НҰРИДЕН ИМАНБАЕВ: ӨНЕР - БАҒАЛАЙ БІЛЕТІН АДАМҒА БҰЙЫРАТЫН ТАЛАНТ

 

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде, ұлт та ұлы болмайды»,- дейді Ғабит Мүсірепов. Әр адамның өзіне ғана тән мінезі секілді, бүтін бір елдің ұлттық болмысын танытатын ерекше қасиеттері болады. Өнерге деген құштарлық әр уақытта ізгілікке, әдемілікке, биік белестерге жетелейді деген сөзіммен келіспейтін адам кемде-кем шығар. Ал саналы ғұмырын өнерге сарп еткен жанға осы жолда асқар шыңға шығу үшін кіршіксіз жүрек, мол тәжірибе мен сергек сана қажет. Бүгінде елу бестің белесін бағындырған Семейдегі Мәдениет сарайының директоры Нұриден Иманбаевпен оның шығармашылық және өмір жолы, алдағы жоспарлары жайлы әңгімелесу үшін қалалық Мәдениет сарайына жол тарттық.

- Қасиетті Абыралы өңірінің Қайнар ауылында дүниеге келіпсіз. Туған жеріңіз, балалық арманыңыз туралы өзіңізден естісек... Қарапайым ауыл баласы қалай директор болды?

- Мен 1963 жылдың 5 ақпаны күні Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылында өмірге келдім. Бала мінезімді туған жердің құтына, бал бұлағына қандырып өстім. Бұрынғы Қайнар орта мектебі, қазіргі Сапарғали Бегалин атындағы білім ошағында 7 сыныпқа дейін білім алып, кейін Семейдегі №5 мектепте білім нәрімен сусындадым. Мектепте оқып жүрген жылдары домбыраның құлағында ойнап, ән айтуға әуес болдым. Сахна төрінде шырқаған ең алғашқы әндерімнің бірі Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әні еді. Қалалық көркемөнерпаздар байқауына да қатысып, әншілік шеберлігімді арттырып жүрдім. Мектепті тамамдағаннан кейін, 1979 жылы Семейдің зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1984 жылы бітірдім. Ол кез-де қолымызға диплом бермейтін. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Қарағанды облысындағы Егіндібұлақ ауылында еңбек жолымды бастадым. Біраз жылдар сол жақта қызмет еттім. Сол ауылдағы Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің жеке орындаудағы әншісі болдым. Қысқасы, өнердің айналасынан шыға алмадым. Кейін Семей қаласына келіп, педагогикалық институттың музыка факультетіне оқуға түстім. 2005-2012 жылдар аралығында Әміре Қашаубаев атындағы филармонияға жұмысқа тұрып, әншілік, бас әкімші қызметтерін атқардым. 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Мәдениет сарайын басқарып келемін.

- Менің білуімше, Сіз Егінді-бұлақ ауылында еңбек етіп жүрген кезіңізде шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы ескерткішінің бой көтеруіне мұрындық болыпсыз..

- Иә, мен жастайымнан өнерге ғашық едім. Әсіресе құлақ құрышын қандыратын Тәттімбеттің күйлерін сүйіп тыңдадым. Бүкіл елге аты мәшһүр күйші Тәттімбет - еңбек жолымды бастаған Қарағанды облысының тумасы. Осы жерде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүргенімде күйшінің бейітіне ескерткіш құлпытас орнатуға ұйытқы болғаным рас. Күйшінің моласы қараусыз қалғандықтан, бұл мәселені жергілікті басшылық деңгейінде көтеруге тура келді. 1988 жылдың жазында ауыл жастарын ұйымдастырып, белгілі өнер иесінің зиратына ескерткіштің орнатылуына себепкер болғанымды ауыз толтырып айтарлықтай үлкен игі бастамаларымның бірі деп санаймын.

- «Шәкіртсіз ұстаз – тұл»,- дейді Абай. Өміріңізде ерекше орын алатын ұстаздарыңыз жайлы не айтар едіңіз?

- Өнердің биік шыңына жетелеген ұстаздарымның орны бір төбе. Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов сынды есімі алты алашқа танымал өнер тарландарынан дәріс алдым. Бір ғана Тұрсынғазы ағамыздың өзі неге татиды? Ол кісі туралы тәптіштеп айтып жатудың өзі артық шығар. «Сәби болғым келеді», «Қазағым-ай», «Аягөз ару», «Дариға, домбырамды берші маған», «Әнің қайда, Жәнібек?» өлеңдеріне ән жазған бір ғасырда бір туатын композитордың әндері ел есінде мәңгілік жаңғырады. Әрине, кешегі ұстаздарымның ән-ғұмыры тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалды.

- Биыл елудің бесеуіне келіп отыр екенсіз. Мерейтойыңыз құтты болсын! Бұл жасқа келген де бар, келмеген де бар. Осы жылдар ішінде көңіліңізге не түйдіңіз?

- Біз екі қоғамда өмір сүрдік. Кеңес Одағы тұсындағы қоғам және тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа қоғам. Менің түйгенім - кеңестік заманда қазақ халқының ұлттық өнері мүлдем қараусыз, ұмытылып қалды десек, шындыққа жанаспайды. Өйткені кино, театр, әдебиет салаларында жақсы дүниелер жасалды. Десек те қазіргі кезде сол жылдардың шырмауынан шығып, біз шығармашылыққа ден қоя бастадық. Алайда бүгінгі өмірдің қиындығы - ақпараттың көптігі, әлеуметтік желі арқылы таралатын тәрбиелік мәні шамалы мәліметтердің жас ұрпақ санасына кері әсерін тигізуі. Ұлттық салт-дәстүріміз, өнеріміз жат дүниелердің көлеңкесінде қалып қоя ма деген ой мазалайды. Екіншіден, әр нәрсенің, әр адамның бұл өмірде алар орны болуы керек. Не істедім? Айтуға тұрарлықтай не тындырдым? Халқыма не бердім? Әрбіреуіміз осы үш сұрақтың жауабын білсек, қоғамға да, отбасымызға да бір пайдамыздың тигені деп білемін.

