БҰЛ КЕШ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕШЕ

Бүгінгі күнге дейін 40 мыңға жуық түлектің алтын ұясына айналып, қанат қақтырған Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің құрылғанына 20 жыл толды. Осыған орай жоспарланған бірқатар ауқымды іс-шаралар шеңберінде 21 мамыр күні 706 бітіруші түлекке диплом табыстау кеші өзгеше сипатта Семейдің Орталық алаңында өтті. «КазГЮИУ mega party» мерейтойлық концерті ұйымдастырылып, Қазақстан эстрадасының бір топ әншілері өнер көрсетті. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов пен университет ректоры Шырын Құрманбаева үздік бітірген түлектерге дипломдар табыс етті.

ҚазИГЗУ-дің тарихы 1998 жылдан, Қазақ мемлекеттік заң академиясының филиалынан бастау алады. Жоғары оқу орындарын оңтайландыру және нығайту үрдісіне байланысты Семей қаласының заң институты мен Мұхтар Әуезов атындағы университеттің бірігуі нәтижесінде Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті болып қайта құрылды. Қазіргі таңда университетте 5 мыңнан астам студент 28 бакалавриат, 9 магистратура және 6 PhD докторы мамандықтары бойынша білім алуда. Оқу ордасында заң, гуманитарлық, ақпараттық технология және экономика сынды үш факультет бар, 12 кафедра жұмыс істейді. 

«Елу жылда ел жаңа» дейді дана халқымыз. Біз сөз етіп отырған білім ордасы 20 жылдың ішінде талай білімді шәкіртті түлетіп ұшырды. Бүгінде олардың барлығы дерлік республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етуде.
- Құрылғанына көп уақыт болмаса да, университет білім беру жүйесінде ойып тұрып орын алды. Жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрам, заман талабына сай оқыту жүйесі – бұл ҚазИГЗУ-дің жетістігі. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Жастардың болашағына жолдама беру – абыройлы іс. Осы орайда жастардың рухани жаңғырып, білім алуына зор үлес қосып жатқан ордалы оқу орнының ұжымына зор алғыс айтқым келеді. Елорданың 20 жылдығымен қатар келген мерейтойларыңыз құтты болсын! Білімді болуға ұмтылу – қанымызда бар қасиет. Бәсекеге қабілетті маман болудың басты факторы – білім. Білім мен ғылым қуған жастарға Семейдің есігі қашанда ашық. Білім алып, топтан озып, табысты болыңдар! Ел аман, жұрт тыныш, болашақ жарқын болсын! - деді өзінің құттықтау сөзінде шаһар басшысы Ермак Сәлімов.
Әкімнің құттықтау тілегінен кейін сөз алған университет ректоры, саяси ғылымдар докторы Шырын Құрманбаева биылғы жылдың 21-ші мамыры тарихи айтулы күн екенін, жиырма жылда тындырылған ілкімді істердің көп екенін айтып, бітіруші түлектерге ақ жол, сәт сапар тіледі.
Оқуда озат болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан бітірушілерге қала әкімі мен университет ректоры қызыл дипломдарды тапсырды. Кеш қонақтары ретінде шақырылған «Семей таңы - Вести Семей газеттері» ЖШС директоры Риза Молдашева, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ержан Жұмабек сынды танымал азаматтар түлектерге диплом тапсыру құрметіне ие болды.
Думан Кенжеғазин - қолына диплом алып, үлкен өмірге қадам басқан түлектердің бірі. Ақпараттық технологиялар және экономика факультетін үздік тамамдаған ол төрт жыл бойы, оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да атсалысты. Қазір «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Семей қалалық бөлімшесінің қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүр. Келешегінен зор үміт күттіретін Думан өз университеті жайында мақтанышпен айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
- ҚазИГЗУ маған сапалы білім берді. Қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігімнің арқасында жан-жақты тәжірибе жинақтадым. Университет басшылығы үнемі қолдау білдірді. Ұстаздарым ақыл-кеңесін аямады. Соның нәтижесінде көкейіме біраз дүниелерді түйдім. Осы орайда оқытушыларыма алғыс білдіргім келеді. Алда жоспарлар көп. Ел дамуының даңғыл жолында өз үлесімді қоса бермекпін,- дейді жас маман Думан Кенжеғазин.
Белгілі тележурналист Нұрсұлтан Құрманның тізгіндеуімен өткен кеш соңы Айбек Бекбосынов, Маржан Арапбаева, Ерболат Құдайберген, Әли Оқапов сияқты өнер жұлдыздарының орындауындағы ән мен күйге ұласты.

