Қарт Алтай, қадірлі Алтай, АРМАН Алтай!

 

Атасы асқарлардың аялы Алтай,
Саясын Сарыарқаға жаяды Алтай.
Қырмызы қызыл гүлді жер жаннаты,
Қарт Алтай, қадірлі Алтай, баяғы Алтай.

Осынау өлең жолдарының авторы белгісіз. Теңіздің дәмі тамшыдан. Кім болса да, Алтайға деген зор құрмет пен махаббаттың иесі екені көрініп тұр. Халық арасында Алтай туралы аңыз көп, жыр да жетерлік. Ән - тіпті. Күйді де құлағым шалғаны бар. Алтай тақырыбы - қадым заманнан бері қарай қалмай келе жатқан өзекті тақырып. Қалам ұстаған қазақтың да Ол туралы айтпағаны аз, жазбағаны кем. Алтай – соған тұрарлық. Алтай – соған лайық.
«Кіндігінен байланған...». Қазақта сонау көнеден келе жатқан сондай сөз бар, ұғым бар. Осы сөздің шығу төркіні Алтайға әбден байланысты. Алтай – исі түркінің қара шаңырағы. Алтын ұясы. Қыран қияға қанат қаққанымен, ұшқан ұясын қия алмай ұршықша үйіріліп жүреді. Қыранға лайық сол қасиет қазаққа да тән. Алтайдың төңірегін айналсоқтап ұзай алмайды.
Орысы бар, моңғолы бар, қытайы қоса, қазақ - екі бастан... Төрт мемлекет төрт тараптан төсін таласа еміп жатқан Алтай – алып, Алтай – жомарт. Бір ғажабы, ару Алтайдың айналасына кілең қазақтар ғана шоғырланған. Төрт мемлекеттің қазағын шашау шығармай бауырына басып басалқы боп отырған, төңірегіне жиып төркін боп отырған да осы Төр Алтай, Өр Алтай!
Мен Оны көргенмін. Бірақ көрген көзіме сене алмай, ұзақ уақыт өзіме келе алмай, Алтай деген құдіреттің алдында тілім күрмеліп, мысым басылып, тынысым тарылып, тілден, сөзден қалып, үнсіз тұрғанмын. Тұра берер ме едім? Тұра берер де едім. Әттең, бармақ мақсат болғанда, қайтпақ – лазым. Аңсап барған Алтайымнан қимай қайтқанмын. Аңсау мен қимастық мұңға, мұң сағынышқа ұласқан. Сол сағыныш сыбызғы боп сыңсып, қобыз боп күңіреніп, күй болып күмбірлеп, ән болып әуелеп ұзақ уақыт әзиз жүрегімді әлдилеген. Жылатқан, уатқан, жұбатқан. Көңіліме медеу, қолтығыма демеу болған сол сағынышқа әлі күнге дейін сүйенумен келемін.
Алтай – сағыныштың символы, махаббаттың синонимі! Алтай туралы аңыз, әңгіме, ән мен күйдің бәрі – тұнып тұрған зар. Естіген сайын ет жүрегің езіліп, тыңдаған сайын жанарың жасаурайды.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды»... Оған дейін қартайғаны қаншама?! Одан кейін қартаймағы қаншама?! Иә, адамдар қартаяр, - Алтай қартаймас. Адамдар жантаяр, - Алтай жантаймас. Ол етегіне жұрт таласып, иығы бұлттан асып тұра бермек.
«Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай?!»
Алтайға деген сағыныш – еттен сүйекке өтіп, сүйектен қанға сіңген тұқым қуалайтын сағыныш!
Беу, Алтай! Асқар Алтай, Арман Алтай!
Сол арман - Алтай атауы ортамызға қайтадан оралды. Жай оралып қана қойған жоқ, тұтастай бір қала боп, аудан боп Алтай атауы ұлықталып жатыр. Тіліміз қайтадан Алтай деп икемге келетін, Алтайға деген махаббат пен сағыныш енді қуаныш пен мақтанышқа ұласып, көкірегімізді керетін болады, ағайын!
Ұзағынан сүйіндірсін!

Мұрат РАҚЫМЖАН

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57