СЕМЕЙДЕ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» ЖОБАЛЫҚ ОФИСІ АШЫЛДЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаcын жүзеге асыру барысында еліміздің әр өңірінде «Рухани жаңғыру» жобалық офистері ашылып, жұмыс жүргізуде. Осындай офистердің бірі Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде ашылған. ШҚО-ға сапары барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызы Балаева 8 қыркүйек күні Семейге келіп, аталмыш офис жұмысымен танысты.

«Рухани жаңғыру» жобалық офистерін ашудағы мақсат - қазақстандықтардың әлеуметтік белсенділігі мен Отан алдындағы жауапкершілік сезімін нығайту, ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықтарымызды, тарихымызды жаңғырту, бағдарламаны іске асыру барысы туралы халықты хабардар ету және халықпен бірлесе әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру. Аталған бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға барлық азаматтар қатысуға мүдделі. Сондай-ақ тұрғындар жобалық офиске келіп, ұсыныс-пікірлерін білдіре алады.

- Университет қабырғасында құрылған жобалық офис жарты миллион халыққа жұмыс істейді деп сенеміз. Халықпен кері байланыс жасауда қиындықтар туғандықтан, байланыс орталығын аштық. Электрондық адресіміз де бар. Жергілікті әкімдік рұқсат етсе, көшеге банерлер ілу ойымызда бар,- деген университет ректоры Мейір Ескендіров оқу орны қолға алған бірқатар жобалармен таныстырып өтті.

 – «Мәңгілік Ел» академиясын ашу жоспарымызда бар. Адам өмір бойы білім алуы керек. Ал жаңа идеялар тууы үшін шығармашылық орын керек. Осы мақсатта жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып шығармашылық алаң құрмақпыз. 1 қазанда университет қабырғасында қазақ тілін оқытатын орталық ашылады. Бұл әлемдегі қазақ тілін үйренем деген адамдардың басын қосатын жоба болмақ. Шетте тұратын ағайындармен хабарластық. Сұраныс бар,- деді М.Ескендіров.

ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Ғалымқызы «Рухани жаңғыру» жобалық офистерінің маңыздылығына тоқталды.

- «Рухани жаңғыру» бір жылдық бағдарлама емес. Сондықтан жобалық офистер шынымен де жұмыс істеуі керек. Ұйымдастырылған шаралардың жоғары деңгейде өтуі маңызды. Жоба халыққа қызықты болуы тиіс және кері байланысты жақсарту керек. Офис жұмысына азаматтардың зор ықыласпен араласқаны маңызды. Бұл орайдағы біздің мақсатымыз – Президент алға қойған міндеттерді орындауға қол жеткізу, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңаға бейімделу, дамыған 30 елдің қатарына кіру. Елбасы айтқан рухани жаңғырудың 6 қағидасы біздің өмірімізге енуі керек. Ол үшін әркім оны өз өмірінен бастауы қажет. Ауылдар мен аудандар, қалалар, облыс орталықтары түгел қамтылуы тиіс. Бүгінгі қоғамда адамның білімге құштарлығы табыстың кілті болып отыр. Әр азамат қоғамның даму бағытын түсініп, өзін соған бағыттауы керек. Әрбір табысты адам – табысты қоғам, табысты қоғам – табысты ел. Ал табысты ел – бәсекеге қабілетті ел. - Ауылда үйде отырған ана «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнін түсінбеуі мүмкін. Егер ол өз баласына ұлттық қасиеттерді сіңіре отырып, оның тұлға ретінде дамуына жағдай жасаса, басқа тілдерді үйренуіне көмектессе, мақсатымыздың орындалғаны. Балаға ана тілін үйрету, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды бойына сіңіру тікелей анаға байланысты. Ал ұлттық коды қанына сіңген бала жаңалыққа бейім болып өседі. Әкелердің де рөлі үлкен. Әке жастайынан баланы еңбекке бейімдеп, дұрыс мамандық таңдауына ықпал етеді. Егер бала өз мамандығына бейімделіп өссе, одан жақсы маман шығады. Жақсы маман еңбек ұжымында жақсы нәтиже көрсетеді. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда мамандық таңдауда қиналатын түлектер көп,- деді Аида Ғалымқызы.

