СЕНАТОР СЕРПІНДІ ІСТЕРДІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мағауяұлы Мусин өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының Жарма және Үржар аудандарына арнайы жұмыс сапарымен барып қайтты. Сенатор екі ауданда да бірнеше кездесу өткізіп, жоғары палатада атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныстырып өтті. 

Жармада өткен жиында аудан әкімі Нұрлан Сыдықов ауыл шаруашылығы саласының жыл санап салмағы артып, ілкімді істер кезеңмен жүзеге асырылып келе жатқанын жеткізді. Аудан басшысының баяндауынша, өткен жылы 20 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Егін де бітік шығып, гектарына 14 центнерден өнім алынған. Ет өндірісін өркендетуде «Сембеллге» сенім артуға болады.

Сенатор өз кезегінде жармалықтарды Жаңа жылмен құттықтап, Айтуған Бектұрғанұлы Омаровты аудандағы қоғамдық көмекшісі ретінде таныстырып, арнайы куәлікті табыс етті.

Ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларындағы жетістіктерді жоғары бағалаған Дүйсенғазы Мағауяұлы мемлекеттік бағдарламалардың сәтті іске асып жатқанын да атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы баянды істерді оң бағалай келе, Сенат қабырғасында өткен жылы қаралған және қабылданған заң жобаларымен таныстырды. 

Бұл ретте Дүйсенғазы Мусин «Жайылым туралы» Заңды кеңінен тарқатып берді. Өзгертулер мен толықтырулар енгізілген аталмыш Заң орманды алқаптар, су қорлары, ерекше қорғаудағы жерлердің шөбін шауып, мал бағуға пайдалануды жетілдіруге негізделгенін жеткізді. Сондай-ақ «Ветеринария туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралғанын да тілке тиек етті. Ветеринариялық бақылау сапасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне негізделген заң жобасы отандық ветеринария саласын халықаралық талаптарға сәйкестендіруді көздейді. Осы заң жобаларын жүзеге асыру жолында Жер және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне, сол сияқты «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы», «Ветеринария туралы», «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» және «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр. 

Дүйсенғазы Мусин 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына да тоқталды. Сенатордың сөзіне қарағанда, 2017 жылдың қаңтар – қараша айларында ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға өскен, немесе 3,8 трлн. теңгені құраған екен. Сол сияқты мал шаруашылығының өнімін өндіру көлемі 3,6 пайызға артып, 1,6 трлн. теңгені құраса, өсімдік шаруашылығы 1,4 пайызға өсіп, 2,3 трлн. теңгеге жеткен. Аталған мерзім ішінде азық-түлік өндіру ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Дүйсенғазы Мағауяұлы атап өткендей, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімділігі бойынша Павлодар, Қызылорда және Маңғыстау облыстары ерекшеленген. 

Дүйсенғазы Мағауяұлы баламалы энергияны пайдалануға бағытталған өңірлік жобаларды жоғары бағалады. Бұл ретте Жарманың «жасыл экономика» бағытындағы бүгінгі қадамының бастауы болып табылатын желден электр қуатын өндіруге негізделген «Zharma energy» компаниясының және күннен электр қуатын өндіруді көздейтін «Жангиз Солар» ЖШС жобаларының тиімділігін атап өтті. Тың жобалар республикадағы Үдемелі индустриялы-инновациялық даму жұмыстарын үйлестіру жөніндегі комиссияның назарына ұсынуға әбден лайық екенін жеткізді. Айта кету керек, ШҚО бойынша табиғатты адамзат игілігіне жаратуға бағытталған 4 жоба ұсынылып отыр. Оның екеуі Жарманың еншісінде.

Дүйсенғазы Мусин Үржар ауданында да бірнеше кездесу өткізді. Аудан активімен кездесу барысында аудан әкімі Серік Зайнулдин әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, облыс бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің 11,5 пайызы Үржар ауданына тиесілі екенін жеткізді. 

Сондай–ақ Сенатор аудандық тарихи-өлкентану музейінде жастармен жүздесті. Жалынды жастармен кездесу кезінде Дүйсенғазы Мағауяұлы кез келген іс пен жұмыстың орындалуы талмас жастық жігер мен озық білімді қажет ететінін айтып, жастар қауымы әрдайым береке-бірлікте болса, алынбайтын қамал жоқ екенін тілге тиек етті.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің облыста сүт қабылдау пункттерін ашу жөніндегі тапсырмасы негізінде іске қосылған «Арыстанбек» ЖШС-не аялдаған Дүйсенғазы Мағауяұлы өндірістің жұмыс барысымен танысты.

Сенатордың Үржардағы сапары «Алғабас» шаруа қожалығында түйінделді. Аудандағы жұмыс сапарын қорытындылаған Дүйсенғазы Мусин Үржардың даму көрсеткішін жоғары бағалады.

Мейірхан ОСПАНБАЕВ,

Нұрсұлтан ЕСЕМБАЕВ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57