ЕҢБЕКПЕН ТАПҚАН НАН ТӘТТІ

Өткен аптада Семейдегі Бизнес және сервис колледжінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, «Жастар және балалар ұйымдарының Шығыс Қазақстан облыстық ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Семей қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болып өтті. Оған «Силикат» ЖШС, «Семей кеме жөндеу зауыты» ЖШС сияқты іргелі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысып, жұмыс іздеген жастарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі арнайы білімі жоқ және өз ісін ашамын деген жастарға шаштараз, аспаз, массаж жасаушы сынды кәсіптерді оқып үйренуге шақырды.

Осы орайда «Жастар және балалар ұйымдарының Шығыс Қазақстан облыстық ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Семей қалалық филиалының директоры Эльзира Жүнісованы сөзге тартқан едік. 

- Біз қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырмасымен биылғы бітірушілер мен бұрынғы бітіріп кеткен түлектерді жұмыспен қамтуға ықпал етпекпіз. Мақсат - жұмыс іздеп жүрген қала тұрғындарына, олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ауылдан қалаға келген жастарға кәсіпорындар мен мекемелердегі бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыздарға бағыт көрсету, өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Жастар қол қусырып қарап отырмай, өздері де жұмысқа орналасуға ниет білдіруі керек,- дейді Э.Жүнісова.
Эльзира Жүнісованың айтуынша, қазір жұмысшы мамандығына еңбек нарығында сұраныс көп болғанымен, жастар осы мамандықтар бойынша жұмыс істеуге құлықсыздық танытып отыр.
- Жасыратыны жоқ, жасырын жұмыссыздық та орын алып отыр. Осының бәріне қоғам мүшесі ретінде бейжай қарауға болмайды. Қолдан келгенше жастардың белгілі бір кәсіптің құлағын ұстауға қол ұшын созуымыз керек. Бұл мәселе қала бойынша әлі толық зерделеніп болған жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желілерді пайдаланып, жастарды жұмыс орындары туралы құлағдар етіп отырамыз. Ал оқу орындарына беретін мамандықтары бойынша қандай бос жұмыс орындары бар екенін электронды пошталарына жібереміз,- дейді Э.Жүнісова.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келгендер қатарында Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінің биылғы бітіруші түлегі Мадина Сәрсенбаева да бар. Қаржыгер-экономист мамандығы бойынша білім алған ол осы жылы бірден жұмысқа орналасып кетуді мақсат етіп отыр. Оның сөзіне қарағанда, әзірге жұмыс орнының еңбекақысы емес, тәжірибе жинақтап, білікті маман атану маңызды.
Жалпы, осы жолғы жәрмеңкеде қаламызда жастарға лайықты жұмыс орындары ұсынылды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатысуға ниет білдірген азаматтардың да құжаттары тиісті орындарда қабылданатын болады.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

ӘДІЛ ЗАҢ – ҚОРҒАНЫҢ

Жұма, 25 мамыр күні Семей қалалық әділет басқармасының ұйымдастыруымен Халыққа қызмет көрсету орталығында Ашық есік күні өтіп, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелер бойынша заңдық кеңестер алды. Шараға Әділет басқармасының мамандары, нотариустер, адвокаттар, аумақтық сот орындаушылары қатысты.

Тоқсан сайын өтетін Ашық есік күнінің мақсаты – халықтың заңдық сауаттылығын арттыру. Осы орайда Семей қалалық әділет басқармасының жетекші маманы Аслан Мұратбеков: 

