ТОНАЛМАҒАН «АЛТЫН АДАМ»

 Елеке сазы жайлауынан табылды   

Жәдігердің құндысы қолымызда, ағайын! Тарбағатайдың Елеке сазы жайлауынан тоналмай, бүтін күйінде сақталған екінші Алтын адам табылды. Бұл ретте «Екінші Алтын адам» деп баса мән беріп отырғанымыздың да өзіндік себебі бар. Білесіздер, 1969 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан Есіктегі Алтын адамнан кейін табылған Алтын адамдардың барлығы тоналған еді. Сондықтан бүтін табылған жәдігердің тарих үшін алар орны да ерекше болмақ. Тоналмаған Алтын адам Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды.

Елеке сазындағы қазба жұмыстарына жетекшілік етіп, басы-қасында болған белгілі археолог Зейнолла Самашев, Алтын адамның өмір сүрген кезеңі біздің заманымызға дейінгі 8 ғасыр екенін айтады. Таңқаларлығы, Тарбағатайдан табылған Алтын адам еш бүлінбеген, сол қалпында сақталған. Оның алтын қорамсағы, қанжарының қабы, бас және үстіндегі киімі алтын ою-өрнектермен безендіріліп, етігі ұсақ алтын моншақтармен көмкерілген, мойнына тағылған алқасы да алтыннан жасалған. Археологтердің сөзіне қарағанда, бұл бұйымдар  жерленген адамның әлеуметтік мәртебесінің жоғары екенін аңғартады.

Қорғаннан табылған құнды жәдігер көптеген аспектілер бойынша тарих сырын ашуға жол ашады. Біріншіден, бұл ерте сақ дәуірінде жерленген әрі тоналмаған Алтын адам. Екіншіден, оның сүйектері де, алтынмен апталған бұйымдары да жақсы сақталған.

- Реставрация жасау, ДНК-сын, антропологиялық мәліметтерді зерттеу бойынша алда үлкен шаруаларды атқару міндеті тұр. Қазір біз жерленген адамның денесі мумияланған екенін және мүрдесінде күнді, іс-қимылды, мәңгілікті бейнелейтін түрлі белгілер бар екенін айта аламыз. Ең бастысы, табылған жәдігердің көмегімен сол заман халықтарының тұрмыс-салты туралы аса құнды ақпараттарға қол жеткіземіз. Бұған дейін қазылып алынған Алтын адамдардың ДНК-сымен салыстыра отырып, қандай ерекшеліктер, ұқсастықтар я болмаса айырмашылықтар барын анықтайтын боламыз, - дейді археолог Зейнолла Самашев.

Айта кетерлік жайт, антропология мен сүйектерді толыққанды зерттеу үшін Ресей Ғылым академиясы этнология және антропология институтының қызметкерлері де жұмылдырылған екен. Ғалымдар адамның қаңқасы арқылы, оның ер адам екенін әрі  биологиялық жасы шамамен 17-18-дерде болғанын болжауда. Сондай-ақ ресейлік антропологтар Алтын адамның ешқандай жарақат алмағанын, сүйектері бірнеше жерден тесілгенін айтады. 

Облыс орталығындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен Алтын адамның таныстырылымына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы келді.

- Бұл нағыз сүйінші жаңалық. Елімізге аты мәшһүр археолог Зейнолла Самашев ерекше жаңалық ашты. Бұл байтақ еліміздің байлығына қосылған өлшеусіз үлес. Осыдан-ақ сол дәуірде өмір сүрген ата-бабаларымыздың индустриялдық мәдениеті, технологиясы қаншалықты жоғары болғанын аңғару қиын емес. Құнды жәдігерге реставрация жасалады. Елеке сазы жайлауының Алтын адам табылған аумағы қоршалып, мемлекет қамқорлығына алады, маңайына күзет қойылады,- деді облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы. 

