ДАНИАЛ АХМЕТОВ: 2017 ЖЫЛ: ШЫҒЫСТЫҢ КӨРСЕТКІШІ КӨҢІЛГЕ ҚОНЫМДЫ

23 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс орталығы Өскемен қаласында халық алдындағы есептік кездесуін өткізді. Селекторлық байланыс арқылы өткен жиынға, тұрғындардан бөлек, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов, Үкімет басшысы кеңсесінің бас инспекторы Серік Нұртазин, сондай-ақ қала, аудан, ауылдық округтердің әкімдері, халық қалаулылары мен сала жетекшілері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Аймақтың экономикалық даму қарқыны, әлеуметтік хал-ахуалы қорытындыланған кездесуде биыл атқарылуға тиіс жұмыстар да тиянақталып, кемел келешегіміз үшін керекті креативті жоспарлар құрылды. Өткен жылы орын алған олқылықтар мен кемшіліктер қайта сараланып, межелі міндеттер қойылды. Халықтың сауалы да жауапсыз қалмады.

- Өткен жыл саясат, экономика, руханият тұрғысынан салмақты болды. Еліміз алдына қойған ұлы міндеттерді абыроймен атқарды. Ел жаңғырды, рух оянды, халықтың әл-ауқаты артты. Ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауындағы он міндет Отанымыздың одан әрі дамуына оң бағдар бергені рас. Әрине, экономиканы индустрияландыру, цифрландыру саясаты, инновация мен IT саласы, инжиниринг қызметі дамымай, еш уақытта өсу болмайды. Алдымызда «жасыл» экономикаға көшіп, энергияны үнемдеу, экологиялық таза өндіріс ашып, баламалы қуат көзіне ауысу міндеті тұр. Облыс үшін «ақылды технологияны» пайдаланып, агроөнеркәсіп экспортын күшейтудің маңызы ерекше. Ал ол үшін ең алдымен адами капиталды жаңа деңгейге көтеру қажет,- деді өз сөзінде Даниал Ахметов.
Облыс әкімінің айтуынша, 2017 жылы ішкі аймақтық өнім көлемі 2,9 трлн. теңгеге жеткен. Мұндай айтарлықтай жетістікке жетуімізге өнеркәсіп өндірісінің, ауыл шаруашылығы өнімдерінің және құрылыс жұмыстарының қарқыны ықпал еткенін айту керек. 21 ауылдың 17 мыңға жуық тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі де біршама азайды.
Аймақ басшысы атап өткендей, облыс аумағында баламалы энергия көздерін пайдалануға қатысты жобалар жүзеге асырыла бастады. Осыған сәйкес ағымдағы жылы күн, жел және су электр стансаларының құрылысы тамамдалады деп жоспарланып отыр.

