Ахметқали НҰРҒОЖИН: «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» ЖОБАСЫНЫҢ ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ ЗОР

Жарма ауданы - аймағымыздағы алтын, қымбат бағалы және әрлеуші тастар, қара мәрмәр, әк тас қоры сияқты табиғи байлықтары мол өңір. Ауданның жерінен темір жол желісі және Омбы – Майқапшағай автомобиль жолы өтеді. Бұл ауданда 19 әкімшілік-аумақтық бірлік, 50 елді мекен бар. Қалбатау ауылы, Шар қаласы, Әуезов және Жаңғызтөбе кенттері - аудандағы ірі округтер.
2019 жылдың 29 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ахметқали Ахашұлы НҰРҒОЖИН осы Жарма ауданының әкімі лауазымына тағайындалған болатын. Ахметқали Ахашұлымен бүгінгі сұхбатымыз ауданның қазіргі ахуалы және болашаққа жоспары жайлы болмақ.

- Ахметқали Ахашұлы, Мемлекет басшысы адамзат баласы күрделі жағдайды бастан кешіріп отырған бүгінгі кезеңде елімізде азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың негізгі тетігі ауыл шаруашылығы екенін айтып, аграрлық салаға үлкен үміт артып отыр. Ендеше, әңгімені аудандағы биылғы егіс жұмыстарынан бастасақ.
- Ауыл шаруашылығы - еліміздегі маңызды салалардың бірі, ішкі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, тамақ өнімдерінің импортына тәуелділіктен арылуға қол жеткізетін шешуші күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы төтенше жағдайға байланысты мәлімдемесінде ауылшаруашылық өндірісін қолдауға кәсіпкерлерге 5 пайыздық үстемемен 70 млрд, көктемгі егіс жұмыстарын мезгілінде атқаруға, арзандатылған жанармай және басқа қажетті материалдармен қамтамасыз ету үшін, шаруа қожалықтарына 100 млрд теңге қаражат бөлінетінін айтты. Бұл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өркендетуге ерекше маңыз беріліп, қамқорлық жасалып отырғандығының айғағы болса керек.
Биылғы дала жұмыстары еліміздегі төтенше жағдай уақытында басталды. Дегенмен аудандағы шаруа қожалықтары көктемнің әр күнінің жылға азық екендігін жақсы түсініп, болашақ өнімнің негізін салуда аса жауапкершілік танытты. Көктемгі дала жұмыстары барысында Жарма ауданының ауылшаруашылық құрылымдары тарапынан 32 400 гектар егістік алқап игерілді. Оның 12 000 гектары - бұрынғы жылдары егілген көп жылдық шөптер алқабы (житняк, эспарцет, люцерна) және 20 400 гектары - биылғы көктемде егілген ауылшаруашылық дақылдарының алқабы. Жаз айларында 5 500 гектарға пар жырту көзделуде.
Көктемгі егілген егістіктердің көлемі бойынша: дәнді дақылдар алқабы - 9 500 гектар, майлы дақылдар алқабы - 5 500 гектар, картоп - 160 гектар, көкөніс - 40 гектар, мал азығы дақылдары 5 200 гектар жерді алып жатыр.
Көктемгі егіс жұмыстарын аудан бойынша 36 шаруашылық жүргізді, оның төртеуі - орта, ал отыз екісі - ұсақ шаруа қожалықтары. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, мемлекет тарапынан аталған шаруашылық құрылымдарына 975,0 тонна дизель отыны бөлінді. Арзандатылған дизель отынының 1 литрі 165 теңгеден болды.
Бүгінгі таңда егістік жұмыстары толығымен аяқталды. Ендігі үмітіміз - көктемгі еккен егіннен күзде мол өнім жинау арқылы ел ырысын еселеу. Дала жұмыстары тыңғылықты жүргізілгендіктен, жақсы нәтижеден үмітіміз зор.
- Мал шаруашылығының даму жағдайы туралы не айтар едіңіз?
