ӨНЕР БАРДА, ТҰРСЫНҒАЗЫНЫҢ ЕСІМІ ӨШПЕЙДІ

Семейде әнші, композитор Тұр-сынғазы Рахимов атындағы «Сәби болғым келеді» атты халықаралық конкурс өтті. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған өнерпаздармен қатар, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінен келген дәстүрлі ән орындаушылар да байқауда бақ сынады.

Тұрсынғазы Рахимов атындағы конкурс екі күнге созылды. Оған қазақтың қара домбырасын өзіне серік еткен 32 өнерпаз қатысты. Халықаралық дәрежеде өткен дәстүрлі ән орындаушылар конкурсы Семейде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын  айта кеткен жөн. Байқау шартына сай, өнерпаздар сазгердің екі әнін және бір халық әнін құлақ бұрауын келтіре орындауы шарт.

- Шығыс өңірінде қазақтың дәстүрлі ән өнерін сақтап қалу мақсатында осы байқауды ұйымдастырып отырмыз. Қазір, эстрада жанрын айтпағанда, қазақтың дәстүрлі әндері де шетелге ойысып жатыр. Сондықтан қазақтың дәстүрлі әндерін Тұрсынғазы Рахимов арқылы халық жүрегіне жеткізуді мақсат тұттық. Өткен жылы Тұрсынғазы Рахимов атындағы фестиваль ұйымдастырылған еді. Биылғы байқауды сол бастаманың жалғасы деуге болады. Байқауды алдағы уақытта тек Семей қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге қалаларында да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз,- дейді Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы филармония директоры Адай Азаматов.

ҚР-ның мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Алмасбек Алматов, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Үдербаева, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Едіге Жүдібаров, ҚР-ның мәдениет қайраткері Әділ Тұрғанбай және ҚР-ның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Көшеров байқауға қазылық етіп, кіл мықтыларды анықтады.

Байқау қорытындысына сай, бас жүлдеге алматылық Нариман Абдрахманов ие болды. Төлеген Шәкәрімов, Ермек Нұрлытау, Дәуренбек Сләмғали, Өзгеріс Серікбай (Моңғолия),  Жасұлан Сақаев жүлделі үшінші және екінші орындарға лайық деп танылды. Ұлытау өңірінің тумасы, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, меценат Бекзат Алтынбектің 100 мың теңгені құрайтын арнайы жүлдесі де өз иелерін тапты.  ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединов атындағы жүлде Ғибадат Тұрғалиевқа, Айбала Бейсеноваға, Ерғазы Рахимов атындағы арнайы жүлде Гүлмира Шәбиеваға (Қырғызстан), Жүсіпбек Елебеков атындағы арнайы жүлде Алтын Сымасейітоваға, Мұқағали Мақатаев атындағы арнайы жүлде Еламан Құжимановқа табысталды.

Байқауға қазылық еткен халықтың сүйікті әншісі Рамазан Стамғазиев конкурстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады:

- Халықаралық байқау статусын алғандықтан, байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Қатысушылардың жартысынан көбі өзіміздің шәкірттеріміз. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тамамдап, үлкен сахнада ащы тері алынған, біраз байқаулардың жүлдесін қанжығасына байлаған жастар. Бізді қуантатыны – жастардың, халық әнінен бөлек, Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығына бой ұруы. Ол кісінің осы күнге дейін жинақтап, халқына аманаттап кеткен барлық әндерін шашауын шығармай, шаң жуытпай, орындалу стилімен, жасалынған трактовкаларымен  әрбір әннің бірнеше нұсқасын шама – шарқылары жеткенше орындап шықты. Әншілердің дауыс мүмкіндіктері мен осы күнге дейін жинақтаған тәжірибелерін шамаладық. Жастардың қазақтың қара домбырасын құшақтап алыс-жақын шетелдерден, еліміздің өзге қалаларынан келіп жатқаны, әрине, бізді марқайтады. Байқау барысында жас буынның  аға буынмен бір сапта тұруға жарап қалғандығын да көріп отырмыз. Жеңімпазды анықтауда әншінің әнді меңгеруі, тіл тазалығы, дауыс тазалығы, дауыс диапазоны, домбыра тарту техникасы, актерлік шеберлігі, білімділігі, әнді халыққа жеткізуі, сахнада өзін-өзі ұстауы - бәрі-бәрі бағаланды. Әннің туы тігілген киелі өңірден бастау алған шараға құтты болсын айтқым келеді. Байқау осы күйінде қалып қоймай, екі жылда бір рет өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді,- деген Рамазан Стамғазиев Тұрсынғазы аға айтқан әңгімелерді жинақтап, шағын кітап етіп шығарса деген ұсыныс айтады.

-Тұрсынғазы ағаны білетін кез келген адаммен сөйлессек, ол кісі жайлы қызықты әңгімелер айтады. «Тұрсынғазы деген екен» деген мәліметтердің барлығын жиыстырып, шағын кітап етіп шығарса артық болмас еді деп ойлаймын. Қазір жоғары оқу орындарында Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығы ғылыми жұмыстардың тақырыбына арқау болып отыр. Демек, артында ұрпағы барда, сүйер елі барда, Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығы жоғалмақ емес,- дейді әнші. 

Байқау барысында Еркін Шүкіманов пен Толғанбай Сембаевтың авторлығымен шыққан Тұрсынғазы Рахимовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сағынбасқа не шара?» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, қалың оқырманға жол тартты.  Осылайша, Тұрсынғазы Рахимов атындағы алғашқы халықаралық байқау өз деңгейінде өтіп, дәстүрлі ән шеберлері халықтың құлақ құрышын қандырды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57