АҚСАЙДА БОС ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ БАР

Семей қаласы бірнеше жылдан кейін тағы үш шағын кентпен толықпақ. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде Ақсай, Ұшақтар және Комсомол кенттерінде жеке тұрғын үйлерді салу мақсатында 3900 жер телімі берілген еді. Бүгінде Ұшақтар және Комсомол шағын аудандарынан берілген жер телімдерінің қожайындары бар, ал Ақсайдағы 500 жер телімі әлі де өз иесін тапқан жоқ екен.  

Ақсайдағы жеке тұрғын үй құрылысына деген 1700 жер телімі бөлінген, оның 1200-і үлестіріліпті. Тегін берілетін телімдерді алу үшін бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысу қажет. Ол үшін міндетті түрде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшысы атанып, депозиттегі есепшот 2 млн. теңге көлемінде болуы шарт. Алғашқы жарнасы тұрғын үйдің жалпы сомасының 30%-ын құрайды және бір шаршы метрі 120 мың теңге тұрады. Ауданда салынатын үйлер 80-140 шаршы метрге тең болады деп болжануда.

Қазіргі уақытта Ақсай тұрғын үй алаңында электр желілері тартылып, сумен қамту жүйелері жүргізілген. Ауданды газдандыру ісі бойынша жобалық-сметалық құжаттар қаралу үстінде. Айта кету керек, осы орайда «АманатГаз» ЖШС кент тұрғындарын қажетті отын мөлшерімен қамтамасыз етуге кепілдік беріп отыр.

Жоғарыда аты аталған шағын аудандарда салынатын жеке тұрғын үйлердің сыртқы келбеті мен сәулеті бірдей болады. Бірақ, бұған қарамастан, әрбір салымшы жоба эскизін сызу барысында қанша бөлме болатынын, қандай құрылыс материалдарын қолдану керектігін өздері таңдай алады.

Жаңа мөлтек ауданда 1200 орынға арналған мектеп және 320 бүлдіршінге шақталған балалар бақшасын салу көзделіп отыр. Тұрғын үй алаңының құрылысы ағымдағы жылдың ақпан айында бастау алып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жерге жету үшін қоғамдық көлік те ұйымдастырылған. Қазіргі күні Ақсай ықшам ауданы бағытында екі автобус жүреді. Алдағы уақытта тағы екі бағыт қатынайтын болады.

Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57