- Сізді сан салалы өнер әлеміне кім жетеледі?

- Әкемнің өлең жазатын, ән айтатын қасиеті болған. Тіпті ауылда әкемді әнші Құсман деп те атайтын. Арғы аталарымыз да әнші болған екен. Сол кісілердің қанымен бойыма өнер дарыған деп ойлаймын. Өмірімде тек жақсы адамдар кездесті деп айта аламын. Жоғарыда атап өткенімдей, Тұрсынғазы ағам өнер әлемінің қыр-сырын танып-білуге жол ашты. Өз өнерімен талайды тамсандырған қазақтың ардақты ұлын өлді деуге қимайсың. Тұрсынғазы Рахимовтан тәлім-тәрбие алғаным үшін кеудемді мақтаныш сезімі кернейді.

- Ал өз шәкірттеріңіз жайлы не айтасыз?

- Шәкірт тәрбиеледім десем, өтірік болар. Мен ондай жүгі ауыр жауапкершілікті мойныма ала алмаймын. Практикалық тұрғыда оған мүмкіндігім де жоқ. Осыдан бес жыл бұрын қалалық Мәдениет сарайы жанынан «Ән ата» сыныбын аштым. Бұл Әміре Қашаубаевтың 125 жылдығына орай қолға алынған болатұғын. Қазір ол жерде консерваторияны бітірген тәжірибелі маман басшылық жасап отыр. Қала тұрғындарына ән айтуды тегін үйретеді. Шәкірт тәрбиелеуді осы жерде ұйымдастыруды жөн көрдім.

- Өнер иесін табиғат жарата ма, әлде өнер иесі болып қалыптаса ма?

- Елдің барлығы бірдей керемет өнер иесі болмайды. Өнер әлемінде қаншама адам жүр. Соның ішінде қадау-қадауы шығып, қалғандары өнерге қызмет етеді. Бірақ оларды халық Қайрат Байбосынов, Бибігүл Төлегенова, Жәнібек Кәрменовтей біле бермейді. Себебі дара шыққан адамдарда Алланың берген қасиеті, дарыны бар. Оған еңбек қосылады. Еңбек пен талант екеуі өнер адамын қалыптастырады. Қысқасы, өнер – бағалай білетін адамның маңдайына бұйыратын талант. Ал шын талантты уақыт іріктеп шығарады.

- Сіз үшін не арзан, не қымбат?

- Мына сұрағың қиындау екен (күлді). Уақыт қымбат. Бәрін де ешкімнің ырқына көнбейтін, түзетуге келмейтін уақыт реттейді. Қазіргі мына екеуара сұхбатымыз да тарих қойнауына кетеді, қайтып оралмайды. Бұл сұрақтар философиялық ойлардан туған дүние ғой. Егер әр нәрсені бағалап қарайтын болсақ, арзан ештеңе жоқ шығар.

- Өнер адамының жан дүниесі басқа адамдардікінен несімен ерекше?

- Басқалардан ерекше жаратыл-ған ештеңесі де жоқ. Адамды ерекшелендіретін - оның мінез-құлқы, ақыл-ойы, ортада өзін-өзі ұстауы, жүріп-тұруы. Әйтпесе біз бәріміз де бірдейміз. Өнер адамы кез келген жағдайды жүрегіне жылдам қабылдауы мүмкін. Барлығы да адамның ақыл-парасатына бай- ланысты.

- Өткен жыл Сіз үшін және Сіздің ұжымыңыз үшін табысты болды ма? Биылға бекіткен жоспарларыңыз да бар шығар?

- Бізде халықтық атағы бар ұжымдар, соның ішінде төрт би ұжымы бар. Олар халықаралық, республикалық,облыстық өнер байқауларында жеңімпаз атанды. Әншілеріміз де жүлделі орындарға ие болып, облыстың абыройын асқақтатты. Мұның барлығы біз үшін үлкен жетістік. Алға қойған нақты жоспарларымыз да жоқ емес. Мәселен, биыл Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл, Астанаға 20 жыл толады. Сонымен қатар еліміз рухани жаңғыруға бет бұрып отыр. Осынау айтулы даталар шеңберінде бірқатар шаруаларды қолға алуды мақсат еттік. Сондай-ақ халықтық атағы бар ұжымдар санын көбейту, халыққа жаңа форматтағы тың дүниелерді ұсыну жоспарлар тізімінде.

- Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз...

- Өмірлік серігім, сырлас досым, ұлдарымның анасы, қолыма бақ құсы болып қонған Бақыт мектепте есепші болып жұмыс істейді. Екі ұл тәрбиелеп өсірдік, ұяға қондырдық. Тұңғышымыз - хирург, кенжеміз құқық қорғау органында еңбек етуде. Қазір Құдай қосқан адал жарым екеуіміз үш немере сүйіп, бақытта ата-апа болып отырған жайымыз бар.
- Сұхбат соңындағы тіле-гіңіз...

- Ата-бабаларымыз армандап кеткен ел егемендігі жолында аянбай еңбек етіп, саналы, білімді ұрпақ тәрбиелесек, содан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!

- Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген
Жібек СЕРҒАЗЫ

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57