АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ОҢ БАҒАЛАНДЫ

Өткен аптаның жұмасы, 1 маусым күні Жарма ауданына арнайы жұмыс сапарымен облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов келді. Аймақ басшысы сапары барысында үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында іске қосылуы жоспарланып отырған «Бақыршық» кен орнындағы дайындық жұмыстарымен танысып, асыл тұқымды ақбас қызыл қасқа ірі қара өсіруші ірі «Шалабай» асыл тұқымды мал зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл бөлді.

Жарма өңіріне жасаған аймақ басшысының бұл жолғы сапарында облыс әкімінің орынбасарлары Ерлан Аймұқашев, Шалқар Байбеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Асқар Жакупбаев және облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Мақсат Мүсәпірбеков бірге болды.
Ең алдымен Әуезов кентінде кен игеру бойынша еліміздегі бірегей «Қызыл» жобасын жүзеге асырып жатқан «Бақыршық» кен орнында болған Даниал Ахметов, «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры Юрий Овчинниковпен кездесті. Кезеңмен жүзеге асып жатқан жұмыс барысымен аймақ басшысын аудан әкімі Нұрлан Сыдықов таныстырды. Облыс әкімі кен игеру жұмыстарына қажетті жаңадан бой көтеріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, кен орнындағы дайындық барысына қанықты. Бұл ретте облыс әкімі жаңадан бой көтерген кен байыту фабрикасы, вахталық кент құрылысы алаңдары және алып техникалардың күшімен кенді аршу жұмыстары қызу жүріп жатқан карьерде болды.
Жалпы, аясы кең жұмыстарды жүзеге асырып жатқан «Бақыршық» кен орнының жұмысы облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Қойнауы алтынға бай кен орнын игеруді бастаған «Полиметалл» компаниясы тың жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Осының негізінде кенді өлкенің тасына қайла тиіп, дайындық жұмыстары қызу жүруде. Бұл орын іске қосылғанда, өзіндік қайтарымы да мол болмақ.
Жобалық жұмыстың ретімен атқарылып жатқанын жоғары бағалаған облыс әкімі кен орнының өзіндік маңызы зор екенін атап өтті. Кәсіпорын іске қосылса, еліміздің өнеркәсібі алтын қорын ұлғайтатын тағы бір маңызды нысанмен толығатын болады.
Алып құрылыс алаңымен танысқан облыс әкімі жұмыс сапарын қорытындылап, аудан әкімімен және кәсіпорын өкілдерімен пікір алмасып, бірқатар маңызды мәселелерді пысықтады. Сонымен қатар кен орны орналасқан кенттің де шешімін күткен мәселелері сөз болып, ортақ шешімдер қабылданды.
Аймақ басшысы аудандағы асыл тұқымды ірі қара өсіруші бірегей «Шалабай» ЖШС жұмысына да көңіл бөлді. Жыл санап ісі ілгері басып келе жатқан шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі алдағы жоспарларына да назар аударды. Серіктестік басшысы Қуаныш Сүлейменов егістік алқаптары туралы, мал басын өсіру, шаруашылығын дамыту барысындағы кешенді жұмыстары жайлы да әңгімеледі.
Айта кетер болсақ, Қуаныш Сүлейменовтің есімі «100 жаңа есім» жобасына енген.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы өңірдің өрелі істерін оң бағалады. Кен өндіру кәсіпорнының жобалық жұмыстарын табысты жүзеге асырып отырғанын айтып, экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыда аса үлкен мәнге ие жоба екенін атап өтті. Сол сияқты асыл тұқымды мал өсіріп отырған шаруашылықтың жұмысы да облыс әкімінің көңілінен шықты.
Аймақ басшысы жұмыс сапары нәтижесінде аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мейірхан ОСПАНБАЕВ

«ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҢЫЗДАРЫ МЕН ЕРТЕГІЛЕРІ»

Семейде балаларға арналған тұңғыш электронды кітап жарық көрді. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жазылған оқулық «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» деп аталады. Электронды нұсқада шыққан жаңа туындының тұсаукесері Абай атындағы әмбебап кітапханада өтіп, оған ШҚО туристік ақпараттық орталығының директоры Сымбат Рамазанов, кітапты басып шығарған «Артекс» баспа-полиграфиялық фирмасының өкілдері, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

«Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» электронды кітабына облыстың 15 киелі жерлері туралы деректер енгізілген. Оның тізімінде Ертіс өзені, Қиын-керіш шатқалы, Марқакөл, Рахман қайнары, Белуха тауы, Қоңыр әулие үңгірі, Қасиетті бұлақ, Ырғызбай ата кесенесі, Берел қорғаны, Шілікті қорымы, Еңлік - Кебек мазары, Қозы Көрпеш – Баян cұлу кесенесі, Күшікбай батыр, Абылайкит, Ақ бауыр ескерткіші бар. Әлібек Қаңтарбаев, Марина Юрченко және Күлмай Сембаевалардың қаламынан туындаған оқулықтың безендірілуі ерекше көз тартады. Сыртқы мұқабасында қолына домбыра ұстаған абыз ақсақалдың бейнеленгені еліміздің өткен тарихы мен келешегінің байланысын көрсетіп тұрғандай. Мұқаба шеттері Берел қорғандарынан табылған артефактілердегі ою-өрнектермен әсемделіп, иллюстрация ретінде балалардың салған суреттері қолданылған. Кітапта Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат жасауға шыққан Санжар есімді бала мен оның атасы туралы баяндалады. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітап, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, ШҚО Туризм және сыртқы байланыс басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген. 130 парақтан тұратын кітапта түсіндірме сөздіктер мен қолданылған әдебиеттердің библиографиялық тізімі бар. Тізім облыстың лингвистикалық орталығы мен Абай атындағы кітапхананың қолдауымен жинақталған. 

- Библиографиялық тізімді жасауда Абай атындағы кітапхананың кітапханашысы Марина Парфиновичтің еңбегі зор екенін мақтанышпен айтамын. Себебі тізім жасаудың өзі оңай дүние емес. Бұл - қажырлы еңбек пен терең зерттеуді қажет ететін жұмыс. Біздің Шығыс Қазақстан облысы - тарихи киелі орындарға бай өлке. Сондықтан «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электронды кітап болашақта тағы да жетілдіріле түседі деген ойдамын,- дейді Абай атындағы кітапхананы дамыту бөлімінің жетекшісі Гүлмира Нұғыманова.
Айта кетейік, кітапта Семей және Өскемен қалаларындағы көркем сурет салу мектептерінде оқып жүрген балалардың қолымен салынған суреттер де қолданылған. Шара барысында өнерлі өрендер «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электронды кітабын жасауға үлес қосқандары үшін дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
- Әрбір өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру – өзіміздің туған жерімізге деген құрметімізден, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігімізден басталады. Ел санасын рухани жаңғырту, аймағымыздың көрікті жерлерін жастарға дәріптеу мақсатында облыстың 15 киелі орнын кітапқа енгізіп отырмыз. Бұл кітап - әсіресе бастауыш сынып оқушылары, 5, 6, 7 сынып оқушылары үшін таптырмас оқу құралы. Биылғы жылы тек 15 нысанды алып отырсақ, келесі жылдан бастап 100 томдық етіп шығару мақсаты тұр,- дейді ШҚО Туристік ақпараттық орталықтың директоры Сымбат Рамазанов.
Алдағы уақытта электронды кітаптың жазба және аудионұсқалары шығады деген жоспар да бар. Бұған қоса келер жылдан бастап аталмыш кітап аясында оқушылардың жыл сайынғы көркем шығармалар оқуларын, сондай-ақ «ШҚО аңыздары мен ертегілері» атты фестивалін, қаладағы музейлерде балалардың сурет көрмесін, 19 аудан мен қала, кенттердің дарынды балалары арасында зияткерлік білім сайысын облыстық деңгейде ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жібек СЕРҒАЗЫ

АҚҚУ, ШОРТАН ҺӘМ ШАЯН

Семейде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Пристань аумағаның және Мирный кентінің тұрғындары сейсенбі, 29 мамыр күні Семей қалалық тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ғимаратының алдына жиналды. Төтенше жағдай орын алғалы екі ай өтсе де еш өзгеріс болмады деп наразылық танытқан тұрғындар баспаналарын жөндейтін мердігер мекемеден бас тартып, өтемақының өздеріне қаржылай берілуін сұрап отыр.