Жібек СЕРҒАЗЫ

 

ШАҒЫН ҚАЛАЛАР БИЗНЕСІНЕ ҚОЛДАУ

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов әкімдік отырысында мемлекеттік гранттарды бірінші кезекте 5 шағын қалаға беруді тапсырды. Айта кету керек, өңірге бизнес бастамаларды жүзеге асыруға 64,5 миллион теңге қарастырылған. Жалпы, облыс бойынша ауылдар мен кіші қалалардағы 1078 адамды шағын несиемен қамту жоспарланып отыр.

2018 жылы 2,1 миллиард теңгеге шағын несие алуға 611 өтініш келіп түскен. Жалпы қаражаттың бұл санатын игеруде Тарбағатай ауданы 705 миллион теңгемен көш бастап отыр. Алайда жоғары көрсеткіш Өскемен, Семей қалалары мен бірнеше аудан еншісінде жоқ.
– Шағын несие алуға 2,1 миллиард теңгеге өтініш түсті. Бұл ретте жоғары көрсеткіш Тарбағатай ауданында. 705 миллион теңге игерілген. Алайда Өскемен мен Семей қалалары, сондай-ақ Шемонайха, Күршім және Жарма аудандары соңғы орында қалды. Әкімдер неге қол қусырып отыр? Арнайы комиссия құрып, бұл мәселенің мән-жайын анықтауды және нақты кешенді жұмыс жүргізуді тапсырамын,- деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы мемлекеттік гранттарды бизнес бастамаларды жүзеге асыратын Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушыларға беруді тапсырды. Ал бөлінер қаражат көлемі 100 АЕК-ке дейін болмақ. Олар қажетті құрал-саймандар, технологиялық жабдықтар алуға жұмсалуы тиіс.
- Мемлекеттік гранттарды беру туралы арнайы жоспар құрып, нақты жүзеге асу барысын жазу қажет. Бұл ретте басты назарды ШҚО-ның бес шағын қаласына, атап айтқанда Аягөз, Риддер, Зырян, Курчатов және Серебрянскіге басымдық беру керектігін атап өтемін,- деді облыс әкімі. 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі.

 

№2 СОТҚА ЖАҢА ТӨРАҒА КЕЛДІ

Жанат Әбенова Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 сотының төрағасы болып тағайындалды. 18 мамыр күні қалалық әкімдікте Семей қаласы әкімі аппаратының басшысы Сержан Азбергеновтің жетекшілігімен, ШҚО бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Ерғали Айтпайдың қатысуымен өткен жиында Жанат Әбенова жергілікті билік органдары мен құқық қорғау органдарының басшыларына, судьялар корпусына таныстырылды.

Әбенова Жанат Тілеубайқызы 1972 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген ол 1994 - 1995 жылдар аралығында Семей нотариалдық конторасының нотариусы, 1996 -1997 жылдары Алматы темір жол бөлімінің операторы қызметінде болып, 1997 - 2007 жылдары ішкі істер органында еңбек етті. 2005 - 2018 жылдары ШҚО Семей қаласының №2 сотының судьясы қызметін атқарды. 