- Біз осы акцияны дәстүрлі түрде тоқсан сайын өткіземіз. Шараның негізгі мақсаты – қала тұрғындарына тегін заңдық кеңес беру. Негізінен, тұрғындар сауалының басым көпшілігі құқық қорғаушыларға арналады. Бұдан өзге мүлікке құқықтарды тіркеуге, кондоминиумді және заңды тұлғаларды тіркеуге қажетті құжаттар тізімі көп сұралады. Барша қызметтер Әділет басқармасы жүзеге асыратын қызметтер негізінде орындалады,- дейді Аслан Мұратбеков. - Біз сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалымен бірлесіп көшпелі кеңес беруге тұрақты шығып отырамыз. Семей өңіріне қарайтын ауыл мен кент тұрғындарына тегін заңгерлік кеңестер беріледі. Сонымен қатар ақпараттық-насихаттық топ халық арасына тоқсанына екі рет шығып тұрады. Оның құрамына ШҚО наториаттық палатасының өкілдері, адвокаттар, аумақтық сот орындаушылары, біздің Әділет басқармасының заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің, жылжымайтын мүліктерді тіркеу бөлімінің мамандары және АХАТ мұрағатының жетекші мамандары кіреді.
Ашық есік күнінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға заңға сәйкес нақты жауаптар берілді. Сұрақтардың негізгі бөлігі жылжымайтын мүлікті тіркеу және оны жекешелендіру, кәсіпкерлерді тіркеудегі өзгерістер, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің әр түрлі бағыттарына қатысты болды.
2011 жылы қайтыс болған әжесі Екатерина Дайнек мұрагерлік туралы өсиет қалдырмағандықтан, жапсарлас салынған үйді заңдастырып, тіркей алмай жүрген қала тұрғыны Виктор Белазин өзінің мұрагерлік құқығы туралы кеңес алуға заңгерлерге жүгінді. Мамандар мүлікті тіркеудің жолын түсіндіріп берген соң, бәрі айқын болды.
- Талай жылдан бері шеше алмай жүрген мәселем бес-он минуттың ішінде шешілді. Заңнан хабары жоқ жандарға осындай акциялар міндетті түрде керек,- дейді Виктор Белазин.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

АУЫЛДАРДЫҢ БЮДЖЕТІ ҚАРАЛДЫ

24 мамыр күні Семей қалалық мәслихатының кезектен тыс, жиырма алтыншы сессиясы өтіп, онда ауылдық округтердің алдағы екі жылға арналған бюджеті қаралды.

Сессияны ашқан депутат Сергей Покатилов әуелі әкімдіктің салалық бөлімдеріне тағайындалған басшыларды таныстырып өтті. Белгілі болғандай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметіне Амантай Өтелбаев тағайындалса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне Диляра Шайжүнісова жетекшілік етеді. 

Одан әрі сессия төрағасы күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті. Ауылдық округтердің бюджеті жөнінде Семей қаласы экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлжан Алтынбекова баяндама жасады. Семей өңіріне қарасты 14 ауылдық округ мен кенттер бар. Ауылдар мен шағын кенттердің шығыстары 416 млн. 29,5 мың теңгенің көлемінде. Приречный, Знаменка, Новобаженово, Озерки, Ертіс ауылдық округтері мен Шүлбі кенті бойынша 2018 жылға бекітілген бюджет 158 млн. 723 мың теңгені құрайды.
- Биылғы жылы Шүлбі кенті бойынша бюджет көлемін 17 млн. 92,5 мың теңгеге ұлғайту көзделіп отыр. Оның ішінде «Кент, ауылдық округтер әкімдерінің қызметін қамтамасыз ету қызметтері» бағдарламасы бойынша аппаратты ұстауға, «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы бойынша саябақты көріктендіруге, «Жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмысын қолдау» бағдарламасы бойынша Шүлбі кентінің клубын ұстау қызметтеріне шығындар арта түспек,- дейді Гүлжан Қайырханқызы.
Ал Приречный ауылының қазынасын 13 млн.722,4 мың теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер, мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік, көлік және коммуникация функционалдық топтары бойынша, сондай-ақ Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде елді мекендерді жайластыру шараларын жүзеге асыруға шығыстар ұлғайтылмақ. Сонымен бірге Знаменка ауылдық округі бойынша 2018 жылы бюджет көлемі 4 млн.705,8 мың теңгеге артады. Аталмыш ауылдың жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтері, мемлекеттік органның күрделі шығыстары функционалдық топтары бойынша шығыстар ұлғайтылса, сумен жабдықтауды ұйымдастыруда шығыстар біршама азайтылады деп күтілуде.
Бес ауылдық округ пен бір кенттің 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне қатысты деректер тыңдалғаннан кейін, күн тәртібіндегі мәселені шешуге 19 депутат бір ауыздан қолдау білдірді.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ПАРАДАН АЛҒАН ТҮЙЕДЕН АДАЛДАН ЖИҒАН ЕШКІ АРТЫҚ...

