«АЙДАНА» БАЛАБАҚШАСЫ СЕНІМДІ БАСҚАРУҒА БЕРІЛМЕК

Бейсенбі, 18 қаңтар күні Семей ақпарат орталығында қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова және білім бөлімі мамандары «Айдана» балабақшасының сенімді басқаруға берілуі туралы мәселеге байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.

Мемлекет қарамағындағы №2 «Айдана» балабақшасының сенімді басқаруға өтуіне наразылық білдірген ата-аналар бұл мәселені «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында өткен қоғамдық қабылдауда көтерген еді. 325 балаға арналған балабақшаның жекеменшікке берілуі жайлы қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова пікір білдірді:

- Елбасы өз Жолдауларында бизнес-ортаны қалыптастыру және кеңейту туралы үнемі айтып келеді. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекеттік – жекеменшік серіктестік маңызды рөл атқарады. Әлбетте, Семей қаласында да мемлекеттік – жекеменшік негізіндегі құрылымдар жақсы үлгі көрсетіп келеді. Бұл 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесін бір жолға қойып отыр. Осы орайда ескере кететін жайт, Айдана балабақшасы сатылымға қойылған жоқ. Нысан өтеуін төлеп алу құқығынсыз сенімді басқаруға беріледі. Тендер келісімшартында айтылғандай, инвестор 18 млн. теңге көлемінде инвестиция құюы шарт.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, келісімшарт бойынша, басқарушы тұлға қызметкерлер құрамы мен олардың еңбекақысының мөлшерін, нысанның сыртқы көрінісін сақтап қалуы тиіс. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары 2020 жылға қарай щаһардағы барлық балабақшаның сенімді басқаруға өтетінін еске салды.

- Мемлекеттік – жекеменшік серіктестік тек мектепке дейінгі білім беруде ғана емес, арнаулы білім беру салаларында да кең қолданылып келеді. Бүгінде Семей қаласында 14 мемлекеттік, 15 жекеменшік колледж бар. Денсаулық сақтау салаларында да бұл тәжірибе қолданылуда. Қазіргі күні Семейде 15 мемлекеттік балабақша болса, соңғы жылдарда бой көтерген 39 жекеменшік балабақша бүлдіршіндерді бақшамен қамту мәселесін шешіп отыр. Ал 2020 жылға қарай барлық балабақшалар сенімді басқаруға беріледі. Мәліметтерге сүйенсек, бұл орайда Алматы және Қызыл-орда облыстары көш бастап тұр,- деді қала әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, «Айдана» балабақшасы сенімді басқаруға берілгенімен, жартылай мемлекеттік болып қала бермек. Басқарушы тұлға келісімшартта көрсетілген міндеттерді ғана орындайды.

Баспасөз мәслихатында ата-аналар аталмыш балабақшаны мемлекет қарамағында қал-дыруды өтінді. Олар халықтың пікірі ескерілмеді деген уәж айтуда:

- 23 қаңтар күні конкурстың қорытындысы жарияланады. Ал ата-аналардың пікірін сұраған ешкім болмады. Меніңше, алдымен ата – аналардың пікірін білу керек еді. Мемлекеттік пен жекеменшік нысанның айырмашылығы жер мен көктей екенін тәжірибемізде байқап жүрміз. Комиссия материалдық –техникалық жағдайына қарап таңдауы керек қой,-деді Р.Масаева есімді ата-ана.

Айта кетсек, балабақшаны сенімді басқаруға беру туралы шешімді қала әкімі жанындағы арнайы комиссия қабылдаған.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57