- Бір жылға жуық Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 соты төрағасының міндетін атқардым. Бұл салада 14-ші жыл жұмыс істеп келемін. Сондықтан ұжыммен етене таныспын. Енді алдағы уақытта сот төрағасы ретінде жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға күш саламын,- деді Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 сот төрайымы Жанат Әбенова.
Сот жүйесіне енгізіліп жатқан жаңашылдықтар, сот ісінің ашықтығы, жариялылығына байланысты Елбасының тапсырмаларының орындалуы, цифрландыру жұмыстары туралы тілге тиек еткен аймақтық соттар әкімшісінің басшысы Ерғали Айтпай жаңадан сайланған төрағаның бес жылға дейін өкілеттілігі бар екенін айтып, қызметіне табыстар тіледі.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ТҰРЛЫХАНОВ ТУРНИРІ жас жеткіншектерге жігер берді

Өткен аптада қарт Қалбада ел намысын абыроймен арқалап келе жатқан біртуар ұлдары, Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері, Әлем чемпионы, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың құрметіне жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ашық облыстық турнир өтіп, даңқты жаттықтырушы Болат Тұрлыхановтың ескерткіші ашылды. 

Боз кілемде атой салып, қазақтың намысын жыртқан Дәулет Тұрлыхановты жерлестері ерекше ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетті. Ақ жаулықты аналарымыз қазақы салтпен шашу шашып, арнаумен ықыластарын білдірді. 

2014 жылы даңқты палуан жерлесіміздің қолдауымен бой көтерген Болат Тұрлыханов атындағы заманауи спорт кешеніне жиылған қауымда сан жоқ. Мұнда Болат Тұрлыханұлының көзін көрген аға буын өкілдері мен тәлімін алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп жиылды. Болат Тұрлыхановтың үзеңгілес достары КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ром Ильматов пен ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Мелентьев салтанатты түрде ескеркішті ашты. Ескерткіш жас мүсінші Нұрбол Қалиевтың ұшқыр ойынан шыққан.
Ізгілі мен игілігі мол шарадан кейін Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін Астана қаласының 20 жылдығына және Жарма ауданының 90 жылдығына арналған грек-рим күресінен 2006-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы ашық облыстық турнир басталды.
- Биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған ауданымыздың тарихында спорт саласында қалыптасқан тамаша дәстүрлер бар. Бұл орайда Тұрлыхановтар әулетінің Жарма спортындағы орны айрықша. Спорттағы жетістіктер бастауында Болат Тұрлыхановтай өмірін спортқа арнаған қажырлы азаматтар жүрді. Сондықтан жерлестері әйгілі спорт бапкерінің есімін әрдайым құрмет тұтады. Осындай парасатты тұлғаның ізін жалғаған, арманын іске асырған Дәулет Болатұлы грек-рим күресі тарихында ерекше жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда ол өзінің спорттағы қадамын тәлімгерлікпен жалғастырып, Азия Күрес кеңесінің президенті ретінде күрес өнерінің дамуына зор үлес қосып келеді. Елдің даңқын шығаратын басты бір көрсеткіш спорт болса, бұл ретте Дәулет Болатұлының тәуелсіз еліміздің спортын алға сүйреп келе жатқан қайраткерлік еңбегі ерекше,- деді игілікті шараның бастамашысы аудан әкімі Нұрлан Сыдықов.
Жарма жерінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған Дәулет Тұрлыханов сынды төл перзентіне жармалықтар «Жарма ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Туған өлке мен ұрпақтар арасындағы байланыстың жалғасуына дәнекер болып, аналық пейілмен жанашырлық танытып келе жатқан ұлағатты ұстаз, үлкен жүректі ел анасына айналған Мәрзия Айтбайқызын аудан басшысы Жарма ауданының «Асыл ана» төсбелгісімен марапаттады. Киелі өлкенің мәртебелі атағын абзал анаға жеткізу Дәулет Болатұлына аманат етілді.
Ұлдарын ұлықтап жатқан жерлестеріне риясыз алғысын білдірген Дәулет Тұрлыханов:
- Құрметті жерлестерім, жарысқа жиылған барша қауым! Сіздерді бүгінгі бірінші облыстық жарыстың ашылуымен құттықтаймын! Бұл шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Мен осы өңірдің тумасы екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Туған өлкемнің шын патриотымын. Ал бүгінгі жарысқа келген жас спортшыларға жеңіс тілеймін. Тек осы кілемде ғана емес, өмірде де жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспін. Бізден де танымал әрі мықты азаматтар шыға берсін,- деген ақжарма тілегін жеткізді.
Турнирдің алғаш рет өтіп отырғанына қарамастан, Алматы қаласы мен Алматы облысының, Павлодар, Шымкент, Өскемен, Семей қалаларының және Аягөз, Үржар, Жарма аудандарының командалары қатысып, 10 салмақ дәрежесі бойынша 200-дей жас палуан өзара мықтыларды анықтады.