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мен бағалауды іске асыру жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелері апта басында Шығыс Қазақстан облысында болды. Олар Семей қаласы, Бесқарағай, Абай аудандарында әртүрлі мемлекеттік мекемелердің жұмысымен танысып, кездесулер өткізді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторингтік тобының басшысы, ҚР Парламент Мәжілісінің 4-ші және 5-ші шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің бас консультанты Мейрам Губадуллаев, «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахим Ошақбаев, Павлодар облысынан Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Қобланбек Кожин, ШҚО–дан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы, этика бойынша кеңес төрағасы Жанна Қабдолдақызы және облыстық мәслихат депутаты, «Гражданский Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Олег Чернышовтан құралған республикалық мониторингтік топ екі күн бойы кездесулер өткізді. 

Екі күн ішінде жұмыс тобы бірқатар мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің жұмысымен танысып, мемлекеттік қызметшілермен, ондағы әлеуметтік көмек алып жатқан азаматтармен кездесті.
Алдымен, 21 мамыр күні, жұмыс тобы Семей қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасында болып, ақ халатты абзал жандардың ұлт денсаулығы жолындағы жұмыстарымен танысты. Топ мүшелерін бірінші кезекте мекеме директоры Ерлан Бүркітов техникалық жарақтану, жұмыс жағдайы мен көрсетілетін қызмет сапасымен жан-жақты таныстырды.
2011 - 2013 жылдардағы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған аурухана кешені 325 төсектік 9 корпустан тұрады. Аурухана құрамында жұмыс істеп жатқан 10 клиника бөлімі, 8 көмекші бөлімше бар. Қабылдау-диагностика бөлімі, анестезиология бөлімі, жансақтау және интенсивті терапия бөлімдері күн сайын пациенттерге тоқтаусыз көмек көрсетуде. Бұл бөлімдердің дәрігерлері отаға дейінгі және отадан кейінгі ем-дом жасау арқылы адам жанына араша түседі.
- Бұл денсаулық сақтау мекемесінің техникалық жабдықталуы, дәрі - дәрмекпен қамтылуы, қызметкерлерінің біліктілігі жағынан ешқандай проблема көрген жоқпыз. Бірақ мұндай түйткіл басқа аймақтар мен өңірлерде бар. Мен осы арадан әлемдік стандартқа жауап бере алатын нағыз өз ісінің мамандарын көрдім. Хирургтер күніне 25 отадан жасайды екен. Мұны түсінуге болады. Өйткені мекеме ең алдымен жедел медициналық көмек көрсетеді. Тағы бір байқағаным - құрал – жабдықтардың тоқтаусыз жұмыс істеп тұрғаны. Бұл дәрігерлердің біліктілігін аңғартады,- деді топ басшысы Айгүл Соловьева.
Семей қалалық Жедел медициналық жәрдем ауруханасынан кейін жұмыс тобы есту қабілеті бұзылған (естімейтін) балаларға арналған мектеп – инернатқа келеді.
Мекеме директоры Сәуле Тоқтасынқызы биыл мектеп-интернатқа 80 жыл толатынын, қазіргі кезде 64 шәкірт білім алып жатқаны жайында мағлұмат берді.
Республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері өздеріне шағымданған ата-анамен жеке кездесіп, жолығу барысында орын алған мән-жайдың басын ашып, мәселе түйткілін жабық есік жағдайында сол жерде шешіп берді.
Жұмыс тобы Семейдегі ат басын тіреген келесі мекеме - мамандандырылған ХҚКО болды. Семейлік көлік жүргізушілер автокөлікті тіркеуге, жүргізуші куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік қызметтерді осы орталықтан ала алады. Мұнда азаматтар екі сағаттың ішінде қажетті құжаттарын рәсімдеп, жұмыстарын бітіреді. Жақын арада осы маңда автодром ашылады. Сондай-ақ көліктерді техникалық тексеруден өткізуге мүмкіндік беретін арнайы орын да қарастырылған. Айта кетейік, қазірдің өзінде бұл орталық күніне 200-ден астам адамға қызмет көрсетуде.
