СЕМЕЙДЕГІ КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

 

 

 

 

Семей қаласындағы Көлік көлледжінің абыройы асқақ. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 88 жылдық тарихы бар колледждің 2 курс студенті Мирас Тынысбеков самбодан жасөспірімдер арасында Кипр мемлекетінің Лимоссол қаласында өткен Әлем чемпионатында қола медаль иеленді. Әлемге қазақ елін танытқан жас балуанның құрметіне 19 желтоқсан күні Көлік колледжінде салтанатты шара өтті.

 

11-12 желтоқсан күндері Кипрде өткен әлем біріншілігінде 24 елдің үкілеген үміттері бақ сынасқан. Қазақстан намысын бес қыз, бес ұл қорғаса, оның үшеуі семейліктер.

- Бұл жарысқа іріктеу Түркістан қаласында өтті. Біздің семейлік құрама командамыз 3 алтын, 2 күміс, 4 қола иеленіп, командалық есепте 1 орынды жеңіп алды. Әлем чемпионатына жолдама алған 3 жасөспірім Лимоссол қаласында 2 қола 1 күміс байлады. Екі күнге созылған байрақты бәсеке тартысты өтті. Қатысушылардың барлығы дерлік дайындықпен келген. Соған қарамастан, біздің спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді,- дейді ШҚО –ның аға жаттықтырушысы, Семей қаласының №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінің жаттықтырушы Біржан Имаханов.

Әлем біріншілігінде 46 келі салмақта қолаға қол созған Мирас 9 жасынан бастап спортқа ден қойған. Бұл додаға дейін елімізде самбо күресінен өткен жарыстарда сан мәрте қарсыластарынан басымдылығын байқатып, жүлдегер атанған. Жаттықтырушысының айтуынша, жасөспірімнің бойында нағыз чемпионға қажет қайсарлық пен мұқалмас жігер бар. Ал еңбекқорлығы өз алдына.

- Мирас 7 жылдан бері самбо күресімен айналысады. Самбо ғана емес, қазақ күресінен, дзюдо күресінен бағындырған белестері де баршылық. Жас спортшының алар асуы әлі алда. Ең бастысы Мирастың бойында қазақ баласына тән жігер мен намыс бар. Жалпы, спортшыны қайсарлығы мен еңбекқорлығы, шапшаңдығы жеңіске жетелейтіні сөзсіз. Ең бастысы ол қарапайымдылықты жақсы көреді әрі кішіпейіл. Әдіс-тәсілдерді оңтайлы қолдана алатын өзіндік шеберлігі өз алдына. Бойында мұндай қасиеттер барда Мирас әлі сан мәрте әлемдік додаларда Тәуелсіз еліміздің Әнұранын әуелететіндігіне сенім мол,- деген Біржан Имаханов спорт мектебінде дайындалатын жастар аталмыш колледжде біліммен қаруланып жатқандықтарын атап өтті, - Семей қаласының №1 мамандандырылған олимпиадалық резервтегі  спорт мектебінің спортшылары Көлік көлледжінде білім алуда. Сол балаларды қанаттандырып, қолдау танытып, оқу мен спортты қатар алып жүрулеріне жағдай жасап, әрдайым ақ батасымен жарысқа шығарып салатын колледж директоры Шаған Манапұлы Жұмақсановқа айтар алғысым шексіз. Бізге құрмет көрсетіп, жеңімпаз студенттерін қошеметтеп отырған білім ордасының ұжымына ризамыз.

Салтанатты шараға Көлік колледжінің басшылығы, студенттері мен оқытушылары қатысты. Ақ тілегін білдірген оқу орнының директоры Шаған Жұмақсанов студенттің  жеңісін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту деп бағалады.

-Құрметті студенттер! Өздеріңмен қатарлас, орталарыңызда жүрген достарың Мирас Әлем чемпионатында еліміздің абыройын асқақтатып қайтты. Мирастың жеңісі колледждің ғана мақтанышы ғана емес, облысымыздың, қала берді еліміздің мақтанышы. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында  еліне үлкен сый жасады деп білемін. Ішкі және сыртқы саясаты жолға қойылған, бейбітшілік орнаған, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарыштап дамыған мемлекет болғандығымыздың арқасында осындай дәрежеге, жеңіске жетіп отырмыз, - деп жағымды жаңалықты  жеткізген Шаған Манапұлы жеңімпазды құттықтап, ел абройын асқақтата беруін тіледі. Жеңімпазға сыйлық ретінде тегін оқудың сертификатын табыстады. Бұрын ақылы бөлімде оқыған студент үшін бұл үлкен сыйлық екендігі сөзсіз.

- Мирас, балам! Әрдайым жеңіс тұғырынан көрін. Еліңнің абыройын асқақтата бер! Колледж басшылығы ақылдаса келе, саған 400 мың теңгенің сертификатын сыйға тартпақ. Ол диплом алғанша тегін, алаңсыз білім алуыңа жол ашады,- деді Шаған Манапұлы.  

Өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген студент болашақта да көк тудың желбіреуі үшін тынбай еңбектенетіндігін жеткізді.

Айта кетейік, Мирас Тынысбековпен бірге ел намысын қорғаған Есентай Имаханов та қоладан олжа салды. Есентай да есесін жібермейтін жігіт. Бұған дейін екі дүркін Қазақстан чемпионы атанған Есентай Біржанұлы Халықаралық Азия балалары ойындарында да топ жарған.

 

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ

 

 

 

 

 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57