«АЙЫМ» БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ЕСІК АШТЫ

Семей қаласында соңғы жылдары мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде салынған балабақшалардың көптеп ашылып жатқанын анық аңғаруға болады.   Тәуелсіздік мерекесінен бері шаһарда үшінші балабақша есігін айқара ашты.   Заманауи үлгідегі балабақшалардың бірі - 27 желтоқсан күні лентасы қиылған  «Айым» балабақшасы.

Жоба бойынша, балабақша 400 балаға арналып, 16 топқа бөлінген. Соның ішінде 3 топ, яғни 61 орын мемлекеттік тапсырысқа берілген. Оқыту тілі – аралас: қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Ай сайынғы төлем құны 10 200 теңгені құрайды. Балабақшаның ашылу салтанатына арнайы келген ШҚО Білім басқармасының басшысы Айжан Садықова мен қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова балабақша лентасын қиды. Бұдан кейін бір топ қонақтар мен ата-аналар балабақшаны аралап, кабинеттерді көрді. Мұнда спорт, музыка, медициналық, әдістемелік, логопед және психолог кабинеттері бар және әр сала бойынша арнайы мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ балабақша ішінен хореография, бейнелеу өнері мен ағылшын тілін үйрететін курстар да ашылған. Педагогтердің айтуынша, балдырғандар мұнда  «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» секілді мектепке дейінгі оқу бағдарламаларын меңгереді, сондай-ақ арнайы курстарға жазылуға да мүмкіндіктері бар.

- Биыл ШҚО бойынша ашылған жекеменшік балабақшалар саны 19-ға жетті. Соның ішінде Семей қаласы да бар. Сол 19 балабақшаның барлығы жекеменшік нысандар. Тек Риддер қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бір ғана мемлекеттік балабақша ашылады, бұйырса, Жаңа жыл қарсаңында пайдалануға беріледі. Білім саласына арналып мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп жатыр,- дейді ШҚО білім басқармасының басшысы Айжан Сыдықова.

Айжан Ерханқызының айтуынша, мемлекеттік және жекеменшік әріптестігі аясында, сондай-ақ «Балапан» бағдарламасы шеңберінде  де осындай нысандар көптеп ашылуда. Қараша айында өткен Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі де осы мәселені талқылап, келесі жылы мемлекеттік тапсырысты бір жылдан үш жылға дейін созу туралы нормативтік-құқықтық құжат қабылдауды қарастыратынын айтқан еді. Бұл - жекеменшік балабақшалардың  дамуына, кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен көмек. Сонымен қоса 2017 жылы балабақша қызметкерлері мен тәрбиешілерінің, педагогтерінің біліктілігін көтеруге арналған оқу курстарына  республикалық бюджеттен  қаражат бөлінеді деп жоспарлануда.

Балабақша жұмысымен танысқаннан соң қонақтар бүлдіршіндердің өнерін тамашалады. Қазіргі күні «Айым» балабақшасында 9 педагог, 6 тәрбиеші жұмыс істейді. Айта кетейік, балабақша Кұтжанов көшесі, 72 «Б» мекенжайында орналасқан.

 

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

Семей қаласы