Р.А. МОЛДАШЕВА

(өмірбаян)

1961 жылы бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген. Ұлты - қазақ. 1985 жылы Қазақтың С.М. Киров атындағы  мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 2007 жылы  Қазақ гуманитарлық -  заң университетінің  «Заңтану» мамандығы бойынша  екінші жоғары білім алған.  Филология ғылымдарының кандидаты, қазақ баспасөзінің тарихы тақырыбында он монографияның  авторы. Семей қаласы мәслихатының қатарынан бес шақырылымының депутаты болып сайланған, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының  «Nur Оtаn» партиясынан сайланған депутаты.

Кәсіби еңбек жолын Семей облыстық «Семей таңы» газетінде журналист ретінде бастап, кейіннен аталмыш басылымның экономика бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 1997 жылы басылымның бас редакторы болып тағайындалды.

1997 жылы, Шығыс Қазақстан және Семей облыстары біріктірілген кезде, «Семей таңы» газеті жабылудың сәл алдында болды. Басылымның тағдырына бейжай қарай алмайтын журналист республикамыздағы байырғы қазақ тілді газеттің жабылуына жол бермеді. Рыиза Молдашеваның қажырлы еңбегінің, бірінші басшы ретіндегі ұйымдастырушылық шеберлігінің және журналистік қызметке деген адалдығының нәтижесінде басылым 2017 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті.

«Семей таңы» газетінің тарихы тереңде жатыр. Басылымның алғашқы саны 1917 жылы «Сарыарқа» деген атпен жарық көріп, Алаш орда үкіметінің ресми органы болған.  Газет ғасырдан астам уақыт бойы Семей өңірінің экономикасы, қоғамдық-саяси өмірі, мәдениеті мен білімі саласындағы маңызды кезеңдердің шежірешісі болып келеді.

Газеттің негізін қалағандардың қатарында қазақ халқының тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін қалыптастыруды армандаған белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері - Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов сынды көптеген зиялы қауым өкілдері болды. Басылым алғашқы болып оқырмандарды ұлы Абайдың, Шәкәрімнің шығармашылығымен таныстырды. Газет беттерінде белгілі замандастарымыз - М.Әуезовтің, Ә.Нұршайықовтың, М.Сәрсекенің, Р.Сейсенбаевтың көркем шығармалары мен публицистикалық мақалалары жарияланды. Ақындар мен жазушылардың ең үздік шығармалары алдымен осы газетте жарық көрді. Сол кездегі авторлардың материалдары әлі күнге қоғамдық өмірдегі өзінің мазмұны мен өзектілігін жоғалтқан жоқ, бүгінде олар тарихи құндылыққа айналған.

2002 жылы «Семей таңы» газетінің негізінде жаңа газет - ««Семипалатинские вести» жарыққа шықты, қазір ол «Вести Семей» қоғамдық-саяси газеті деп аталады. 2020 жылы Бесқарағай ауданына тарайтын екі тілдегі «Біздің Бесқарағай» газеті ашылды.

  Жасампаз ұйымдастырушы, шығармашыл басшы және кәсіби журналист Р.А.Молдашева 2005 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін ҚР Президентінің сыйлығын иеленді. ҚР Президентінің 2009 жылғы БАҚ саласындағы грантының иегері; Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, «Ақпарат саласының үздігі». 2004 жылы  «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағына ие болды; 2009 жылы - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, 2008 жылы – «Астанаға 10 жыл» медалімен, 2011 жылы - «Қазақстан  Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, 2014 жылы - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрмет грамотасымен, әр жылдары ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолы қойылған алғыс хатпен, ШҚО және Семей қаласы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, ««Nur Оtаn» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының Құрмет грамотасымен, 2016 жылы  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған. «Нұр Сұңқар» сыйлығының және «2017 жылдың үздік БАҚ редакторы» аталымымен  Геннадий Толмачев атындағы сыйлықтың иегері. Отандық құқықтық жүйенің дамуына қосқан үлесі үшін, мәслихаттардың 20 жылдығына арналған идеологиялық шараларға белсене қатысқаны үшін сол кездегі ҚР Парламенті Сенаты Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан Құрмет грамотасын алған.

Р.A. Молдашева – алғашқы қазақ газеттерінің бірі, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы мен тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларындағы міндеттерді жүзеге асырудағы жетістіктердің жаршысына айналған «Семей таңы» газетінің білікті басшысы.

 Рыиза Асанқызы Молдашева – «Семей таңы – Вести Семей» газеттері» ЖШС-нің директор-бас редакторы, «Nur Оtаn» партиясының мүшесі. Мәслихат депутаты ретінде ШҚО-ның әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларының жүзеге асырылуына өз үлесін  қосып келеді.

Нұрай атты қызы Семей медицина университетінің екінші курс студенті.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57