Мейірхан ОСПАНБАЕВ

«БІРГЕ ЖАРҚЫРАЙМЫЗ!» Семейде экологиялық фестиваль өтті

Астана қаласының 20 жылдығына орай, Семей қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектепте халықаралық «Бірге жарқыраймыз!», «Менің жасыл қалам Семей» экологиялық фестивалі өтті. Фестивальға қала әкімі Ермак Сәлімов, «Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту» қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан, білім саласының мамандары, ұстаздар мен ата-аналар,  жастар қатысты. Айта кетейік, фестивальдың ұйымдастырушысы – «Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту» қоры және БҰҰ «Даму» бағдарламасы. 

Фестивальдың басты идеясы – ақылды технологияларды қалаларда тұрақты түрде дамыту, суды үнемді пайдалану, энерготиімділікті арттыру, тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау, балаларға төтенше жағдай кезінде жасалатын іс-қимылдарды үйрету.

- Астана қаласынан бастау алған фестиваль Семей шаһарында жалғасуда. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің де мақсаты экологиялық мәселелердің алдын алып, «жасыл» экономиканы дамыту болатын. Бұл – қоғамда «жасыл» экономиканы дамытып, экологиялық мәселелердің алдын алуға ықпал етері сөзсіз. Қоршаған ортаны қорғай отырып, біз болашағымыздың жарқын болуын қамтамасыз етеміз,- деп атап өтті Ермак Бидахметұлы.
- Астана, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Сәтбаев қалаларынан кейін алтыншы сіздердің шаһарларыңызға келіп отырмыз. Ары қарай еліміздің әр аймағында экологиялық фестиваль ретінде жалғастырмақпыз. Басты мақсат – оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар арасында экологиялық мәселені көтеру, экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру. Фестиваль өткен қалаларда 2-3 мыңнан астам адам атсалысты. Семей қаласының жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қоса, кәсіпкерлері де идеямызға қолдау танытып жатыр. Бұл тамаша,- деп атап өтті «Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау» қоры фандрайзинг департаментінің директоры Ермек Мажитов.
№3 орта мектептің оқушысы Ақнұр Серікқалиеваның айтуынша, ұлт саулығы жолында халықаралық шараның маңызы зор. «Қоршаған ортаның тазалығы мен таза ауасы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қолдау тапты. Елді, жерді көркейту, көгалдандыру халық денсаулығы үшін маңызды. Бұл - жай ғана экологиялық шара емес, өмірлік маңызы бар дүние. Жас ұрпақтың өнегелі бастамасы өміршең болсын,- деп атап өтті.
Бұл күні шеберлік сыныптары, шығармашылық зертханалар, қалдықтарды жинаудың және сұрыптаудың тиімді әдістері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Белсенділер Түйемойнақ аралынан бастап Ертіс өзенінің жағалауында сенбілік өткізіп, 500-ге жуық тал отырғызды.
Шара аясында мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері де ескерілді. Қоршаған орта проблемасын экология пәні шеңберінде ғана емес, басқа пәндердің аясында оқытуды кіріктіру мәселесі қарастырылып жатқаны да айтылды.
Қорытындысында фестивальдың үздік қатысушылары «Бірге жарқыраймыз!» атты шараны ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, еліміздің 16 қаласын қамтыған соң, фестиваль Армения елінде жалғаспақ.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57