Сондай-ақ ол 20 қыркүйекте Астана қаласында жобалық офис басшылары қатысуымен жиын өтетінін, барлық жобалар сонда қаралатынын айтып өтті.

- «Рухани жаңғыру» қысқа мерзімді бағдарлама емес. Халық бағдарламаның шын мәнінде жүзеге асуына атсалысып, ой-пікірін білдіріп, белсене қатысуы керек. Рухани жаңғыру офистері үлкен игілікті істің бастамасы болып отыр. Семейдегі адамдарды тартып, қоғамның санасы түбегейлі өзгеруіне жұмыс жасау керек. 20 қыркүйектен кейін Астанада барлық жобалық офис басшыларын, әкім орынбасарларын жинап, жаңа мақсаттарды айқындаймыз. Үздік шыққан жобаларды республика деңгейінде қолданысқа енгіземіз. Алдымызда бұдан да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біздің басты тұтынушыларымыз жастар болмақ, - деді ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева.

Аида Ғалымқызына студенттер де көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Соның бірі «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына қатысты болды.  Айта кетейік, жоба аясында қазақ әдебиетінің жауһар туындылары ағылшын, француз, испан тілдеріне аударылған. 

- Елбасы тапсырмасымен қыркүйек, қазан айларында Дубайға, Ресей мен Қытайға іссапармен барамын. Егер осы үш мемлекетпен келісімшартқа қол қойсақ, қазақ кітаптары әлемнің алты тіліне аударылады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарық көргеніне 2 жыл толуына орай, яғни 12 сәуірде, аударылған кітаптарды шетелдерде таныстыру рәсімін өткізбекпіз. Әрі қарай түркі тілдес халықтардың тілдеріне, кәріс тіліне тәржімалау жоспарымызда бар. Негізгі мәселе нені аударатынымызда. Шығармалар тәуелсіздік жылдарында жазылған мазмұнды туындылар болуы керек. Егер жақсы туынды жасап жатсаңыздар, сіздер де антологияға енулеріңіз мүмкін,- деді А.Балаева жастарға.

Осыдан кейін Аида Балаева оқытушылар құрамымен кездесіп, «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған оқулықтардың сапасы жөнінде пікір алмасты. Оқытушылар өткен оқу жылының соңында университет кітапханаларына түскен оқулықтармен танысқандарын және аударма тілінің жатық әрі түсінікті жазылғанын жеткізді.

- Бұл оқулықтар - әлемнің ең алпауыт мемлекеттерінде оқытылып жатқан кітаптардың аудармасы. Біз енді ескіше емес, жаңаша білім алу жүйесіне көштік. Кембридж, Оксфорт, Сорбонна университеттерінің оқулықтары қазақ тіліне аударылды. Бұл студенттер Қазақстанда да жоғарғы деңгейде білім алады деген сөз. Елбасымыз еліміздегі оқу орындарын мемлекеттік немесе жекеменшік деп бөліп-жармай, оқулықтарды барлығына бірдей жеткізіп отыр. Басқа ешбір мемлекет жастарға осыншалықты көңіл бөлген емес. Бұл біздің мемлекеттің қуаттылығын көрсетеді. Ұлттық аударма бюросы құрылып, аударма ісінде серпіліс пайда болды. Аудармашылық жоғары сұранысқа ие мамандыққа айналды. Тіл білетін, мәтінді жетік тілмен тәржімалай алатын аудармашылар үлкен сұранысқа ие болуда. Оқулық көлемі жағынан туындаған қиындықтар уақыт өте келе түзеледі. Екіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтерді. Мұның бәрі ұлт болашағын ойлаған Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі,- деді А.Ғалымқызы.

