РАМАЗАН – РАҚЫМ АЙЫ!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі бауырлар!
Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін. Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!
Рамазан – рақым айы! Алла Елшісі: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»,– деген. Қасиетті айдың құрметі үшін сауабын бір Алладан үміт етіп, бір-бірін кешіріп, мейірімділік танытқан пенделер зор табысқа жетеді. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла Тағала мейіріміне бөлейді. Кешіргенге кешірім жасалады.
Рамазан – жақсылық айы. Оразада әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Ауыз аштыру, садақа беру, науқас адамға қарайласу, қамкөңіл жанға қамқор болу, жетім мен жесірді, қария мен мүгедек кісіні қуанышқа бөлеу, т.б. – сауабы мол іс. Хадис-шарифте айтылғандай, «адам баласының барлық игі істерінің сауабы еселенеді. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады».
Омырауда баласы бар, денсаулығы жарамайтын, кәрілік жеткен қарттарымыз ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да абзал амалдың бірі.
Рамазан – тәрбие айы! Ауыз бекіткен адам тілін жаман сөзден тежейді. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім болса да ораза ұстаған күні жаман сөз айтпасын әрі ешкімге дауыс көтермесін...» - деп өсиет еткен. Расында, Алла Тағала үшін тілін өтірік пен ғайбат сөзден тыймаған пенденің ұстаған оразасы қажет емес.
Рамазан – қасиетті Құран түскен ай! Бұл айда адам баласын тура жол мен бақытқа бастайтын, ақиқат пен жалғанның аражігін ажырататын Құран аяттары түсе бастады. Ораза кезінде Құранды кемінде бір рет толық оқудың, мән-мағынасын көңілге тоқудың сауабы айрықша.
Рамазан – сабыр айы! Аузы берік адам кейбір кісілердің дөрекі сөзі мен әдепсіз әрекетіне сабыр сақтап: «Мен оразамын»,– деген сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, төзімділік танытады. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жаннат.
Рамазан – өзгеру айы! Қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында: «Қайбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді»,– деп баяндалған.
Оразада адамның тұла бойы ізгілікке толып, сана-сезімі өзгереді. Бұл – қабыл болған оразаның көрінісі. Өзін өзгертуге тырысқан пенде Жаратқанның жарылқауына кенеледі.
Құрметті қауым!
Он екі айдың сұлтаны Рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАУ БАРШАҒА ОРТАҚ

Семейде жалпықалалық сенбілік жалғасуда. Бұл жолы тазалық жұмыстарын жүргізуге теміржолшылар шықты. Олар сегіз шақырым шойын жол жиегін
жиыстырып, таза-лық жұмыстарын жүргізді.

Деповская, «Жансая» базары, Аягөз көшелерінің маңайы - күл-қоқысқа толы аумақтардың бірі. Сондықтан аталған көшелерді тазартуға тоғыз КамАЗ, үш жүк тиеуші жұмылдырылған. 

