Даниал АХМЕТОВ: СЕМЕЙДЕ СЕРПІЛІС БАР

 

Семейдегі әуежайдың ғимаратын қайта қалпына келтіру ісі жаңа жылдан бас-тап қолға алына бастады. Қаңтардан бері жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бірінші қабаттағы үлкен зал екіге бөлініп, қабырғалары тұрғызылды. Оның бірінде халықаралық жолаушыларға қызмет көрсетілсе, екіншісі ішкі рейстерге арналған. Бұдан бөлек ғимараттың төбесі тұтастай алынып тасталды. Қазіргі уақытта ауа құбырын орнатуға байланысты жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда құрылыс жұмыстарын белгілі бір уақытқа шегере тұруға тура келіп тұр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 6 ақпан күні Семейге жасаған іссапары барысында мәлім етті.

Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, әуежайдың бұрынғы қожайыны шығынға ұшырағандықтан, нысан саудаға қойылған екен. Бұл ретте облыс әкімі тиісті органдарға әуежайды мемлекет меншігіне сатып алуды тапсырған, бірақ алматылық компания бұл ғимаратты сатып алған көрінеді.

 - Өкінішке орай, атқарушы органдардың кейбір қызметкерлері кешірілмейтін қателік жасады. Бұған кімнің кінәлі екенін біліп отырмыз. Таяуда тиісті нәтиже шығаратынымыз сөзсіз. Жақын арада әуежайға қатысты іс сотта қаралатын болады. Сот қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығаратынына, мемлекет мүддесін қорғайтынына сенемін. Ал әзірге, сот процесі аяқталғанға дейін жөндеу жұмыстары тоқтатылады,- деді Даниал Ахметов.

Оқырмандардың есіне сала кетейік, Семей әуежайының ұшып-қону алаңы мен аэробекетін қайта құру жұмысы 2017 жылы «Терезе» ЖШС көмегімен қолға алынған-ды. Ұшу-қону жолағы 560 шаршы метрге ұзартылды. Ал ғимараттың ішкі жағындағы құрылыс жұмыстарының 35 пайызы орындалып бітті. Енді тек терезелері ауыстырылып, едені мен төбесі жаңартылады, жылу жүйесі тартылып, жаңа терминалдар орнатылмақ. Қысқасы, бас мердігер Ұлықбек Тумашинов жоба ағымдағы жылдың шілде айына дейін тамамдалады деп сендірді.

Облыс әкімі іссапар барысында Семей жұртшылығының игілігіне берілген су жаңа автобустардың біріне отырып, оң бағасын берді. Келешекте қоғамдық көлік жүйесін оңтайландыру мақсатында жол ақысын төлеудің жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізу керектігін алға тартты. Аталған жүйе қоғамдық көліктің барлық түрінде қаражаттың көлеңкелі айналымын болдырмауға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етпек. Айта кетейік, мұндай бірегей жоба Алматы қаласында осыдан үш жыл бұрын жүзеге аса бастады. Енді мамыр айынан бастап Қарағандыда іске қосылады деп күтілуде.

Бұдан кейін Даниал Ахметов бастаған топ Юность ықшам ауданына келіп, әскери қызметкерлердің қуанышты күніне ортақтасты. «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты әскери бөлімде келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген 10 жылдан астам еңбек өтілі бар баспана алу кезегінде тұрған және көпбалалы 120 отбасы қоныс тойын тойлады. Шағын аудан аумағында еуропалық стандартқа сай салынған бес қабатты екі тұрғын үйдегі 2 және 3 бөлмелі пәтер кілттерін аймақ басшысы Даниал Ахметов, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов салтанатты түрде табыстады. Тұрғын үйлер ҚР Қорғаныс министрлігінің әскерилердің отбасын баспанамен қамту жөніндегі арнайы бағдарламасы аясында бой көтерген.

- Қоныс тойы – әр жанұя үшін үлкен мереке. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскерилердің отбасын баспанамен қамту жөніндегі арнайы бағдарламасы аясында әскерилердің әлеуметтік жағдайын жасап, тұрғын үймен қамтығаны бәрімізді қуантқаны анық. 120-дан астам қызметтік пәтер лайықты тұлғаларға берілді. Отанды қорғау, туған жер мен ел тыныштығын сақтау - әскери қызметкерлердің ең басты маңызды миссиясы. Бүкіл ел алдындағы міндетті асқан абыроймен атқарып, халықтың сенімінен шығатындарына үміт артамын. Баспаналы болған азаматтардың қонысына құт-береке, шаттыққа, табысқа толы ғұмыр, жемісті еңбек тілеймін,- деді Даниал Кенжетайұлы.

