ДОСТЫҚТЫҢ МЕРЕКЕСІ

Жексенбі күні Семейде Сабантой мерекесі өтті. Шығыс Қазақстан облыстық татарлар қоғамы орталығы ұйымдастырған мерекеге қала әкімі Ермак Сәлімов, ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, өңірлерден келген қонақтар мен қала тұрғындары қатысты.

Сабантой – түркі халықтары үшін ортақ еңбек мерекесі. Көктемгі егін егу жұмыстарының аяқталуына арналған халықтық мереке есте қаларлықтай көңілді ұйымдастырылды. Мереке барысында жиналғандар татар халқының белгілі ақыны Ғабдолла Тоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов:
- Халықты береке мен ынтымаққа бастайтын Сабантой мерекесі бүгінде жалпыхалықтық сипат алып, елге ортақ қуаныш әкеліп отыр. Ең бастысы, халықтар арасында достық пен өзара татулықты қалыптастырады, - десе, ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева: - Сабантой арқылы біз бірегей салт-дәстүрлерді жастарға көрсете аламыз. Алдағы уақытта олар да осылай құрметтесе дейміз. Шараға, қалалықтармен қатар, облысымыздың өзге де өңірлерінің тұрғындары қатысқаны көңілге қуаныш ұялатады. Мейрам адамдарды өзара біріктіріп, ынтымағын арттырады. Сондықтан осындай мерекелер құлашын кеңге жайып, барлық өңірлерде жалғасын тапса дейміз,- деп атап өтті.
Мереке барысында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты дамытуға үлес қосқан белсенділер облыс, қала әкімінің грамоталары және алғыс хаттармен марапатталды. Биыл Сабантой мерекесін лайықты түрде атап өту мақсатында облыстық Достық үйінен 1млн. 200 мың теңге қаржы бөлініпті. Шара барысында көрермендер назарына «Халықтар достығы» флэшмобы ұйымдастырылып, Астана қаласының 20 жылдығына орай, 20 шар мен 20 көгершін көкке ұшырылды. Ортақ мақсатқа жұмылдыратын мерекені тойлауға келген тұрғындар татулық пен бірлікке үндейтін мейрамның маңызы зор екенін айтады. Концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар, байқаулар мен спорттық жарыстар мерекенің маңызын арттыра түсті. Қазақ пен татар халықтарының тарихы мен мәдениеті, рухани құндылықтары мен салт-дәстүріндегі ұқсастықтар екі елдің туыстығын білдіреді. Сондықтан маңыздылығы жыл өткен сайын артып келе жатқан Сабантой елімізде түрлі ұлттардың басын біріктіретін бейбітшілік пен достықтың мерекесі ретінде аталып өтуде.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

ӨЗ ҮЙІМ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ

22 маусым күні қаланың Пристань аумағындағы көктемгі орын алған төтенше жағдайда баспаналары тұруға жарамсыз болып қалған екі отбасыға пәтер кілттері табысталды. Сейіт Жұмаділов ақсақалдың және Марат Зайкеновтің отбасына Жас Алаш, 6 «А» мекенжайындағы жаңадан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйден екі және үш бөлмелі пәтер берілді. Қос отбасының қуанышына қала әкімі Ермак Сәлімов те ортақтасып, пәтер кілтін табыс етті. Айта кетейік, үйлері тұруға жарамсыз деп танылған екі отбасыға баспана құнын бағалау мен пәтерді іздестіруді қала әкімдігі өздеріне сеніп тапсырған болатын.

- Қала әкімі Ермак Сәлімов бастаған азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Қала басшысы көктемгі су тасқыны кезінде ешкім де назардан тыс қалмайды деп айтқан еді. Міне, екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз,- дейді бұрынғы Портовый көшесіндегі 44 үйдің тұрғыны Сейіт ақсақал. 

