БАЛАБАҚША АШЫЛДЫ

Жаңа жыл қарсаңында Семейде 150 балаға арналған «Erudit Kids» атты жаңа балабақша есігін айқара ашты. Балалар бақшасының ашылу салтанатына қала әкімі Ермак Сәлімов, қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов, білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенко және өзге де қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Балабақшаның ерекшелігі - мұндағы оқыту жүйесіне Монтессори бағдарламасы енгізілген. Монтессори әдісінің ұраны - «Баланың кешеден қарағанда бүгін үздік жасағанын қолдап, қолпаштау». Егер бүлдіршінге бір саланы игеру үшін қосымша уақыт қажет болса, келесі сатыға өтпей тұрып меңгеру мүмкіндігі беріледі.

Балалар жекелей немесе топпен жұмыс істей алады. Оқыту процесі әр баланың қызығушылығына орай жүргізіледі. Бұл оқушыны тәуелсіздік пен еркіндікке баулиды. Сабақта үнемі жарысқа түсудің қажеті болмағандықтан, өзін-өзі төмен бағалау мәселесі де туындамайды. Бүлдіршіндер топпен жұмыс істеу барысында әртүрлі әлеуметтік рөлдерді меңгереді.

Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде сертификатталған дидактикалық Монтессори, STEAM әдістері бойынша баланы жан-жақты дамытуға арналған кабинеттер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ балалар ағылшын тілі, шахмат, каратэ, джиу-джитсу, логика, хореография, вокал, домбыра, мәнерлеп оқу, робототехника курстарына қатыса алады.

- Біз, ең алдымен, бала бойында бұғып жатқан қабілеттерді ашуға, оятуға баса мән бердік. Бұл бағытта ата-аналармен өнімді жұмыс жүргізгіміз келеді. Мақсатымыз - баланың тұлғалық қасиеттерін дамытудың негізін қалыптастыру. Бүлдіршіндер осы кезден бастап өзіне жақын өнер түрін таңдап, өздігінен шешім қабылдауға, тәуелсіз, еркін, тәртіпті болуға үйренуі керек, - дейді «Erudi group» балабақшасының тең құрылтайшысы Азамат Азатов.

Білім бөлімі иелігіндегі ғимаратқа мемлекеттік – жекеменшік әріптестік негізінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сенімді басқаруға беріліпті.

- Жөндеу жұмыстарына дейін бұл ғимараттың тек қираған қабырғалары ғана болды. Шатыры да, терезесі де жоқ еді. Көп жұмыстар атқарылды, енді, міне, қолданысқа беріліп, жаңа балабақша ашылып отыр. Өздеріңіз көргендей, балабақшаның ойын алаңдары мен жатын бөлмелері кең әрі жарық. Оның үстіне Монтессори әдісі аясында бүлдіршіндерді жан-жақты дамытуға, еркіндікке үйретуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған,- дейді Н.Фесенко.

Семей қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, мекемеде үштілділікті дамытуға көңіл бөлінбек.

Айта кетейік, балабақша Чехов, 123 А мекенжайында орналасқан. Мекеме қаңтар айынан бастап балаларды қабылдай бастайды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57