РОЗА РЫМБАЕВА ТУҒАН ЖЕРІНДЕ

Жарма ауданы батырлар мен ақындар мекені деп бекер айтылмаса керек. Киелі өлкенің өнер саласында алған еншісі де аз емес.  Тарихы тамырланған мекеннің тағы бір дара перзенті – әлемді алтын дауысымен мойындатып, Орта Азияның бұлбұлы атанған Роза Қуанышқызы Рымбаева. Өнердің заңғар шыңын бағындырған Жарманың Розасы мерейлі туған күнін  жерлестерімен бірге атап өтіп, аудан орталығындағы Мәдениет үйінде ән кешін өткізді.

Өнер айдынында есімі алтын әріппен жазылған жерлесіміз 1957 жылы Жарма ауданына қарасты Жаңғызтөбе станциясының 9-шы темір жол айырығында дүниеге келген. Өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында танымал болып, республикалық «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамблінің, «Қазақконцерт» бірлестігі жанындағы «Арай» эстрадалық ансамблінің әншісі болған Роза Қуанышқызы Жармалықтардың ғана емес, дүйім қазақ елінің  мақтанышына айналды. Әнші қызымыздың әлемге танылуына С.Бәйтерековтің «Әлия» әні себепкер болды. Қаршадай қыз өзінің ерекше дарынымен қазақты жер жүзіне  танытты. Оның орындауындағы Т.Ерешевтің «Гүлдене бер, туған жер!», Н. Тілендиевтің «Куә бол», Б. Байқадамовтың «Айгөлек», Ж.Тұяқбаевтың «Атамекен», Т.Сарыбаевтың «Отандастар» сынды әндері тыңдармандар жүрегіне бірден жол тапты. Оның орындауындағы әрбір әннен Отанға, туған жерге деген ыстық ықыластың лебі сезіліп тұрды. «Бір бала», «Сәулем-ай», «Кебек», «Назқоңыр», «Әгугай» және тағы басқа да халық әндерін ол өзіндік ерекшелікпен орындап, репертуарына, ТМД елдерімен қатар, шетел халықтарының әндерін де енгізді. Сондай-ақ ол «Қош бол, Медеу» фильміне де түсіп, киноактриса ретінде де танылды.

1977 жылы Болгарияда өткен эстрада әртістерінің дәстүрлі халықаралық конкурсында бас бәйге — «Алтын Орфей» жүлдесін жеңіп алып, қазақ елінің абыройын асқақтатты. Түрлі халықаралық байқауларды бағындырған Розаның мәртебесімен бірге Жарма өңірінің де абыройы арта берді.

Роза Қуанышқызы жерлестерін еш ұмыт қалдырған емес. Тынымсыз еңбек пен қиындығы мол өнер жолында жүрсе де уақыт тауып, туған жеріне ерекше көңіл бөліп отырады. 2009 жылы аудан орталығына арнайы келген ҚР-ның халық әртісі Роза Қуанышқызы әнші Құдайберген Бекіш, күйші Айгүл Үлкенбаевалармен бірге үлкен концерттік бағдарламасын ұсынып, халқына, туған жеріне деген сағынышының орнын толтырып, жер-лестерінің ықыласына бөленген-ді. Сол сияқты «Туған ел - алтын бесігім» акциясы аясында облыс орталығында Жарма ауданы күніне орай өткен гала-концертте жерлестерінің шашбауын көтеріп, жиылған қауымға әннен шашу шашты, осылайша туған жерінің мәртебесін арттырды.

Роза Қуанышқызының өз мерейтойын жерлестерімен бірге атап өтуі жармалықтар үшін үлкен құрмет пен мәртебе болды. Концерт шымылдығын ашқан өнер иесі Жармаға деген ыстық сезімі еш уақытта өшпейтіндігін жеткізді.

- Біздің басты байлығымыз Сіздерсіздер, құрметті көрерменім, тыңдармандарым. Туған өлкесінің түлегенін, көріктеніп, гүлденгенін кім қаламасын! Туып-өскен Жармамның, Семейімнің бүгінде өзгеріп, ерекшеленіп келе жатқандығына қуаныштымын. Жармада тудым, осында өстім, жетілдім. Ал Семейде білім алдым, Мұқан Төлебаев атындағы өнер ордасынан түлеп ұшып, өнерге құлаш сермедім. Жүрген жерімде туған өлкемді әр кез мақтан тұтамын. Ауданымыз да алға басқан істер көп екен. Өңірде өнерге ерекше қолдау барына көз жеткізіп отырмын. Ал осынау ерек-ше күнді жерлестеріммен бірге өткізу - мен үшін үлкен мәртебе және бұл ыстық қауышу менің есімде сақталып қалады. Тағы бір он жылдан кейін осындай кездесуде бас қосайық, соған жазсын деп тілеймін,- деген Роза Қуанышқызы  кіші отанына сағынышын «Атамекен» әнімен жеткізді.

Екі сағатқа созылған концертте жерлесіміз жанды дауыстағы әсем әуенімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Әншінің жеке төлқұжатындай болып кеткен «Әлия» әні шырқалғанда, тебіренбеген жан қалмады.

Кеш барысында өнер иесі өткенге көз жүгіртіп, өмір жолынан сыр шертіп, әрбір адам үшін суын ішіп, топырағынан нәр алған туған жерінен артық әрі бағалы ештеңе жоқ екендігін атап өтті. Бұл - патриоттық тәрбие берудің, өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырудың бірден-бір жолы.

Туған өлкесінің туын тік ұстап, абыройын асқақтатып жүрген әнші қыздың елеулі еңбегі ескерусіз қалмады. Жиылған көптің алдында сахнаға көтерілген аудан әкімі Нұрлан Сыдықов халық әртісіне «Жарма ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде табыс етті.

- Роза жерлесіміз - тек Жарманың ғана перзенті емес, жалпы қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдыз. Әлемді мойындатқан үлкен өнер иесі осынау ерекше күні жерлестеріне арнап концерт өткізіп отыр, жармалықтар үшін бұдан артық құрмет жоқ деп білемін,- деді аудан басшысы өз сөзінде.

Ауданның аға буын өкілдері атынан Айтқазы Мұсағитов нағыз өнер иесін жер-лестері мақтан ететіндігін, әлі де мақтана беретіндігін айтып, ағалық ақ батасын берді.

Ал осынау кеште Роза Қуанышқызына ұсынылған гүл шоқтары мен айтылған құттықтауларда шек жоқ.- Жерлесіміз келді деп шашбауымды көтеріп, кешіме келгендеріңізге қуаныштымын. Көрсетіп жатқан құрмет-теріңізге рақметімді айтамын. Менің өнер жолында жүргеніме биыл 42 жыл толып отыр. Жауапкершілігі мен ауыртпашылығы мол кәсіпті игеріп, биігін бағындыруда Сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен қолдауларыңызды сезіндім. Сол себепті Сіздерге алғысым шексіз,- деді әнші өнер кешін қорытындылай отырып.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57