Пәтерге қол жеткізген екінші отбасы - Марат Зайкеновтің жанұясы. Бұрын Затондағы Крайняя көшесіндегі 35 үйде тұрған Мараттың отбасы қуаныштан көңілдері толқып жүр.
- 29 наурыздан бері «Семей» қонақ үйін паналадық. Құжаттарымызды жиыстырып, осы үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. «Өз үйім - өлең төсегім» деп қатты қуанып жатырмыз,- дейді отағасы Марат Зайкенов.
Қала әкімі Ермак Сәлімов қуаныш иелерін жаңа қонысымен құттықтады.
- Бүгінгі күні су басқан аудандарда баспаналарды қалыпқа келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Пристань және Затон аудандарында 205 үй зардап шекті. Оның ішінде 9-ы апатты деп танылды. Бүгінгі күні 8 отбасы жаңа үйге қоныс аударып үлгерді. Қуаныш иелері баспананы өздері таңдады. Үйлер республикалық бюджет есебінен сатылып алынды. Ал Бобровка саяжайындағы үйлерді әкімшілік бюджеттен тыс қаражатқа жөндеп беріп жатыр. Бүгін пәтер кілтін алған қос отбасыға шаңырақтары тек қуанышқа толы болсын демекпін,- деді Ермак Бидахметұлы.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ

КӨПТЕН КҮТКЕН ҚУАНЫШ

Семейде 10 жылдан бері тоқтап тұрған мешіт құрылысы қайта жанданбақ. Шаһардағы аспалы көпірдің жанындағы айналмалы жолдың қақ ортасынан орын алған мешіттің құрылысын Алматыдағы «TAS Group» компаниялар тобының директоры Тұрсын Тастекеев пен ұлы Дулат Тастекеев қолға алды. Осы игілікті іске орай, сейсенбі, 19 маусым күні құрылыс алаңында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов әкелі-балалы атымтай жомарт азаматтармен жүздесті.   

Тарбағатай өңірінің тумалары Тұрсын Тастекеев пен ұлы Дулат Тастекеев осыған дейін де аталған ауданның Екпін және Ақсуат ауылдарында мешіт тұрғызып, көпшілік алғысына бөленген еді. Енді, міне, бір кездері Орталық Азиядағы бірегей мешіттердің бірі болады деген Семейдегі аяқталмаған нысанның құрылысын қолға алып отыр. Аумағы 3 гектарға жуық жерді қамтып жатқан рухани орталық бір мезгілде екі жарым мың адамның ғибадат етуіне арналған. Сонымен қоса мың көлікке арналған автотұрақпен де қамтылмақ.

Әкелі-балалы Тастекеевтердің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңында мәресіне жетіп, рухани орталық халық игілігіне беріледі. Мешіт құрылысы 500 млн. теңгеге бағаланып отыр.

- Шаһардың архитектуралық сән-салтанатына өзіндік үлесін қосып қана қоймай, сонымен қатар халықты, жастарды имандылыққа  баулуда мешіттің орны ерекше. Көптің көңілі, халықтың ықыласы, ақсақалдардың берген батасы мешіт құрылысының жылдам басталуына әсерін тигізді деп ойлаймын. Шындығында, осы мешіт құрылысын жандандыру көптен бері ойымызда жүрген іс еді. Шаһардың қақ ортасында қаңырап тұрған бос ғимаратты көрген сайын жүрегіміз ауыратын. Отбасымызбен ақылдаса келе, тәуекелге бел буып, мешіт құрылысын жалғастыруды жөн көрдік. Сәтін салып, Алланың қалауымен, бүгін сүйікті қаламыз Семейде үлкен игілікті іс басталып отыр. «Көп жұмылса – көл» дегендей, барлығымыз күш біріктірсек, діттеген мақсатымызға тез жетеміз,- дейді Тұрсын Тастекеев.

2008 жылы бой көтерген нысанның мердігерлері осы уақыт аралығында бірнеше мәрте ауысып үлгергенін қала халқы жақсы біледі. Олармен бірге мешіттің жобасы да өзгеріп тұрды. Алайда қаржының жетіспеушілігінен олардың ешқайсысы құрылысты діттіген жеріне жеткізе алмаған.

