«АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ»

Халқымыздың данышпан ақыны хакім Абайдың туғанына 173 жыл толуына орай Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейі қалалық әкімдік ғимаратында «Адамзаттың Абайы» тақырыбында көрме ұйымдастырды.

Еліміздің өзге де аймақтарын аралап қайтқан бұл жылжымалы көрме 22 тамыз күні қалалық әкімдік ғимаратына қойылды. Көрменің ашылу салтанатына шаһар басшысы Ермак Сәлімов, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков және музей, қалалық әкімдік қызметкерлері, қала тұрғындары жиналды.

- Адам бойындағы негізгі қасиеттерді ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек деп бағалаған адамзаттың Абайына арналған көрме қалалық әкімдік қызметкерлері үшін өте тағылымды дүние болары сөзсіз. Себебі қазір отандастарымыздың тарихи тамырын терең түсініп, рухани жаңғыруына баса мән берілуде. Абайдың сөздері әрбір қазақ үшін темірқазық екені даусыз. Ұлы ақынның сан салалы өнері - ұрпағына мәңгілік азық. Абай шығармалары әрдайым қазақ қауымының рухани қажеттілігін өтеуге қызмет ете бермек, - деді қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова.

Семей - халқымыздың біртуар перзенттерін дүниеге әкелген қасиетті мекен. Жыр алыбы Мұқағалидың «Семей десе, Абай деп қарайды адам» деуінің сыры да осында болса керек.

- Ардақты ағайын, бүгін қаламыздың басты ғимаратында ғибратты іс шара өтіп жатыр. Ұлы ақынның туған күні қарсаңында қалалық әкімдікте осындай көрменің ұйымдастырылуы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Семейдегі Абай музейінің тарихы 1940 жылдан басталады. Осы 80 жыл ішінде Абайды танытып, қазақтың мәдениетін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан Абайдың «Жидебай-Бөрілі»мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің ұжымына алғыс айтамын. Естеріңізде болса, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «қазақтың бас ақыны» деп бағалады. Содан бері 105 жыл өтсе де, Абайдан асқан, Абайдан биік ақын әлі бізде туған жоқ. Абай мың ақынды туғызып кетсе де, бір Абайдың деңгейіне ешкім жете алмады.  Бұл - үлкен меже. «Абайдың сөзі – әр қазақтың бойтұмары болуы керек» деген Елбасының тамаша сөзі бар. Яғни қазақтың табиғатын, ділін, санасын, рухын өзімен бірге ала жүретін және кемел адам болуға бағыттайтын бойтұмар дегенді білдіреді. Елбасының осы сөзін жай айта салмай, жүрекпен сезініп айтқан жөн, - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сіләмұлы, - Өзбекстанда Абай күндері аталып өтіп, соңғы үш-төрт жылда қазақ-өзбек байланысы жаңа сатыға көтерілді. Осылайша өзбек елінде Абайды тану процессі басталып кетті. Өзбекстанның Президенті Абайды тану туралы қаулы шығарды. Бұл – үлкен мәртебе. Сондай-ақ олар келесі жылы Қазақстанға келетіндерін жеткізді. «Әсіресе, Семей қаласы, Абай елі - біздің басты нысанамыз» деді олар. Оған да көп уақыт қалған жоқ. Демек, Абай - халықтар достығының дәнекері болып отырған алып тұлға. Бойымда қазақтың қаны, қазақтың ділі бар дейтін, оның тілі мен тарихын, болашағын білгісі келетін әрбір қазақ Абайды оқуы керек. Абайдың мұрасы жасай берсін, - деді ғалым.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков Семейдің төрінде «Адамзаттың  Абайы» тақырыбын-дағы көрменің ұйымдастырылуы  қала басшылығының Абай мен Шәкәрім мұрасына деген ерекше құрметі екенін атап өтті.

- Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – елге қызмет етіп жатқан билік өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлердің халықтың асыл мұрасына деген сүйінпеншілігі мен қызығушылығын арттыру. Жуырда музей ұжымы қала әкіміне хат жазып, Семейге келген қонақтар алдымен Абай музейінен ат басын бұрса деген тілегін білдіріп еді. Сол тілегіміз орындалып, Ермак Бидахметұлының тапсырмасымен шаһарға келген меймандар, ең алдымен, Абай музейінінің қара шаңырағына баратын болды.

Абай ұлы ақын, жазушы, кемеңгер, ойшыл ғана емес, Абай - біздің ұлттық мақтанышымыз. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдығы тойлаған кезде Елбасы «Егер біз Абайды ертерек оқып-білсек, бүгінгі өтпелі кезеңде жіберіп жатқан кейбір кемшіліктерді қайталамас едік» деп айтқан екен. Абай - қазақ халқының киесі, ары мен намысы, мақтанышы. Алматы мен Астана қалаларын, батыс пен оңтүстік өңірлерді аралап қайтқан көрменің бір бөлігін қала тынысының әр саласын басқарып отырған әріптес бауырларымыз көрсе деген ниетпен әкеліп отырмыз. Театр маусымы ашылған соң игілікті іс Абай театрында жалғасады, - деді Болат Жүнісбеков.

Көрменің ашылуынан кейін Абай музейінде республикалық Абай оқулары басталды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57