Тілектерін, арыз – шағымдарын, мұң – мұқтаждарын айта келген тұрғындарды қалалық әкімдік қызметкерлері әкімдік ғимаратының үлкен залына шақырып, мәселенің мәнісін бірлесе отырып талқылауға ұсыныс білдірді. Мұнда қала әкімінің орынбасарлары Николай Ушаков пен Надежда Шарова тұрғындар сауалына жауап беруге тырысты.

- Өздігімізден жиналуымыздың басты себебі - бізге толыққанды және нақты ақпарат қажет. Тасқын көктемде, екі ай бұрын, орын алған. Міне, жаз да келіп жетті. Біздің үйлеріміз қашан жөнделеді? Осы сауалға жауап беріңіздерші. Бұдан бұрын құжаттарды өткізген кезде «бәрі түгел, енді күтіңіздер» деп айтқан едіңіздер. Енді біресе «ана анықтама жоқ» біресе «мына анықтама керек» деп сан түрлі сылтау айтылып жатыр. Сонда біз өткізген құжаттар қайда кетті?– дейді Любовь Кравцова.
Мұны Қанатбек Жүнісов есімді азамат та қуаттай түсті.
- Тұрғындардың барлығын да әкімдікке алып келген жалғыз сауал бар. Шығындар қашан өтеледі және өзгенің баспанасын, жатақхананы паналап, үйсіздің күйін кешіп жүрген біздің жағдайымыз қашан оңалады? Өтемақы қашан беріледі? - деді.
Тұрғындардың басым көпшілігі жеке – жеке жанайқайларын жеткізгенімен, олардың мәселесі ортақ. Қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков, заң бойынша, өтемақы тұрғындарға емес, жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеменің есепшотына түсетінін жеткізді.
- Сіздер өтемақыны қаржылай қолдарыңызға алғыларыңыз келеді. Тағы қайталап айтайын, су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы Үкіметтің қаулысы бар. Біз сол қаулы бойынша әрекет етеміз. Қызыл су кірген 205 үйді қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 282 млн. 194 мың теңге қарастырылады деп жоспарланған. Мирный кентіндегі бес үй, Пристань аумағындағы төрт үй тұруға жарамсыз, апатты деп танылды. Осы тоғыз үйдің тұрғындарына баспана сатып алу үшін 58 млн. 600 мың теңге бөлінеді деп жоспарлануда,- деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков.
Николай Ушаков Бобровка саяжайына қатысты да пікір білдірді. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, су шайған саяжайдағы үйлерге мемлекет қазынасынан қаржы бөлінбейді. Ол үйлерге кәсіпкерлердің, атымтай жомарт азаматтардың, халықтың демеуімен «Асыл» қорына түскен ақша арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Құжаттары толық рәсімделмеген үйлер де назардан тыс қалмайды. Оларға да көмек көрсетіледі.
Мұнда тағы бір мәселе бар. Тұрғындар үйдің басына ғана емес, су шайып, қабырғалары қақыраған қосалқы құрылыстарына, жаздық асханалары мен моншаларына да өтемақы төленуі керек деп есептейді. Алайда Николай Ушаков, заң талаптары бойынша, тек тұрғын үйдің шаршы метріне ғана өтемақы қарастырылғанын атап өтті.
- Николай Николаевич, мердігер мекемеден бас тартсаңыздар, өтемақы қолдарыңызға беріледі дегенсіз. Ол үшін белгіленген қаражаттың 12 пайызын ұстап қаламыз дедіңіз. Оған да көніп, құрылыс жұмыстарынан бас тарту жөніндегі құжаттарға қол қойдық. Енді неге өзгеріп қалдыңыздар?– деді қала тұрғыны Мейрамгүл Тұрсынханова.
Ал өзін Мадина Оразбаева деп таныстырған азаматша:
- Өтемақының құрылыс фирмасына берілетініне келіспейміз және ол шешімнің қайта қаралғанын қалаймыз. Халықтың пікірін тиісті жерлерге жеткізуіңізді сұраймыз. Қаржылай қолымызға алсақ, әрқайсымыз сапасына, бағасына қарай өзімізге ыңғайлы құрылыс материалдарын таңдап, үйімізді жөндеп аламыз,- деді.
Тұрғындардың пікірін тыңдаған қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков: «Расында да, құрылысты компания жүргізгенін қалайсыздар ма, әлде өтемақы аласыздар ма деп қалауларыңызды сұрағанбыз. Алайда ҚР Үкіметінің қаулысы келіп түскен соң, біз сол қаулы негізінде әрекет ете бастадық. Қазіргі таңда бағалаушы компаниялардың көмегімен толықтай шығынның көлемі есептелді. Мирный кенті және Пристань аумағындағы үйлерді жөндеуге жергілікті атқарушы билік өкілдері қаламыздағы ірі екі құрылыс фирмасын ұсынған. Егер құрылыс жұмыстарымен ол фирмалардың айналысқанын қаламасаңыздар, заңды түрде тіркелген кез келген құрылыс фирмасын таңдауға құқыларыңыз бар,- деді.
Жергілікті билік Үкіметтің қаулысының шеңберінде әрекет ететінін, ҚР Үкіметінің шешімі белгілі болысымен, тасқын судан зардап шеккен әрбір тұрғынға ақпарат берілетінін бірнеше мәрте қайталаған қала әкімі орынбасарының пікірімен келіспеген тұрғындар жиыннан соң қалалық прокуратураға бет алды... Аққу, шортан һәм шаян...