Оқырмандардың есіне сала кетейік, аталмыш қорған археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың үш жылдық бағдарламасы шеңберінде зерттелуде. Археологтердің болжамынша, Елеке сазы аумағында 300-ге тарта қорғандар бар. Олардың барлығы бағдарлама аясында зерттеліп, зерделенетін болады. Ол енді алдағы күннің еншісінде.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ТАЛАЙДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН ТАРБАҒАТАЙ

Ақсуатқа осыдан төрт жыл бұрын, 2014 жылы барған екенмін. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, профессор, белгілі тарихшы, қоғам қайраткері Ерлан Бәтташұлы Сыдықов және Ақсуатта нағашылар елінде балалық шағын өткізген, есімі көпшілікке жақсы таныс ғалым, қазақтың қайраткер қыздарының бірі Шырын Асылханқызы Құрманбаевамен бірге осы өңірге сапарлап барудың таяуда тағы бір сәті түскен еді. Мақсатымыз - әулие баба Ырғызбай Досқанаұлы атындағы қазақ күресінен әлемдік Гран-При аясында өтетін дәстүрлі жарысты тамашалап, ауданда өтетін игілікті іс-шараларды өз көзімізбен көріп қайту. 

Бұл өңірге көптен жолымыз түспегенімен, бес жыл ішінде Тарбағатайдың адам танымастай болып өзгеріп кеткенін ұзын құлақтан естіп жатырмыз. Тіпті жаңарған Ақсуаттың бүгінгі келбетіне орай ел аузында жүрген әзіл әңгімелер де жоқ емес... Екпін, Көкжыра, әлде Тұғыл мен Қарасудың бірінен бе екен, кім білсін, әйтеуір бір келіншек күйеуінен сұранып, үйге қажетті заттарын алып қайтуға аудан орталығы Ақсуатқа келеді. Дүкен аралап жүріп Ақсуаттың гүлге оранған көшелері мен салтанаты жарасқан сәнін көріп тамсанып, «Бәйтерек» монументінің көшірмесінің жанына тұра қалып суретке түседі де ұялы телефонындағы «Whats App» әлеуметтік желісі арқылы ауылдағы күйеуіне жедел түрде жөнелтеді. Арада көп уақыт өтпей күйеуі де байланысқа шығады:

- Маған Ақсуатқа барып келемін деп алдап, Астанаға кетіп қалыпсың... Кіммен кеттің, - деп телефонның арғы жағында ашуға мініп тұрған қызғаншақ күйеуіне келіншек Ақсуатта жүргенін айтып, әрең иландырған деседі... Бұл Барқытбел баурайындағы ажары адам танымастай болып өзгерген өлкені көріп, сүйсінген халық арасында айтылып жүрген әдемі қалжыңдардың бірі.

Сонымен маусым айының мамыражай күндерінің бірінде жолға шықтық. Ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз:

 

Көріп жүрген далаңыз — Ақсуаттың даласы,

Көріп жүрген ауаңыз — Ақсуаттың ауасы.

Көріп жүрген таңыңыз — Ақсуаттың таңы да,

Көріп жүрген шаңыңыз — Ақсуаттың шаңы да,

 

–деп жыр арнаған Ақсуат. Неге екенін қайдам, жолға шыққаннан Қадыр ақынның осы өлеңі тіл ұшына оралып, іштей қайта-қайта қайталаумен болдым. Бәлкім елді, ауылды сағынғаннан да болар...

Ырғызбай атаның басына жеткенде жиналған халықтың көптігін аңғардық. Еліміздің түкпір –түкпірінен келгендер әулие басында құран оқытып болған соң, бабаға арналған асқа жайылған дастарқанға бет алды...

Оңтайландыру саясаты кезінде, яғни 1997 жылы Тарбағатай және Ақсуат аудандары біріктірілген аймағымыздағы осы ең ірі өңірлердің бірі Тарбағатай ауданына соңғы бес жылдан бері Ділдабек Тәжібайұлы Оразбаев басшылық жасайды. 2013 жылы басқарудың жаңа жүйесі «А» корпусының аламанынан кейін, тамыздың тамаша күндерінің бірінде Тарбағатай ауданына жаңадан тағайындалған әкім Ділдабек Тәжібайұлынан сұхбат алып, алдағы жұмыс жоспарларымен танысып қайтқанымыз да есімде.