- Ежелден-ақ «мал - жан аман ба?» деп бір–бірінің хал-жағдайын сұрауды төрт түлік малдан бастаған қазақ пен мал - егіз ұғым. Кең-байтақ қазақ даласы ежелден мал өсіруге қолайлы қоныс болған. Біздің ата–бабамыздың осы кәсіпке ерекше мән беріп, жесе – ас, кисе – киім, мінсе - көлік болған төрт түлікті сан ғасырлар бойы кие тұтып, тіршілігіне тірек етіп келгендігі де сондықтан. Еліміз алғаш нарықтық қатынасқа көшкен уақытта құлдырауды бастан кешкен мал шаруашылығы соңғы жылдары қайта қолға алынып, саланы дамыту жаңаша тұрпатқа ие бола бастады. Бүгінгі таңда осы саланы жандандыру мақсатында қол жеткізген инновация игіліктері аз емес. Еліміздегі жайылымдық жерлердің жеткілікті екендігін ескерсек, отандық мал шаруашылығын дамыту мен арзан ет өндірудің мүмкіндіктері мол.
Бүгінгі таңда аудан бойынша ірі қара малы – 96 718 бас, қой мен ешкі - 239 731 бас, жылқы 35 271 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 6 413 басқа артты, немесе 107,1 пайыз, қой-ешкі 10 700 басқа кеміді, немесе 96 пайыз және жылқы 3 927 басқа өсті, немесе 112,5 пайызды құрады.
Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша: ет – 2,1 пайыз, сүт - 1,5 пайыз және жұмыртқа 5 пайызға өсті.
Ауданда 46 шаруашылықта асыл тұқымды мал өсіріледі, оның ішінде ірі қара малын өсірумен – 23, қой-ешкі өсірумен - 19, жылқы өсірумен 4 шаруашылық айналысуда.
Қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіретін республика көлеміне танымал «Шалабай» және «Қалбатау» асыл тұқымды мал зауыттарымен қатар, соңғы жылдары Аршалы ауылдық округіндегі «Болашақ», Шар қаласы аумағындағы «Дәурен» шаруа қожалықтары қарқынды дамып келеді, оларда аналық мал бастары 350, 550 басқа дейін жетті.
Жарма ауданы отаны болып табылатын жартылай қылшық жүнді Байыс тұқымды қойдың басы жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ауданда осы қой тұқымының Республикалық палатасы құрылып, нәтижелі жұмыс атқаруда.
Мал өсіру, оны бағу, қысқы жем-шөбін дайындау оңай шаруа емес десек те, жалпы, біздің халыққа, қазаққа жақын кәсіп. Ауыл баласы көзін ашқаннан мал көріп, «ана қоңыр қозы менікі», «ала бұзау сенікі» деп өседі ғой. Міне, осыдан кейін малдың жағдайын қазақтан артық білетін халық бар дегенге дауласып көріңіз... Соңғы жылдары пайдасынан бейнеті асып түсетін кәсіптен қашып, қалаға жайлы жер іздеп кеткен ауыл қазағының елге қайта орала бастағаны қуантады. Оның бір себебі - мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдау шараларының қолға алына бастауы. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту еліміздегі негізгі мақсат-міндеттердің ең маңыздысы болып есептеледі. Жаһандық сын-қатерлер санатына жататын азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлер — ұлт қауіпсіздігіне төнетін қатермен пара-пар.
Елімізде әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру мақсатында бірнеше қаржы институттары жұмыс істейді. Алыпсатарлықтың күні өтіп, шикізат өндірісін жандандырудың уақыты келгені, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып, табиғи азық-түлікті тұтыну қажеттілікке айналғаны да ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге негізгі себептердің бірі болып отыр. Таяу жылдары бұл сала Қазақстан экономикасын өрге сүйрейтін үлкен күшке айналады деп ойлаймын.
- Еліміздегі төтенше жағдай кезінде аудан халқын қолдау, азық-түлікпен қамтамасыз ету жайы қалай болды? «Біз біргеміз!» акциясы аудан көлемінде қалай ұйымдастырылды?
