ЕҢБЕК ЕТУ – ӨМІРДЕН ӨЗІҢДІ ТАБУ

Жұмыссыздық деңгейін төмендету Семей қаласының әкімдігі мен депутаттар корпусының басты назарында. Өткен жылдан бастап осы кезеңге дейінгі аралықта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының қаламыз бойынша қалай жүзеге асып жатқаны халық қалаулылары тарапынан жіті бақылауға алынып отыр. 

Осы ретте Семей қалалық мәслихат депутаттары өткен аптада бағдарламаның жүзеге асуын көру мақсатында Асбестцемент өнімдері зауытында болды. Кейін ат басын Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіреді.

Осы жолы әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спортты дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы, құқықтық мәселелер, депутаттық этика және өкілеттіктер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері аталмыш бағыттағы жұмыстарды бағамдады.
Депутаттар әуелі өңіріміздегі жеңіл өнеркәсіптің дамуында өзіндік орны бар Асбестцемент өнімдері зауытында болды. Осы кәсіпорындағы «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында білім алғандардың және кәсіби білімін жетілдіргендердің жұмыспен қалай қамтылып жатқанын көрді. Зауыттың бас директоры Асхат Мирманов өзі басқарып отырған ұжымда 240 адамның жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Олардың 25-і бүгінгі таңда түрлі сала бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында еңбекпен қамтылып отыр екен. Бас директор техникалық мамандықтар бойынша қосымша 20-25 адамды тұрақты жұмысқа алуға мүмкіндіктері бар екенін тілге тиек етті. Бізге зауыттың өндіріс цехтарында болып, аталмыш бағдарлама аясында өздеріне жұмыс тауып, жаңа кәсібіне сай еңбек етіп жатқандармен танысуға мүмкіндік туды.
Асбестцемент өнімдері зауытының көлік цехының басшысы Мақсат Жексенбаевты сөзге тартқанымызда: «Бізге түрлі деңгейдегі арнайы оқу орындарын бітіргендер және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында кәсіби білім алған жастар көптеп келіп жатыр. Олардың ішінде жұмысты бірден игеріп кеткендерін өзімізге қабылдаймыз. Сондай жастардың бірі – жүк краны машинисі Бауыржан Алшымбаев. Бауыржан бірден өз ісін меңгеріп кетті. Мұндай мысалдар бізде өте көп»,- деді.
Бір сөзбен айтқанда, Асбестцемент өнімдері зауытының көлік цехында 40-тан аса адам еңбек етеді. Олардың арасында өз білгенін жаңа еңбек жолын бастағандарға үйретуден жалықпайтын Орал Аманқұлов сынды тәжірибелі жұмысшылар 40 жылдан аса еңбек етіп келеді. Ал Бауыржан Алшымбаев болса өзіне мұндағы жұмыстың ұнайтынын әрі жалақысын тұрақты алып тұратынын айтады.
Бұдан кейін Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болдық. Бұл жерде кәсіптік оқыту бөлімінің басшысы Айнұр Бураханова халық қалаулыларын жұмыссыздықты жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныстырды.
Қазірге дейінгі аралықта 46 мамандық бойынша 1097 адам оқуға жіберіліп отыр. Осы бағдарлама аясында арнайы оқу орындары базасында бұрын жұмыссыз болғандарға қоғам талабына сай келетін массажшы, ветсанитар сынды жаңа мамандықтарды алуға мүмкіндік туып отырған жайы бар. Әрі бұл бағдарлама бойынша зейнетке жасы келіп қалғандар да өздері қалаған мамандыққа қол жеткізе алады.
Ниет еткен жанның екі қолға бір күрек табатыны анық екені дау тудырмайды. Оған жұмыссыздықты жоюға қатысты қаламызда жүзеге асырылып жатқан келелі істер дәлел.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

 

 

