«БІРГЕ ЖАРҚЫРАЙМЫЗ!» Семейде экологиялық фестиваль өтті

Астана қаласының 20 жылдығына орай, Семей қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектепте халықаралық «Бірге жарқыраймыз!», «Менің жасыл қалам Семей» экологиялық фестивалі өтті. Фестивальға қала әкімі Ермак Сәлімов, «Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту» қоры төрағасының орынбасары Татьяна Немцан, білім саласының мамандары, ұстаздар мен ата-аналар,  жастар қатысты. Айта кетейік, фестивальдың ұйымдастырушысы – «Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту» қоры және БҰҰ «Даму» бағдарламасы. 

Фестивальдың басты идеясы – ақылды технологияларды қалаларда тұрақты түрде дамыту, суды үнемді пайдалану, энерготиімділікті арттыру, тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау, балаларға төтенше жағдай кезінде жасалатын іс-қимылдарды үйрету.

- Астана қаласынан бастау алған фестиваль Семей шаһарында жалғасуда. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің де мақсаты экологиялық мәселелердің алдын алып, «жасыл» экономиканы дамыту болатын. Бұл – қоғамда «жасыл» экономиканы дамытып, экологиялық мәселелердің алдын алуға ықпал етері сөзсіз. Қоршаған ортаны қорғай отырып, біз болашағымыздың жарқын болуын қамтамасыз етеміз,- деп атап өтті Ермак Бидахметұлы.
- Астана, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Сәтбаев қалаларынан кейін алтыншы сіздердің шаһарларыңызға келіп отырмыз. Ары қарай еліміздің әр аймағында экологиялық фестиваль ретінде жалғастырмақпыз. Басты мақсат – оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар арасында экологиялық мәселені көтеру, экологиялық мәдениеттің деңгейін арттыру. Фестиваль өткен қалаларда 2-3 мыңнан астам адам атсалысты. Семей қаласының жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қоса, кәсіпкерлері де идеямызға қолдау танытып жатыр. Бұл тамаша,- деп атап өтті «Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды қолдау» қоры фандрайзинг департаментінің директоры Ермек Мажитов.
№3 орта мектептің оқушысы Ақнұр Серікқалиеваның айтуынша, ұлт саулығы жолында халықаралық шараның маңызы зор. «Қоршаған ортаның тазалығы мен таза ауасы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қолдау тапты. Елді, жерді көркейту, көгалдандыру халық денсаулығы үшін маңызды. Бұл - жай ғана экологиялық шара емес, өмірлік маңызы бар дүние. Жас ұрпақтың өнегелі бастамасы өміршең болсын,- деп атап өтті.
Бұл күні шеберлік сыныптары, шығармашылық зертханалар, қалдықтарды жинаудың және сұрыптаудың тиімді әдістері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Белсенділер Түйемойнақ аралынан бастап Ертіс өзенінің жағалауында сенбілік өткізіп, 500-ге жуық тал отырғызды.
Шара аясында мұғалімдердің ұсыныс-пікірлері де ескерілді. Қоршаған орта проблемасын экология пәні шеңберінде ғана емес, басқа пәндердің аясында оқытуды кіріктіру мәселесі қарастырылып жатқаны да айтылды.
Қорытындысында фестивальдың үздік қатысушылары «Бірге жарқыраймыз!» атты шараны ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетейік, еліміздің 16 қаласын қамтыған соң, фестиваль Армения елінде жалғаспақ.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

АЙДЫНДЫ АЛАКӨЛ: ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ

Жағасында Қабанбай атын суарған Алакөлдің айдынында армансыз жүзіп, демалғысы келетіндердің қарасы жыл санап көбейе түсуде. 18 мамыр, өткен жұма күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Үржар ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді.

Бәріңізге мәлім, өткен жылдан бері облыс әкімі Даниал Ахметов айдынды Алакөлді абаттандыру жұмыстарын мықтап қолға алған. Облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, көл жағалауына көңіл бөлініп келеді. Туристік кластерді дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аймақ басшысының қолдауымен биыл да жалғасын тауып, қомақты қаражат бөлінді. Биыл да Алакөл жағасындағы жұмыс ерте көктемнен басталды. Суға түсу маусымы ашылғанға дейін, яғни дәл қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарбалас жүріп жатыр. 