Сондай-ақ ол «100 жаңа оқулық» жобасы аясында кітаптарды тәржімалау әрі қарай жалғасатынын, қазіргі күні 30 оқулық баспаға дайындалу үстінде екенін айтып өтті.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

БІРЛЕСЕ ШЕШЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР БАР

Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов саяжай серіктестіктерінің жетекшілерімен кездесті.  Қазіргі уақытта қала маңында 11 саяжай ұйымдары заң шеңберінде құрылып, өз жұмыстарын атқарып жатқанымен, қаланың атқарушы билігімен бірлесе шешетін әлеуметтік мәселелер жеткілікті.

- Қаланың іргесіндегі саяжайлардағы қоғамдық көліктердің жүруі, қоғамдық қауіпсіздік, санитарлық жағдай, жеке тұрғын үйлер салу, электр желілері, жол және басқа да инфрақұрлым мәселелерін бірлесе қарастыруымыз керек. Бүгін сол үшін жиналып отырмыз. Себебі жыл сайын саяжайларда тұрақты тұратын халық саны көбейіп келеді. Қазір барлық саяжайларға қоғамдық көліктер жүреді және біз олардың уақытында жүруін қадағалап отырмыз. Жолдарды жөндедік. Жарықты тұтыну бағасы бойынша тұрғындар арасында келіспеушіліктер бар. Сіздердің өтініштеріңізді жазып алдым, бірлесе жұмыс жасау керек, - деді қала әкімі Ермак Сәлімов жиын барысында.

Халық көп шоғырланған Шығыс, Бобровка, Мұрат және басқа да саяжайларға қоғамдық көліктердің жүруі реттеліп, жолдар жөнделді. Әлеуметтік нысандар бар. Бобровка саяжайында 4 200 тұрғын болса, оның 2 мыңға жуығы сол жерді тұрақты түрде мекендейді. Сондықтан  мектеп пен балабақша халық игілігіне беріліп, қазіргі уақытта емхана салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Бобровка саяжай кооперативінің төрағасы Владимир Рульков көктемгі су тасқыны кезінде бүлінген үйлерді жөндеп берген қала басшылығына тұрғындар атынан ризашылығын айтты.

Саяжайларда тұратын тұрғындар қыстық және жаздық деп екіге бөлініп, соған сәйкес  олардың арасындағы  келіспеушіліктер  кейбір мәселелерді шешуге кедергі келтіріп отыр. Әсіресе электр желілерін күтіп ұстауға келгенде саяжай тұрғындары аталған саланы  қалалық әкімшілік қарамағына беру керек десе, екінші топ оған қарсылық танытуда.

- Мұндай жағдай Мұрат сайжайында орын алып отыр. Саяжайдағы электр желілерін ұйымның қарамағына өткізейік десек, тұрғындардың біразы қолдап, екінші жағы қарсы болуда. Бұған біреу жауапты болмаса, ұрлық көбейіп, тіпті жарықсыз қалуымыз мүмкін. Қалай десек те ортақ шешім керек. Негізі саяжай ұйымының меншігінде болғаны дұрыс, - дейді «Семей. Мұрат. Сенім» қоғамдық ұйымының төрайымы Светлана Кругляченко.

Қала басшысы жиын соңында жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, саяжай ұйымдарының жетекшілерімен күнделікті бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

АБАЙ – ҚАЗАҚТЫҢ АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

23 тамыз – ұлы Абайдың туған күні. Ұлылар елінің ұрпақтары жылдағы дәстүрмен хакім ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Биыл ұлы ақынның дүниеге келгеніне 173 жыл толып отыр. Шара барынысында ақының әндері шырқалып, жас ақындар  өлеңдерін оқыды. Ескерткіш басына Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, жалынды жастар жағы да көп жиналды. 

Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова өзінің құттықтауында бүгінігі таңда біздің адастырмас темірқазығымыз Абай және оның мол мұрасы екенін айтты. Құттықтауын қала әкімінің орынбасары қазақ тілінде жеткізді.

