АБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

23 тамыз – ұлы Абайдың туған күні. Ұлылар елінің ұрпақтары жылдағы дәстүрмен хакім ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Биыл ұлы ақынның дүниеге келгеніне 173 жыл толып отыр. Шара барынысында ақының әндері шырқалып, жас ақындар  өлеңдерін оқыды. Ескерткіш басына Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, жалынды жастар жағы да көп жиналды. 

Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова өзінің құттықтауында бүгінігі таңда біздің адастырмас темірқазығымыз Абай және оның мол мұрасы екенін айтты. Құттықтауын қала әкімінің орынбасары қазақ тілінде жеткізді.

- Бүгін біз ұлы ақын Абайдың рухына тағзым ету үшін жиналып отырмыз. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген асыл бабамыз осы күнді армандап кетті. Берекеміз артып, елдігіміз нығайды. Сол арманға бүгінігі ұрпақ қол жеткізді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Абай лебі, Абай үні - заман тынысы, халық үні» деген даналық сөзі бар. Заман ауысып дүние өзгерсе де, халқымыз Абайдан айныған емес. Бүгінігі «Рухани жаңғыру» жолында біздің адастырмас темірқазығымыз Абай және оның мол мұрасы. Ендеше, ерлік пен өрлікті, елдік пен бірлікті ту еткен баба сөзі бізге аманат. Аманатқа қиянат жасамаған дана халқымыз ұрпағын ұлы жолға бағыттарына сенімдіміз. Абай рухы бәрімізді ұлы мұраттарға жетелей берсін, - деді қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова.

Ескерткіш басына жиылған қауым ұлы ақынның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін ақын рухына арналған шара шаһарымыздағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде жалғасын тапты. Онда «Абай туралы естеліктер» және «Ата-анаға көз қуаныш» кітаптарының тұсау кесер рәсімі өтті. Тұсау кесер рәсімі Дүйсенбек Қошқарбеков, Молдабек Жанболат, Зейнолла Тоқаев сынды аға буын өкілдеріне берілді. Кітаптар мемлекеттік тапсырыс арқылы 500 данамен жарыққа шыққан. Айта кетейік, кітаптар сатылымға шықпайды, тек кітапханаларға ғана таратылады. 

- Қасиетті Құрбан айт мерекесінің үшінші күні Абайдың туған күнімен қатар келіп отыр. Ұлы ақының мерекесімен құттықтаймын. Жыл сайын біз әр түрлі шаралар өткізетінбіз. Бүгінгі шара бұрығыдан өзгеше. Бүгінде Абай естеліктеріне толы «Абай туралы естеліктер» және балаларға арналған «Ата-анаға көз қуаныш» кітабын жарыққа шығардық. Абай шаңырағы, Абай мұрасы - қазақтың көзі ашық зиялы қауымы үшін қашанда киелі мекен, - деді Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков.

Абай туралы естеліктер бұрын соңды осындай тиражбен шықпағанын баса айтуға болады. Жекелеген естеліктер газет беттерінде, журналдарда жарияланып жүрді. Бірақ дәл  осындай жинақталған түрде, үлкен көлемде бірінші рет жарыққа шығып отыр

Ал «Ата-анаға көз қуаныш» атты екінші кітапта Абайдың шығармалары балаларға арнайы лайықтап шығарылған. Ол түрлі-түсті форматта жарыққа шықты. Бұған дейін Абай шығармалары балалар үшін арайы басылым болып шықпаған. Бұл кітап алғаш рет жас оқырмандарға арналып отыр.

Сонымен қатар Абайдың туған күніне арналған «Ұлылар мұрасына тағзым» және биылғы жылы ашылған «Этнографиялық бөлім», «Абай жолы», «Үш қайнар» көрме залдары көпшілік назарына ұсынылды.

Құралай ОМАШ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57