ҚОҚЫС ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

«Kaz-экоэкспертиза» ЖШС және «Елбасы курстастары» қоғамдық қоры Семейде қоқыс өңдейтін зауыт құрылысын бастамақ. Бұл туралы өткен аптада Семей қалалық әкімдігіндегі жиында айтылды.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек»,- деп міндет жүктеген еді. Жергілікті атқарушы билік осы міндеттердің Семейде де жүзеге асуына жұмыс атқаруда. Қазіргі күні инвестициялық жоба әкімдік тарапынан мақұлданып, 20 гектар жер бөлінген. Зауыт қаладан 7 шақырым қашықтықта, Семей - Қайнар тас жолы бойында орналаспақ.
- Бұл – бірегей жоба. Әзірше Қазақстанда қоқыс қалдықтарын кәдеге жаратып қана қоймай, химия, агрохимия заттарын залалсыздандырып, қайта өңдейтін жиынтық кешен салынған жоқ. Айта кету керек, қауіптіліктің қызыл деңгейіндегі заттар қабылданбайды. Аумақ ядролық, әскери өнеркәсіптік және гильза қалдықтарын қабылдауға арналмаған. Химиялық қалдықтар залалсыздандырылғаннан кейін ғана қайта өңдеуге жіберілетін болады,- дейді «Елбасы курстастары» қоғамдық қорының вице-президенті Қайрат Әбеков.
Құны 2 млрд. теңгені құрап отырған жоба екі жыл қатарынан ресейлік инвесторлардың қаржысына жүзеге аспақ. Жылына 380 мың тоннаға дейін қоқыс өңдейді деп жоспарланып отырған зауытқа қажетті құрал-жабдықтар да сол елден әкелінеді.
- Жоба екі кезеңде жүзеге асады. Оның алғашқы кезеңінде қалдықтарды жинау мен іске жарату полигоны дайындалады. Одан кейін қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорын құрылысына кірісеміз. Сұрыпталған өнімнен екінші шикізат алу жоспарлануда. Пластиктің қандай да бір түрін өңдеуіміз де мүмкін,- деді «Kaz-экоэкспертиза» ЖШС директоры Болатбек Қасенов.
Зауыт биологиялық қалдықтарды да кәдеге жаратпақ. Уақыт өте келе мал қорымдарының қажеті болмайды дейді жоба жетекішлері. Олардың айтуынша, барлық биологиялық қоқыс қоршаған ортаға еш зиянсыз жоғары температурада жағылады.
- Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлінуде. Сондықтан іскер азаматтарға біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз. Зауыт іске қосылса, ең алдымен қаланың экологиясы жақсарады. Қала тұрғындары үшін де, қала үшін де бұл тиімді жоба болайын деп тұр,- дейді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Наурыз айының алғашқы аптасынан   бастап  күн күрт жылынып, үздіксіз жаңбыр жауып, қар еріді. 11 наурыз күні сағат 10.00-дер шамасында Аягөз қаласының Б.Момышұлы, А.Көшкінбаева, ағайынды Жолдасовтар, Есенғазин, Шәкенов көшелеріндегі тұрғын үйлердің аулаларын, үйлерді су алғаны туралы тұрғындар хабарламасы аудан әкімдігінің төтенше жағдайлар бөліміне келіп түсті. Апат айтып келмейтіні белгілі. Орын алған төтенше жағдайға орай, Аягөз ауданы әкімінің өкімі шығарылып, Аягөз қаласы бойынша төтенше жағдай жарияланды. Аяқ астынан келген табиғат апатын жою бағытында төтенше жағдайға   байланысты құрылған аудандық штаб жедел түрде іске кірісті. 