Бақытгүл Мұқашева - жаңа үйге қоныстанғандардың бірі. Өмірлік серігі Ержан Қонарбаев қызмет бабында жүріп қайтыс болған екен. Араға жылдар салып, марқұм әскеридің Отан алдындағы адал қызметі үшін үш бөлмелі пәтердің кілті артында қалған балалары мен жарына берілді. Үш баламен жалғыз қалған ананың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі арнайы сыйлықты тарту етті.

 - Отбасымыздың тірегі, арқасүйер азаматымыз дүниеден қайтса да бізге қамқорлық танытып, ерекше қолдау білдіріп отырған ҚР Қорғаныс министрлігіне, «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының басшысына және облыс, қала әкімдеріне айтар алғысым зор. Үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Бұл - біз үшін үлкен қуаныш. Еліміздің әр отбасысына қонған бақ пен береке мәңгілік, тәуелсіздігіміз баянды болғай!- деп жүрекжарды лебізін білдірді Бақытгүл Мұқашева.

Әскерилердің жанұясы қоныс тойларын атап өтіп жатқан сәтте, «Фирма Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары «Абай Арена» мәдени-ойын-сауық спорт кешенінің алғашқы құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Бес мың орынға шақталып салынатын «Абай Арена» кешені Қарағайлы жаңа шағын ауданында орын теппек. Қазір мұнда жұмыс қызу. Алғашқы көп пәтерлі тұрғын үйлер бой көтеріп, «Ертіс» ӘКК АҚ және «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде ел игілігіне пайдалануға беріле бастапты. Жыл соңына дейін мұнда тағы он шақты көп қабатты тұрғын үйлер «Фирма Азия» мен «Сәт Транс» серіктестіктерінің күшімен тұрғызылатын болады. Дегенмен шағын ауданға ерекше сән беріп, алыстан көз тартатын ғажап ғимарат «Абай Арена» болмақ. Кешеннің құрылысын мінсіз ету үшін семейлік мердігер компаниялар республикаға белгілі әріптестерін тартуды көздеп отыр.

- Жоба өте күрделі. Мұны біздің елдің өнеркәсіптік металл құрылымдары бойынша ірі кәсіпорын мамандары да растап отыр. Қалай десек те, олар жобаны жүзеге асыру жолында тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізуге әзір,- деді «Фирма Азия» ЖШС директоры Сәуле Досқожанова.

Қарағайлыдағы қарқынды құрылыстың барысын бақылай келген аймақ басшысы қазақстандық құрылыс саласының мамандары межелі міндеттерді орындай алмаған жағдайда, шетелдік кәсіпорындар мен мамандарды тарту қажеттігі жөнінде кеңес бергені сол еді,  Сәуле Досқожанова ауқымды жобаны іске асыруға «Алматы Арена» кешенін тұрғызған отандық білікті құрылысшылар атсалысатынын  жеткізді. Көздің жауын алатын бірегей нысанды салу барысында құрылысшылар қалашығы да тұрғызылмақ. Осының аясында 200 орынға арналған жатақхана салынады деген жоспар да бар. Құрылысшылардың қамы қарастырылған жобаға сәйкес, жұмысшыларды төрт уақыт ыстық аспен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыруға тартылған компания мамандары мен әріптестер үшін арнайы жеке офис салынып, ол құрылыс аумағында орналаспақ. Бұл құрылыс барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Шағын ауданда көп ұзамай балалар  бақшасы да қолданысқа тапсырылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іргетасы қаланған нысанда 320 бүлдіршін тәрбие алатын болады.

Облыс әкімі іссапарын жалғастырып, қаладағы перинаталдық орталық пен медициналық жедел жәрдем ауруханасының тыныс-тіршілігімен танысты. Медициналық жедел жәрдем ауруханасының (МЖЖА) мультимедиялық құрылғылармен жабдықталған операциялық блогын, инсульт орталығы мен сал ауруына шалдыққан науқастарды оңалту бөлмелерін аралаған аймақ басшысы Ұлыбританияда тәжірибе жинақтап келген дәрігерлермен кездесу өткізді. Осы орайда айта кетейік, тоғыз корпустан тұратын МЖЖА кешені «Жүз мектеп, жүз аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынған. 325 жатын орны бар аурухана бір күнде шамамен 150 адамға жедел түрде көмек көрсетеді екен. Кездесуде белгілі болғандай, соңғы екі жыл ішінде мұнда жамбас артропластикасы бойынша 72 ота жасалған. Сондай-ақ физиотерапия бөлімі және екі дене шынықтыру емдеу залы жұмыс істеп тұр. Барлық бөлімдер заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. МЖЖА базасы негізінде құрылған Диабет, инсульт, Артериалды гипертензия мектептері мен демікпе орталықтарында науқастарға халықаралық стандарттарға сай оқыту үрдісі жүргізіледі. Өткен жылы ШҚО әкімінің арнайы бағдарламасы аясында МЖЖА-ның 9 дәрігері Лондон қаласының ең үздік клиникаларында оқытудан өтіп, біліктіліктерін шыңдап келген.