- Бүгін біз ұлы ақын Абайдың рухына тағзым ету үшін жиналып отырмыз. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген асыл бабамыз осы күнді армандап кетті. Берекеміз артып, елдігіміз нығайды. Сол арманға бүгінігі ұрпақ қол жеткізді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Абай лебі, Абай үні - заман тынысы, халық үні» деген даналық сөзі бар. Заман ауысып дүние өзгерсе де, халқымыз Абайдан айныған емес. Бүгінігі «Рухани жаңғыру» жолында біздің адастырмас темірқазығымыз Абай және оның мол мұрасы. Ендеше, ерлік пен өрлікті, елдік пен бірлікті ту еткен баба сөзі бізге аманат. Аманатқа қиянат жасамаған дана халқымыз ұрпағын ұлы жолға бағыттарына сенімдіміз. Абай рухы бәрімізді ұлы мұраттарға жетелей берсін, - деді қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова.

Ескерткіш басына жиылған қауым ұлы ақынның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін ақын рухына арналған шара шаһарымыздағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде жалғасын тапты. Онда «Абай туралы естеліктер» және «Ата-анаға көз қуаныш» кітаптарының тұсау кесер рәсімі өтті. Тұсау кесер рәсімі Дүйсенбек Қошқарбеков, Молдабек Жанболат, Зейнолла Тоқаев сынды аға буын өкілдеріне берілді. Кітаптар мемлекеттік тапсырыс арқылы 500 данамен жарыққа шыққан. Айта кетейік, кітаптар сатылымға шықпайды, тек кітапханаларға ғана таратылады. 

- Қасиетті Құрбан айт мерекесінің үшінші күні Абайдың туған күнімен қатар келіп отыр. Ұлы ақының мерекесімен құттықтаймын. Жыл сайын біз әр түрлі шаралар өткізетінбіз. Бүгінгі шара бұрығыдан өзгеше. Бүгінде Абай естеліктеріне толы «Абай туралы естеліктер» және балаларға арналған «Ата-анаға көз қуаныш» кітабын жарыққа шығардық. Абай шаңырағы, Абай мұрасы - қазақтың көзі ашық зиялы қауымы үшін қашанда киелі мекен, - деді Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков.

Абай туралы естеліктер бұрын соңды осындай тиражбен шықпағанын баса айтуға болады. Жекелеген естеліктер газет беттерінде, журналдарда жарияланып жүрді. Бірақ дәл  осындай жинақталған түрде, үлкен көлемде бірінші рет жарыққа шығып отыр

Ал «Ата-анаға көз қуаныш» атты екінші кітапта Абайдың шығармалары балаларға арнайы лайықтап шығарылған. Ол түрлі-түсті форматта жарыққа шықты. Бұған дейін Абай шығармалары балалар үшін арайы басылым болып шықпаған. Бұл кітап алғаш рет жас оқырмандарға арналып отыр.

Сонымен қатар Абайдың туған күніне арналған «Ұлылар мұрасына тағзым» және биылғы жылы ашылған «Этнографиялық бөлім», «Абай жолы», «Үш қайнар» көрме залдары көпшілік назарына ұсынылды.

Құралай ОМАШ

«АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ»

Халқымыздың данышпан ақыны хакім Абайдың туғанына 173 жыл толуына орай Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейі қалалық әкімдік ғимаратында «Адамзаттың Абайы» тақырыбында көрме ұйымдастырды.

Еліміздің өзге де аймақтарын аралап қайтқан бұл жылжымалы көрме 22 тамыз күні қалалық әкімдік ғимаратына қойылды. Көрменің ашылу салтанатына шаһар басшысы Ермак Сәлімов, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков және музей, қалалық әкімдік қызметкерлері, қала тұрғындары жиналды.

- Адам бойындағы негізгі қасиеттерді ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек деп бағалаған адамзаттың Абайына арналған көрме қалалық әкімдік қызметкерлері үшін өте тағылымды дүние болары сөзсіз. Себебі қазір отандастарымыздың тарихи тамырын терең түсініп, рухани жаңғыруына баса мән берілуде. Абайдың сөздері әрбір қазақ үшін темірқазық екені даусыз. Ұлы ақынның сан салалы өнері - ұрпағына мәңгілік азық. Абай шығармалары әрдайым қазақ қауымының рухани қажеттілігін өтеуге қызмет ете бермек, - деді қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова.