Сол кезде Қазақстанның оңтүстүгінде туып-өскен азаматтың шығыстың шұрайлы өлкесі Тарбағатайға басшылыққа тағайындалуына байланысты ел арасында әр алуан жорамал айтқан сәуегейлер де көп болды. Жергілікті халық тарапынан жаңа әкімнің іскерлік қабілетіне сараптама жасаудан гөрі «шымкенттік» деген сөздің басымырақ екенін де байқағанбыз... Көңілде «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп, жерлесін  пір тұтатын ел адамдары өзге елдің азаматын өзекке теппес пе екен деген күдіктің де жылт еткенін жасырмаймын. Ақсуатқа барған сол сапарымыздан Ділдабек Тәжібайұлының жоспарлаған жұмыстары жүзеге асып, жергілікті халыққа өзін мойындатса екен деген тілекпен оралғанбыз.

Сонымен, жаздың ұзақ күні ұясына қонып, кеш қарая аудан орталығына кірдік.Түнгі Ақсуаттың шамдары самаладай жарқырап, жазғы кафелерден естіліп жатқан әсем әуендер, толассыз ағылған автокөлік даладан гөрі қаланы көбірек еске салғандай ...

Ділдабек Тәжібайұлы басшылыққа тағайындалғаннан бері Барқытбел баурайындағы осы өңірдің адам танымастай болып өзгергенін бірден байқадық. Ақсуаттың жөндеуден өткен  көшелерінің бойы қызылды жасыл гүлдермен көмкеріліп, ауылдың бүгінгі көркіне көрік қоса түскен екен. Жалпы, ауыл ажары жергілікті халықтың әл-ауқатын аңғартатыны белгілі. Ауданның бүгінгі орталығы Ақсуат пен Ақжарды алаламай, рухани іс-шараларда, жөндеу, көркейту жұмыстарында таразының екі басын тең ұстап отыруы да халықтың назарынан тыс қалмаған сияқты.

Аудан әкімінің ұйымдастыруымен Ақсуатта да, Ақжарда да ұлы Абайға ескерткіш қойылыпты. Біз бұл сапарымызда Ақсуатта Мұрын ана ескерткішінің, Ана мен бала саябағының ашылу салтанатында болдық. «Мәңгілік ел» саябағы мен еліміздің тәуелсіздігінің символы «Бәйтерек» монументі мен мұндаласа, әуенді субұрқақ Ақсуатта да, Ақжарда да қатар бой көтерген.

Тарихқа тағзым, даналарға құрмет Тарбағатай өңірінде ерекше жолға қойылған. Ақжарда Дәулетбай батырға, Мақта апа - Байжігіт бабаға, Қызылкесікте Би Боранбайға, Ойшілікте Тоғас батырға, Құмгөлде Сасан биге, Тана мырза ауылында Танаға ескерткіш қойылды.

Байқап отырған боларсыздар, Тарбағатай жері талай батыр мен дананы дүниеге әкелген киелі мекен. Ендеше, осы жерді мекендеп жатқан бүгінгі ұрпақтарын тектілердің тұяғы, асылдардың сынығы дейміз. Ділдабек Тәжібайұлы жайлы ауыл халқының аузынан естіген жағымды пікір өте көп болды. Жақсының қадірін білу де тектіліктің белгісі болса керек.

Ақсуатта пайдалануға берілген жаңа стадионға Ырғызбай Досқанаұлының есімі берілді. Бұл стадионның ашылғанына аз ғана уақыт өткенімен, республикалық және халықаралық деңгейдегі небір игілікті шаралардың орталығына айналып үлгерді. Жекеменшік және мемлекеттік әріптестік тәсілімен барлық елді мекендерге жол салынды, балабақшалар ашылды. Ауыл ішіндегі жолдар да ретімен жөнделуде.