Алакөлдің ажарын аша түсуге ерекше мән беріп отырған Даниал Кенжетайұлының ауданға сапары демалыс аймағындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысудан басталды. Сондай-ақ облыста туризмді одан әрі жетілдіру және дамыту жөнінде кеңес өткізді. Айта кетейік, Алакөлге облыстық бюджеттен 4,5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда аймақ басшысы қаржыландыру мұнымен тоқтамайтынын жеткізді.
Алакөл жағалауын дамытуға бағытталған Бас жоспар бекітілген. Осы Бас жоспар негізінде жарықпен қамту, су тарту және жер бөлу мәселелері шешіледі.
Аймақ басшысы бұл сапарында көлге жақын маңда орналасқан Қабанбай ауылындағы Мәдениет үйі ғимаратының жөндеу жұмысымен танысты. Аталған мәдениет ошағын жаңғырту үшін тиісті қаражат та бөлінген болатын. Сондай-ақ тарихи-археологиялық мұражай ашу бағытындағы жұмыстар қолға алынды. Археологиялық ескерткіштер ел тарихы десек, Үржар өңірінен табылған мұндай құнды жәдігерлер жетерлік. Осы бағыттағы мұражайдың жұмысы, алдағы жоспарлар жайында баяндаған ШҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов болашақ мұражайға Үржар ханшайымы мен екі Алтын адам, Тарбағатайдың таңбалы тастары, Найманқала, Еміл қаласы бойынан табылған археологиялық жәдігерлер, ішкі көріністер қатарына әртүрлі нақыштағы экспонаттар қойылатынын жеткізді. Енді Алакөлге келген демалушы шипалы судың құдіретіне тәнті болып қана емес, ел мен жер тарихы жайындағы мол мағлұматқа қанығып, демалыс уақытында рухани тұрғыда байып та қайтатын болады. Алакөлде демалғысы келетіндерді жол азабы қинайтыны белгілі. Бұл орайда да биыл жақсы жаңалық бар. Биылдан бастап Алакөлге (Жалаңашкөл ст.) Өскемен мен Семейден пойыз қатынайды. Билет құны 2800 теңге. Қазіргі таңда Мақаншы мен Жалаңашкөл бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмысы қызу жүруде. Сондай-ақ Қарабұлақ пен Қабанбай ауылдары арасындағы 16 шақырым да жөнделеді.
Қабанбай ауылы мен Жалаңашкөл арасындағы жолдардың жөнделуі және Мәдениет үйін жаңғырту жұмыстары барысын «Ярус» ЖШС-нің басшысы Талғат Әділханұлы баяндап, қолға алынған істердің қыркүйек айында аяқталатынын нық сеніммен жеткізді.
- Алакөлге келген демалушылар мен шетелдік туристер еліміздің тарихымен де танысулары керек. Осы арқылы Елбасымыздың «Отандық туризмді дамыту» бағытында берген тапсырмасына үлесімізді қосып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы сатылық межелерді іске асырамыз. Ал мұражайға қатысты жобаның әлеуеті жоғары. Дегенмен толықтыру жұмыстарын жүргізіңдер,- деді Даниал Ахметов.
Демалыс аймағында облыс әкімінің тапсырмасымен «Турист инфо» деп аталатын ақпараттық орталық құрылды. Орталықта көл жағасындағы демалыс үйлері жайлы ақпараттар мен Алакөл суының емдік қасиеттері туралы мағлұматтар жинақталған. Сондай-ақ бағыт-бағдары көрсетілген карталар да қолжетімді. Барлық ақпараттар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде болады.
- Алакөл - xалқымыздың байлығы, табиғаттың бізге берген сыйы. Ендеше, ол xалықаралық стандартқа сай болуы тиіс. Қызмет көрсету деңгейін көтеру үшін жұмыла әрекет ету қажет. Бұдан былай жағалауға жоғары деңгейдегі жайлы әрі сәнді қонақ үйлер салатын кәсіпкерлерді ғана тартамыз. Біздің алға қойған мақсатымыз - қазақстандық туристердің ғана емес, шетелдіктердің де осы бірегей аймаққа қызығушылығын арттыру. Демалушыларға аймағымыздың көркін тамашалауға ғана мүмкіндік жасап қоймай, қазақ деген халықтың қонақжайлығын, мәдениетін, бүгінгі әлеуетін көрсете білуіміз керек,- деп қорытындылады Даниал Ахметов.
Бұдан кейін облыс әкімі орталық Арбаттағы атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, оң бағасын берді. Жол төсеніштері жайылып, субұрқақтар қойылатын орындарда қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Жаяу жүргіншілер аймағында тамақтану орындары, балалар ойнайтын алаңдар және спортпен айналысатын орындар жабдықталуда. Бұдан басқа қолжетімді таза ауыз су, дәретхана модульдері де құрылуда.
Орталықта шығармашылық кештер, сахналық қойылымдар мен би кештерін өткізуге арналған үш деңгейлі шатыр орнатылады. Көше бойына ағаштар мен гүлдер де отырғызылып, көл жағасының көркіне көрік қосады деген жоспар бар. Сонымен қатар жағалауда инженерлік коммуникация желісін тарту жұмысы жүргізіледі.
