ЕРТЕГІЛЕР ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ ЖАСАҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ - ЕРТЕГІ ҮЙГЕ БАРЫҢЫЗ

Жаңа жыл - ертегілер елінен келген ең қызықты, ең қуанышты, ерекше мереке. Үлкен-кіші келген жылдың иесі кім екендігін еске алғанда, ең бірінші, ерте заманда орман ішінде хайуанаттардың жыл басы болуға таласуы жайлы ертегі ойға оралары сөзсіз. Бұл күні Жер шарын ертегі аралайды. Аяз ата мен Ақшақарды үлкен-кіші асыға күтеді. Жаңа жыл қарсаңында біз де бір сәт балалық шаққа саяхат жасап, ертегілер еліне барып қайтқан едік. Түсінбей қалдыңыз ба? Театр емес, балалар ойнайтын аттракциондар орталығы да емес... Семейдегі көпшілікке таныс «Ертегі үйі»...

Қаланың шеткерірек бөлігіндегі Глазковтардың «Ертегілер үйі» баршаға таныс. Ағаштан түйін түйетін шебер Александр Глазков осыдан 35 жылдай уақыт бұрын өзінің үйін ертегі кейіпкерлерімен безендіруді қолға алған болатын. Өмір бойы ағаш шебері болып жұмыс істеген үй иесі зейнет демалысына шыққан соң 25 жыл бойы осы өнер туындысын толықтырып отырған. Әрине, зейнеткер зейнетақысының басым бөлігін түрлі түсті бояулар сатып алуға жұмсағандығы белгілі. Өзі дүниеден өткеннен кейін, әйелі Матрена Ивановна Глазкова, 2014 жылы 87 жасында дүниеден өткенше, ғажайып үйдің сәніне шаң жұқтырмауға  тырысқан. Ал Матрена әжей бақилық болғаннан бергі екі жылдай уақыттан бері ертегі үйге жанұяның досы Владимир Васильев иелік етіп келеді. Бүгінгі үй иесі бұрын да қарттарға қамқорлық жасап, осы үйдің көркемдігін сақтау ісіне қолғабыс еткен екен.

 - Жыл сайын жаз мезгілінде үй төбесінде отырған ертегі кейіпкерлерін алып, тазартып, бояймын. Әрине, бояуға қаржы көп кетеді. Дегенмен үйді халықтың келіп тамашалайтынын көргенде шыққан шығынға өкінбеймін. Керісінше, адамдардың көзін қуантып, көңілін көтеретін «Ертегілер әлемін» сақтап отырғаныма қуанамын. Осы туындыны дүниеге әкелген шебер досыма, көзі тірісінде, сақтап тұрамын деп уәде бергенмін,- дейді Владимир. Орыс халқының ертегі кейіпкерлері үйдің қақпасынан бастап  шатырына дейін түгелдей орын алған. Кейіпкерлер арасында келіп қалған жыл иесі

Әтешті де кездестірдік. «Мен жыл иесімін, ерте тұрып, таң атты деп хабар беремін!»- деп тұрғандай. Егер осы ғажайыпты көргіңіз келсе, Семейге келіңіз.

Burkit.kz

ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАНБЕТОВ СТУДЕНТТІК ШАҚТАҒЫ ГИТАРАСЫН СЫЙЛАҒАН ӘНШІ СЕМЕЙДЕ ТҰРАДЫ

Саяси сахнада жүріп барша халыққа сүйкімді қалпын сақтап қалу екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтіндігі белгілі. Қазақстандық саясаткерлер арасында хан да, қараша да құрмет тұтатын тұлғалардың бірегейі, ұлтжанды азамат Иманғали Нұрғалиұлының басқа қасиеттері өз алдына, өнер адамдарына әрдайым қолдау көрсетіп жүретіндігі жайлы да ел аузында жиі айтылады. Бәлкім, ол өзінің де өнерге бір табан жақындығынан  болар... Жастық шағынан әнге жаны жақын Иманғали Тасмағанбетов студенттік шақтағы гитарасын осыдан 20 жылдай уақыт бұрын семейлік әншіге сыйға тартқан екен.