Ділдабек Оразбаевтың ұтымды ұйымдастыра білуінің нәтижесінде алыс ауылдарға да мектептер мен балабақшалар, спорт залдарын ашу жұмыстары соңғы бес жылда белсенді жүргізілуде. Кітапханалар мен клубтар, медпункттер жөнделді. Халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасалды. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар халыққа үнемі түсіндіріліп отырады. Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Тарбағатай облыс аудандары арасында бірінші орынға шығып, даму деңгейі жоғары өңірлер қатарына қосылды. Аймағымыздағы ауыл шаруашылығы дамыған аудандардың бірі ғана емес, бірегейі де осы - Тарбағатай. Мал басы 2017 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда анағұрлым артқан. 

Ауданда асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың саны жыл өткен сайын арта түсуде. Жылқының да қарасы көбейіп келеді. Соңғы кездері қазақтың ұлттық кәсібі қой шаруашылығымен айналысушылар санының азайып кеткені көпшілікті алаңдатып жүрген мәселелердің бірі. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір» немесе «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деп ата-бабамыз ерекше құрметтеген Шопан ата тұқымын өсіру шаруашылықтар үшін пайдасы аз, шығыны шаш етектен деген пікір бар. Дегенмен ұлт қаймағының уызын бұзбай сақтаған тарбағатайлықтар ата кәсіптен қол үзбей келе жатқанымен де ерекшеленеді. Тарбағатай қой мен ешкі санының өсімімен де бүгінгі таңда облыста көш басында.

Айтпақшы, бұрын негізінен мал шаруа-шылығына басымдық беретін аудан соңғы жылдары жер өңдеуге де жете көңіл бөле бастады. Бұдан бөлек балық шаруашылығының да бабын тапқандар бар. Ауданда бес жүзден астам отбасы соңғы жылдары өз ауласындағы қораларында мал семірту кәсібін қолға алды. Өздерін жұмыспен қамтып отырған ауыл тұрғындарының жеке шаруашылықтарында 10 бастан бас- тап 200 басқа дейінгі ұсақ мал бордақылау алаңдары бар. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына берілетін субсидияның игілігін де тарбағатайлықтар бір кісідей көруде.

Аудан экономикасының артқаны халықтың тұрмысының түзелгені емес пе?! Әлеуметтік жағдай жақсарды, пайдалы жұмыспен шұғылданушылар саны артты, мәдени іс-шаралар  мен спортты дамытуға қолдау бар. Облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін халықтық спорт ойындарында қатарынан жеті жыл бойы Тарбағатай бірінші орын алып келеді.

Болашаққа қамқорлық балалар бақшаларын көбейтуден басталады десек, бұл аудан әкімінің басты назарында ұстап отырған мәселелердің бірі. Ауданда балабақшалар мен мектеп жанындағы шағын орталықтар саны да жыл өткен сайын толыға түсуде. Тарбағатай ауданы облыс бойынша балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтып отыр.

Білім сапасының жыл өткен сайын жақсара түскені байқалады. 2014 жылмен салыстырғанда 2017 жылы ҰБТ бойынша көрсеткіш 75,0 балдан 85,3-ке артты, «Алтын белгі» иегерлері 14-тен 57-ге жетті. Мемлекеттік грантқа оқуға түсушілер саны да арта түсуде.

- Тарбағатай облыс аудандарының ішінде даму қарқыны жақсы аудандар қатарына қосылды. Елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету қарқыны өсуде. Биыл 8 ауылда су құбырын ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта ең көп жобаны қаржыландырған Тарбағатай ауданы, - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Сұлутал, Қызылжұлдыз, Қожакелді, Тәуке, Қарой, Шорға, Шеңгелді сияқты ұзын саны 39 ауыл бүгінгі таңда таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл жұмыс әлі жалғаса түсуде. Тарбағатайдың халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуде аймақта ғана емес, республикада алдыңғы орында екен.

Ауданға қарасты 65 елді мекенде түгелдей дәрігерлік амбулаториялар бар. Өңірдегі ең үлкен ауылдар Ақсуат, Ақжар, Тұғылдағы ішкі жолдарға асфальт төсеу, жарықтандыру  жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауыл тазалығы аудан әкімінің қашан да назарында. Айтпақшы, тәуелсіздіктің елең-алаңында күн көрістің қамымен қалаға кетіп, базар жағалаған тарбағатайлықтардың өркендеген елін көріп, қайта көшіп келіп жатқандары да аз емес екен.