- Барлық қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша алуға болады. Арнайы ХҚКО автокөлікті тіркеуге, есепке қою мен шығаруға, анықтамалар алуға, сенімхат алуға тіркеу қызметін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бізде автодром бар. Жүргізуші өз куәлігін алуы үшін автодромда емтихан тапсыруына болады,- дейді мамандандырылған ХҚКО басшысының орынбасары Айдос Әлімбеков.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин:
- Электронды бақылау жүйесі қосылған ХҚКО толық автоматтандырылған. Сонымен қатар мұнда жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы медициналық тексеруден өтуге және куәлікке сынақты осы жерден тапсыруға болатынына көз жеткіздік. ХҚКО ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылы 14 сәуірдегі № 341 бұйрығына сәйкес ашылып отыр. Орталық қызмет түрлерін жылдам рәсімдеп алуға мүмкіндік береді. Яғни, «бір терезе» қағидасы бойынша жүргізушілер барлық жұмысын осы орталықтан бітіре алады. Мұндай орталықтар Қазақстанның басқа қалаларында бұрыннан жұмыс істейді. Бұл өте қолайлы. Себебі уақыт үнемделеді,- дейді.
Арнайы мониторингтік топ өз танысуларын автодромды аралап көрумен аяқтады. Олар өздері болған жерлердегі мекемелерде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізіп, әкімшілік кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін айтып отырды.
Түстен кейін жұмыс тобы Бесқарағай ауданында болып, әуелі Ғалия Байқадамова басқаратын «Семей ядролық полигоны салдарынан зардап шеккен мүмкіндіктері шектеулі балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық потологиялары бар мүгедектерге және қарт азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі Бесқарағай аумақтық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің жұмысымен танысты.
Бесқарағай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Баталов жұмыс тобына әлеуметтік көмек алатын ересек жанға бір аптада екі рет 6 көмек түрі көрсетілетінін жеткізді. Жалпы, аудандағы әр қызмет алушыға 8 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Оның ішіне тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбектік, мәдениеттік, экономикалық және құқықтық қызмет түрлері жатады. Әлеуметтік көмек алушы 361 жан жан-жақты тиісті көмектерін алып жатыр екен. Олардың ішінде 35 кемтар бала және 18 жастан асқан психоневрологиялық потологиялары бар 1-ші және 2-ші топтағы 86 мүгедек болса, қалған 240 жан жалғыз басты қарттар мен мүгедектер болып табылады. Осы жандарға бір күнге 500 теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
Мұнан соң топ мүшелері Бесқарағай колледжі мен Жыланды ауылында өткен халықпен кездесуге қатысып, жұртшылыққа сапар мақсаты туралы баяндады.
Бесқарағайдағы қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған жиынға аудан әкімі Дәулет Батырбаев қатысты.
Қос мекемедегі жиында оған қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер жайында түрлі тақырыптағы сауалдарын қойып, оған топ мүшелері тарапынан тұшымды жауаптар алды.
- Топтың құрамында қоғамның көшбасшылары, ой-пікірлерін ашық айта алатын, елдің алдында жүрген, қоғаммен тізе бүгіп жұмыс істей білетін халықтың сеніміне ие болған азаматтарымыз бар, олар барлық салаларға өздерінің бақылауын жүргізіп, ұсыныстарын жеткізе алады. Біз ашық қызмет жасаймыз. Өткен жылдармен салыстырғанда елімізде сыбайлас жемқорлық 9 пайызға азайған. Бұл да атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі. Сондықтан бәріңізді қоғамның дертімен белсене күресуге шақырамыз,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин.