- Иә, биылғы жыл бүкіл адамзат баласына ауырлығын арқалай келді. Тарих тереңіне үңілсек, қазақ - тағдырдың талай тар жол, тайғақ кешуін бастан өткеріп, мың өліп, мың тірілген, небір қыл көпірден өткен халық. Жаугершілік, басқыншылық, қуғын-сүргін, ашаршылық... Қазақ қырылды да... Ашықты да... «Елім-айлап» елін тастап, босқын да болды... Одақтың ұсақ ұлттарды мойындамаған одыр саясатын да көріп өстік. Бірақ ұлтымыз да, тіліміз де, діліміз де жойылып кеткен жоқ. Қазақ елдігін сақтады. Жеріне ие болып, кіндік қаны тамған топырақта ошақ қазды, шаңырақ көтерді. Өсті. Өркендеді. Тамырланды. Сол зар заманды бастан кешкен халықтың маңдайына мықтылықты, төзімді болуды тағдырдың өзі жазған деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясына байланысты басымыздан күрделі кезеңді өткізіп отырғанымызды айтты. «Бірақ бұл – уақытша қиындық. Біз оны міндетті түрде жеңеміз! Бүкіл әлем күресуде. Біз де бар күш-жігерімізді саламыз. Біз, мемлекет және қоғам болып, барша азаматтарымызға қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық.

Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін. Басты тойларымыз әлі алда. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын! Біз біргеміз!» - деді Мемлекет басшысы.

Қоғам үшін ең бастысы - адам өмірі. Төтенше жағдай кезінде елімізде халықтың азық-түлік тапшылығын көрмеуі басты назарда болды. Аудан тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін азық-түлік дүкендері тұрақты жұмыс істеп тұрды. Бағаны көтермеу мәселесі біздің тарапымыздан жіті бақылауда болды. Бірінші қажеттіліктегі тауарлардың үстеме бағасын 10 пайыздан асырмау туралы меморандум жасалып, баға тұрақтылығы сақталуда. Төтенше жағдай кезеңінде қиналған жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету шарасынан ауданның тумалары, кәсіпкерлер, шаруашылық басшылары да тыс қалған жоқ. Бұл мәселені де қадағалап, әрбір округке жауапты тұлғаларды бекітіп, азық-түлікпен қамтылу жайын анықтап отырдық.
Жалпы, ауданда 240 азық-түлік дүкені жұмыс істейді. Азық-түлік тауарлары Семей, Өскемен қалаларындағы көтерме сауда орталықтарынан жеткізіледі. Сұраныс толығымен қамтылған.
Әрдайым жерлестеріне қолдау танытып жүретін даңқты палуан Дәулет Болатұлы Тұрлыханов бұл жолы да ел көлеміндегі игілікті шараға белсене атсалысты. Ол, жалпы, 6 аудандағы көп балалы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетсе, оның ішінде Жарма ауданы бойынша 400 отбасыға азық-түлік (ұн, күріш, қант, макарон өнімдері, күнбағыс майы) және гигиеналық заттар берілді.
«Шалабай» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қуаныш Серікқазыұлы Сүлейменов 3 ауылдық округтегі қолдауға мұқтаж 100-ден аса отбасын тағамдық азықтармен (ет, бал, т.б.) қамтамасыз етті.
Жеке кәсіпкер Марал Тұрсынғазина қайырымдылық қорына 350,0 мың теңге қаржы аударып, 10 көп балалы отбасыға азық-түлік жиынтығын берді. Ай сайын тұрмысы төмен 3 отбасыға 10 мың теңге көлемінде азық-түлік түрінде көмек көрсетіп отырады.
Аудандық «Береке» қоғамдық қорына түскен қаражат есебінен Ақжал ауылындағы үйі өртенген Кабдуловтар отбасына аудан орталығынан пәтер сатылып әперілді.
«КазГерСтрой» біріккен кәсіпорны тыл ардагерлеріне – 30 адамға азық-түлік жиынтығын табыс етті.
Ақтайлақ би атындағы орта мектептің түлектері мен ұстаздары аз қамтылған отбасылардың балаларына смартфондар сатып әперіп, азық-түлік түрінде көмек көрсетті. Аудан аумағындағы діни бірлестіктер, шаруа қожалықтары мен жеке азаматтар да мүмкіндігінше қолдау танытты. Олардың барлығына игілікті істері үшін ризашылық білдіреміз. Жармалықтар сын сағатта өздерінің бірге екендіктерін көрсетті.