Тарбағатайға келіп, қол жеткен жетістіктерді, атқарылған істерді, ауыл ажарын көріп, тәжірибе алған көршілес аудандардың басшылары үйренетін көп істердің қатарында аудан әкімінің халыққа деген жанашырлық көзқарасын ерекше атап, айтуда.

- Былтыр ауданда жол жылы болса, биыл су жылы деп отырмыз. Дегенмен, екі сала да қатар дамып келеді, - дейді Ділдабек Тәжібайұлының өзі.

 

Алайда мен таң қалдым,

Ақсуатқа бардым да,

Не керемет!

Білмеймін, бір керемет бар мұнда

Жігітінің көңілі - мөлдіреген ақ суат,

Жырдың атын суардым

Сол суаттан жақсылап.

 

Тарбағатайдың жігіттері жайлы әңгімені аудан басшысынан бастаған жөн болар. Сөзіміздің басында айтып кеткендей, осы сапарымызда алғашқыда жергілікті халық «шымкенттік» деп қабылдаған, өзіміз «ауылдастың тайы озсын» дейтін қазақ жат жердің азаматы деп сыртқа теппес пе екен деген күдігіміздің ізі де қалмады. Ділдабек Тәжібайұлы нағыз тарбағатайлық азаматқа, осы елдің бел баласына айналып кетіпті.

Қарттарының құшағы — көктемдегі күншуақ,

Сол шуаққа қызынбай ақын қалай тыншымақ?!

- деп Қадыр ақынның жыр жолдарында айтылғандай, біз осы сапарда ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналардың Ділдекеңді әкім деп емес, «ұлым» деп бауырына басқан әдемі сәттерінің куәсі болдық.

Әулие баба құрметіне қазақша күрестен өткен жарыстың ұйымдастыру жұмыстарында Ақсуаттың тумасы, қаржы саласында республикалық деңгейде лауазымды қызмет атқарып жүрген Бәделхан Сабуров пен Ділдабек Тәжібайұлының араларындағы бала кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен ежелгі достардай сыйластықтарын көріп сүйсіндік. Алматыда тұратын кәсіпкер Дулат Тастекеев атты азаматпен Ділдабек Тәжібайұлының арасындағы әкелі-баладай қарым-қатынасты көріп жанымыз жадырады. Семейде тұратын Нәдірбек Әпсәләмов, Маймұрат Уәлиев, Дүйсенбай Қошқарбеков сияқты кезінде ел басқарған азаматтардың Ділдабек Тәжібайұлына деген   ерекше құрметтерін де аңғармау мүмкін емес еді. Ел құрметтеген азаматтың еңбегі мемлекет тарапынан да елеусіз емес. Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін омырауына тақты.

Таяуда ұйымдастырылған айтысқа Астанадан арнайы келген Нұрділда Ораз есімді азамат инстаграмм әлеуметтік желісінде: «Әлімжан Сабыржанұлы айтпақшы, «ұшақтан түсіп, құшаққа ендік». Жергілікті жұрт құшақтарының ыстықтығы соншалық, Өскеменмен арадағы төрт жүз шақырымдық жолдың нашарлығын мүлдем ұмыттырып жібереді екен. Ақсуаттық ағайынның қонақжайлығында шек жоқ. Бірге суретке түсіп, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Дастарқандағы дәм бөлек әңгіме. Табақтап тартылған етті санаймын деп көзім талып кетті. Жер–жерден құрметті қонақтар келген. Жүрсін Ерман ағамыз биыл жанына Алтынбек Қоразбаев пен Досxан Жолжақсыновтай тау тұлғаларды ертіп келіпті. Мәртебелі меймандарды теледидардан емес, тірідей көрген жұрт мәре – сәре боп жатты. Қой жайғап үлгермесе де, той-тойлауды жақсы көретін қайран қазағым! Аудан әкімі Ділдабек Оразбаев ағамызға ақсуаттықтар, тіптен, ода арнап отыр. Түркістан облысының азаматы екен. Ауданды «шағын қалаға» айналдырып жіберген. Көшесіне шам қойып, саябағынан су бұрқақ атқылап тұр. Қалай ғана айналмайсың?!», - деп жеткізіпті тебірене. 