 Мөлшерден тыс жинақталған қар мен жаңбыр суын соруға «Аягөз су» МКК мен ПЧ-50 және «Аягөз су» МКК-нің техникалары жұмылдырылды. Үздіксіз, толастамай жауған жаңбырдың салдарынан Аягөз қаласының оңтүстік шетін басып өтетін Жаман өзені арнасынан асып, тасыды. Арнасынан асқан өзеннің жағалауында орналасқан 40 тұрғын үй мен 100 ауланы су басты. Ағын су 3 тұрғын үйді шайып кетті. Ең бастысы, адам шығыны орын алған жоқ. Табиғаттың тосын мінезі өз жолындағы 3 автокөлік көпірін, 5 жаяу жүргінші өткелін ойсырата бұзды. Аягөз - Ақшатау бағытындағы қиыршық тасты көтерме жолға зардабы тигенімен, ол қазір жөнделді. 11 наурыз күні арнасынан асқан Жаман өзенінің екінші жағалауына, қауіпсіз жерге 400 тұрғын, оның ішінде 30 баланың өткізілуі жедел ұйымдастырылды. Жалпы, апатты аймақтан эвакуацияланған 27 адам және 13 бала Аягөз қаласындағы №6 орта мектеп-интернатына және туыстарының үйіне орналастырылды. Сонымен бірге үйлерін су басқан 65 адамды «Асылдар», «Бәйтерек», «Шокалад» кафелері кезектесе үш мезгіл тегін тамақтандырып, қамкөңіл жерлестеріне өз демеулерін көрсете білді. Төтенше жағдайды жоюға жергілікті атқарушы орган, аудандық төтенше жағдай бөлімі, ішкі істер бөлімі, темір жол, коммуналдық мекемелердің қызметкерлерінен және тұрғындардан құрылған еріктілерден тұратын 200-ден астам адам қатысып, 11 арнайы техника, 20 автокөлік, 3 мотопомпа жұмылдырылды. Қазіргі күні төтенше жағдайды жою штабы тобының мүшелері табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарды анықтап, келтірілген материалдық шығындарға есептеу жүргізіп жатыр. 

Көктемгі жаңбыр мен қар суы тасқынан зардап шеккен аягөздіктерге көмек көрсетуге ынталы жандар аудандық төтенше жағдайлар штабына хабарласып, ерікті түрде демеушілік жасайтындарын білдіруде. Солардың қатарында бірінші болып қоңырау шалған Өскемен қаласындағы Евгений Фоминых басқаратын «Казцинк» ЖШС-нің ұжымы болды. ШҚО-ның тек Аягөз ауданы ғана емес, сонымен қатар Өскемен қаласы, Глубокое, Ұлан, Күршім, Зайсан, Үржар аудандарының бірнеше ауылдары да қар суынан зардап шегуде. ШҚО ТЖД-ның мәліметіне сүйенсек, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда мезгіл сайын шектеу қойылып жатыр. Облыстың таулы аудандарында қар көшкіні қаупі сақталуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 70 жеке үй мен 150 ауланы су басты. ШҚО ТЖД, жергілкті полиция қызметінің, жергілікті атқарушы органның, «Өскемен тәртіп» КМК, «Водоканал», Шығыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының күшімен жергілікті халықтың аумағынан су әкету және шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. 1440 қап инертті материал төселді. 13000 текше метр су шығарылды. Күршім, Зайсан, Ұлан және Үржар аудандарының бірнеше жол төсемдерін су шайып кетті. Жол қызметтері қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Барлығы авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге жергілікті атқарушы органдардан, құтқарушылар мен ШҚО ІІД-ден 536 адам, 137 бірлік техника мен 27 су шығару құрылғылары жұмылдырылған. ШҚО ТЖД дағдарыс орталығында жедел штаб жұмыс істеуде.

Марат ЖҰМАБАЕВ

ЕЛ МЕРЕЙІН АСЫРҒАН ҚОС САҢЛАҚ

 

Семейдің спортшылары Бельгияда каратэ шинкиокушинкайдан өткен халықаралық чемпионатта гауһар тасты Кубоктың иегері атанды. Елдің абыройын аспандатып келген каратэшілер туған елге оралған бетте өз жанкүйерлерімен баспасөз конференциясында кездесті. Кездесуге қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімнің бас маманы Бақытжан Егізбаев, облыс бойынша Каратэ шинкиокушинкай федерациясының басшысы Жанболат Тоқсанбаев, федерацияның бас бапкері Айбол Ысқақов қатысты. 