- «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ...
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2018 жылдың қазан айындағы Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттілігін айтып, «Ауыл - Ел бесігі» жобасының басталғанын жариялап: «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет. Осыған байланысты арнайы «Ауыл - Ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыру қажет. Бұл арқылы қазақстандықтардың жергілікті жердегі еңбегіне қатысты идеологияны қолға алуымыз керек. Бұл - әкімшіліктердің міндеті», - деген болатын. Аталған бастама шалғайдағы ауылдардың дамуына даңғыл жол ашып, өңірлердің әлеуметтік ортасы жаңғырып, елді мекендердегі еңбекке қатысты идеология алға ілгерілей бастады.
Бұл жоба еліміздің дамуы жолындағы жаңа міндеттерді айқындап берді. Басты мақсаты ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту болып табылатын «Ауыл – Ел бесігі» жобасының осы екі жылға жуық уақытта өңірлерді дамытуға қосқан үлесі аз емес. Ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер жаңаша бағыт алды. Ауылдардың басым көпшілігінде көшелер жылдар бойы жөндеу көрмеген болатын, білім беру және денсаулық сақтау нысандарындағы тозығы жеткен инженерлік желілер, бірінші кезекте, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жөнделіп жатыр.
Жарма ауданында «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 1 млрд 229 млн 714,0 мың теңгені құрайтын 5 жоба жоспарланған. Оның ішінде Әуезов кенті бойынша 3 жоба: Мәдениет үйінің құрылысына – 645 млн 98, 0 мың теңге, Бақыршық орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына – 281 млн 303,0 мың теңге және кент ішіндегі көше жолдарын орташа жөндеуден өткізуге 54 млн мың теңге қарастырылған.
Қалбатау ауылы бойынша 2 жобаны іске асыру көзделген. Біріншісі - Абай мектеп-гимназиясы ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары, құны – 156 млн 380,0 мың теңге, екіншісі - ауылдың көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, бөлінген қаржы көлемі – 92 млн 933,0 мың теңге. Жұмыстар енді басталуда, оның барысы атқарушы органдардың, қоғамдық құрылымдардың бақылауында болады.
Жалпы, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жұмыстары жүзеге асырылуда.
- «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының іске асырылу барысы қалай?
- Жарма ауданы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жалпы көлемі 655 млн 848,0 мың теңгені құрайтын 25 жоба жоспарланып отыр, оның 4-уі - облыстық жоба, жалпы құны - 243 582,0 мың теңге, 21-і – аудандық жоба, жалпы құны - 412 266,0 мың теңге. Қазіргі уақытта барлық 25 жоба бойынша жұмыстар басталып, 174 жұмыс орны ашылды, оның ішінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы 94 адам жолданды, 4 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Мамыр айында 1 жоба аяқталып, Қалбатау ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын алаңы қолданысқа берілді. Маусым айында 6 жобаны аяқтау жоспарлануда (Қалбатау ауылындағы Ақтамберді жырау көшесін, Қалматаев көшесінен Әбдірахманқызы көшесіне дейінгі жолды орташа жөндеу; Абай атындағы көп салалы мектеп-гимназия ғимаратының терезе блоктарын ағымдағы жөндеу; №17 орта мектептің су құбырын, кәріз желісі және санитарлық тораптарын ағымдағы жөндеу; Қалматайұлы орта мектебінің су құбыры, кәріз желісі және санитарлық тораптарын ағымдағы жөндеу жұмыстары; Аршалы негізгі мектебінің санитарлық тораптарын ағымдағы жөндеу; Балықтыкөл негізгі мектебінің санитарлық тораптарын ағымдағы жөндеу жұмыстары).
2020 жылдың 1 маусымына жоспарланған 126 млн 178,5 мың теңгенің 103 млн 702,5 мың теңгесі, немесе 82 %-ы игерілді. Қалған жобаларды шілде-қыркүйек айларында аяқтау жоспарлануда. Оның ішінде Шар қаласындағы Амангелді көшесін жарықтандыру, спорт алаңын салу, аудандық орталық аурухананың жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу және басқа жұмыстар бар. Жұмыстардың уақытында және сапалы атқарылуы бақылауымызда болады.