Семей - халқымыздың біртуар перзенттерін дүниеге әкелген қасиетті мекен. Жыр алыбы Мұқағалидың «Семей десе, Абай деп қарайды адам» деуінің сыры да осында болса керек.

- Ардақты ағайын, бүгін қаламыздың басты ғимаратында ғибратты іс шара өтіп жатыр. Ұлы ақынның туған күні қарсаңында қалалық әкімдікте осындай көрменің ұйымдастырылуы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Семейдегі Абай музейінің тарихы 1940 жылдан басталады. Осы 80 жыл ішінде Абайды танытып, қазақтың мәдениетін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан Абайдың «Жидебай-Бөрілі»мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің ұжымына алғыс айтамын. Естеріңізде болса, 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы Абайды «қазақтың бас ақыны» деп бағалады. Содан бері 105 жыл өтсе де, Абайдан асқан, Абайдан биік ақын әлі бізде туған жоқ. Абай мың ақынды туғызып кетсе де, бір Абайдың деңгейіне ешкім жете алмады.  Бұл - үлкен меже. «Абайдың сөзі – әр қазақтың бойтұмары болуы керек» деген Елбасының тамаша сөзі бар. Яғни қазақтың табиғатын, ділін, санасын, рухын өзімен бірге ала жүретін және кемел адам болуға бағыттайтын бойтұмар дегенді білдіреді. Елбасының осы сөзін жай айта салмай, жүрекпен сезініп айтқан жөн, - деді филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Сіләмұлы, - Өзбекстанда Абай күндері аталып өтіп, соңғы үш-төрт жылда қазақ-өзбек байланысы жаңа сатыға көтерілді. Осылайша өзбек елінде Абайды тану процессі басталып кетті. Өзбекстанның Президенті Абайды тану туралы қаулы шығарды. Бұл – үлкен мәртебе. Сондай-ақ олар келесі жылы Қазақстанға келетіндерін жеткізді. «Әсіресе, Семей қаласы, Абай елі - біздің басты нысанамыз» деді олар. Оған да көп уақыт қалған жоқ. Демек, Абай - халықтар достығының дәнекері болып отырған алып тұлға. Бойымда қазақтың қаны, қазақтың ділі бар дейтін, оның тілі мен тарихын, болашағын білгісі келетін әрбір қазақ Абайды оқуы керек. Абайдың мұрасы жасай берсін, - деді ғалым.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің директоры Болат Жүнісбеков Семейдің төрінде «Адамзаттың  Абайы» тақырыбын-дағы көрменің ұйымдастырылуы  қала басшылығының Абай мен Шәкәрім мұрасына деген ерекше құрметі екенін атап өтті.

- Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – елге қызмет етіп жатқан билік өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлердің халықтың асыл мұрасына деген сүйінпеншілігі мен қызығушылығын арттыру. Жуырда музей ұжымы қала әкіміне хат жазып, Семейге келген қонақтар алдымен Абай музейінен ат басын бұрса деген тілегін білдіріп еді. Сол тілегіміз орындалып, Ермак Бидахметұлының тапсырмасымен шаһарға келген меймандар, ең алдымен, Абай музейінінің қара шаңырағына баратын болды.

Абай ұлы ақын, жазушы, кемеңгер, ойшыл ғана емес, Абай - біздің ұлттық мақтанышымыз. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдығы тойлаған кезде Елбасы «Егер біз Абайды ертерек оқып-білсек, бүгінгі өтпелі кезеңде жіберіп жатқан кейбір кемшіліктерді қайталамас едік» деп айтқан екен. Абай - қазақ халқының киесі, ары мен намысы, мақтанышы. Алматы мен Астана қалаларын, батыс пен оңтүстік өңірлерді аралап қайтқан көрменің бір бөлігін қала тынысының әр саласын басқарып отырған әріптес бауырларымыз көрсе деген ниетпен әкеліп отырмыз. Театр маусымы ашылған соң игілікті іс Абай театрында жалғасады, - деді Болат Жүнісбеков.