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның намысын қорғап келген талдықорғандықтардан кейін, биыл «Diamond Cup» халықаралық турниріне қазақ елі атынан тек Семейдің үш спортшысы ғана аттанды. Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын спорттық додадан Айдын Нұрбосынов пен Еламан Мұқашев жүлделі бірінші орынмен қанжығаларын майлап қайтты.
Айта кетейік, чемпионат 24-26 ақпан аралығында Бельгияның Антверпен қаласында өткен еді. Жарысқа 27 мемлекеттен 250-ден астам каратэші қатысқан екен.
- Бүкіл елдің намысын қорғайтын болған соң турнирге тыңғылықты, ұзақ дайындалды бүгінгі жеңімпаздар. Төккен тер мен еңбегіміз ақталып, бірінші орынның төрінен көріндік. Кіл мықтылар анықталған сайыста тек Әлішер Мұқанов атты шәкіртім 85 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Бірақ қарсыласына есе жіберіп алды. Алдағы жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінетініне сенім мол,- дейді ШҚО бойынша Каратэ шинкиокушинкай федерациясының бас бапкері Айбол Ысқақов.
Гауһар тасты Кубок сарапқа салынған халықаралық жарыстың ақтық мәресінде Айдын Нұрбосынов Франция елінің спорт саңлағымен сынға түссе, Еламан Мұқашев даниялық каратэшімен жекпе-жекке шыққан. Семейлік екі спортшы да каратэге тән амал-тәсілдерді тиімді пайдаланып, үздік өнер көрсетті, ел мерейін асырды. Халықаралық дәрежедегі чемпион атанып келген қос каратэші 24-25 маусым аралығында каратэнің отаны саналатын Жапонияның астанасында өтетін әлем чемпионатында бақ сынамақ.
Кездесу соңында жеңімпаздар мен олардың бапкеріне, сондай-ақ аймақтағы каратэ шинкиокушинкайдың дамуына елеулі үлес қосып жүрген ШҚО бойынша Каратэ шинкиокушинкай федерациясының басшысы Жанболат Тоқсанбаевқа Семей қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Мұрат Құржықаевтың алғыс хаттары табысталды.

Жібек СЕРҒАЗЫ

 

«АЙБЫН» ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫ БІРІКТІРЕДІ»

Сейсенбі, 27 ақпан күні Экономикалық лицей ғимаратында ІІІ қалалық «Айбын» әскери-патриоттық жарысы өтіп, 13 команда өзара бақ сынады.

Семейде биыл осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған «Айбын» әскери-патриоттық сайысына қала мектептерінің оқушылары, сондай-ақ Электротехникалық колледж бен Көлік колледжінің студенттері қатысып, спорттың 10 түрінен сынға түсті. Оның жетеуі автоматты жинау мен бөлшектеу, кермеге тартылу, кеудені жерден көтеру, қорғаныс костюмін кию, әскери эстафета тапсыру сынды ойын түрлері болса, өзгелері қатысушылардың зияткерлік қабілетін тексеруге арналған. Командаларға сәттілік тілей келген қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова осындай әскери-патриоттық шараларды ұйымдастырудың жастар үшін маңызы зор дейді.

- Елімізде әскери саланы дамытуға, оған жастарды тартуға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Соның бір дәлелі - өткен жылдан бастап халықаралық сипат алған «Айбын» әскери-патриоттық сайысы. Жыл сайын жарыстың ауқымы да, оған қатысушылардың саны да артып келеді. Жеткіншектерге отаншылдық тәрбие беруде, жігерлі жастарды тәрбиелеуде осы әскери-патриоттық клубтардың орны ерекше деуге болады. Сіздерге бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін. Облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда қаламыздың абыройын асқақтата беріңіздер,- деді қала әкімінің орынбасары.
Ойын шарттарынан сүрінбей өткен командалар келесі кезекте «Менің роботым», «Қазақстанның әскери тарихы» кезеңдеріне және альбомдар мен стендтер байқауына қатысып, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерінің деңгейін байқатты.
- Қала әкімдігі, қалалық дене шынықтыру және спорт, білім бөлімдері, сондай-ақ Әскери-спорттық клубтар федерациясы, гарнизондық Офицерлер үйі мекемесі бірлесе ұйымдас-тырған бүгінгі турнирдің мақсаты – жастарды өз Отанын, өз елін сүюге тәрбиелеп, жылдамдыққа үйрету. Осы жарыста жеңіске жеткен команда мамыр айында өтетін облыстық сайысқа жолдама алатын болады. Былтырғы жылы «Жас қыран» әскери-патриоттық клубы Семей қаласының намысын қорғап, халықаралық сайыста ІІ орынды еншілеп келген еді. Осы жолы да командаларымыз жүлделі орыннан көрінетініне сенімдіміз,- дейді «Жас қыран» әскери-патриоттық клубының жетекшісі, қаламыздағы Әскери-спорттық клубтар федерациясы төрағасы Серік Түсіпов.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57