 

Таусылмайды бұл жерде сый түні мен сый күні,

Ақсуаттың қонағы білмеу керек ұйқыны.

Ақсуаттың қонағы—баласы да, қарты да,

Аттанады амалсыз, қарай-қарай артына!

Сенбегендер сөзіме барып көрсін, байқасын!

 

Тумасаң да бұл жерде.

Перзенті боп қайтасың.

Менің жұртым осындай деп мақтанып айтасың,

Өз еліңе он есе жақын болып қайтасың.

Тарбағатай тауының еске сақтап әр тасын,

Түк алмай-ақ туысқа қарыздар боп қайтасың!

- деп ақын жырға қосқан, талайды таңқалдырған, тамсандырған Ақсуат туралы бір мақалада түгел айтып жеткізу мүмкін емес. Біз көрген Тарбағатай осындай! Біз білетін аудан әкімі Ділдабек Тәжібайұлы осындай жан!

Риза МОЛДАШЕВА.

БАБАЛАР ЕСІМІ МӘРМӘР ТАСҚА ЖАЗЫЛДЫ

Өткен аптаның бейсенбісінде, яғни 2 тамыз күні, Ақжар ауылында танымдық - тәрбиелік мәні зор үлкен бір мәдени шара ұйымдастырылды. Айтулы шара осы өңірде өмір сүріп, артына өшпейтін із қалдырған, кіндігінен мыңдаған ұрпақ тараған Қараша бабаны еске алуға арналды. Ақжардың Толағай мөлтек ауданында «Ұлы дала ұрпақтары» деп аталған мемориалдық кешен ашылып, «Қараша ұрпақтары» тарихи-танымдық шежіре кітабының тұсауы кесілді.

Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатында Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы мақсатты істермен сабақтас бұл шараның бабалар тарихын танып-білу, аға ұрпақтың ерлік, еңбек дәстүрін кейінгіге үлгі ету, тарихи құндылықтарды, салт-дәстүрді қастерлеп, заман талабына сай дамытудағы маңыздылығын атап көрсетті.

Соңғы жылдары Тарбағатай ауданында тарихта орны бар тұлғаларға арналып сегіз ескерткіш ашылып, олардың төңірегі саябаққа айналғанын, Ақжардың өзінде төрт саябақ орнағанын, соның бірі осы «Ұлы дала ұрпақтары» деп аталған мемориалдық кешен екенін айтты. Мұның өзі ауылды көркейтіп, көгалдандыру, демалыс орындарын көбейту бағытында жасалып жатқан істердің жемісі екенін, биылғы жазда Ақжардың өзінде ғана жүз мың түп гүл егілгенін мысалға келтірді.

Аудан әкімі өздері тұратын ауылды гүлдендіруді мықтап қолға алған мәдениетті елдің еңбекке деген ынтасы да артқанын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жағынан Тарбағатай облыста алдыңғы қатарға шыққанын айта келе, шаруашылықтарды қаржыландыру, кәсіпорын ашып, еңбек етем деген адамға несие алып беру мәселесіне де баса көңіл бөлінгенін жеткізді. Сол несие алу бойынша облысқа межеленген қаражаттың тең жарымына жуығын (1 млрд. 800 млн. теңге) Тарбағатай ауданы игеріп отырғанын тілге тиек етті.

Салтанатты шарада сөз сөйлеп, пікір білдіргендердің бәрі де егемендік алуымыздың арқасында, «Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды» дегендей, бабалар тарихын тану арқылы жақсы дәстүрдің, ұрпақтар сабақтастығының жаңғыра түскенін мақтаныш сезіммен жеткізді. Әрі әнші, әрі сазгер Даму Омарғазы қолына домбыра ұстап ортаға шығып, Алмас Ахметбектің сөзіне жазылған «Айтайын арғы атамыз Қарашаны» деген әнін өзі орындап берді. Ақындар мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған Бақытбек Мұқатай «Қара айғыр мінген Қараша» деген өлеңін топ алдына шығып оқыды.