- Халықпен кездесулерде мешіт құрылысы аяқталса екен деген тұрғындар тілегі көп айтылатын. Осы уақытқа дейін көптеген инвесторлармен тілдесіп, кездестім. Олардың арасында Сауд Арабиясының, Түркияның, Ресейдің инвесторлары болды. Алайда нәтижесі барлығыңызға мәлім. Жарты жыл бұрын Тұрсын Тастеекев мырзамен жолығып, жобаны ақылдастық. Қуанышты хабарға бөркімізді аспанға атып қуандық десек те болады. Қуанышты күндеріміз көп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді шаһар басшысы Ермак Сәлімов.

Мешіттің бұрынғы құрылысында бетон құрылымдар көп болса, қазіргі бас мердігер «AHTAS Construction» құрылыс компаниясымен бірлескен жобада металл және темір  конструкциялар қолданылмақ.

- Мешіттің іргетасын бұзу ысырапшылдық болады. Сондықтан қолда барды ұқсатып, әрі қарай жалғастырамыз. Төрт мұнарасын темірден қоямыз. Ал сырты сары кірпішпен қапталады. Осы іске бекінгенімізді естігенде, құрылыс заттарын тегін береміз деген кәсіпкерлер де табылды. Қала халқы да азды-көпті қаржылай көмектерін әкеліп жатыр. Бәрін түртіп алдық. Көпке жарияламасақ та, олардың есімдері тарихта қалады деп ойлаймын,- дейді Дулат Тастекеев.

Айта кетейік, бұл нысан шаһардағы 13-ші мешіт болмақ.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ЖЫЛҒА ДА ЖЕТПЕДІ...

Өткен жылдың күзінде Ертіс жағалауында екі жылға созылған абаттандыру жұмыстарының тамамдалып, каскадты субұрқақтың іске қосылуы семейліктер үшін қуанышты жаңалық болған еді. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі жылдың мамырында ғана қайта іске қосылады деп жоспарланған субұрқақ маусым айы орта шеніне жетсе де әлі өшірулі. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаевтың айтуынша, бұған себеп - мердігер компанияның жұмысына салғырт қарауы.

 Техникалық жұмыстар барысында бірқатар кемшіліктер жіберілгендіктен, айналасын суға малшыған фонтан тұрғындар наразылығын тудырған. Осыған орай, қазір қала әкімі Ермак Сәлімовтің қаулысымен арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілуде. Комиссия мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Рафаэль Хазиповтың сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні мердігер компания орын алған келеңсіздіктерден толық хабардар. Нысанның пайдалануға берілгеніне бір жыл енді болғандықтан, олар барлық шығынды өз есептерінен өтеуге міндетті.

- Мәрмәр тақтатастардың бір-біріне жапсарлас бөліктерінің алшақ орналасуына  байланысты су жан-жаққа жайылған. Бұдан басқа да кемшіліктер көп. Субұрқақ құрылысына табиғат жағдайларына төзімді материалдарды қолдану керек еді. Іске қосылғанына бір жыл ғана болғанына қарамастан, нөсер мен өзге де табиғи құбылыстарға шыдас бермегені сондықтан,- деген қалалық мәслихат депутаты аталған аумақтағы балалар алаңының да қауіпсіздік ережелеріне сай емесін айтып өтті. 

Мердігер компания, каскадты субұрқақтан бөлек, Ертіс жағалауын абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстарын да қоса атқарған.

- Субұрқаққа қатысты мамыр айында қала тұрғындарынан арыз-шағымдар келіп түсе бастады. Соған орай қала әкімінің қаулысымен құрамына ТҮКШ қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары енген арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады. Екі жақтың ортақ келісімшартына сай, мердігер компания бір жыл ішінде орын алған кемшіліктерді қалпына келтіруге міндетті. Олай етпеген жағдайда, біздің сотқа шағымдануымызға құқығымыз бар. Негізгі ақау субұрқақ төсеніштерінен туындап отыр,- дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев.