Жиында Семей қаласындағы перинаталдық орталық директоры Архат Құдайбердіұлы баяндама жасады. Ол облыс әкімінің медицина мекемелерін заманауи технологиялармен жабдықтау жөніндегі арнайы бағдарламасы шеңберінде перинаталдық орталыққа құны 1 млрд. теңгеден асатын қондырғы сатып алынғанын айтып, аймақ басшысына ризашылығын жеткізді.

- Біз өткен жылы туа біткен ақауларды ерте кезде анықтауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама енгізілген үлкен микроскопқа қол жеткіздік. Аталмыш технология арқылы жүктіліктің небары 12-14 аптасында баладан қан алуға болады. Сонымен бірге ультрагемофильтрация технологиясын енгізу  бойынша Өскемен қаласының ана мен бала орталығынан қондырғы әкелініп орнатылды. Мұндай аппарат біздің Семейде болғанымен, заман талабына сәйкес келмейді. Алдағы уақытта облыс әкімінің бағдарламасы аясында Cellsever аппаратын сатып алу қарастырылуда. Англияның ауруханаларында қолданылатын бұл аппараттың бағасы 56 млрд. теңге. Әзірге дәл осындай қондырғы Астана қаласында бар. Аты аталған технологияларды енгізу нәтижесінде ана мен бала өлімі азайып, медициналық қызмет көрсетудің сапасы арта түседі. Перинаталдық орталық дәрігерлерінің 2016-2017 жылдары шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуы қандай да бір ақаумен жаңа туған сәбилерді дін аман алып қалуға сеп болғаны рас,- дейді Семей қаласындағы перинаталдық орталықтың директоры Архат Дайрбеков.

Әрине, сапалы медициналық қызмет жоғары болуы үшін, дәрігер де халықаралық стандартқа жауап бере алатындай білікті болуы шарт. Бұл мақсатта өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының 50-ден астам дәрігері Еуропаның, соның ішінде Ұлыбританияның үздік клиникаларына оқуға жіберілген-ді.

 - Науқастарға сапалы түрде емдеу шараларын жүргізу үшін бір ғана техниканың күші жетпейді. Сондықтан міндетті түрде маман тәжірибелі, озық технологияны меңгерген болуы қажет және халықаралық медицинаның қыр-сырын жете түсінуі керек. Біздің дәрігерлер ана мен баланың денсаулығын нығайту, қан айналымы және онкологиялық ауру түрлерін емдеу сынды үш бағыт бойынша машықтануға жіберілуде. Кадрларды оқыту ісі, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жетілдіру жұмысы Шығыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруі тиіс,- деп атап өтті ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

ШҚО әкімінің екі жылды қамтитын бағдарламасы негізінде биыл медициналық жедел жәрдем ауруханасының базасында травматология және ортопедия орталығын құру жоспарланып отыр. Ол үшін қажетті қаржы бар, соңғы үлгідегі озық технологиялармен жарақтандырылған ота бөлмелері де жұмыс істеп тұр. Орталық жұмысы сәтті жүргізілсе, травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандарымен бірлесіп күрделі сынық-жарақаттарын емдеу, сондай-ақ буындарды эндопротездеу бойынша ерекше әдістерді енгізуге жол ашылады. Сондықтан Семейдегі медициналық жедел жәрдем ауруханасының рөлі айрықша.

Бұл ретте Даниал Ахметов, қатардағы кәсіби қызметкерден бөлек, ауруханалардың бас дәрігерлері де қазіргі техниканы жетік біліп, бар тәжірибесін одан әрі арттыруға күш салуы керектігін баса айтты.

 - Бас дәрігер оқудан бас тартса, жылы орнын босатуы тиіс. Себебі бізге кәсіби шеберлігін үнемі шыңдап, білімін толықтырып отыратын мамандар қажет. Әлемдік медицинадағы өзгерістер мен тың жаңашылдықтар жөнінде ең әуелі бас дәрігер хабардар болып, қарамағындағы қызметкерлеріне үйретуі керек,- деді облыс басшысы. 

Әзірге ШҚО - әр жыл сайын 50 дәрігерді Еуропаның жетекші клиникаларына тәжірибе жинауға жіберіп отырған бірден-бір аймақ. Игілікті үрдіс бес жыл бойы жалғасатын болады. Бұған қоса облыстағы ең ірі ауруханалар озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек. Бұл мақсатқа 23 млрд. теңге қарастырылып, оның                  12 млрд. теңгесі игерілді. Сонымен бірге Семейде алдағы жылдары дәстүрлі қазақ медицинасы орталығы да жұмыс істейтін болады.