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

ЖАПОНДАРДЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫ

27 мамыр күні Семейге Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Итиро Кавабата келіп, шаһардағы №№ 43, 18, 12 орта мектептерді және Пригородная орта мектебін аралады.

Жапонияның «Шөп тамыры» атты адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік жобаларды қолдау бағдарламасы Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобаның мақсаты – коммерциялық емес медицина және білім беру мекемелеріне, үкіметтік емес ұйымдарға қайтарымсыз көмек көрсету гранттарын бөлу. Осы бағдарлама шеңберінде бөлінген гранттарды шаһарымыздағы №№ 43, 18, 12 және Пригородная орта мектептері ұтып алып, нәтижесінде аталмыш оқу ордаларының терезелері толықтай жаңа пластик терезелерге ауыстырылды. Бөлінген гранттар аясында атқарылған жұмыстармен танысу үшін арнайы келген Елші Итиро Кавабата алдымен Семейдегі №43 мектепке ат басын бұрды. Қадірлі мейманды құшақ жая қарсы алған Андрей Артемов бастаған мектеп ұжымы Елшіні оқу орнының тарихымен, музеймен, оқушылардың жетістіктерімен, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық қолөнерімен таныстырды. 80 жылдық тарихы бар мектепке жаңа әрі жарық терезелер сыйлағаны үшін, Жапония халқына Елші арқылы алғыстарын жеткізді: 

