасында ел қатарлы өмір сүріп жатырмын. Аздаған кәсібім бар, сонымен жан бағудамын. Сөз соңында оқырман қауымға айтарым - егер діни білім алғыларыңыз келсе, ғаламторға болмаса біреу айтты дегенге ілесе көрмеңіздер. Қажет діни білімнің барлығы мешіттегі имамдарда. Соларға барыңыздар, сонда адаспайсыздар.

Міне, біреудің сөзіне еремін деп есіл өмірінің біразын жоғалтып алған жігіт ағасының ішкі сыры осы. Мен сұхбаттасқан екінші кейіпкеріміз де діни білімді имамнан емес, жай бір адамнан алған екен. Тұрмыс тауқыметінен қылмыс жасап істі болған ол түзеу мекемесінде жүргенде дінге терең үңілген. «Тек кейін білікті мамандармен тілдесіп, әңгімелескеннен соң ғана дінге барар дұрыс жолымды таптым»,- дейді көкпектілік Дамир есімді қандасымыз.

Қазір бұл екі азаматқа Семей қаласы ішкі саясат бөлімі көптеген көмектер көрсетуде. Бүгінгі таңда аталған бөлім дәстүрлі емес діни ағымда жүрген азаматтармен елеулі жұмыс жүргізуде. Қолға алған істері де нәтижесіз емес. Соның бір көрінісі – жоғарыда тілдескен азаматтарға рухани көмек беру арқылы олардың өз ортамызға қайтып оралуына септігін тигізіп отыр. Алда бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

Қос қандасыммен болған сұхбат мені түрлі ойларға жетеледі. Расында, дін болсын, өзгесі болсын, білместіктен адасып, өз жолын дұрыс таба алмай жүргендер қаншама? Оған себеп – көлденең келген көк аттыға сену. Солардың айтқанына еліту. Ақиқатына жетуге талпынбау. Қай істе де асығыстық қажет емес, сақ болайық, сақтанайық!

Ермек ИСАБАЕВ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57