АЙРЫҚША МЕРЕКЕ

 

Кеше, 1 наурыз күні, қалалық орталық кітапханада этномәдени орталықтардың және студенттердің қатысуымен «Алғыста шек болмайды» атты кездесу кеші өтті. Көктемнің алғашқы күні ұйымдастырылған шара Алғыс айту күніне орайластырылды.

Татар, өзбек, шешен-ұйғыр орталықтары мен «Возрождение» неміс орталығының жастар клубы және «Авиценна» колледжінің студенттері кездескен кеште ұйымдастырушылар тарапынан сөз алған орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Гүлфира Төлеуқанова бұл күннің ерекшелігіне тоқталды. 

- Соңғы екі жылда еліміз бойынша Алғыс айту күнін атап өтудеміз. Әрбір адам алғыс айта білуі керек деп ойлаймын. Мысалы, мен Сізге алғыс айтып, көңіл-күйіңіздің көтерілуіне септігімді тигізсем, Сіз өзге жанға ризашылық білдіріп, шаттандыруыңыз мүмкін. Сондықтан әрдайым алғыс айтып жүретін жандар болуымыз керек. Өзге ұлт өкілдері қазақстандықтарға ғана емес, біз де өз кезегімізде олардың елімізді көркейту жолындағы еңбектері, Отанымызға деген сүйіспеншіліктері үшін алғыс айтуымыз керек,- деп атап өткен Гүлфира Қаңтарбайқызы тарихқа көз жүгірте отырып, ХХ ғасырдан бастап Қазақстанға 5,5 миллион адам қоныстанғаны жайында дерек келтірді.
Бүгінде татулық пен тұрақтылықты ту еткен кең қолтық қазақ елін мекендеген ұлттар мен ұлыстардың да алғыстан басқа айтары жоқ.
- Ең басты айтпағым - біз бақытты адамдармыз, әсіресе өзім. Мен Семейде тудым, осында өсіп-өндім. Қазір немерелерім, әулетіміздің алтыншы ұрпағы осы шаһарда тұрады. Башқұртстаннан ағам қонаққа келіп, қаланы ұнатқан соң, отбасымен Семейге көшіп келді. Атам, әкем, ағам, балаларым және немерелерім – отбасым осы мемлекетті мекен етіп отырмыз. Сондықтан туған топырағымызға, өзіміз тұратын елге, өзіміз достасқан әртүрлі ұлт өкілдеріне алғыс айта білуіміз керек. Аспанымыз ашық болсын, бейбіт әлемде ғұмыр кешейік!- дейді «Татар өнері» мектебінің директоры Ғабдулхақ Ахунджанов.
Бұл ойды қуаттаған «Возрождение» неміс орталығы жастар клубының мүшесі София Тедор:
- Ең алдымен, неміс хал-қының атынан қазақ халқына алғыс айтамын. Қазақстандағы неміс халқының барлығы дерлік өз еркімен емес, жер аударылып келген. Оларды қазақ отбасылары құшағын ашып, мейірім төгіп, бауырына басқан,- деп атап өтті.
Иә, расында да, ата-бабаларымыз қай заманда болмасын қонақжайлық танытып, тектілігін көрсеткен. Қазір де қазақтар әлем халықтары арасында дарқандығымен дараланатынын мақтанып та, марқайып та айтамыз.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57