- Сенбілікке темір жол саласында қызмет ететін үш жүзге жуық адам шықты. Келесі сенбіде тағы да тазалық жұмыстарын жүргізу керек, бірақ үлгереміз деп нақты айта алмаймын,- дейді Семей жүк тасымалдау бөлімшесі директорының орынбасары Ерғазы Жұмаділов.
- Өткен жылы қоқысты шығаруға байланысты қиындықтар көп кездесті. Біз автокөлік емес, темір жол мекемесінде жұмыс істейміз. Сондықтан бізде көліктер жетіспейді, қоқыс шығару үшін берілетін талондарды алуда үнемі қиындықтарға тап болып жатамыз. Биыл қала әкімдігі жұмысымызды жеңілдетіп, қажетті техника бөлді. Темір жолдардың бойы тұрмыстық қалдықтарға, қоқыстарға толы. Бұл жағдай жыл сайын қайталанып келеді. Қоқысты далаға емес, арнайы контейнерлерге тастау керегін тұрғындар түсіне бермейді. Пойыз өтетін жол маңайын тазалау теміржолшыларға жүктеледі. Учаскелік инспекторларға да, санитарлық полицияға да, әкімдікке де осы мәселені шешу жөнінде өтініш білдірдік.
Тұрғындардың сөзінше, учаскелік, санитарлық полиция қызметкерлері келіп ескерту жасағанмен, олардың сөзін елеп жатқан ешкім жоқ. Жоғарыда аты аталған көше тұрғындарының басым көпшілігі қоқыс шығару үшін ақша төлеуге ниет танытпайтын көрінеді.
- Деповская көшесінде тұрғаныма бір жылдай болды. Темір жол аумағын тазалап жатқан азаматтарға рақмет. Жергілікті тұрғындар бұл жерге қоқысты өздері тастап, табиғат-ананы ластайды. Олай етпеулерін талай мәрте өтініп сұрадық. Сенбілікке де ешкім шықпайды. Өздеріңіз де көріп тұрсыздар, үйлердің барлығы барак үлгісінде бір-біріне іргелес салынған. Үй тұрғындары қоқыс салынған пакеттерімен шығып, темір жол шетіне үйіп қояды. Өз ауламызды өзіміз тазалайық деген ұсыныс айтқым келеді көршілеріме,- дейді Нұрбану Қапаева.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне қарағанда, қала әкімдігі шағын және орта бизнес өкілдері мен халық арасында әркім өз аумағында тиісті санитарлық жұмыстарды ұйымдастырып, қоқыс шығарумен айналысатын мекемелермен келісімшартқа отыру жөнінде түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр. Осы ретте полиция қызметі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарымен бірлесіп рейд өткізіп, санитарлық талаптарды бұзған азаматтар жауапқа тартылатынын ескертуде. Тиісті органдар тарапынан берілген ескертулерді елемегендер айыппұл төлейтін болады. Қаланың санитарлық тазалығы бойынша өткізіліп жатқан екі айлық ағымдағы айдың соңында аяқталса да, жұмыстар жалғаса бермек.

Жібек СЕРҒАЗЫ

ТАСҚЫННАН КЕЙІН...

Қызыл судан зардап шеккен семейліктердің жағдайы атқарушы биліктің назарынан тыс емес. Бұған дейін де бірнеше мәрте ешбір отбасы көмексіз қалмайтынын айтқан қала басшысы Ермак Сәлімов өткен жексенбі, 13 мамыр күні кезекті рет Бобровка саяжайындағы тұрғындармен жүздесті. Айта кетейік, су шайған үйлерде атқарылып жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстары әр аптаның жексенбісінде арнайы баратын қала басшысының қатаң қадағалауында.

Кездесу барысында Ермак Бидахметұлы жиынға қатысқан саяжай тұрғындарының өтініш-тілектерін жеке-жеке тыңдап, сауалдарына жауап қайырып, жауапты мекемелерге қосымша тапсырмалар жүктеді. Қазіргі уақытта зардап шеккен ағайынның жағдайы біршама тұрақталып, қаржылық шығындар толықтай есептелгенін айта кеткен жөн. Бұл жүздесуде құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанына шаһар басшысы да көз жеткізді.
Тұрғындар атынан сөз алған Қарлығаш Болатқызы жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер мекемелерге ризашылығын жеткізіп, осылай бірлесе жұмыс істеу керектігін айтты.
Кездесу соңында қала басшысы шығындар төменгі деңгейдегі қажеттілік негізінде өтелетінін тағы бір мәрте тілге тиек етіп, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірнеше үйдің жағдайымен танысты.


Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

 

АҒА БУЫН ЕРЛІГІНЕ ҚҰРМЕТ

7 Мамыр - Отан қорғаушылар және 9 Мамыр - Жеңіс күні қарсаңында Семейде бірқатар мерекелік іс-шаралар легі өтіп, оған қала әкімі Ермак Сәлімов қатысты. Соның бірі - Абай атындағы кітапханада өткен Жеңіс балы. Ермек Бидахметұлы Жеңіс балынан кейін бірқатар қарт майдангерлердің шаңырағына бас сұғып, мерекемен құттықтады.

Жеңіс балына соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері, қала басшылығы және жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. 