Өндірісті цифрландыру

2017 жылы мырыш өндіру ісі қайта жаңғыртыла бастады. Нәтижесінде жұтаң кен қазбаларынан бағалы компоненттерді шығару артып, кеннің әрбір тоннасынан 600 мың АҚШ доллары шамасында табыс табуға мүмкіндік бермек. «Пирометаллургиялық тәсілмен қорғасын мен мырыш өндіру» жобасын іске асыру аясында өнеркәсіптегі энергияның жұмсалуын 4-8 пайызға дейін азайтуға болады. Ал «Тау-кен байыту өндірісінде ұнтақтау инновациялық технологиясын енгізу» өндіріс құнын 1,5-2 есеге кемітуге жол ашпақ.
Есептік кездесу барысында облыс әкімі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс тобы әзірлеуге кіріскен ерекше жобаның мән-маңызын ашып берді. Айтуынша, республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп тантал мен ниобийден медициналық имплантант жасауға байланысты жұмыстар қолға алынған. Жалпы, өткен жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыру шеңберінде құны 2 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба бойынша зерттеу жүргізілген. 2010-2017 жылдар ішінде 589 млрд. теңгеге 43 жоба енгізілген болса, оның алтауы өткен жылы сәтті жүзеге асырылған екен. Солардың бірі Ақтоғай кен байыту комбинаты әлемдік деңгейдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. 650 адам еңбек ететін комбинатта бір жыл ішінде мыс өндіру 90 мың тоннаға дейін ұлғайса, катодты мыс 25 мың тоннаға артқан. Сонымен бірге Өскемен арматура зауытындағы жаңғырту жұмыстары аясында кәсіпорында роботтандырылған дәнекерлеу кешені іске қосылғанын да айта кеткен жөн. Кешен еңбек өнімділігін 40 пайызға арттыра отырып, алынған өнімнің сапасына берілетін кепілдік мерзімін 36 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте тағы бір маңызды жобалардың қатарына «ТАГ-ТИН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытының құрылысын жатқызуға болады. Зауыт импортты алмастыру бағытында жұмыс істемек ниетте. Тағы бір айта кетерлігі, облыста озық технологиялардың көмегімен «Бақыршық» кен байыту комбинатына қарасты алтын кенішін игеру ісі де сәтті жүргізіліп келеді. Кеніш бір жылда 1,8 млрд. тонна қазба байлығын өндіруге қауқарлы. Жоба тек 2019 жылы толығымен жүзеге асырылмақ. Ал осы жылы 114 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба енгізіледі. Өндірісті цифрландыру бағдарламасы бойынша іске қосылған «Казцинкке» тиесілі екі жобаны жүзеге асыру жалғасын таба бермек.
– Цифрландыру экономиканың салаларына дендеген сайын, өзгерістер де ауқымды бола түспек. Сол себепті, болашақта қоғамда жаппай жұмыссыздық орын алмауы үшін, қазірден бастап өңірдегі өндіріс орындарымен жұмыс күшінің ағымын басқаруға бағытталған бірлескен «Жол карталарын» әзірлеудеміз. Жоғары оқу орындары мен колледждер атом және тау-кен өндірісіне қажетті мамандарды даярлау жұмыстарын бастап кетті,– деді Даниал Ахметов.
Өз кезегінде аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа Кәсіпкерлікті қолдау картасы мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қатысты жобалардың жүзеге асырылу барысын қадағалауды тапсырды.

«Жасыл» энергетика

«Жасыл» энергетика бағытында біздің облыс 6 жобаны іске асыруға атсалысуда, оның екеуі Зырян ауданындағы Тургусун ГЭС құрылысына, төртеуі баламалы энергия көздерін өндіруге бағытталған. Былтыр испандық «ARESOL» компаниясы мен «Жаңғыз Солар» серіктестігінің «Қуаты 30 МВт болатын күн электр стансасын салу» бірлескен жобасына байланысты бірсыпыра жұмыстар атқарыла бастады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаты дайын тұр. Ал испандық тағы бір «EPGSL» компаниясы отандық «SpainCounsulting» кәсіпорнымен бірге Ұлан ауданының Тайынты ауылының маңында жел электр стансасын салуға қатысты қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар Жаңғызтөбе кенті мен Жарма ауданының Шар қаласы аумағында екі жел электр стансасын құру жөнінде жобалық-сметалық құжат әзірленіп қойған-ды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Шығыс өңірінде утилизациялау және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі біртіндеп бір ізге келтірілуде. Биыл Өскемен, Семей қалалары, Аягөз, Зырян және Шемонайха аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинаудың бағдарламасы басталады. Осыған сәйкес Өскемен қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жобасы бойынша Еуропа қайта құру және даму банкімен келіссөздер жүргізілу үстінде.