 Республика көлеміне танылмаса да, Семейде өнерімен аты шыққан, ойын-тойларда ән айтып, патша көңіл тыңдарманының ықыласына бөленіп жүрген Қарлығаш Әлімбекованың өзі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағанбетовтің студенттік шақтағы гитарасын сыйлыққа қалай алғанын былайша әңгімелейді:

  -1995 жылы, Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған мерейтойды өткізуге қызу дайындық жүріп жатқан кезде, Семейге  мәртебелі қонақтар жиі келетін. Сол кезде Ұлы ақынның тойын өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы ҚР Премьер-министрінің орынбасары   Иманғали Нұрғалиұлы  Тасмағанбетов болған еді. Қаламызға келген қонақтарға ән айтып беру үшін  әкімдіктің қызметкерлері шақыратын өнерпаздардың  қатарында жүрсем де,  ол кезде өзімнің аспабым жоқ еді. Мәртебелі меймандарға ән айтып беруге шақырылған кезде асығыс жиналып,  көрші пәтердегі мектеп оқушысының гитарасын алып жетіп бардым. Барғанда ғана байқадым, гитараның алдыңғы бетінде «Ну, погоди!» мультфильмінің кейіпкері қасқырдың суреті қаламсаппен үлкен етіп  ойып тұрып салыныпты. Дәл сол жерде жедел ауыстыра қоюға мүмкіндік болмағандықтан, мультфильм кейіпкері бейнеленген гитарамен Иманғали Тасмағанбетовтің алдында ән айтуға тура келді. Лұқпан Жолдасовтың репертуарындағы «Сен жүрген жермен жүргім келеді» атты әнді орындап шықтым.  Мәртебелі мейман   өнеріме тәнті болғандай! Тек жанында отырған сол кездегі облыс басшысы Ғалымжан Жақияновқа:

-  Әні жақсы екен, Қарлығашқа дұрыс гитара тауып бере алмадыңдар ма?- деді.

Мен жұлып алғандай:

 - Көршімнен сұрап алдым. Өзімнің гитарам жоқ еді...- дедім.

Сәл жымиып қойған Иманғали Нұрғалиұлы мені  шақырып жанына отырғызды да, қолымдағы гитараны алып бірнеше ән орындады. Дауысы тамаша екен. Үлкен лауазым иесінің қарапайымдылығы таң қалдырды. Қасында отырған облыс әкіміне:

 - Мен Қарлығашқа өзімнің студент кезімдегі гитарамды беріп жіберейінші,- дегені есімде. Әннен кейінгі әсермен жай ғана айтыла салған сөз болар.  Республикалық деңгейдегі үлкен басшының аймақтағы бір әншіге гитарасын беріп жіберуі мүмкін емес деп ойладым. Сонымен, дүркіреп Абай атамыздың да тойы өтті. Іс-шарадан кейін тойды өткізуге белсене қатысқандарды марапаттау шарасы өтетін болып, әкімдікке мен де шақырылдым. Облыс басшысы бір топ адамға мемлекеттік наградаларды және өз тарапынан алғыс хаттар беріп жатты. Бір кезде менің атым аталып, Иманғали Тасмағанбетовтің сәлемдемесі - студенттік шақтағы гитарасын көпшілік алдында тапсырды. Қатты толқыдым. Мемлекет қайраткерінің алыс аймақта жатқан қарапайым әншіге берген уәдесін ұмытпағандығы таң қалдырды. Одан бері де 20 жылдан артық уақыт өтті. Сол гитарамен халық алдында талай жаңа әндерді шырқадым. 2001 жылы Семей ядролық полигонының жабылғанына 10 жыл толуы құрметіне халықаралық форум өтетін болды. Қаладағы Түйемойнақ аралында «Өлімнен де күшті» монументі салынып, осы іс-шараға қатысуға келгенде,  Иманғали Нұрғалиұлымен қайта жүздесудің тағы бір сәті түсті. Аралға тігілген киіз үйге келген қонақтар алдында ән айтуға шақырылдым. Өзі сыйға тартқан гитарамен кіріп барғанда, арада алты жыл уақыт өтіп кетсе де, Иманғали Тасмағанбетов мені бірден таныды:

 - Қарлығаштың гитарасы тозып кетіпті. Жаңа гитара сыйлау керек екен,- деген Иманғали Нұрғалиұлы  сол жолы да студенттік шақтағы гитарасын менің қолымнан алып, бір сәт үнсіз қалғанын көргенде, жастық шақтағы досымен қауышқандай толқығандығын байқадым. Содан кейін студенттік шақтағы «ескі досын» баппен шерте отырып тағы да ән айтты. Қандай ән дейсіздер ғой? Булат Окуджаваның «Виноградная косточка» әні. Құлаққа жағымды қоңыр дауыс халыққа танымал үлкен саясаткердің қарапайымдылығын тіпті ажарландырып жіберген еді. Қазір заманауи мүмкіндіктерге бейімделіп, әнді гитарамен сирек айтатын болдық. Дегенмен Иманғали Нұрғалиұлын көгілдір экраннан көрген сайын туысымды көргендей қуанып, көзімнің қарашығындай сақтап жүрген сол гитараны қолыма қайта аламын,- дейді Қарлығаш.

Қарлығаш Әлімбекова - белгілі шежіреші, Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Н.Ә Назарбаевқа халық атынан салтанатты жағдайда ақ бата берген  марқұм Шәкір Әбеновтің шөбересі.

                                                                                                                   Риза Молдашева

                                                                                                                    BURKIT.KZ

 

 

 

ОРЫНДАУШЫСЫН ӘЛІ ТАППАҒАН ӘН

 

 

 

Белгілі махаббат жыршысы Әзілхан Нұршайықовты   шығармашылық жолына алғаш  қанат  қақтырған  «Семей таңы» газеті екендігін біреу білсе, біреу біле бермес. Марқұм  Әзағамыз Семейге келген сайын  редакция табалдырығын: «Армысың, менің ұшқан ұям!»- деп дауыстай аттаушы еді.

 

  Белгілі жазушы өмірінің соңғы жылдары туған жерге жиі келіп тұрды. Ол кісі Семейге келген сайын, дастарқан басында бас қосып сұхбаттасу дәстүрі болатын. Әдетте, бұл отырыста, біздің ұжымның шығармашылықпен айналысатын бірқатар қызметкерлерімен бірге, «Семей таңын» көп жылдар бойы басқарған Ырысхан Мусин, ұзақ жылдар басшылық қызметте болған, семейліктерге ғана емес, республика көлеміне есімі белгілі азамат, бүгін арамызда жоқ Зарықбек Күзетаев  болатын. Марқұм Тұрсынғазы Рахимовтың әндерін қаламгер ағамыздың сүйсініп тыңдайтынын байқаған соң басқосудан қалдырмайтынбыз. Өмірлік серігі дүниеден өткеннен кейін келген бір сапарында, Халима апамыздың аты аталса болды, бірге кешкен ғұмырының есте қалар сәттерін  еске алып, көз жасын тоқтата алмай егіле берді.  Мен Тұрсынғазы ағамызға:

  - Әзаға мен Халима апамыздың арасындағы сүйіспеншілік сезім талай жастарға үлгі боларлықтай емес пе? 13 бала туып, 14-ші баладан қайтыс болған сүйіктісі  Мұмтаз Махалға әлемнің ең керемет туындыларының қатарындағы Тәж Махал кесенесін  салдырған  Ақсақ Темірдің ұрпағы Жақан шахтың махаббатынан, Ләйлі мен Мәжнүннен, Қозы мен Баяннан, Еңлік пен Кебектен қазақтың Әзілханы мен Халимасы арасындағы сезімнің несі кем? Аңыз адам қасымызда отыр. «Мәңгілік махаббат жырының» бір нұсқасын әнге айналдырып,  келер ұрпаққа  неге жеткізбейміз деген ұсыныс айтқан едім. Дастарқан басында отырғандар бұл ұсынысымызды бір ауыздан қолдады.