Айта кетейік, Ертіс жағалауын абаттандыруға 345 млн. теңге бөлінген болатын.

 Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

COWORKING ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Семейде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Coworking орталығы ашылды. Абай атындағы әмбебап кітапханада пайдалануға берілген Коворкинг орталығы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда жастардың бос уақыттарын мәнді өткізуге жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылған. Орталықтың ашылуына ШҚО бойынша «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зульфия Жамалтдинова, ШҚО кәсіпкерлер палатасы Семей қаласындағы филиалының басшысы Ардақ Әділжанов және халық қалаулылары мен студент жастар қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының партиялық жаңғырту тапсырмалары шеңберінде пайдалануға берілген орталықта жастар шығармашылық ойларын жүзеге асырып, түрлі форматтағы кездесулер, семинарлар мен конференциялар өткізуге мүмкіндік алып отыр. Бұған қоса жастар мұндағы интернет желісін, ұйымдастыру техникаларын тегін пайдаланатын болады. 

- Осыдан біраз уақыт бұрын «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Саяси бюро кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда партияны жүйелі түрде жаңғыртуға қатысты жұмыс барысы талқыланды. Осының аясында Президент облыс әкімдеріне, партияның орталық аппаратына бірқатар тапсырмалар берген-ді. Жүктелген тапсырмалардың бірі - барлық облыстарда, аудандарда, қалаларда балалардың компьютерлік білімдерін жетілдіру үшін арнайы IT-сабақтар жүргізілетін сыныптар ашу. Биылғы жылдың өзінде Қазақстан бойынша 1 мың IT-сыныптарды ашу жоспарланып отыр. Оның 58-і ШҚО-да 2018-2019 жылдары ашылады. 22 сынып биыл пайдалануға беріледі. Партия Төрағасының тікелей нұсқауымен қолға алынған осындай жаңғырту жобалары аясында Семейдің Абай атындағы кітапханасында Коворкинг орталығы ашылды. Партиялық жобалардың қажеттілігін терең түсініп, кітапхананың бір залын орталық ашу үшін беріп отырған кітапхана басшылығына үлкен рақмет. Біз қазір төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында тұрмыз. Сондықтан заман ағымынан қалуға болмайды. Бұл жастарымыз үшін өте қажет. Сондықтан Елбасы осындай үлкен бағдарламаны партияның жобасы ретінде ұсынып, жүзеге асыруды тапсырып отыр. Бұған қоса кітапханалардың жаңа бағыттағы жаңа тынысы ашылғандай. Мұнда жастар көп келіп, оқырмандар көбейетін болса, кітапхана жүйесінің абыройын арттыра түспек,- дейді ШҚО бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Орталық компьютерлік аймақ, конференциялар мен семинарлар өткізу, демалу сынды үш алаңға бөлінген. Мұның барлығы заман талабына сай жасақталған. Алдағы уақытта қосымша қажетті техникалармен, құрал-жабдықтармен жарақталатын болады. Осыдан кейін Коворкинг орталығы Ұлан, Бесқарағай аудандарында, облыстық Пушкин атындағы кітапханада ашылмақ.
P.S. «Coworking» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «бірге жұмыс істеу» дегенді білдіреді. Яғни жұмыс істеуге, іскерлік кездесулер мен түрлі іс-шаралар өткізуге ұсынылатын «коммуналды кеңселік» жабдықталған орын. Әлемдік деңгейде енгізілген бұл жүйенің қазақ еліне ене бастағаны, Коворкинг орталығының Семейде ашылуы қала жастары үшін, оқырмандар үшін жақсы жаңалық болды. Бұл, бір жағынан, студенттер мен мектеп оқушыларының оқудан тыс уақыттарын өткізетін зияткерлік демалыс орны болса, екінші жағынан, кітапхананың қызмет көрсету деңгейінің еуропалық тәжірибеге негізделуіне жол ашады.

Жібек СЕРҒАЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57