- Ауданда әлеуметтік мәселелер қалай шешілуде?
- Ауыл – қазақтың алтын бесігі, руханиятымыздың темірқазығы, береке мен байлығымыздың бастауы. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған елдің асыраушысы ауыл халқына қолдан келгенше қамқорлық жасауымыз керек. Ауылдағы ағайынның әлеуметтік жағдайы қазіргі таңда мемлекеттік тұрғыдан басты назардағы мәселелердің бірі болып тұр.
Тәуелсіздігімізді алған уақыттардан бері ауылда жаңадан құрылыс жұмыстарының жүрмеуі баспанасы жоқтар қатарын көбейтіп жіберді. Өңірлердегі ауыз су мәселесі, жөндеу көрмеген жолдар ауыл тұрғындарының қалаларға қоныс аударуының басты себептерінің бірі деп ойлаймын. Жас мамандардың ауылдық жерлерге келмеуінің себебі де әлеуметтік жағдайдың жасалмауынан екендігі сөзсіз. Бұл орайда соңғы жылдары мемлекет тарапынан көптеген шаралар қолға алына бастады. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында ауылға жас мамандар келе бастады. Әрине, олардың тұрақтап қалуына жағдай жасалуда.
Біздің тарапымыздан көп балалы отбасылар мен арнаулы санаттағы азаматтарға тұрмыс деңгейіне қарай түрлі қолдау жасалып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілуде. Аса маңызды мәселенің бірі – тұрғын үймен қамтуға баса назар аударудамыз.
Қазіргі таңда Қалбатау ауылында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 19 екі пәтерлі тұрғын үй салынуда, оның 9-ының құрылысы бүгінгі таңда аяқталды. Инвестор – жеке кәсіпкер Динара Исабаева, құрылысты жүргізуші – «ЖармаҚұрылысГаз» ЖШС. Құрылыс аяқталған соң 38 көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
Өткен жылы аудандық бюджет есебінен «Қалбатау ауылындағы екі 16 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің құрылысы» жобасына өзгеріс енгізілді. Аталған жоба «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша іске асырылатын болады. Бүгінгі таңда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына экономикалық қорытынды алуға бюджеттік өтінім тапсырылды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Қалбатау ауылында екі 16 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен 5,0 млн теңге бөлінді.
2021 жылы Шар қаласында екі 16 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда.
Жоғарыда аталған үйлердегі пәтерлер тұрғын үйдің кезегінде тұрған азаматтарға (көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары және т.б.) беріледі.
Жалпы, халыққа әлеуметтік жағдай жасау - бір күнмен шектелмейтін, бітпейтін мәселе. Ауылдың экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайын жақсарту тұрақты назарда болуы керек. Елдің әлеуметтік әлеуетін әлсіретпей, шаруашылықты экономикалық тұрғыдан өрістету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта бізден бұрынғыдан да белсенділікті талап етеді.
- Биылғы жылы Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы мерекеге дайындық барысы қалай?
- Әлемдік деңгейдегі алып тұлға Абай Құнанбайұлының мерейтойы – баршамызға ортақ елеулі оқиға. Абай – ұлт мақтанышы. Кемеңгер ақынның асыл мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретін қымбат қазына.
Абай елімен көршілес қонған Жарма өңірінің тарихында да ұлы ойшылдың өмірімен байланысты жайлар аз емес.
Ең әуелі, Ұлы Абайдың әдебиетке құштарлығын оятқан, Құнанбайдай сұңғыла қайраткерге ақылшы болған ел анасы - Зере (Тоқбала) Бектемірқызының Жарма өңірінің тумасы екендігін айта кеткеніміз жөн.
Зере ананың тағылым-тәрбиесін дәріптеу мақсатында үстіміздегі жылы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан «Зере әже ізімен...» атты қыз-келіншектер байқауы ұйымдастырылды. Бұдан бұрын аудан орталығында Зере анаға ескерткіш орнатылғаны көпшілікке жақсы таныс.
