КӨМІР ТАПШЫЛЫҒЫНА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Дүйсенбі күні, яғни 5 ақпанда, Шығыс Қазақстан облысындағы көмір өндіру және оны тасымалдау мониторингісіне қатысты жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев ірі көмір ошағы «Қаражыра» АҚ-да болды. Осы сапарында лауазымды тұлға «Қаражыра» АҚ компаниясының тыныс-тіршілігімен танысты. Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы және «Қаражыра» АҚ кәсіпорны басшылығының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста бірқатар мәселелер қозғалды. 

Айта кетейік, осы уақытқа дейін көмір өндірумен және оны жөнелтумен айналысатын өңірлерде ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен көшпелі отырыстар өткізілген болатын. Бұл, бірінші кезекте, соңғы апталарда тасымалдың ала-құлалығынан туындаған көмір тапшылығымен байланысты. Вице-министрдің жұмыс сапарының басты міндеті аталған проблеманы шешудің жолдарын қарастырып, сала дамуының басым бағытын талқыға салу болатын.

«Қаражыра» АҚ кәсіпорнында өткен кеңейтілген отырыста Бақытжан Жақсалиев көмір өндірісінің дамуындағы қол жеткізген жетістіктерге тоқталды. Вице-министр атап өткендей, өткен жылы оған дейінгі жылмен салыстырғанда көмір өндіру 8,3%-ға артып, республика бойынша 106,7 млн. тоннаны құрапты. Қазіргі таңда бүкіл еліміз бойынша оннан аса көмір өндіруші кәсіпорындар болса, солардың ішіндегі ең ірілерінің қатарында «Қаражыра» АҚ да бар. Компанияның атқарып жатқан қызметімен «Қаражыра» АҚ бас инженері Нұрлан Ахметбаев егжей-тегжейлі таныстырып өтті. Кәсіпорынның бас инженері көмір кен орнының қоры, өндіру көлемі, кәсіпорынның техникалық қуаты һәм жаңғыртылуы жайында жан-жақты мағлұмат берді. Сонымен бірге қайыра жарақтану жайында да сөз қозғады. 

- Бүгінгі күнге дейін кен орнының қоры 1 млрд. тоннаға дейін барланып отыр. 1991 жылы кен ошағы өндірістік пайдалануға берілгеннен бастап бүгінге дейінгі аралықта 100 миллион тоннадан астам көмір өндірілді. 2004 жылдан бастап өндіру көлемі жыл сайын 4900 миллион тоннаға жетсе, 2017 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 7 миллионнан аса тоннаны құрады. Қазір алдымызға бұл көрсеткішті 16,9%-ға арттырып, 8 миллион тоннаға жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Ағымдағы жылы бізді бұрын-соңды болмаған 9 миллиард теңгелік инвестициялық салым күтіп тұр. Біз техникалық жаңғыртуды толықтай аяқтап қалдық. Енді алға қойып отырған межелік деңгейден еш қиналмай шығатын боламыз,- деді Нұрлан Ахметбаев. Бас инженер бұл ретте кәсіпорынды жаңғырту жұмыстары көмір бағасына еш әсер етпейтінін, бағаның өсуіне негіз болатын инфляция екенін атап өтті.

Қатты отынды тасымалдау және оның тапшылығы төңірегінде кәсіпорынның техникалық директоры Әсет Сыдықов сөз қозғады.  

- Күн райының күрт бұзылып, қатты суытуы кезінде біздің кен орны үзіліссіз жұмыс істеді. Біз соңғы кез-де көмір өндіруді арттырып, барлық бағыттар бойынша үздіксіз жіберіп жатырмыз. Аяздың тым қатты болуы өнім өндіруші, жылу көздерін тұтынушы, электр өндіруші компаниялардан тапсырыс түсуін көбейіп, осы бағыттарға 383 300-ден 414 000 тоннаға дейін көмір жөнелттік. Бұл аралықта бізден жеке автокөліктерімен өздері келіп алушылардың саны да арта түсті. Біздің аймақтың оңтүстік өңірлері, бұрын көмір алып жүрген кен орындары өз жұмысын тоқтатқандықтан, бірінші рет біздің отынды сатып алып тұтына бастады. Осылайша, Үржар, Күршім, Зайсан аудандары сынды жаңа тұтынушыларға қол жеткіздік,- деді Әсет Сыдықов.

