БОТА БЕРГЕНШЕ, БАТА БЕР

22 ақпан күні Семей қаласы және қалаға қарасты ауылдық округтерден келген батагөй ақсақалдарымыз Достық үйінде өзара сайысқа түсті. Тілегі елі мен жерінің амандығына арналған қарияларға арнайы құрылған әділ қазылар алқасы қара қылды қақ жарып, төрелік етті.
«Ақ бата – асыл мұра» атты сайысты Семей қалалық ардагерлер кеңесі, қалалық Достық үйі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық Мәдениет сарайының ұжымдары бірлесе ұйымдастырды.
Ескіден қалған небір асылдарымыз тарихтың қойнауына кетпей, ұлтымызбен бірге жасасып келеді. Соның ішіндегі ең құндысы, ең бәтуалысы – бата. Алаш қолы жақсылыққа ғана жайылған. Міне, осындай, алақанын тек жақсылыққа ғана жайған Семей өңірінің қариялары «Ақ бата – асыл мұра» атты Достық үйінде өткен байқауда бас қосты. Әр ауылдан келген аузы дуалы қариялар үш кезеңнен тұратын сайыста өздерінің бата беру өнегесін жиналған қауымға паш етті.
Байқаудың бірінші кезеңі жеребе тарту арқылы түрлі тақырыптар бойынша бата беру болса, екінші кезеңде қазыналы қарттар тәуелсіз елге бата берді. Соңғы кезеңде әр қария өзі қалаған тақырыбы бойынша қол жайып, ізгі тілегін жұртқа арнады. Әр кезеңнен кейін шығысқа танымал Қайыртай Ақымышев, Данияр Ахмадиев сынды өнер иелері байқауды тамашалауға жиналғандарға дәстүрлі әннен шашу шашты.
Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина, қалалық Достық үйінің директоры Берік Көпбаев, қалалық Мәдениет сарайының директоры Нұриден Иманбаев, Халықтық ақындар орталығының жетекшісі Дәмеш Омарбаевалардан тұратын әділ қазылар алқасы өздерінің ортақ ұйғарымдағы шешімдерін шығарып, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.
Екі арнайы жүлдеге Бөкенші ауылының ел анасы ардагер ұстаз Ғайниса Хасенова мен қалалық Достық үйінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Райымбеков ие болды. Бірінші орынға әрі Семей қаласының намысын Өскеменде 1 наурыз күні өтетін облыстық байқауда да қорғау бақытына жарқындық Қаймақан Бейсенбаев ақсақал ие болды. Ал екінші орынды қайнарлық Талғатқажы Семейғазыұлы, үшінші орынды семейлік зейнеткер Төкіш Ғабдуллин еншіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен сертификат табыс етілді.
Бабалардан қалған асыл сөз бата беруден 10 ақсақал және бір әжеміз өз бақтарын сынаған бірінші байқау осылайша өз мәресіне жетті.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ,

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57