Қабанбай батыр атындағы саябақта болған ақындар айтысына Оңғар Қабден, Мейірбек Сұлтанхан, Ринат Зайытов, Гүлнар Зұлхаршын, Нұржан Қайратұлы, Манарбек Сатыбалды, Гүлжан Ықыласқызы, Жасұлан Мақаев және Фархат Маратұлы сынды жыр жүйріктері қатысып, сауыққұмар көпшіліктің көңілінен шықты.

Осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, аудандық мәслихаттың хатшысы Сәумен Жақаев ел болып бірігіп алға қойған мақсаттардың абыроймен орындалғанын атап көрсетті.

– Баба аруағына арнап ас беру, мерекелік шаралар ұйымдастыру, мемориалдық кешен ашып, Тоқтарқожа мен Мақта анадан тараған Байжігіт баба ұрпақтарының есімін мәрмәр тасқа жазып, бес Байжігіт екенімізді бірінші рет білдіріп, мәңгі есте қалдыру үшін шежіре кітап шығару, аламан бәйге, көкпар, аударыспақ, ақындар айтысын, жыр мүшәйрасын, волейболдан облыстық турнир өткізу, қошқар көтеретін шымыр білекті азаматтарды топ алдына шығару сияқты шаралардың бәрі рет-ретімен, жоғары дәрежеде өтті,- деді Сәумен Әшіржанұлы.

Бабалар құрметіне арналған шараны тамашалауға келген қонақтарға кең дастарқан жайылды. Ташкент қаласының төрінен келген арнайы аспаздар мың адамға өзбек палауынан табақ тартты. Ұлттық спорт ойындарынан жеті түрлі жарысты тамашалап, айтыс ақындарының сөз жарыстыруын естіп, өнер шеберлерінің гала-концертінен әсер алып рухтанған көпшілік түнгі отшашуды көріп, көңілді тарасты.

Хамза СӘТИЕВ

САУАТТЫ БАСТАМАДАН САУАПТЫ ІС ТУЫНДАЙДЫ

Семейде бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған мешіт құрылысының қайта жандануы семейліктер үшін қуанышты жаңалық болды. Тарбағатай ауданының тумалары әкелі-балалы Дулат пен Тұрсын Тастекеевтер қолға алған осы игілікті бастамаға қолдау білдіру үшін аталмыш аудан әкімі Ділдабек Оразбаевтың  бастамасымен өткен жұма күні құрылыс басында құрбандық шалынды. Сауабы мол іске қазір Семейде тұратын тарбағатайлық аға буын жиналды.

«Көп – тілегі көл» демекші, аспалы көпірдің жанындағы айналмалы жолдың қақ ортасынан орын алған имандылық ордасының бүгінгі құрылыс жұмыстары қарқынды.

- Дулат және Тұрсын Тастекеев сынды атымтай жомарт азаматтардың сауапты ісіне дем беру үшін Тарбағатай ауданы әкімі Ділдабек Тәжібайұлының тапсырмасымен құрбандық шалу рәсімін өткізіп жатырмыз. Аудан әкімі осы арқылы кәсіпкерлерге рухани қолдау көрсетуде. Алдағы уақытта бұл игі шара өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Құрбандыққа шалынған ірі қара мен қойды құрылысшылар мен мұқтаж жандарға таратып бермек ойымыз бар. Тарбағатай ауданының ақсақалдары да батасын беріп, қолдауын көрсетіп жатыр,- дейді Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерсін Ескендіров.

«Ұлтарақтай болса да, ата қоныс жер артық. Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел артық» дейтін қазақтың бүгінгі батыр ұлдарына ақсақалдар да дән риза.