- Жылдағы дәстүр бойынша, Жеңіс балын ұйымдастырудамыз. Бұл бал ұрыс даласында кеудесін отқа тосқан майдангерлердің рухына, арамызда жүрген ардагерлерге, соғыс зардабын тартып, ет жақындарынан айырылған отбасыларға арналады,- деді «Жанұя орталығы» қоғамдық қоры атынан сөз алған Жанна Жибраева.
Ермак Бидахметұлы барша жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
- Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет арта түседі. Отан үшін отқа түсіп, елі мен жерін қорғаған аға буын өкілдері қашанда құрметке лайық. Әрбір ардагердің ерлігі - біз үшін мақтаныш. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!- деген Ермак Сәлімов ешкім де, ешқашан да ұмытылмайтынын айрықша атады.
«Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының әскери оркестрі Жеңіс күніне арналған патриоттық нақыштағы әуендерді әуелетіп, сол бір ұмытылмас жылдарға жетеледі. Сонымен қатар «Қаһарлы жылдар жылнамасы», «Отан соғысының қолбасшылары», «Естеліктер мен меморандумдар», «Соғыс жылдарындағы семейліктер», «Қаһарлы жылдардағы мерзімді баспасөз», «Жеңіс жырлары», «Отты жылдар әуендері» бөлімдері бойынша кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Бұдан кейін қала әкімі Ермак Сәлімов, қалалық соғыс және тыл, еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, дербес бөлімдердің басшылары майдангерлердің шаңырағына арнайы ат басын бұрып, оларды құттықтады. Қала әкімі жеміс-жидек пен азық-түлікке толы себет, 500 мың теңгенің сертификатын, қала әкімінің алғыс хаты мен бір құшақ гүл де ала барды.
Алғашқы құттықтау мәртебесіне майдангер Атамбай Оразбаев ие болды. 1923 жылы Жаңасемей ауданында туған ол 18 жасында әскер қатарына алынып, ұрыс даласына аттанған. 1941 жылы Алматы қаласында құрылған 100-ші атқыштар бригадасының қатарында Ұлы Луки жерін қорғаған. Сондай-ақ 1-ші Украин майданында Харьков, Киев, Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Жеңіспен елге оралған Атамбай ата 1946 жылдан еңбекке араласты. Бүгінде 96 жасқа аяқ басқан ардагер: «Жастарың ұзақ болсын. Соғысты сендер көрмеңдер. Еңбек етіп, білім алып, бейбіт өмір сүріңдер»,- деп тілегін білдіріп, арнайы құттықтай келген қала әкіміне алғысын жеткізді.
Атамбай ақсақалдың шаңырағынан шыққан шаһар басшысы Александр Атавинді де құттықтады. 1922 жылы Хабаровск аймағының Амур облысында туған ол Энергетикалық техникумның 3 курсында оқып жүргенде, 19 жасында әскер қатарына алынған. 1941 жылдан бастап Батыс майданда 58-ші дивизияның құрамында ауыр миномет таситын жүргізуші болған. Екі рет жараланған жауынгер жеңісті 2-ші Украин майданының құрамында Австрияда қарсы алған. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген медальдарды кеудесіне таққан.
Бейбіт күн басталғанда оқуын әрі қарай жалғастырған Александр Гаврилович Кросноярда 6 жыл еңбек еткен соң,1960 жылы Семей қаласында жұмыс істеуге шақырылып, тұрақтап қалған.
Бұл күні құрмет көрсетілген жандардың арасында Екатерина Краснянская да бар. 14 жасынан бастап Ленинград блокадасындағы госпитальда жұмыс істеуге барған ол оққа ұшқан жағдайы ауыр жауынгерлерге санитарлық көмек көрсеткен. Латвия, Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. Жеңісті Польша жерінде қарсы алыпты. Екатерина Семенова қаламыздағы денсаулық және білім мекемелерінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, №2 қалалық балалар ауруханасынан құрметті демалысқа шыққан.
Батыс атқыштар полкінде, Балтық теңізі жағалауында Отан қорғаған Абдрашит Ишмухаметовті де қала басшысы құттықтап қайтты. Жүздесуде соғыс ардагерлері қан майданда болған қиыншылықтарымен, естеліктерімен бөлісіп, жеңісті жақындатқан жандардың ерлігіне жас ұрпақ құрметпен қарауы қажеттігін атап өтті.
Ермак Бидахметұлы да әрбір шаңырақта бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған қарт жауынгерлерге алғыс айтып, ауырмай-сырқамай ортамызда жүре берулеріне тілектестігін білдірді.
Жеңіс күніне арналған іс-шаралар легі 5 мамыр күні Абай атындағы театрда салтанатты жиынмен де жалғастық тапты. Онда соғыс жылдарының әндері әуелеп, аға буынға айрықша құрмет көрсетілді.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