Жұмыс тобының сапары екінші күні Абай ауданында жалғасып, кешкісін Семей қаласында қорытындыланды. Алдымен Семей мемлекеттік медицина университетінде 2015 - 2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының орындалуы жайында ауқымды жиын өтті. Мұнда университет ректоры Ерсін Жүнісов білім ордасының бағыт – бағдары, оқу процесі, мамандықтар жайында жұмыс тобына жан – жақты мағлұмат берді.
Келелі кеңесті Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов ашты. Ал СММУ-дің ректоры Ерсін Жүнісов жасаған баяндамасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты білім ордасында қолға алынған жұмыстар жайында сөз етті.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы концептуалды бағдарымызды қалыптастырып үлгердік. Осы тұрғыда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қабылданған заңдар аясында 10 блоктан тұратын ауқымды істерді университет қабырғасында жүзеге асырып жатырмыз,- деген университет ректоры әр блокқа жеке-жеке тоқталып өтті.
Ішкі аудит блогы бойынша мемлекеттік сатып алу, медициналық қызмет көрсету, бюджет қаржысының орынды жұмсалауында «бармақ басты, көз қыстыны» болдырмаудың жолдары жан-жақты қарастырылған екен. Үшінші блок сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысына арналып, оқу орны қабырғасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес құрылып, бүгінде жұмыс атқаруда. Кеңес ай сайын бір рет өз отырысын өткізіп, жұмыс қорытындысының мониторингісін шығарып отырады. Шетелдік тәжірибеден өтетін магистранттар, докторанттар және оқытушы-профессорлық құрамның конкурстан әділдікпен өтуіне бақылау жасайды.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің жұмысы ашық жағдайда жүргізіледі. Сенім телефоны арқылы орын алған жағдаятты кез келген уақытта хабарлап отыруға мүмкіндік жасалған. «Таза сессия» акциясы қолға алынған. Бұл жұмыс тек оқытушы-профессорлық құрамы арасында ғана емес, студенттер арасында да белсенді жүргізіліп жатыр. Таяуда ҚР Конституциялық кеңесі мен Тұңғыш Президент қоры өткізген конкурста үшінші курс студенттерінің жұмысы 120 оқу орны арасында үшінші орын алды,- деді бұл ретте СММУ ректоры.
Осы ретте университет басшылығы түзген 10 блоктық жүйенің басқа оқу орындары үшін тағылымдық маңызы зор екенін жұмыс тобының жетекшісі Айгүл Соловьева айрықша атап өтті.
Агенттіктің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин:
- Қара сөздің қаймағын қалқып алған Семей жерінен рухани азық ала білдік. Осындай қасиетті қара шаңырақта сіздермен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевтың сіздерге деген зор құрметін, ыстық ықыласын, жалынды сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Алик Жатқамбайұлы ел ішіне шыққан шағымызда студенттермен, жастармен кездесуімізге көбірек назар аударады. Себебі бүгінгі студенттер - болашақ мемлекеттік қызметкерлер. Президент «Қазақстанның болашағы - жастар» деп бекер айтып отырған жоқ. Мемлекеттік қызметке келген жастардың легі көп. Өйткені бұл – заман талабы. Біздің топ халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды өз алдына мақсат етіп қойды.