Жаяу жүргіншілер аймағын аралап, жұмыс барысына бағасын берген Даниал Ахметов барлық ғимараттарды тәртіпке келтіруді, әсіресе өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық нормалардың сақталуын тексеруді ерекше тапсырды. Ал уақытша ғимараттар иелерінің тиісті құжаттарының бар-жоғы қатаң бақылауда болады. Сонымен қатар аймақ басшысы санитарлық тазалыққа жатпайтын бірде-бір кәуап пісіретін орын сырт жақта болмайтынын, сондай-ақ жобаға кірмеген, ешқандай талапқа сай емес демалыс үйлері, мейрамханалар, кафелер, асханалардың құрылысы тоқтатылатынын баса айтты.
- Заман талабына сай, көңілге қонымды жоба болмайынша, ешкімге құрылысты бастауға рұқсат берілмейді. Бірде-бір шаршы метр жер дұрыс жасалған жоспарсыз бөлінбейді. Заманауи жеке архитектуралық көрінісі бар сауықтыру орталықтарын көрсетіңіздер, енді жобалардың қабылдануын өз бақылауыма аламын. Көл жағалауында сапасы нашар және арзан материалдардан салынатын үйлердің құрылысын тоқтататын уақыт келді. Тәртіп пен талап қатаң болуы қажет,- деді облыс басшысы.
Демалушылардың қауіпсіздігі де аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Нақтырақ айтсақ, моторлы қайықтар мен скутерлер белгіленген орындарда ғана болады. Жағалауға жақын жүзбеуі керектігін ескерткен Даниал Кенжетайұлы жерге заңсыз иелік еткен кәсіпкерлерден оны реституция бойынша қайтаруды тапсырды. Бүгінгі таңда жағалаудағы көлеңкелі бизнеспен күрес қарқын алды.
Үржардағы сапарын облыс әкімі Даниал Ахметов облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары және кәсіпкерлердің қатысуымен өткен ауқымды жиынмен қорытындылады. Жиында Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдин атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы баяндады.
- Алакөл жағалауын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына алдағы үш жылға 4 млрд. 363 млн. теңге қарастырылған. Биылғы жылы 2 млрд. 511 млн. теңгенің жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Атап айтқанда, Мақаншы - Жалаңашкөл автокөлік жолын орташа жөндеу, Қарабұлақ - Қабанбай бағытындағы жолды жөндеу, Қабанбай ауылындағы Мәдениет үйін қайта жаңғырту жұмыстары, «Мақаншы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының материалдық-техникалық базасын кеңейту. Сол сияқты қуат көзін реттеу үшін Алакөлге екі трансформатор қойылса, тоқ жиілігін арттырып, жарықтың өшуін тоқтатады. Жоспар бойынша саябақты жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, қоршаулар да қойылмақ. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 жоба субсидияланып, 2 жоба рұқсатын алса, қалғандары несиелендірілді. Бірнеше жер телімі қайтарылды. Былтырғы жылы талапқа сай емес деп табылған 24 демалыс үйі ашылмады. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүйелі жүріп жатыр,- деді Серік Зинабекұлы өз сөзінде.
Осы ретте Даниал Ахметов:
- Алакөл жағасын жақсартуға байланысты шаралар қолға алынбаған аумақтардағы жерді мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынамын,- деді. - Мен барлық кәсіпкерлерді өздерінің заңды міндеттерін орындауға және салықтық қарыздарын төлеуге шақырамын. Ағымдағы жылдың маусымынан бастап демалушыларға жасалған жағдай қолайлы ма, жоқ па, бақылауға алынады және олардың нақты саны да бекітіледі.
Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабеков, ШҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Мадияров, облыстық сәулет және құрылыс бөлімін бақылау басқармасының басшысы Дмитрий Гариков Алакөл аумағындағы қазіргі жағдайды баяндап, әр сала бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Аймақ басшысы бұл сапарында өткен жылдан бері ерекше түрленіп, көркейген Алакөл жағасында биыл атқарылған жұмыстармен толық танысып шықты. Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, Үржар өңірінде жан жадыратар жақсы істер көп. Қай істе болмасын қатаң тәртіп пен тазалықты басты назарда ұстайтын, осы ауданға басшылыққа келген бес жылға жуық уақытта талай жарқын істердің ұйымдастырушысы болып жүрген Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің жұмысына облыс әкімі жоғары баға берді.

