ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасына, техникалық-санитарлық жағдайына қатысты, әсіресе, кешкі мезгілде автобустардың сирек жүруіне байланысты сын-пікірлер қоғам арасында көптеп айтылып жүр. Осыған орай қала әкімі апта сайын қоғамдық көліктерге рейд жүргізуді қолға алған-ды. Шаһар басшысының тікелей қатысуымен өтетін кешкі бақылау дүйсенбі, 6 тамыз күні темір жол бекеті аялдамасында жалғасын тапты. Қала әкімімен рейдке БАҚ өкілдері де шықты.

Рейд барысында тиісті мамандар тарапынан көліктердің техникалық-санитарлық жағдайы, құжаттары, аялдамаға келу уақыты бүге-шігесіне шейін тексерілді. Алдыңғы рейдтен сабақ алды ма, әлде бақылау жұмыстарының жүргізілетіні жөнінде алдын ала құлағдар болды ма, әйтеуір бұл жолы жолаушы тасымалдаушылардан айтарлықтай мін табылмады. Көлік қозғалысына қатысты көңіл құлазытар көріністер орын ала қоймады. Барлығының құжаттары түгел, салон іші тап-тұйнақтай, аялдамаға да бірінен соң бірі, кестеге сай ағылып жатты. Тек бір-екі автобус кестеден ауытқып, діттеген жерге 10 минутқа ерте келіп жетті. Ал белгіленген тәртіп бойынша тасымалдаушыға 5 минут ерте немесе кеш келуге рұқсат етілген. Сондықтан «он минут» үшін автобус жүргізушісі ескерту алды әрі бұл ереже бұзушылық автопарк иесіне жеткізілетін болады. Ең бастысы темір жол бекеті аялдамасына дейін келетін автобустардың барлығы кешкі сағат 21:46-ға дейін жүргенін көріп, қуанып қалдық. 

- Жүргізушілердің кестені, көлік қозғалысы ережелерін бұзғаны, кім ерте я кеш келгені, бәрі-бәрі күнделікті компьютерлік бағдарлама арқылы жазылып отырады және бірден  автопарк басшылығына жіберіледі. Жергілікті полиция, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері мен жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығы арасында апта сайын қоғамдық көліктерді бақылап, тексеру жөнінде келісім бар. Сол келісім аясында жұмыла жұмыс атқарудамыз, - дейді Семей қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығының директоры Бейсенғазы Тастекеев.

Естеріңізде болса, Семейдің қоғамдық көліктері жаңа бағыт кестесі бойынша жүре бастаған-ды. Алайда жолаушы тасымалдаушылар бұл жаңалыққа аса қуана қойған жоқ. Себебі жаңа кестеге сәйкес, олар түнгі сағат 23.00-ге дейін қатынауы тиіс еді.

- Әрине, жаңадан бекітілген кесте қоғамдық көлік тасымалдаушылардың көңілінен шықпады. Сондықтан ол жағын қайта қарастырып жатырмыз. Алғашқы кесте арқылы жұмыс уақытын 23.00-де аяқтауды көздеген едік. Бірақ белгілі болғандай, ол мезгілде тұрғындардың басым бөлігі автобусқа мінбейді. Бүгінгі рейдті қорытындылай келе, қоғамдық көліктердің жұмысын сағат 22.00-де тоқтату жоспарда бар. Мұнымен жүргізушілер де келісіп отыр, - дейді қала әкімі Ермак Сәлімов БАҚ өкілдерімен сұхбат барысында.

Иә, тасымалдаушылардың жаңа кестеге үрке қарауы орынды да. Таң атқаннан қас қарайғанға дейін көлік тізгіндеу оңай емесін қарапайым халық та, жергілікті билік те жақсы түсінеді. Сөз соңында қала әкімі жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысын оңтайландыру мақсатында, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес, екі ауысымда жұмыс істеуді қарастыратынын жеткізді.

Жібек СЕРҒАЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57