БІЛІМ САЛАСЫНДА ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

25 қаңтар күні Семейдің Балалар мен жастар шығармашылығы сарайында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын іске асыру аясында Семей қалалық білім беру жүйесін дамыту мәселелері бойынша жиын өтті. Оған қаланың бас ұстазы Наталия Фесенко, білім бөлімі басшысының орынбасарлары, мектеп директорлары мен ұстаздар, ата-аналар қатысты.

Қазіргі таңда қала бойынша бұл салада 69 жалпы білім беретін мектеп, 55 мектепке дейінгі мекеме, 5 қосымша білім беру мекемесі бар. Бас ұстаздың айтуынша, 2017 жылы қалада сала бойынша айтарлықтай тың өзгерістер орын алған.

- Өткен жылы заманауи құрылғылармен жабдықталған 600 және 1200 орындық жаңа екі мектеп ашылса, түзету мекемелеріндегі кешкі мектептер жалпы орта білім беретін мекеме статусына ие болды, 6 жекеменшік мектепке дейінгі шағын орталық ашылды, тағы екеуі Жастар шығармашылығы сарайына, біреуі музыкалық мектепке қосылып, өнер мектебі қалыптасты,- деді Н.Фесенко.

Өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны да 2 мыңға артқан. Тарқатып айтсақ, мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып шәкірттері 2016 жылмен салыстырғанда 200 балаға кем, ал 11 сынып оқушылары 100, 10 сынып оқушылары 1700 оқушыға артық. Яғни, 9 сыныптан кейін оқушылардың колледждерге оқуға түсуі азайған. 

Наталия Фесенко білім саласындағы өзгерістермен де таныстырды. Айтуынша, жаңа тәртіп бойынша, лицейлер мен гимназиялар оқушыларды экзамен арқылы ғана қабылдауға құқылы. Сондай-ақ келер оқу жылынан бастап, туған айына қарамастан, 6 жасар бала мектепке қабылданады, керекті құжаттар тізімінен мекенжай анықтамасы да алынып тасталған. Мектепке дейінгі мекемемен 3-6 жас аралығында 12 мың бала қамтылыпты, ол 100 пайызды құрайды. Қаланың орталық бөлігі, 342-ықшам аудан және Юность, Цементшілер кентінде балабақша мәселесі түбегейлі шешілген екен. Ал жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жалғаса бермек.

- 1, 2, 5, 7 сыныптар жаңа бағдарлама бойынша оқытылуда. Келер жылы 3, 6, 8 сыныптар енеді. Оқушыларға портфолио жүргізу міндеттелмейді. Оқу жылы ішінде білім алушы бір мектептен екіншісіне ауысқанда, оның жиынтық бағасы электронды журнал бойынша шығарылып, директордың мөрімен беріледі. Дене шынықтыру, өзін-өзі тану, көркем еңбек пәндері бойынша жиынтық бағалау қойылмайды, тоқсан соңында сынақ алынады,- деді білім бөлімінің басшысы.

Жолдауда ТМД елдерінің ішінде оқушылардың жүктемесі ең жоғарысы Қазақстан екенін айтқан Мемлекет басшысы оны азайтуға тапсырма берген. Нәтижесінде үй тапсырмасының көлемі біршама қысқартылған. Жиында Н.Фесенко мұғалімдердің жалақысын арттыру жайлы да айтты:

- Елбасының биылғы жылғы Жолдауына сәйкес, ұстаздардың тұрақты жалақысына 30 пайыз қосылады. Білім берудің барлық деңгейінде педагогтердің санаты бойынша аттестациялау ережелерінің арнайы жобасы әзірленген. Санатты нақтылау арқылы 20 пайыздан 50 пайызға дейін жалақылары үстемеленеді. Осы жылдан бастап ұстаздар жылына екі рет аттестациядан өте алады.

Яғни санатсыз мұғалім енді педагог деп саналады, ал екінші санат – педагог-модератор, бірінші санат – педагог-эксперт, жоғары санат – педагог-зерттеуші, және жаңадан қосылған санат – педагог-шебер. Яғни жалақы осы санаттар бойынша қосылады.

Келесі мәселе - «Kundelik.kz-пен» жұмыс, ол қаладағы мектептердің 80 пайызында қолданысқа ие. 1 ақпаннан бас-тап журнал және күнделікті екі нұсқада қатар (электронды және қағаз жүзінде) жүргізуге тыйым салынатынын Наталия Фесенко қадап айтты. Тоқсан соңында электронды журналдан ақпарат баспаға шығарылып, тігіліп, архивке өткізілетін болады.

2017 жылы білім саласын дамытуға 12 млрд. теңге бөлінсе, 2018 жылы ол шамамен 1 миллиардқа дейін артқан.

Алда жаңартылған білім мазмұнын іске асыру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, видеоқұрылғылармен жабдықтауды арттыру, үштілділікке көшу шеңберінде мектеп мұғалімдерінің кәсіби деңгейін көтеру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектептерді жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтау жұмыстары жалғаса береді. 

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57