«ӨНЕР – МЕНІҢ ӨМІРІМ»

Семейдің тарихи өлкетану музейінде Болат Сыбановты еске алу кеші өтті

Сәрсенбі, 24 қаңтар күні Семейдің облыстық тарихи өлкетану музейінде жерлесіміз, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, әнші, сазгер Болат Сыбановты еске алу кеші өтті. «Өнер – менің өмірім» атты сан қырлы өнер иесінің 80 жылдығына арналған кешке жары, балалары, замандастары мен жерлестері және өнерсүйер қауым қатысты.

Биылғы жылдың 10 қаңтарында әнші, сазгер, театр әртісі Болат Сыбановтың туғанына 80 жыл толып отыр. 60 жыл ғұмырында өнерді өміріне айналдырған Болат Күнтуұлы 100-ден аса рөлді сомдап, 30-дан аса өлең жазған. Өзінің орындауындағы «Ақ бұлақ», «Таң самалы», «Ғашықтар термесі», «Жан ана», «Әке туралы» және басқа да өлеңдері қазақ радиосы мен теледидарының алтын қорына енген.

- Кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз – жастарды Болат Сыбановтың шығармашылығымен таныстыру. Жас ұрпақ Болат Сыбановтың есімін көп біле бермейді. Болат Сыбановтың өмірден қайтқанына жиырма жыл уақыт болса да, біздің музей сазгер есімін ұмытқан емес. 60 және 70 жылдық мерейтойлары біздің музей қабырғасында аталып өткен болатын. Әлі күнге дейін қаламыздағы театр сахналарында ол кісінің әндері шырқалуда. Болат Күнтуұлын өз елінің нағыз патриоты болды. Бұған ақын өлеңдері куә. Ұлы Қанат Сыбанов та өнер жолын жалғастырып, әке есімін көпшілікке танытып жүр,- деді музей директоры міндетін атқарушы Ләззат Әлжан.

Өнердегі алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы Абай атындағы филармониядан бастаған Болат Сыбанов кейіннен Семейге келіп, 1957 жылы Семей облыстық музыкалық - драма театрына қабылданған. 40 жылдан артық театр саласында еңбек еткен ол ешқандай музыкалық білімі болмаса да фортепиано, баян, домбыра сынды аспаптарды шебер ойнаған.

- Егер тірі болса, биыл сексенге толар еді. Халқы, елі ұмытпай осындай шараларды өткізіп жатқанына қуаныштымыз. Болат өз елін, жерін, халқын жоғары бағалап, ардақтайтын. Алматыға шақырса да бармай, Семейде қалды. Ол кісінің Семейге сіңірген еңбегі көп. Біз бірге 30 жылдан артық өмір сүріп, бала-шағамыздың қызығын көрдік. Жанымда болса, биыл ұлан асыр той жасар едік,- дейді жары Үміт Сыбанова.

Кеш барысында өнер көрсеткен Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театрының әртістері заманында бірталай басты рөлдерді сомдаған Болат ағаның актерлік шеберлігін де жоғары бағалады. Бір қазақтың емес, бар қазақтың әншісі атанған Болат ағаның көптеген әндері Түркия, Швеция, Моңғолия, Германия, Қытай елдерінде кеңінен танымал.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57