Сонымен,  арада бірнеше ай өткенде, Тұрсынғазы Рахимов домбырасын алып редакцияға келді. Қолында жаңа әннің нотасы да бар. «Халима - Әзілхан» атты ән дүниеге келіпті. Әннің сөзін жазған семейлік ақын Айбек Сапышев екен. Бір топ тілшілер қауымы жиналып  жаңа әннің нұсқасын редакцияда Тұрсынғазы Рахимовтың домбыраға қосылып орындауында тыңдадық. Қыз бен жігіт екі дауыста айтатын шығарма көңілімізден шыққан соң, махаббат жыршысының Алматыдағы үйіне телефон соғып, қуанышты хабарымды жеткіздім. Сонымен, Әзағамызға әнді тыңдату дайындығына да кірісіп кеттік. 2006 жылдың мамыр айының басында, Жеңіс мерекесі қарсаңында, белгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықовтан Семейге науқастанып қалған майдангер досы Мұқан Омарбаевтың көңілін сұрауға келетіні жайлы хабар келіп, әуежайдан өзім қарсы алдым. Семейдегі «Соната» мейрамханасының  VIP  залын алып, ол жерге жазылып қойған әнді тыңдататын қондырғыларды да орнатып, сол құрамымызбен ағамызды қарсы алдық. Айтпақшы, әнді өңдеген семейлік музыкант Айдарбек Теміржанов болатын. Ән ағамызға ұнай ма, әлде ұнамай қала ма деген алаңдаушылықтың көңілде болғандығын да жасырмаймын. Ұнаған сияқты. Тағы да көз жасына ерік бере берді. Осы сәтте жанымызда отырған Зарықбек ағамыз:

- Әзағамыз Халима апайдан басқа әйел затына көз салмаған ба екен?- деп ақырын сыбырлап қойды. Мен:

- Өзінен сұрасаңызшы!- деп едім,  ағай:

- Біртүрлі ыңғайсыздау сияқты, кейін сұрармын,- деді.

Жаңа әннің тұсауы келесі күні Семейдегі Абай атындағы театрда Ұлы Жеңістің 61 жылдығына арналған салтанатта  кесілді.

Зарықбек Күзетаев ағамыз көп кешікпей  дүниеден өткен. Әзілхан аға телефон соғып, ағамыздың қазасына көңіл айтты. Мен:

- Әзаға, ағамыз сізге бір сұрақ қоямын деп, кейінге қалдырып еді... Өкінішке орай...- деп үнсіз қалдым. Қашанда байыпты қалпын сақтайтын белгілі қаламгер:

 - Риза, Зарықбек бауырым қандай сұрақ қойғысы келіп еді? – деді. Мен:

 - Халима апайдан басқа әйел затына көз салмап па екен деген сауалды қойғысы келіп еді,- дедім.  Ағай үнсіз қалды.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде, қабылдау бөлмесіндегі хатшы факспен келген бір жапырақ қағазды әкеліп берді. Әзілден де кенде емес,  Әзілхан ағамыз сол қағазға өз қолымен: «Зарықбек бауырымның сұрағына жауап:  Көзі тірісінде Халимадан басқа әйел затына көз салған жоқпын. Қазір салайын десем, келіншектер қарамайды, кемпірлер жарамайды»,- деп жазыпты.

  Сонымен, жоғарыдағы әннің аудиокөшірмесін «Орындап көресіз бе?» деген ұсыныспен мен біраз жыл бұрын Бекжан Тұрысқа берген болатынмын. Өкінішке орай, ән әлі күнге орындаушысын таппай келеді. Бүгін сол «Халима – Әзілхан» әнін халықтың назарына ұсына отырып, бәлкім, орындаушысын тауып қалар деген үміттемін.

                                                                                                 

Риза   МОЛДАШЕВА

BURKIT.KZ

 

 

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57