Нұрсұлтан ЕСЕМБАЕВ

 

«ПАРИ САН-ЖЕРМЕН» ЖЕҢІМПАЗДАРДЫ КҮТЕДІ

Елімізде «Бауыржан» қорының ұйымдастыруымен «Цеснабанк» АҚ, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның Футбол федерациясының қолдауымен еліміздегі балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасындағы «Арманыңа жақында» атты футбол чемпионаты басталды. Жеңімпаз команда «Пари Сен-Жермен» футбол клубы ойыншыларымен кездеседі. Осы ретте апта басында Семейде іріктеу ойындары өтті. Жеңімпаз команда Алматыдағы республикалық топтық ойынға жолдама алады.

Турнирді ұйымдастырудың басы - қасында жүрген «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айдос Төлеуханов: 

- Әлемнің мықты деген футбол клубына жолдама алу – еліміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне осымен алтыншы жыл беріліп отырған мүмкіндік. Алты жылда «Арманыңа жақында» жобасы 11 мен 14 жас аралығындағы 2 мыңға жуық жасөспірімді футболға баулып, спортқа деген құштарлықтарын арттырды,- деп атап өтті.
Іріктеу матчы Семейде қаладағы №8 балалар үйі мен Бородулиха ауданындағы Жаңа Шүлбі балалар үйінің 2003 - 2007 жылы туған тәрбиелеушілері арасында өтті. Бородулиха ауданындағы Жаңа Шүлбі балалар үйінің тәрбиеленушілерін бастап келген жаттықтырушы Ринат Айтқожин: - Қазақстанның балалар үйінің 56 тәрбиеленушісі әлемнің атақты футбол клубтарында қонақта болып, әлемдік футбол ойыншыларымен кездесті. 2013 жылдың жеңімпазы Есіл қаласының №2 балалар үйінің тәрбиеленушілерінен құрылған команда «Барселона» футбол командасымен кездесіп, «Камп Ноу» стадионында болды. 2014 жылы Алматы облысының №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Миланға барып, «Миланелло» базасында, ал 2015 жылы Қарағандының «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері «Бавария» мен «Реал - Мадрид» арасындағы ойынды қызықтады. Қостанай облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері 2016 жылы «Атлетико Мадрид» жаттығу базасында болды. Өткен жылы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушілері екінші мәрте чемпион атанып, «Чесли» клубында қонақта болды.
Біздегі тәрбиеленушілер футбол арқылы өмірден өз орнын таба алса, ұстаз үшін сол қуаныш емес пе,- дейді.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

50 ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Семейде «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үйлерді салу жалғасуда. Бүгінде шаһардың жаңа «Ақсай» ықшам ауданында алғашқы үш үйдің құрылысы басталып кетті. Бұдан бөлек аталмыш бағдарлама аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ көп қабатты 8 тұрғын үй салып жатыр. Бұл туралы сәрсенбі, 16 мамыр күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызметкерлері баспасөз мәслихатында айтты. 

«Ақсай» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамыту атты пилоттық жобасы аясында салынып жатыр. Бұл үйлердің шаршы метрінің бағасы 120 000 теңгені құрайтын болады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қызметкерлерінің айтуынша, жеке тұрғын үйлерді жергілікті әкімдікте жер кезегінде тұрғандар ала алады.