- Құрметті Итиро Кавабата мырза, мектеп әкімшілігінің, педагогтерінің, ата-аналары мен оқушыларының атынан Сізге, Жапония халқының өкілі ретінде, көп алғыс білдіремін. Осы бір жыл ішінде оқушылар арасында тұмаумен ауру 15-19 пайызға азайып, жарық мөлшері 30-40 пайызға көбейді. Бұл, біріншіден, оқушылар арасындағы көз ауруларының алдын алса, екіншіден, электр энергиясын үнемдейді,- деді №43 мектептің директоры Андрей Артемов.
Елші Итиро Кавабатаның айтуынша, «Шөп тамыры» жобасы аясында 1997 жылдан бері Қазақстанның әр аймағында құны 6 млн. АҚШ долларына жуықтайтын 92 жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде 1 млн. 400 мың АҚШ долларын құрайтын 22 жоба ШҚО-ға тиесілі екен. Оған қоса осы жылдың наурыз айында тағы 3 жобаға қол қойылған. Ал іргесі қаланған уақыттан бері жөндеу көрмеген №43 орта мектептің 193 терезесі мен 2 есігін ауыстыруға 80 мың доллар немесе 24 млн. теңге жұмсалған.
- Білім ордасының директоры айтып кеткендей, оқу орнында осы уақытқа дейін терезелер ауыстырылмаған. Шынында да, ескі терезелерді ашып-жабу, қысқа дайындау, ыстықта сыныпты желдету айтарлықтай қиындық туғызады. Сондықтан балалардың денсаулығына алаңдаған директор «Шөп тамыры» бағдарламасына қатысуға өтініш берді. Комиссияның шешімімен, өтініші қанағаттандырылып, грант ұтып алды. Енді оқушылар сабақтарын жақсы оқиды деп үміттенемін. Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынас нығайып келеді. Келешекте де Семей қаласымен білім, медицина, әлеумет саласындағы байланысымызды жалғастыра бермекпіз. Қазақстан – болашағы бар мемлекет. «Шөп тамыры» бағдарламасына сіздерден әлі де өтініш қабылдауға дайынбыз,- деді Жапония Елшісі.
Түстен кейін Пригородная орта мектебіне аялдаған Елшіні мектеп ұжымы шашу шашып қарсы алды. Негізі 1973 жылы қаланған бұл мектептің «Шөп тамыры» бағдарламасы аясында 113 терезесі жаңаланыпты. Директор Дулат Байтуновтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына 37 мың 120 доллар жұмсалған. Өткен жылдың ақпан айында келісімшартқа қол қойылса, мамыр айының басында жөндеу жұмыстары басталған.
- «Шөп тамыры» бағдарламасы туралы ғаламтордан білдік. Сәті түсіп, грантты ұтып, білім ордасының барлық ескі терезелерін жаңаладық. Бағдарлама шарттарына сәйкес, 3 жеткізуші фирманы таңдаған едік. Оның ішінен ең төменгі баға ұсынған жергілікті жеке кәсіпкер «Егінбаев» жеңіп шықты. 2017 жылдың 31 шілдесінде барлық жұмыстар тамамдалып, 1 тамызда қорытынды акт шығарылды. Терезелердің кепілдік мерзімі – екі жыл. Осы уақыт аралығында аталмыш кәсіпкер бізге қызмет көрсетеді. Жөндеу жұмыстарының барысы Елшіліктің бақылауында болды. Қалалық бюджеттен де қаржы бөлінеді. Дегенмен қол қусырып қарап отырмай, демеушілер іздеп, мектептің проблемаларын осындай жолдармен де шешуге тырысамыз,- деді Пригородная орта мектебінің директоры Дулат Байтунов.
Бағдарлама шартына сәйкес, «Шөп тамырының» грантын ұтып алған мекеме оған бес жылға дейін қатыса алмайды. Сондай-ақ жобаның жеңімпазы болу мүмкіндігін арттыратын тағы бір шарт – мекеменің орталықта емес, шет аймақтарда орналасуы. Өтініштер жылына екі рет – 31 мамырда және 30 қыркүйекте қабылданады.
- Соңғы үш жылда әртүрлі жобаларға қатысып жүрміз. Жуырда Әлия Назарбаеваның «Жасыл технология» жобасына қатысуға өтініш білдірдік. Мектептердің қажеттіліктері әртүрлі. Осы жылы қаладағы №25 мектептің терезе жақтауларын ауыстыруға қалалық бюджеттен қаржы бөлінсе, әйнектерін жаңалауды Жапония жағы көтеріп алды. Әрине, екі ел арасындағы мұндай әріптестік қарым-қатынастардың маңызы зор. Мәселен, өткен жылы Балалар мен жастардың шығармашылық сарайы Швеция Елшілігімен әріптестік орнатып, музыкалық аппаратқа қол жеткізді. «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Туған мектеп» бағдарламалары аясында мектептер түлектермен, жеке кәсіпкерлермен белсенді жұмыс істеуде,- деді білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.
Жапония мен Қазақстанды, Семейді байланыстыратын ортақ қасірет те бұл кездесуде айтылмай қалған жоқ. Сондай-ақ Елші бұл жолғы сапарында Пригородная орта мектебі жанындағы жылыжаймен және жылыжай ісіндегі оқушылардың жаңа табыстарымен, сонымен бірге балалардың биология, химия, физика, робототехника салаларындағы жетістіктерімен жіті танысты. Қазақтың қолөнер бұйымдарын жасауға ептілік көрсеткен Елшіге оқушылар кәдесыйларын табыстады.
- Алма мен қызғалдақ гүлінің отаны Қазақстан екенін Жапонияда көпшілігі біле бермейді. Мен енді барған жерімде бұл туралы айтып жүретін боламын,- деді И.Кавабата.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

БАТЫС-ШЫҒЫС: ӘРІПТЕСТІКТІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

 

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Батыс Қазақстан облысының әкімі мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (ҚПО) бас директорымен кездесті. Айта кету керек, ШҚО-ға аймақаралық кооперация аясында Батыс Қазақстаннан арнайы делегация келді.