Аграрлық сектор

Ел экономикасын өркендетудің бас-ты тетіктерінің бірі аграрлық сектор екенін ескерсек, бұл ретте облысымызда мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 270 мың тонна ет өндірілді. Мұндай жоғары көрсеткішпен шығыс өңірі республикада екінші орынға жайғасты. Нарыққа сапалы тауар өндіру мақсатында «Еуразия АгроХолдинг» ЖШС «CedarMeatsPty» атты австралиялық компаниямен бірігіп Аягөз ауданында ет өндіру комбинатының құрылысын бастап кетті. Комбинаттың қуаттылығы бір жылда 11,5 мың тонна ет өндіруге жетеді. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы есебінен комбинаттың өндіріс базасына су және электр желілері тартылды. Бұдан бөлек «АгроПортал» серіктестігі ирандық компанияның көмегімен жалпы құны 8 млрд. теңге тұратын инвестициялық жоба – ірі және ұсақ малдың етін «Адал» стандарты бойынша өндіру комбинатының құрылысын бастамақ. Өткен жылдың соңында ҚР Инвестиция және даму ми- нистрлігі мен «АгроПортал» ЖШС екеуара инвестициялық келісімшартқа отырды.
- Біз үшін Аспан асты елінің нарығы маңызды. ҚХР стандартына сәйкес, облыс аумағында қазақстандық азық-түліктерді сертификаттау лабораториясын құру мақсатындағы жұмыстар қолға алынды. Осы сұрақ бойынша ағымдағы жылдың қаңтар айында ҚХР-дан мамандар тобы біздің аймаққа келген-ді. Қазіргі күні лабораторияға арналған бөлме әзірленуде. Ал миллиардтан астам қаржыны талап ететін қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғыларды сатып алу ісі қазан айында басталатын болады,- деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімінің айтуынша, біздің өңір сүт өндіруде республикада көш басында. 2017 жылы 877 мың тонна сүт өндіріліпті. Бұл мақсатта сүт қабылдау пункттерін ұйымдастырып, сүт-тауарлы фермаларды құруға ерекше көңіл бөлінуде. 2015 жылдан бері 27 сүт-тауарлы ферма мен 53 сүт қабылдау пункті құрылған екен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау шеңберінде жыл сайын өңіраралық әріптестік те нығаюда. Мәселен, өткен жылы Алматыға 7,5 млрд. теңгенің тауары жіберілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 2 млрд. теңгеге артық.
Даниал Ахметов кездесуде өңірдің ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне өздерінің егіншілік дәстүрін өзгертіп, тұқымдарды жаңа технологиялармен қолдануды қолға алудың маңыздылығын баса айтты. Бұл ретте өңір басшысы тәжірибелік майлы дақылдар шаруашылығын мысалға келтірді. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың жаңа сұрыптары мен будандары өндірілген. Жаңа өнімдер тұқымды механикалық өңдеуден бас тартып, оның орнына толық химиялық өңдеуге көшуге мүмкіндік берді. Қазіргі күні күнбағыстың үш буданы мемлекеттік сұрыптық сынаудан өткізілуде, олардың екеуі қолданысқа дайын. Сонымен қатар облыста шетелдік серіктестермен бірлесіп сояның, зығырдың және дәнді дақылдардың сапалы сұрыптарын өндіруге байланысты жұмыстар жүргізілуде.
Күре жолдың күйі қандай?

Облыс әкімі өз есебінде облыс жолдарын жөндеуге биыл да қомақты қаржы бөлінетінін тілге тиек етті. Жолдарды қайта қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарға қарастырылған қаражатты екі есе ұлғайту арқылы аймақаралық мобильділікті арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік бар. 2018 жылы Семей - Қарауыл, Бородулиха - Шемонайха, Мақаншы - Жалаңашкөл бағыттарындағы 120 шақырым облыстық маңыздағы жолдар жөнделмек. Өскеменде 25, Семейде 35, Риддер, Аягөз, Жарма және Шемонайха аудандарын қоса алғанда тағы 28 шақырым жолдар жаңартылады. Сондай-ақ шекара маңы аймақтарын және рекреациялық ауданды дамыту мақсатында Марқакөл көлінің маңындағы ұзындығы 3,8 шақырымды құрайтын Теректі - Ұрыңқай - Төсқайың бағытын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
- Облыс аумағындағы жолдарды жөндеп, қайта қалпына келтіру арқылы аймақаралық мобильділікті арттырамыз. Биыл бұл жұмыстарға өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп қаржы бөлінді, яғни ішкі және сыртқы ресурс көздерінен 82,3 млрд. теңге қаржы құйылады. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасына жағдайы жақсы жолдардың деңгейін 70-85%-ға дейін жеткізуді тапсырамын. Облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге қосымша қаржы көзін тарту үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен келіссөздер жүргізілуде,- деді Даниал Ахметов.

Тұрғын үй құрылысы

Облыста жеке тұрғын үйлер бой көтеретін жаңа шағын аудандар пайда бола бастады. Тұрғындарға жер телімдері берілмес бұрын, шағын аудандарға әуелі инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуы тиіс. Бүгінгі күні облыста жер телімін алуға кезекте тұрғандардың саны 29 мың адамды құрайды. Бұл бағытта 11 типтік жоба әзірленіп үлгерді. Өскемен қаласының №28 тұрғын ауданында, Семейдің Ақсай, Ұшақтар, Комсомол кенттерінде ішкі және магистралдық желілер тартуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Осы жылы 1,3 млн. шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталады. Оның 399,2 мың шаршы метрі жыл соңына дейін халық игілігіне пайдалануға берілуі керек. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 39,1 млрд. теңгеге 874,5 мың шаршы метр баспана салынып, оның 380 мың шаршы метрі қолданысқа берілді.
- «Үйі бардың күйі бар» дейді дана халқымыз. Биыл 200 көп пәтерлі үй құрылысы басталады. Алайда 35 үйге тиісті құжат, 5 үйге қажет коммуникация тартылмаған. Екі қала әкімі мен құрылыс басқармасы бұл бағытта осалдық танытты. Сондықтан бұл ретте орынбасарым мен қала, аудан әкімдеріне тұрғын үй құрылысын алдағы уақытта 500 мың шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырамын. Бағдарлама бар, қаражат жеткілікті, баспана салып, қызығын халық көруі керек,- деді облыс әкімі.
Білім саласы

