ТҮЛЕКТЕРГЕ БАҒДАР

«...Алдымда толған мақсат, толған таңдау, алайын анасын ба, мынасын ба»,- деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай, әрбір мектеп бітіруші түлек толқынысты, толқымалы сәтте жүргені анық. Мамандық таңдау - жауапты іс. Армандаған мамандығың жүрегіңе жақын ғана емес, еңбек нарығындағы сұранысқа ие болса игі. Яғни, жастардың арман-қалауы бір жаққа, қажетті мамандықтар өзге арнаға тартып, «Аққу, шортан һәм шаянның» таласына айналмаса болғаны.

Соған орай мектеп оқушыларына болашақ мамандықтарын таңдауға көмек көрсетіп, бағыт беру мақсатында 28 ақпан күні Семей қалалық Мәдениет сарайында 7-11 сынып оқушыларына арналған «My PRO» фестивалі басталды. ШҚО Білім басқармасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған бұл фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.
- ШҚО Білім басқармасының бастамасымен аталмыш шараны биыл екінші жыл ұйымдастырып отырмыз. Ол игілікті іске айналды деп айта аламыз. Себебі мұнда оқушылар біздің өңірде қандай тамаша оқу орындары, сан алуан мамандықтардың бар екеніне көз жеткізеді. Сонымен қоса сол мамандықтардың маңыздылығы мен мүмкіндіктері, қажеттілігі жайлы толық ақпарат ала алады. Бұл мамандықты дұрыс таңдауына септігін тигізеді деген ойдамыз,- деген ШҚО Техникалық және кәсіптік білім беру және кадрлар даярлау орталығының бизнес және карьера тобының маманы Динара Рахымжанова шара аясында оқушыларды қамту ауқымы жыл санап артып келе жатқанын мәлімдеді. - Былтырғы жылы 1500 оқушыны қамтысақ, биыл 2190 оқушыға бағдар беруді жоспарлап отырмыз.
Динара Алтынбекқызының айтуынша, аталмыш шара 3 наурызға дейін жалғасады. Алғашқы күні қала мектептерінің 7-11 сынып оқушылары арасынан 700 бала әртүрлі мамандықтар жайлы мағлұмат алса, фестивальдың соңына дейін, Семей қаласымен қоса, Курчатов қаласының, Шемонайха, Бородулиха, Бесқарағай аудандарының оқушылары келеді деп жоспарлануда.
Фестивальға аймағымыздағы 4 жоғары оқу орны мен 17 колледж ұжымы қатысты. «Құрылыс жұмыстарының шебері», «Мұғалім», «Байланыс», «Ветеринар», «Дәнекерлеуші», «Шаштараз», «Медбике», «Техник - электрик», «Аспаз», «Қауіпсіздік», «Геодезия», «Есеп және аудит», «Құқық», «Көлік», «Машина жасау», «Өнер» алаңдары бойынша әрбір оқу орнының үздік студенттері оқушыларға өз мамандықтарының қыр-сырын түсіндіріп, артықшылықтарын айтты.
- Көлік колледжі - 90 жылдық тарихы бар мемлекеттік оқу орны. Екі бағытта – «Автокөлік» және «Су көлігі» мамандықтары бойынша мамандар даярлаймыз. Айта кетсем, еліміз бойынша су көлігі мамандығының түлектері тек біздің колледжден ғана түлеп ұшады. Білім ордасында бүгінгі таңда 1000-нан астам студент 5 мамандық, 8 біліктілік бойынша білім алуда. Біздегі мамандықтар қоғамның қажеттілігін тудырып, қазіргі таңда сұранысқа ие болып отырған мамандықтар сапында. Оқу орны аясында студент техник-механик мамандығына әзірленсе, автослесарь сынды біліктілік қосымша беріледі. Қолдарына диплом алған түлектеріміз жүз пайыз жұмысқа орналасады. «Су көліктері» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер Астана, Өскемен, Павлодар қалаларында тәжірибеден өтеді, машықкерлерге жалақы да тағайындалады,- деді Көлік колледжінің кәсіптік бағыт беру, жұмысқа орналастыру және мониторинг бөлімінің менеджері Гузалия Бариденова.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57