- Мешіттің құрылысы басталарда, яғни осыдан бір ай бұрын жиналып, батамызды берген едік. Аға буын атынан Тастекеевтер әулетіне үлкен алғысымызды білдіреміз. Қазір, міне, мешіттің іргесі көтеріліп, сұлбасы айқындалып қалды. Халық жақсы қолдау көрсетуде. Құрбандық шалып жатқан Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Тәжібайұлына ризамыз. Тәңірі елімізді осы береке-бірлігінен, халықты иманнан айырмасын. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Елді біріктіретін, ынтымаққа шақыратын осындай игілікті істер ғой,- дейді Нәсен Сембаев ақсақал.

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ

ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК

3 шілде күні Абай атындағы әмбебап кітапханада теміржолшылардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Салтанатты жиынға қала басшылығы, «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалының өкілдері, темір жол саласының қызметкерлері мен құрметті ардагерлері қатысты.  

Мерекелік шара шымылдығы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жеткен жетістіктері баяндалған бейнероликпен ашылды.

Сахна төріне көтерілген қала әкімі Ермак Сәлімов пен «Қазақстан темір жолы - Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының жүк тасымалы Семей бөлімшесі филиалының директоры Марлен Көкірекбаев теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

- Құрметті теміржолшылар! Бейнеролик арқылы сіздердің компанияларыңыздың бағындырған белестерін байқап, игі істеріңізге қанық болдық. Мұның барлығы Қазақстан темір жолының сан қатпарлы тарихының, кемел келешегінің, бүгінгі болмысының бейнесі. Шойын жол саласының дамуына атсалысып, қажырлы еңбек етіп жатқан сіздердің жұмыстарыңызға табыс, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!- деген Ермак Бидахметұлы ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек еткен темір жол саласының ардагерлеріне де алғыс білдіріп, Семей темір жолының қала халқы үшін үлкен маңызға ие екенін тілге тиек етті.

- Жалпы, компанияны жетістікке жетелеу барысында Семей бөлімшесі де қалыс қалып отырған жоқ. Алғашқы жарты жылдықтың нәтижесіне тоқталсақ, жүк тиеу өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда артығымен - 123 пайызға орындалды. Яғни, алғашқы жарты жылдыққа арналған жоспарымыз 100 пайызға орындалды. Келесі жарты жылдықта 10 миллион тоннадан артық жүк тасымалдау жоспарда бар. Оның 8 миллионы көмір, өткен жылмен салыстырғанда биылғы көмір тасымалының жоспары 1 миллион тоннаға артық екенін айта кету керек. Сонымен бірге құрылыс материалдары және басқа жүк тасымалданады. Семей - Жаңасемей станциялары арқылы өтетін тасымалдың қозғалыс кестесі электронды түрде жүргізілуде. Мұның барлығы біздің жетістігіміз,- деп жұмыс нәтижесімен бөліскен Марлен Көкірекбаев әріптестеріне жылы лебізін білдірді.- Құрметті әріптесер! Аталған жұмыстардың барлығы да өздеріңіздің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жүзеге асты. Әлде де біздің алдымызда ауқымды жоспарлар бар. Оны бірлесе атқаратынымызға сенемін. Әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға береке - бірлік, ынтымақ тілеймін!

Марлен Көкірекбаев темір жол компаниясы да әлеуметті қолдаудан тыс қалмайтынын тілге тиек етті. Мәселен, балаларға Астана қаласындағы, Зырян ауданындағы санаторийлік орталықтар мен курорттық аймақтарға, лагерьлерге жолдама берілсе, кәсіби мерекеге орай, темір жол саласының 2 мыңнан астам ардагеріне 2 АЕК, жалпы, 7 мыңнан астам темір жол саласының қызметкеріне бір айлық жалақы мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Құттықтаулардан кейін еселі еңбек еткен жандарға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің, Семей қаласы әкімі Ермак Сәлімовтің алғыс хаттары табыс етілді. Қала басшысы бірнеше теміржолшыға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін табыстады.

Келесі ретте сөз алған «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова:

- Құрметті теміржолшылар, еңбектеріңіз жемісті болғай! Әрдайым денсаулықтарыңыздың мықты, шаңырақтарыңыздың шаттыққа толы болуын тілеймін,- деп, кәсіби мереке иелеріне қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57