Кездесуде Даниал Ахметов баса назар аударған мәселелердің бірі білім саласы болды. Аймақ басшысы атап өткендей, 2018 жылы химия, физика, биология, информатика пәндері бойынша 200 педагог ағылшын тілін меңгермек.
- Біздің міндет – білім саласын экономикалық өсімнің жаңа моделі үшін орталық буынға айналдыру. Осы орайда біз инфрақұрылымдық даму және Назарбаев Зияткерлік мектебі тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұнға көшу бағытында алға жылжып келеміз. Біз үштілділік оқытуды енгізуге қатысты ірі жобаны жалғастырудамыз. Алғашқы екі кезеңде облыстың барлық мектептері үшін тілдер бойынша жаңа оқулықтар әзірленді және сатылып алынды. Тіл пәндерінің 3400 оқытушысына диагностика және оқыту жүргізілді. Жұмыс осы жылы да жалғасады,– деп мәлімдеді тұрғындар алдындағы есебінде облыс әкімі.
Тіл меңгеруде үздік нәтижеге қол жеткізген мұғалімдер үшін материалдық ынталандыру да қарастырылған. Ынталандыру сыйлығы оқушылардың білімін бағалауға негізделмек. Мәселен, өткен жылы 12 ұстазға 170 мың теңгеден 800 мыңға дейінгі сыйақылар тағайындалған екен. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақтың жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін «Білікті маман» бағдарламасы басталатын болады.
2017 жылы Шығыс Қазақстанда жергілікті бюджет қаржысы есебінен облыстың 5 университетіне сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант бөлінген болатын. Ағымдағы жылы гранттар саны екі есеге, яғни 400-ге дейін ұлғаяды. Грант санын көбейтуге шығысқазақстандықтардың оқуға шетелге кетуі себеп болып отыр. Өткен жылы өзге елдің оқу орындарында білім алуға бел буған өңір түлектерінің санын екі есеге дейін төмендетуге қол жеткізілгенін айтқан жөн. Десек те бұл мәселені шешуде кешенді тәсіл қажет. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Білікті маман» бағдарламасы әзірленіп отыр. Жоба өңірлік жоғары білім ордаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мектеп түлектерінің шет мемлекетке кетуін төмендетуге ықпал етпек.
- Әрине, біз бітіруші түлектеріміздің Англия, Францияның іргелі оқу орындарында, әлемнің үздік университеттерінде оқуын құптаймыз. Дегенмен қазақстандықтар өз елінде білім алып, елдің көсегесін көгертуге атсалысса құба-құп. Ол үшін барлық жағдайды жасаймыз,- деді Даниал Ахметов.
Осы ретте Даниал Кенжетайұлы ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіповаға жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты жұмыстарды жалғастырып, «Менің мектебім», «Білікті маман» жобаларын жіті бақылауға алып, кәсіптік-техникалық білім беру деңгейін көтеруде кешенді бағдарлама әзірлеуге тапсырма берді.