Агенттік түрлі саладағы белсенді азаматтарды өңірлердегі мемлекеттік қызметтің сапасы қандай деңгейде, халыққа қандай мемлекеттік қызмет көрсетіліп жатқанын бақылау үшін бірлесе жұмыс жүргізу жағын қарастырды. Нәтижесі көңіл қуантады. Қазір халыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін 746 қызмет түрі бар. Соның 60 пайыздан астамы электронды үлгіде қолжетімді. Бұрын бір қағазға бола аудан немесе қала орталығына шапқылайтын ауыл тұрғындары енді үйде отырып-ақ 10-15 минут ішінде бар шаруасын шеше алатын дәрежеге жетті. Осы мәселені жұртқа жеткізу үшін үгіт - насихат жұмыстарын жүргізуге қам жасаудамыз. Сіздермен ақылдасып, мемлекеттік қызметті қалай дамытуға болатынын және жемқорлықты қалай жеңуге болатынын ақылға салмақпыз. Осы жайында айтар ойларыңыз болса, Агенттіктің есігі сіздер үшін әрқашан ашық. Оған дәлел ретінде айтарым - Агенттік басшысының әлеуметтік желілердегі парақшасында өздеріңіз куә болған жайтпен бөлісіп, тікелей төрағаға сұрақ қоя аласыздар. Тікелей ұсыныс жасауға да мүмкіндіктеріңіз бар. Жемқорлықпен күрес - жеке ұйымның емес, жалпы халықтың күресі. Осы елде тұрады екенбіз, осы елдің суын ішеді екенбіз, олай болса, осы елдің түзелуіне әрқайсымыз үлес қосуға тиіспіз. Үйде отырып алып күпінудің дәуірі өтті. Тізе қоса әрекет ететін сәт туды.
Көптеген адамның көкейінде екі сұрақ болса, соның бірі - жемқорлық азайып жатыр ма? Иә, 2016 жылмен салыстырғанда жемқорлық бізде 18 пайызға азайып отыр. Дүниежүзілік тәуелсіз ұйым «Transparency International» бағалауы бойынша, біз 180-нен аса мемлекет арасында 2016 жылы 131-ші орында тұрсақ, 2017 жылы 9 сатыға ілгерілеп, 122-ші орынға табан тіредік. Түсінген адамға мұндай ілгерілеу аз емес. 9 сатыға көтерілу оңай дүние емес. Ендігі мақсатымыз - ең жоқ дегенде 100-діктің қатарына ену. Ол үшін сіздер мен біздер тізе қосып, күш жұмылдырып, үлкен жұмыс атқаруымыз қажет,- деп сөзін түйіндеді.
Семей қаласы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының хатшысы Жомарт Рятов:
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу - әрбір азаматтың міндеті. Жемқорлық елдің болашақ дамуына қатер төндіреді. Экономикалық дамуын тұсаулап, тежейді. Біз жастардың сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болғанын қаламаймыз. Азат елдің келешегі білімді де тәрбиелі, болашаққа зор сеніммен қарайтын жастардың қолында. ШҚО - әлеуеті зор аймақ, сол себепті жастарға зор үміт артылып отыр. Біз, жасотандықтар, елімізді мақтан тұтамыз,- деді.
Мұндағы жиын Семей қалалық әкімдігінде жалғасты. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қаладағы өндіріс орындарының басшылары, орта және шағын бизнес, білім беру, медицина салаларының өкілдері мен қоғамдық ұйымдар мүшелері, кент және ауыл әкімдері мен қала тұрғындары және қала әкімі Ермак Сәлімов қатысты.
Арнайы мониторингтік топтың басшысы Айгүл Соловьева:
- Осындай келелі кеңеске уақыт бөліп келгендеріңіз үшін топ атынан алғыс айтамын. Осы жұмыс сапары кезінде бізге барша жағдай жасай білген қала әкіміне ризашылығымды білдіремін. Біздің топ құрамына өзіндік жеке пікірі бар блогерлер, елімізге танымал адамдар еніп отыр. Олардың пікірлері көп жағдайда ресми биліктің тұжырымымен келісе бермейді. Біз азаматтық қоғам құрып жатқандықтан Стамбул келісімі аясында сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін бақылау тобын құрдық. Жемқорлықтың алдын алу дегеніміз – елімізге шетелдік инвесторларды тарту. Әлемге қазақ елінің ашық қоғам құруға қадам басқанын таныту,- деп атап өтті.
Жиында семейліктер топ мүшелеріне сауалдар қойып, өз ойларымен бөлісті. Қала әкімі Ермак Сәлімов мониторингтік топқа шаһар тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, жиынды қорытындылады. Сол күні кешке жұмыс тобы Өскемен қаласына жүріп кетті.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