 Одан ары кәсіпорынның техникалық директоры:

- Көршілес Павлодар облысында 8 бірдей көмір өндіруші кәсіпорын болғанымен, бізге осы аймақтың тұрғындарынан жеке көліктерімен өздері алып кетуге өте көп тапсырыс түсті. Бұрын мұндай жағдай болмайтын. Сондай-ақ Қарағанды облысынан да сұраныс көп болды,- деп өз сөзін сабақтады.

Қазір «Қаражыра» АҚ қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Тапсырыс көлемінің артуына байланысты кәсіпорын басшылығы қатты отынды өндіру мен жөнелтудің көлемін арттыруға шешім қабылдады.

- Біз жөнетілетін көмірдің көлемін арттыруға кірістік. Ақпан айының ортасына қарай жағдай түзелетін болады. Қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін ақпанның соңғы төрт күнінен бері автокөлік қоймаларына нормадан тысқары көмір жіберіп жатырмыз. Сонымен қатар облыс басшылығының өтініші бойынша аймағымыздың кәсіпорындары мен коммуналдық нысандарына көмір жіберу көлемін ұлғайтуды жолға қойдық. Бүгінгі күннен бастап Алматы, Талдықорған және Солтүстік аймақтарға көмір жөнелтуді арттыратын боламыз,- деді Әсет Сыдықов.

ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев, ендігі жерде көмір тапшылығы дәл осындай орын алмас үшін, көмір жөнелтуге қатысты мәселе Үкіметтің назарында болатынын атап өтті.   –

Кәсіпорындар бізге қанша жерден маңызды болғанымен, біз үшін ең бастысы – қарапайым тұрғындардың суықтан тоңбауының алдын алу,- деді вице-министр.

Одан ары Бақытжан Жақсалиев жергілікті атқарушы органдарға көмірмен елді барынша қамтып, нарықтық экономика аясында аймақтық трейдерлермен белсене жұмыс жүргізуге тапсырма берді.

Басқосуда шаһар басшысы Ермак Сәлімов трейдерлер, соның ішінде алыпсатарлар проблемасына тоқталды. Олардың істеп жүрген тірліктері кейде айды аспаға шығарып, бағаны шарықтатып жібереді. Мәселен, «Қаражыра» кен орнынан көмірдің тоннасы 5 800 теңгеден босатылатын болса, ауылдық өңірлерге жеткен шағында екі, керек десеңіз, үш есеге қымбаттап шыға келеді. Нақты деректерге сүйенер болсақ, қыс қыспағы кезінде бір тонна көмірдің құны 22 мың теңгеден асып жығылған жағдайлар орын алды.

- Биылғы жылыту маусымын табысты өткереміз. Бірақ көңілге кірбің салатын жайт тұрмыстық жеке тұтынудағы тасымалдау тізбегі мен алыпсатарлық жүйесі болып отыр. Осылардың жүгенсіз кетуінен тұтынушының қалтасын қағатын баға бәсінің айдарынан жел есіп тұр. Осы мәселенің байыбына барып, оң шешімін табу үшін тиісті жұмыстар қолға алынды. Бәрі өз орнына келеді,- деді Ермак Бидахметұлы.

Жұмыс сапары барысында ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев көмір өндіретін, оны сақтайтын, жөнелтетін орындардың бәрін аралап өз көзімен көріп, қалыптасқан жағдаймен танысты. Оның назарынан «Қаражыра» АҚ-ның техникалық жарақтануы, жол-көлік инфрақұрылымы, оның ішінде «Балапан» көлігі компаниясы» ЖШС тыс қалған жоқ.

Бұл жиында көмір өндіру мен оны жөнелту процесі сараланып, қажетті жұмыс көлемінің орындалу жағдайы жан-жақты сүзгіден өте қарастырылды.

Жандос ҚАСЕНОВ,

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57