Денсаулық сақтау саласы

Ел үшін ең маңызды бағыт - денсаулық сақтау жүйесі. 2017 жылы аталған саланы дамыту жолында үш жылдық стратегиялық жоспар дайындалды. Жоспарға сай, сала қызметкерлері онкология, кардиология, ана мен бала денсаулығын сақтау сияқты басым бағыттар бойынша білім алу үстінде. Медициналық мекемелер заманауи жабдықтармен қамтылып жатыр. Биыл облыс бюджетінен ол үшін 3,8 млрд. теңге бөлінбек. Естеріңізде болса, Семей қаласының медициналық университеті мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде аудандық ауруханалардың 1 922 маманы арнайы курстардан өткен болатын. Отандық және Израиль, Жапония, Грузия, Ресей, Молдова, Украина, Беларусь елдерінің мамандарының қатысумен 13 шеберлік сыныбы өтіп, оған 200 дәрігер қатысып, біліктіліктерін арттырып келген еді. Бұдан басқа тағы 51 маман Ұлыбританияға оқуға жіберілген.
– Үш жылда мультидисциплинарлық командалардың көмегімен 150 дәрігерімізді шетелдің айтулы клиникаларында оқытатын боламыз. Бұған қоса медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында да айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Үш жылдың ішінде облыстық бюджеттен заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алу мақсатына 23 млрд. теңге бөлінеді. Өткен жылы 1 023 жоғары технологиялық құрал-жабдық сатылып алынды. Бұл техника онкология, кардиология, кардиохирургия және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға тапсырылды. Инновацияның озық үлгісі ретінде Өскемен қаласындағы №1 қалалық аурухана базасында ел ішіндегі бірегей Робот техникалық хирургия және трансплантология орталығы ашылды. Қазақстандағы жалғыз гематологиялық орталықтың құрылысын бастау үшін қажырлы жұмыс жүруде,- деді денсаулық сақтау саласындағы ауыз толтырып айтар жұмыстар жайында облыс әкімі.
Шығыс Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландырудың кешенді бағдарламасы әзірленді. Бұған саланы ақпараттандырудың былтырғы көрсеткіштерінің төмендігі себеп болып отыр. Былтыр облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының 21 пайызы ғана медициналық-ақпараттық жүйелендіруге көшкен-ді.
- 2017 жылы облыстың денсаулық сақтау басқармасы саланы цифрландыру мәселесінде айтарлықтай жұмыс тындыра алмады. 21 пайыз дегеніміз - республикадағы ең төмен көрсеткіш. Өкінішке орай, былтыр облыстық бюджеттен бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгеніне қарамастан, өтпей қалған мемлекеттік сатып алулардың кесірінен біз ешқандай техниканы сатып ала алмадық,- деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Осыған байланысты аймақ басшысы осы салаға жауапты өзінің орынбасары мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына медицина саласын цифрландырудың кешенді бағдарламасын жасауды жүктеді.

Сауалға - жауап

Тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер қамтылған сұрақтар аз болмады. Көп сұрақтың ішінде Семей өңіріне қатысты мәселелер де көтерілді. Солардың бірі Ақсай кентінің болашағы еді. Аймақ басшысы бұл мәселенің жай-жапсары қалаға кезекті сапары барысында белгілі болатынын жеткізді.
«Алтай Атлетикс» клубының дамуы жөніндегі сауалға жауап берген облыс әкімі Қарағайлы ауданында салынатын «Абай Арена» спорт кешені базасы негізінде жеңіл атлетика академиясы да құрылатынын тілге тиек етті. Спорт бірлестігі халықаралық аренаға шығатын болашақ чемпиондарды тәрбиелеумен айналысады.
Семей қаласындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Жанна Жибраева шаһардағы Радиологиялық орталықтың құрылыс жұмыстары туралы мәселеге назар аударуды сұрады.
- Біз арнайы комиссия құрып, нәтижесінде орталықтағы құрылғылар талаптарға сай келмейтініне көз жеткіздік. Егер дәл қазір орталықты пайдалануға берсек, радиологиялық ластану жүретін болады. Сондықтан жыл соңына дейін жаңа құрылғы орнатылып, келер жылы іске қосылады,- деді Даниал Ахметов.
Аймақтың барлық аудан-ауылдарында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда және сүт-тауарлы ферма салуда қыруар жұмыстар атқарылғанын айтқан Жарма ауданы Шар қаласының тұрғыны Мұхтар Кезекенов алдағы уақытта сүт өнімдері «Алтай» брендімен шығарылса деген ұсынысын білдірді. Ұсынысқа қолдау білдірген Даниал Ахметов осы жылдың аяғына қарай Қытай Халық Республикасы стандарттары бойынша зертхана ашылатынын тағы бір мәрте еске салды. Осының аясында біздің аймақта сүт, май өнімдері «Алтай» брендімен өндірілетін болады.
- Шығыс Қазақстан облысы төрткүл дүниеге «Алтай» брендімен танымал болуы керек. Біз бұл мақсатқа міндетті түрде жетеміз. Алайда өнім сапасын арттыру қажет,- деді аймақ басшысы.
Есептік кездесуде Даниал Ахметов онлайн режімінде тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға да тұшымды жауаптар қайырды.


Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар

қызметінің ақпараты негізінде әзірлеген Жібек СЕРҒАЗЫ.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57