Көрменің ашылуынан кейін Абай музейінде республикалық Абай оқулары басталды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІ ҚАДАҒАЛАУ КҮШЕЙТІЛДІ

Қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасына, техникалық-санитарлық жағдайына қатысты, әсіресе, кешкі мезгілде автобустардың сирек жүруіне байланысты сын-пікірлер қоғам арасында көптеп айтылып жүр. Осыған орай қала әкімі апта сайын қоғамдық көліктерге рейд жүргізуді қолға алған-ды. Шаһар басшысының тікелей қатысуымен өтетін кешкі бақылау дүйсенбі, 6 тамыз күні темір жол бекеті аялдамасында жалғасын тапты. Қала әкімімен рейдке БАҚ өкілдері де шықты.

Рейд барысында тиісті мамандар тарапынан көліктердің техникалық-санитарлық жағдайы, құжаттары, аялдамаға келу уақыты бүге-шігесіне шейін тексерілді. Алдыңғы рейдтен сабақ алды ма, әлде бақылау жұмыстарының жүргізілетіні жөнінде алдын ала құлағдар болды ма, әйтеуір бұл жолы жолаушы тасымалдаушылардан айтарлықтай мін табылмады. Көлік қозғалысына қатысты көңіл құлазытар көріністер орын ала қоймады. Барлығының құжаттары түгел, салон іші тап-тұйнақтай, аялдамаға да бірінен соң бірі, кестеге сай ағылып жатты. Тек бір-екі автобус кестеден ауытқып, діттеген жерге 10 минутқа ерте келіп жетті. Ал белгіленген тәртіп бойынша тасымалдаушыға 5 минут ерте немесе кеш келуге рұқсат етілген. Сондықтан «он минут» үшін автобус жүргізушісі ескерту алды әрі бұл ереже бұзушылық автопарк иесіне жеткізілетін болады. Ең бастысы темір жол бекеті аялдамасына дейін келетін автобустардың барлығы кешкі сағат 21:46-ға дейін жүргенін көріп, қуанып қалдық. 

- Жүргізушілердің кестені, көлік қозғалысы ережелерін бұзғаны, кім ерте я кеш келгені, бәрі-бәрі күнделікті компьютерлік бағдарлама арқылы жазылып отырады және бірден  автопарк басшылығына жіберіледі. Жергілікті полиция, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері мен жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығы арасында апта сайын қоғамдық көліктерді бақылап, тексеру жөнінде келісім бар. Сол келісім аясында жұмыла жұмыс атқарудамыз, - дейді Семей қаласы жолаушылар тасымалдауды басқару орталығының директоры Бейсенғазы Тастекеев.

Естеріңізде болса, Семейдің қоғамдық көліктері жаңа бағыт кестесі бойынша жүре бастаған-ды. Алайда жолаушы тасымалдаушылар бұл жаңалыққа аса қуана қойған жоқ. Себебі жаңа кестеге сәйкес, олар түнгі сағат 23.00-ге дейін қатынауы тиіс еді.

- Әрине, жаңадан бекітілген кесте қоғамдық көлік тасымалдаушылардың көңілінен шықпады. Сондықтан ол жағын қайта қарастырып жатырмыз. Алғашқы кесте арқылы жұмыс уақытын 23.00-де аяқтауды көздеген едік. Бірақ белгілі болғандай, ол мезгілде тұрғындардың басым бөлігі автобусқа мінбейді. Бүгінгі рейдті қорытындылай келе, қоғамдық көліктердің жұмысын сағат 22.00-де тоқтату жоспарда бар. Мұнымен жүргізушілер де келісіп отыр, - дейді қала әкімі Ермак Сәлімов БАҚ өкілдерімен сұхбат барысында.

Иә, тасымалдаушылардың жаңа кестеге үрке қарауы орынды да. Таң атқаннан қас қарайғанға дейін көлік тізгіндеу оңай емесін қарапайым халық та, жергілікті билік те жақсы түсінеді. Сөз соңында қала әкімі жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысын оңтайландыру мақсатында, ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес, екі ауысымда жұмыс істеуді қарастыратынын жеткізді.

Жібек СЕРҒАЗЫ

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57