ӨНЕРДЕ ЖОҚ ШЕКАРА

 

22 ақпан күні Семейге америкалық «Humming house» тобы келіп, Абай атындағы театрда ақысыз концерт өткізді.
Рок жанрында ән орындаудың шебері «Humming house» фолк-бэнді Семейге Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің шақыртуымен келген. «Шетелдегі америкалық музыка» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кеш алдағы уақытта Алматы және Астана қалаларында жалғасын таппақ. Әншілер Қазақстанға алғаш рет табан тірепті.

Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің қолдауымен Сіздердің елдеріңізге алғаш рет келіп отырмыз. Қазақ еліне, оның ішінде Семей қаласына ат басын бұрғанымызға қуаныштымыз. Біз рок жанрының бірнеше түрін біріктіріп өнер көрсетеміз. Бүгін соның ішінде өзімізге ұнайтын бірнеше әуендерді Сіздерге ұсынып отырмыз және семейлік достарымызды бірге ән айтуға шақырамыз,- деді «Humming house» тобының әншілері концерт барысында.
Әсіресе студент жастардың көңіл кілтін тапқан америкалық әншілер семейлік көрермендерге Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін тарту етті. Өз кезегінде М.Төлебаев атындағы музыкалық училищенің студенттері де аталмыш топтың «Companion» әнін олармен бірге сәтті орындап шықты. Аталған кештің өтуіне мұрындық болған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина алдағы уақытта да осындай ауқымды шараларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді:
- Астана қаласының 20 жылдығына орай, қаламызда кең көлемді шаралар жоспары бекітілген. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада «Астана құрдастары» атты қалалық байқау өтті. Алдағы жаз маусымында республикалық айтыс ұйымдастыру жоспарымызда бар. Біріккен Араб Әмірліктерінде сәуір айында өтетін ұлттық этнографиялық фольклорлық фестивальға қатысу туралы да ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан бізге ұсыныс түсіп отыр. Мүмкіндік туып, жолымыз түсіп жатса, бұл біз үшін үлкен абырой болатын еді,- деді Назерке Мәулітқызы.
- Бүгінгі кеш АҚШ Елшілігі мен Семей қаласы арасындағы тығыз қарым-қатынасты көрсетеді. Біздің бастамаға қолдау көрсеткен Семей қалалық әкімдігіне алғыс айтамыз. Былтырғы жылы Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің 25 жылдығы аталып өткен еді. Екі ел арасындағы қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түсуде. Достықтың жалғасын табуына біз де өз септігімізді тигізгіміз келеді,- деді Қазақстандағы АҚШ Елшілігінің өкілі Мэтт Вилсон мырза.
«Humming house» вокалды-инструменталды тобы келесі күні жергілікті әншілерге жанды дауыста аспапта ойнаудан шеберлік сыныптарын өткізді.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57