ОТҚА ОРАНҒАН ОРМАН

21 мамыр күні Семейдің қарағайлы орманында шыққан қалың өрт 300 гектар аумақты шарпыған. Мамандар өрттің себебін адам факторымен байланыстыруда. Сейсенбі, 22 мамыр күні «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өткен баспасөз жиналысында бас директор Мұрат Дәулетов осылай деді.

Сол күні сағат 13.50-де тұтанған жалынды сөндіру тек кешкі сағат 19.50-де мүмкін болған. «Солтүстік» сауда - логистикалық орталығының арт жағынан басталған өрт жеке секторларға жалғасып, құмды төбешіктерді жағалаған. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер 8 сағаттан соң ғана өрттің бетін қайтарыпты.

- 21 мамыр күні сағат 13.50-де бақылау мұнарасынан Энергетик ауданынан шыққан қалың түтін байқалды. 14.08-де оқиға орнына екі экипаж өрт сөндіру машинасы жетті. Өрт құм төбешіктер арқылы жайыла бастағандықтан, онда өту өте қиын болды. Жер бедері күрделі. Сондықтан ол аумақтарға ауыр техниканы жұмылдыру мүмкін болмады. Өскеменнен екі тікұшақ ұшып келіп, көмек көрсетті. Қалың түтіннен өрттің нақты қай жерде болып жатқанын бірден дөп басып анықтай алмадық. Қызыл жалын күшейген соң, филиалдарымыздағы барлық күштерімізді шақырдық,- деді «Семей орманы» резерватының бас директоры Мұрат Дәулетов.
Бас директордың сөзіне сүйенсек, апатты ауыздықтауға 40 бірлік өрт сөндіру машинасы, 3 тікұшақ, 10 трактор, 4 автобус, 3 су тасушы көлік, гидранттар және 350 адам жұмылдырылған. Қазір өрт ошақтарын оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Кешегі күнге дейін 350 адам жұмыс істесе, бүгінде оның жартысы ғана жұмысты жалғастыруда. Қазір ағаш түбірлерін сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалын қайтты, барлық өрт ошақтары тұмшаланды. Алдағы уақытта шығындар толтырылады,- деді ол.
Өрттің басталу ошағы ретінде 3-4 аумақ белгіленіпті. Соған қарай мамандар бұл жағдайды қасақана жасалған апатқа балайды. Әзірге шығындар толық есептелмеген. 12 күннен кейін, яғни өрт салдары толығымен жойылған кезде, республикалық комиссия келіп, апат себебін анықтаумен айналыспақ. Сол күні, ең алдымен, тілсіз жауды қалаға өткізбеу үшін жанталаса әрекет жасағандарын айтқан мамандар әсіресе Красный Кордон ауданының тұрғындарынан балаларын қараусыз қалдырмауды өтінді.
- Көктем шыққалы бері сол күні алғаш рет күн ыстық болып тұрды. Темекі тұқылын өшірмеу, әдейі өрт қою немесе балалардың ойыны - мұның барлығы себепкер болуы мүмкін. Осы жылы Канонер филиалында төрт бала қасақана өрт қойды. Сәтін салғанда, өртті дер кезінде өшіре алдық. Осы жолы да үш аумақта өрт тұтанды. Сондықтан бұл әдейі жасалған іске көбірек ұқсайды. Орман – табиғаттың сәні, баршамыз демалатын орын. Сондықтан оны сақтау, аялау - барша адамзатқа жүктелген аяулы міндет. Осы орайда қала тұрғындарынан орманға барғанда өте абай болуды өтінеміз,- деді ол.
Оның айтуынша, «Семей орманы» табиғи резерватында тілсіз жаудың алдын алуға арналған ТМД елдерінде жоқ арнайы техникалар бар. Тоғыз мұнарада орнатылған бұл құрылғылар арқылы 60 шақырым қашықтыққа дейінгі түтінді байқауға болады.
- Бұл - пилоттық бағдарлама. Құрылғылар тоғыз мұнарада орнатылған. Осы бағдарламаның арқасында бізде осы уақытқа дейін үлкен өрттер орын алған жоқ. 5-6 жыл уақыт көлемінде Семейде ешқандай өрт болмады. Техникалар жылдың кез келген уақытында күні-түні жұмыс істейді. Әдетте, найзағай ойнағаннан кейін 3 күннен соң, орманда өрт болады. Найзағай ойнаған кезде, оператор бірден өрт бөлімшесіне хабар береді де, жалын дереу ауыздықталады,- дейді М.Дәулетов.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57