Жұмыс сапары аясында қонақтар облыстың бірқатар ірі кәсіпорындарын аралады. Атап айтқанда, түрлі санаттағы арматура шығаратын 3 зауытта болды. Өскемен арматура зауытының роботталған дәнекерлеуші кешенімен танысты. Айта кетсек, ШҚО тауар өндірушілерінің тек қазақстандық нарықта емес, сондай-ақ экспортта да әлеуеті зор. Мәселен, облыс орталығындағы өнеркәсіптік арматура зауытының мұнай кәсіптік жабдықтары мен құбыр жүргізу арматуралары Ресей мен Өзбекстанда да сұранысқа ие. Олар «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясымен белсенді түрде ынтымақтастық етуде. Ал аймақтық «Силумин-Шығыс» серіктестігі 5 жыл бойы ҚПО-мен тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатып, жұмыс істеуде.
– «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» қазақстандық тауар, қызмет тасымалдаушыларын дамытуға белсенді түрде үлесін қосуда. Осы мақсатта отандық және шетелдік тауар өндірушілердің серіктестігіне ықпал етер бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Өзара интеграция, яғни әрекет ету мүмкіндігін туғызудамыз. Шығыс Қазақстан облысының компанияларымен жоғары деңгейде жұмыс істеу тәжірибеміз бар. ҚПО тасымалдаушылары мен мердігерлері арасында осы өңір компаниялары қатарының артқанын қалаймыз,- деді компанияның бас директоры Эдвин Блом.
Қарашығанақ жобасындағы қазақстандық мазмұн үлесі бүгінде 6,5 миллиард долларды, яғни 54,7 пайызды құрайды. Бұл ретте, Елбасы қойған міндетке сай, өңір кәсіпорындары Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қызу қарқынмен қайта жаңғырып, барынша бәсекеге қабілеттілігін арттыруда.
- Жалпы, Өскемен арматура зауыты соңғы жылдары 100 миллион доллар көлемінде қайта жаңарту жұмыстарын жүргізді. «Силумин-Шығыс» ЖШС 60 миллионнан астам доллар жұмсаса, Өнеркәсіптік арматура зауытында бұл сома екі есеге артық. Осылай, біздегі әрбір кәсіпорын «техникалық толысу» тұрғысында өсу үстінде және бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз,- деп атап өтті Даниал Ахметов.
Іссапар аясында әкімдікте өткен жиында аймақтағы өнеркәсіптік компаниялардың Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орнын игеру ісіне қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Бұдан бөлек Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салаларда серіктестік жасау туралы меморандумға қол қойылды.
– ШҚО-ға Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аймақаралық кооперация туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында келдік,- деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов. – Басты мақсат - Қарашығанақ консорциумының көкжиегін кеңейту. Яғни Қазақстандағы барлық өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін саралаймыз. Алдымызда тұрған басты міндеттің бірі – Қарашығанақ жобасын үлкейту. Бұл ретте ерекше айтарымыз, Шығыс Қазақстан - еліміздегі ең үлкен индустриялы аймақ. Осындай сапарлар аясында біздің әріптестер – шетелдік инвесторлар бұрын шетелден сатылып алынатын жоғары технологиялық жабдықтардың Қазақстанда барына көз жеткізуде.
Кездесу барысында ШҚО әкімдігі мен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтингте» жергілікті мазмұнды дамыту бойынша өзара серіктестік туралы меморандумға мөр басты. Бұл күні сондай-ақ ҚПО мен «Силумин-Шығыс» ЖШС жиілікті-реттеулі жетектерін техникалық қызмет көрсету бойынша қызмет ұсыну туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі. 

 

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57