ҚАҢТАРДЫҢ ҚЫСПАҒЫ

Қыс қаһарына мініп тұр. Қаңтардың қыңыр мінез көрсетіп тұрғанына бірнеше күн болды. Қыс қаһарына мінбес бұрын, Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарға ескерту хабарламаларын жіберіп, қамдану керектігін айтқанды. Бұқаралық ақпарат құралдары да «аяздың көкесі» келе жатқанын жиі-жиі айтып, тұрғындарға құлаққағыс етті. Сарышұнақ аяз күндері оқыс жағдайлардың алдын алу үшін жауапты органдар тиісті шаралар қабылдап, халықты барынша сақ болуға шақырып, дабыл қақты.

21-нен 22 қаңтарға қараған түні семейлік құтқарушылар қақаған аязды күні қаладан тыс жолда қалып қойған бір топ адамды құтқарған. Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, Астанадан Өскемен қаласына жол тартқан төрт жолаушы мінген көлік қаладан 80 шақырым қашықтықта, Семей - Курчатов бағытындағы тас жолда бұзылып қалған. Сақылдаған аязда көлікті жөндеу мүмкін болмағандықтан, олар құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Қаладан жедел түрде «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Семей қаласының №2 жасағының алты адамнан құралған құтқару тобы мен екі техника жіберіліп, жолаушыларға көмектесті. Үскірік аязда үсік шалып, зардап шеккендер жоқ.

- Сол түні термометр тілі - 42 градусты көрсетіп тұрған еді. Тас жолда көлік қозғалысы болмағандықтан, амалсыз «112» нөмірін теріп, төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұрадық. Қоңырауға шұғыл әрекет еткен құтқару қызметі тез арада келіп, бізді Семей қаласына жеткізді. Қиын жағдайда көрсеткен көмектері үшін барлық құтқарушыларға алғыс білдіреміз,- дейді жолаушы Артем Нестеров.

Оқырмандардың естеріне сала кетейік, өткен жылдың соңында метеорологтер желтоқсан және қаңтар айларында еліміздің орталық, солтүстік және шығыс бөлігінде ауа температурасының көп жылдық нормадан төмен болатынын болжаған еді. Солай болды да. Енді ақпан айында, бізде жылымық тартып, күн жылына бастаған кезде, республиканың батысы мен солтүстік-батысы суытады деген болжам бар. Биыл көктем де ерте шығып, жауын-шашын әдеттегіден көбірек түседі деп күтілуде.

Бет қаритын қолайсыз ауа райы кезінде облыстық маңызы бар тас жолдар жабылып, «Семей - Павлодар облысының шекарасы» автожолының 577 - 733 шақырым аралығында дизельдік және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылған-ды. Аяз басталысымен-ақ өрт сөндіру қызметі, қалалық Ішкі істер басқармасы, Төтенше жағдайлар басқармасы, жедел медициналық қызмет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі сынды тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін орындардан басқа мекемелерде жұмыс істеу уақыты қысқартылып, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне сабақтар тоқтатылған болатын. Себебі сынап бағанасы күндіз -37 - 39 градус болса, түнгі уақытта            - 45-ке дейін жетті. 

Семейдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері аязға байланысты арнайы жасақталған құрамда жұмыс істеуде. Қосымша жылу қазандықтары іске қосылғандықтан, қала тұрғындары үшін қолайсыз жағдай туындаған жоқ. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Аленов айтқандай, аяз күндері семейліктер отын тапшылығын сезінбеді.

Аязды күндері көліктерін оталдыра алмай жүргендердің қарасы көп болды. Көлік қозғалысының, оның ішінде жолаушылар көлігі жұмысының қиындауы, далада ұзақ жүрген жандардың тоңып қалуы сынды әрекеттер орын алды. Семей қаласының жедел жәрдем медициналық ауруханасы мамандарының мәліметіне сүйенсек, 22-25 қаңтар аралығында мекемеде қалыпты жағдайда жұмыс жүргізілген. Алайда жағдай тым жақсы деп те айта алмаймыз, үсік шалған екі адам ауруханаға жеткізіліпті.

- Қалыпты жағдай бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Аптаның басынан бері аяздың түсуіне байланысты жедел жәрдемге жүгінгендердің саны күрт өсіп немесе төмендеп кеткен жоқ. Бұл күндері үсік шалған екі адам ауруханаға түсті. Олардың қазіргі жағдайдары қалыпты, - деді Семей қаласының жедел жәрдем медициналық ауруханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Ғалия Алибаева.

Үсікке шалдыққан екі азамат та автокөліктерін жөндемек болып, аязда тоңып қалған екен. Сондықтан мамандар аязды күні, мүмкін болса, тыста көп жүрмеуге кеңес береді.

Айта кетейік, бұл - бейсенбі күні түске дейінгі алынған мәліметтер. 

Жібек СЕРҒАЗЫ,

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57