Шаһарға келіп бірқатар әлеуметтік маңыздағы нысандарды аралап, өңірдің жай-күйімен танысқан Даниал Ахметовтің жұмыс сапары Семей қаласы әкімінің сол жағалау тұрғындары алдындағы есеп беру жиынында қорытындыланды. Қала әкімінің есебін тыңдаған Даниал Кенжетайұлы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде ілгерілеушілік байқалатынын айтып, Ермак Сәлімовтің бір жыл бойы атқарған жұмысына оң бағасын берді.

Әкімнің есептік жиынына жиналған жұртшылық тарапынан сан түрлі са-уалдар жолданды, алғыс айтушылар да көп болды. Сөйлеушілердің тізімінде бірінші тұрған Рыков көшесінің тұрғыны былтыр қала көшелерін жөндеуге  ерекше мән беріліп, шаһар біршама ажарланып қалғанын айта келіп, көкейіндегі сұрағын қойды.

 - Иә, өткен жылы бірталай көшелер ретке келтіріліп, жолдар жөнделді. Бұған қатысты айтар еш уәжім жоқ. Тек биыл Рыков көшесіне де жіті көңіл бөлулеріңізді сұраймын. Аталмыш көшенің ойлы-шұңқырлы жолдары күрделі жөндеуден өткізілсе деген ұсыныс-тілегім бар,- деді қала тұрғыны.

Жерлесіміздің ұсынысын мұқият тыңдаған қала әкімі бұл мәселеге қатысты жазбаша түрде өтінішхат жіберуін сұрап, алдағы уақытта мәселенің түйіні шешілетінін айтты.

Келесі кезекте сөз алған «Семей мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжиһан қажы Жұматаева қала және облыс басшылығының бір жыл көлемінде атқарған ісін жоғары бағалады. Ол жиырма жылдан бері таза ауыз суды арман етіп келген Қайнар ауылының тұрғындары атынан алғыс сөздерін жаудырса, Бобровка кентінің тұрғыны балалардың білім алуына оңтайлы жағдай жасалғанына ризашылығын білдірді. Айта кету керек, өткен жылы қаланың Бобровка кентінде 600 орынға арналған мектеп іске қосылған-ды. Білім ордасында заман талабына сай сапалы білім мен тәрбие алу үшін барлық жағдай қарастырылған. Енді көп ұзамай ескі мектептің орнына жаңа балалар бақшасын салу қолға алынбақ. Ал «Поколение» қоғамдық бірлестігінің өкілі коммуналдық қызметтердің, соның ішінде жылу тарифінің өсуіне байланысты сұрағын тікелей Даниал Ахметовке бағыттады.

- Егер біз үйіміз жылы болсын десек, жылумен қамту жүйесін барынша қолдауымыз қажет. Тариф өссе, демек, экономика мұны талап етіп отыр. Әйтпегенде жылу желілерінің тозығы жетіп, жылу беру орталықтары жаңғыртылмай, қала тұрғындарын ыстық сумен қамту мүмкін болмас еді. Мәселен, 1997 жылдан бері Семей қаласы ыстық судан таршылық көріп келді. Енді, міне, төрт айдан кейін өңір тұрғындарының 91 пайызы ыстық сумен қамтылады. Ал ол үшін жүйелі жұмыс, қарқын керек, халықтың қолдауы қажет,- деп жауап қатты облыс әкімі.

Тұтастай алғанда, республика өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға жылжу көрсеткіштері бойынша Семей алдыңғы қатарда деп айтуға толық негіз бар. Әрине, ол бюджеттік түсімдер көлемі, капиталға тартылған инвестиция, инновациялық бастамалар, тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы, спортты дамыту және тағы басқа да толағай табыстармен, жетістіктермен өлшенеді. Оның үстіне жыл қорытындысында бюджеттің жалпы көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 53 пайызға артып отыр. Әлеуметтік маңызға ие салаларға қомақты қаржы бөлініп, халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Алаштың рухани астанасының бүгінгі бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді десек, еш қателеспейміз. Бұлайша пайымдауымызға қала әкімінің халық алдында берген есебі мен жылы лебіздер мен ұсыныс-пікір айтушылардың пікірі дәлел. «Семейде серпіліс бар» деп қалада атқарылып жатқан жұмыстарға облыс әкімінің оң баға беруі баршамызға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктейді. 

 Десе де ел тұрмысының жақсарып, өңірге қарасты ауылдардың, шағын кенттердің көркеюі жолында атқарылар іс әлі де болса аз емес. Осыған орай қала әкімінің қорытынды есебіне қатысушы тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-тілектер толық назарға алынды.

Жібек СЕРҒАЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57