ЕРЛІКТІҢ ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

Семей халқы биыл да Жеңіс күні мерекесін лайықты атап өтті. Зұлмат жылдары ерлікпен қаза тапқан майдангерлердің есімін ұлықтап, рухтарына тағзым ету үшін мыңдаған семейлік тұрғын таңертең сағат 10.00-де Орталық алаңға жиналды. Әрбіреуінің қолында қан майданда Отан үшін шайқасып, шейіт болған жауынгер ата-апаларының суреті. Батыр бабалар ұрпақтары Қайым Мұхамедханов көшесі бойымен Жеңіс саябағына дейін шерулетіп жүріп өтті.

Салтанатты шарада сөз алған қала басшысы Ермак Сәлімов жиналған көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлерге алғысын білдірді. 

- Құрметті семейліктер, ардақты ағайын! Елдік пен ерліктің, батырлық пен батылдықтың жемісі Жеңіс күні құтты болсын! Бұл күн халқымыздың мызғымас бірлігін, қайсар рухын, атамекен, туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Бұл соғыс әр отбасыға, әр азаматтың жүрегіне қаралы ізін қалдырды. Біз алдыңғы толқын ардагер ағаларымыздың, ұрыс даласында мерт болған батырлардың ерлігіне бас иеміз, тағзым етеміз. Баянды болашақ үшін жанын берген боздақтардың ерлігін біздер және болашақ ұрпақ мәңгі ұмытпаймыз. Ерліктің даңқы өшпейді. Сіздер жасаған ерлік мәңгілік біздің санамызда жаңғырады, жадымызда сақталады. Жеңіс пен бүгінгі жетістігіміз бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен қуатты, гүлденген Қазақстан мемлекетін құрдық. Бейбіт елде балаларымызды өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. «Қазақстан - 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын халық болып бірге іске асырудамыз. Семейліктер елдің кемел келешегі үшін Елбасының мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға өз үлесін қоса беретініне сенімдімін. Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалған бүгінгі күнде баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр тілеймін. Әр күндеріңіз тек махаббат пен қуанышқа, жылылыққа толы болсын! Егемендіктің еңсесі биік, тұғыры берік, ғұмыры мәңгілік болғай! Мерекелеріңізбен, қымбатты жерлестер! - деген ақжарма тілегін жеткізді қала әкімі Ермак Сәлімов.
Келесі ретте соғыс ардагері Ғабдулғазиз Ахмеров семейліктерді айтулы мерекемен құттықтап, өскелең ұрпаққа сенімін білдірді.
Сол бір отты жылдарда сұрапыл майданға Семейден 93 мың жауынгер аттанған. Оның 30 мыңнан астамы әртүрлі дәрежедегі орден, медальдармен марапатталды. 9 Мамыр – Жеңіс күні сол батырлардың ұл-қыздары, еңбек және тыл ардагерлерінің балалары мен немерелері неміс басқыншыларымен шайқасып, Отан үшін от кешкен соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қала әкімі бастаған бір топ азаматтар Мәңгілік алауды гүл шоқтарымен көмкеріп, бабалар рухына тағзым етті. Аспанға оқ атылып, өткен күнге құрмет көрсетілді. Шара соғыс жылдарындағы әуендер, Жеңіс, Отан тақырыптарын қамтыған әндер шырқалған концерттік бағдарламаға ұласып, кешке мерекелік отшашумен аяқталды.
Жеңістің туы желбірегеніне 73 жыл өтсе-дағы зұлмат жылдар тарихта қалады, ерлердің есімі еш уақытта ұмытылмақ емес. Ел басына күн туғанда халқының амандығы үшін жаумен күресіп, ажалмен бетпе-бет келген майдангерлердің ерлігін естен шығармау, олардың рухына бас ию - бүгінгі жастардың парызы. Жеңіс саябағына жиналған жұртшылықтың да ойы осы арнада тоғысты.

Жібек СЕРҒАЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57