- «Нұрлы жер» бағдарламасы жеке тұрғын үйлер және көп қабатты тұрғын үйлер бағыттары бойынша жүзеге асып жатыр. Алғашқы бағыт бойынша, үміткер жерді мемлекеттен тегін алады, бірақ сол жер теліміне салынған үйді сатып алуы керек. Оны бағдарламаға қатысушы өз қаражатына немесе «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жеңілдетілген несие арқылы ресімдеп ала алады. Ал көп қабатты 8 тұрғын үйдің құрылысы Қарағайлы ықшам ауданында жалғасуда,- деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның тұтынушылармен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Меруерт Ахметуллина.
Оның сөзіне сүйенсек, «Ақсай» ықшам ауданында жеке тұрғын үйлерді салу үшін 60 жер телімі бөлінсе, оның 50-і жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жеке тұрғын үйлерді салу ісімен «Сәт Транс» ЖШС, «Өркен» ЖШС және «Семей Асбест-Цемент бұйымдары» зауыты айналысуда.
Қарағайлы ықшам ауданында салынып жатқан 8 тұрғын үйде барлығы 486 пәтер бар. Олардың 1 шаршы метрінің құны 140 000 теңгені құрайтын болады. Пәтерлер қалалық әкімдікте жер кезегінде тұрғандарға және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшыларына қолжетімді болмақ. Жеке тұрғын үйлер де, көп қабатты тұрғын үйлер де 5 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға жалға беріледі.
- Қарағайлы ауданында 54-57 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтердің орташа құны 7 млн. теңгені құраса, 3 бөлмелі пәтерлер 9 млн. теңгеден басталады. Ай сайынғы төлем 31-75 мың аралығында. Қазір Қарағайлы ықшам ауданында Назарбаев Зияткерлік мектебі жұмыс істеп тұр. «Абай Арена» кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Әлеуметтік мекемелер, мектеп, балабақша салынуда. Сондықтан Қарағайлы ықшам ауданындағы үйлер халық сұранысына ие болады деп ойлаймыз,- дейді М.Ахметуллина.
Семей қаласындағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Мира Конопья банктің «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бастапқы жарнаны 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету туралы бастама көтергенін атап өтті.
- Бұл өзгеріс несиенің жылдық мөлшерлемесіне әсер етпейді. Ол бұрынғысынша 5% деңгейінде қала береді. Бастапқы жарнаны төмендетуге қатысты мемлекеттік бағдарламаға енгізілетін өзгерістер жақын арада күшіне енеді деп күтеміз. Нәтижесінде әлеуметтік тұрғын үйден үміткер азаматтардың саны артатын болады. Қазір баспаналы болсам деген 30000-нан астам семейлік «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшысы болып отыр. Олар «baspana.kz» порталынан ұнатқан пәтерін таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш бере алады. Тұрғын үй сатып алушылар қатарына мемлекеттік бағдарлама талаптарына сай келетін және жоғары балл жинаған адамдар өтеді, - деп түсіндірді М.Конопья.
Сонымен қатар ол банктің 2016 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы Аймақтық тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысқанын атап өтті. Бұл жоба аясында көп қабатты 11 тұрғын үй бой көтерген. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 500 салымшысы қолжетімді бағамен осы нысандардан пәтер сатып алған.
Айта кетейік, қазіргі күні Семейде жер телімін алу үшін 20 мыңнан астам адам кезекте тұр.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

МЕКТЕПТЕРДЕГІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ: САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өткен жексенбі күні қаладағы жалпы орта білім беретін мектептерде жоспарланған ағымдағы және күрделі жөндеу жүріп жатқан мектептерде болды.

Алдымен № 2 орта мектепке барған Ермак Бидахметұлы білім ордасының сыртындағы жұмыстардың берекетсіздігіне сын айтып, тез арада ретке келтіруді тапсырды. 1965 жылы салынған мектептің кейбір кабинеттерінде еден төмен түсіп, соның салдарынан қабырғаларда жарық сызықтар пайда бола бастаған. Жағдаймен танысқан қала басшысы бірінші кезекте қажет жұмыстарға қаражат бөлінетінін жеткізді.
Бұдан кейін №28 орта мектептің шатырын ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан күрделі жұмыстармен танысып, жауапты кәсіпорын жетекшісіне қосымша тапсырмалар берді. Айта кетейік, аталған мектепке шатырды жаңадан салуға 59 млн. теңге, жылу жүйелерін ауыстыруға 8 млн. теңге, ағымдағы жөндеуге қосымша 6 млн. теңге бөлінген.
Бұдан кейін де бірнеше білім ордаларында болған қала әкімі жоспарланған жұмыстармен танысып, күрделі және ағымдағы жұмыстарға қосымша қаржы бөлінетінін айтты.
Мектептерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары оқу бағдарламасына кедергі келтірмей, бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жалпы, осы жылы білім бөліміне қарасты мекемелерге күрделі жөндеуге 213 млн. 677 мың теңге, ағымдағы жөндеуге 301 млн. теңге бөлініп отыр.

Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57