Абай дәстүрін бойына сіңірген XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетіндегі белгілі ақын, ағартушы-демократ Әріп Тәңірбергенов, Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушылар - Иманбазар Қазанғапов, Жүнісхан Бүркітбайұлы, Нұрғали Тұңғатаров, Рахымбай Дүйсекеев, халық ақыны Сапарғали Әлімбетов, Төлеу Көбдіковтер өз заманында өлең-жырларымен аймаққа әйгілі болды.
Ұлы Абайдың ізі қалған өлкедегі қасиетті мекеннің бірі – Шар қаласы мен Семей қаласының арасында орналасқан Қарамола қонысы. Дәл осы орында ертеде аймақтағы ірі жәрмеңкелердің бірі өтсе, 1885 жылы бес дуанның билерінің басы қосылған төтенше съезде Абай төбе би болып сайланып, ол дайындаған Билер ережесі осы алқалы басқосуда қабылданған.
Сонымен қатар осы жердегі қорымда Батыс Түрік қағанатын VII ғасырда басқарған қаған Байдұлы баба (Бахадыр Дулу хан) жерленген. Алдағы уақытта бұл жерде қасиетті мекен ретінде абаттандыру шаралары жүргізіледі.
Абай Құнанбайұлының біздің өңірмен байланысына тағы бір мысал – оның қазіргі Қарасу ауылдық округі аумағында өмір сүрген Әлжан қажымен құдаласып, ұлы Тұрағұлға қажының Сақыпжамал атты қызын айттыра келуі.
Қатарлас қонған ауылдар өлең-жыр сайыстарында да өзара кездесіп, бір-бірімен өнер жарыстырып, Абай сынды дананың төрелігін тыңдаған. Таяуда аудандық «Қалба тынысы» газетінде жарияланған мақаласында этнограф-тарихшы М.Мұхамадиұлы Қызылсу өзенінің бойында Абай мен Жылтыр ақынның сөз жарыстырғаны туралы айтады. Сондай-ақ Қарамола жәрмеңкесінде атақты Жанақ ақынның Еңірекей болысынан келген Сәдір Жәпекұлымен айтысқаны жайында да баяндайды. Мұндай мәселелерді тереңірек зерттеу тарихшы, әдебиетші ғалымдардың еншісінде деп білеміз.
Ауданда ақын мұрасын насихаттау мақсатындағы мерекелік шаралар «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты орталық кітапханада өткен таныстыру кешінен бастау алды. Мәдениет, білім мекемелерінде ұлт өкілдері арасында «Абай оқулары» байқауы, «Сен Абайды білесің бе?» атты сөзжұмбақ сайысы, «Көңілім әнді ұғады» атты ән байқауы, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты Мемлекет басшысының мақаласын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы, «Біз Абайды қаншалықты білеміз?» атты онлайн - байқау, оқушылар арасында «Ұлы тұлғалар әлемі» тақырыбымен сандық форматта жобалар байқауы, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері және 8-11 сыныптар оқушылары үшін «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты шеберлік сағаттары, челлендждер және басқа да шаралар өткізілді.
Ұлы ақынның туған жерінде өтетін мерейтойлық шараларға да жармалықтар жан-жақты дайындық жүргізуде.
Міне, Жарма ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталар болсақ - осы. Ең бастысы халқымыздың мына ауыр індеттен аман шығуы деп білемін. Бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, газет оқырмандарына санитарлық шараларды сақтайық, неғұрлым жауапты болсақ, осы қауіпті кезеңнен соғұрлым жылдамырақ шығатынымызды ұмытпайық дегім келеді.
«Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, әрбір қазақтың амандығы бүкіл елді алаңдататынын естен шығармайық!
- Сұхбатыңызға рақмет! Еліңізге де, өзіңізге де амандық тілейміз!

Сұхбаттасқан Риза АСАНҚЫЗЫ

Пікір   

0 #3 Maryanne 18.10.2020 02:10
Это в крови у нас — тоска по раю.
0 #2 Norman 17.10.2020 23:34
А вот это чувство падения после прыжка ухххх
0 #1 Ashlee 12.10.2020 00:50
Запомните, никому в этой жизни нельзя доверять

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57