ТҰМАБАЕВТЫҢ «МАҢЫЗДЫ МӘЛІМДЕМЕСІ»...

Осыдан екі күн бұрын «Instagram» әлеуметтік желісінде Өскемен қаласы әкімінің суреті және «Қуат Тұмабаев ашық баспасөз конференциясында маңызды мәлімдеме жасайды» деген ақпарат көпшілікке тараған болатын.

Әдетте, «Елбасы маңызды мәлімдеме жасайды» дегенге құлағы үйреніп қалған халық жоғарыдағы хабарды «біртүрлі» қабылдады. Айтпақшы, Қуат Тұмабаев туралы жұрттың әр алуан жорамал жасап жүргені кеше, не бүгін ғана емес. Өндірісті шаһар Өскемен қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанына бір жыл толуына бір ай жетпей басы дауға қалған Қуат Мұхитұлы Тұмабаевты қызметінен «әне кетеді, міне кетеді, орнына анау келеді, мынау келеді» деп көпшіліктің айтып жүргеніне де бірталай уақыт болған еді.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін еске сала кетейік, сәуір айының 15 күні Риддерде мас күйінде BMW Х5 автокөлігін тізгіндеген аталған қала әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев жол жиегінде кетіп бара жатқан 19 жастағы Евгений Смольник атты жігітті қағып кеткен. Евгений Смольник жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында жан тапсырады. Бауыржан Құрманбаевтың жанында Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевтың болғаны жайлы ақпарат екі айдан кейін ғана жарыққа шыққан еді.
Сонымен, кеше жас шенеуніктің «маңызды мәлімдемесі» жасалды. Ішімдікке тойып алып автокөлік тізгініне отырған, мас күйінде адам қағып өлтірген әріптесінің көлігінде болған Қуат Тұмабаев, тергеу аяқталғанша, еңбекақысыз демалысқа кететінін хабарлады. Біраз ақпарат құралдары «тосын мәлімдеме» деп атап жатқанын да байқап қалдық. Ал ҚР ІІМ-нің ресми өкілінің бұған дейін: «Тұмабаев расымен оқиға орнынан Құрманбаевтың автокөлігімен кетіп қалған. Бұл, 612-бап бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада тіркелді. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, Тұмабаев жол-көлік оқиғасының орнынан кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Себебі бұл әрекет үшін жауапкершілік оқиғаға себепкер болған жүргізушіге қатысты ғана қарастырылған»,- дегенін де әлеуметтік желіден оқыдық...
Болған оқиғадан кейін арада екі айға жуық уақыттан соң ғана бой көрсеткен қала басшысы бүгін БАҚ өкілдерін жинап, тергеудің әділ жүргізілгеніне ынталы екенін, жұрт арасында алып - қашпа әңгіме тарамас үшін осындай қадамға барғанын, жол апатының қалай болғанын тәптіштеп баяндай отырып, қылмысты ашу жұмысының құпиясын сақтау үшін көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға сот отырысынан кейін жауап беруге уәде берді.
Ал Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев қазір қамауда отыр.
Қуат Тұмабаев баспасөз конференциясында:
- Өз әрекетім арқылы куәгер ретінде қатысатын сот алдында қоғам тарапынан сын туғызғым келмейді. Сондықтан осы аралықта жалақысыз еңбек демалысын алу туралы шешім қабылдадым. Тергеу аяқталғанша қызметте болмаймын. Мен де шындықтың ашылуына мүдделімін,- деді.
Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған бір жыл уақыт ішінде Қуат Тұмабаев мырзаның қылықтарына таң қалмайтын болдық. Велосипедпен серуендегенін де, мотоциклге әуестігін де, грейдермен қар тазалап жүрген суретін де желіге салып жаһанға жария еткен Қуат Мұхитұлының ОРВИ-ге қарсы екпе жасатып отырған жартылай жалаңаш бейнесін де көпшілік көрді. Супермаркетке барып азық - түлік алып жүрген сәтімен де таныстық. Хоккей ойнайтынын да байқадық. Балалар үйіне барып футбол ойнағаны да көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Жалпы, жылт еткен жаңалық болса, жария етуге асығып тұратынын аңғарған едік... Тек Риддерде болған қайғылы оқиға ғана екі ай өткен соң жарыққа шықты. Онда да, баласынан айырылып қан жұтып қалған әкенің шындықты іздеп шырылдаған дауысы болмаса, жабулы қазан жабулы күйінде қалар ма еді... Қыршынынан қиылған жас боздақтың өліміне себепші болған көліктің ішінде отырған шенеуніктің «ақысыз еңбек демалысына кетемін» деп жасаған мәлімдемесіне көпшілік қанағаттанды деп айтуға болар ма екен? Ендеше, Қуат мырза, өзіңізге қояр сауал көп...
Біріншіден, адам өліміне себепкер автокөлік ішінде болғаныңыз неге екі айдан кейін ғана жарыққа шықты? Екіншіден, автокөлік тізгінінде ішімдік ішкен әріптесіңіздің отыруына жол бергеніңіз және оқиға болған жерден қашып кеткеніңіз үшін қылмыстық жауапқа тартылмасаңыз да, ар сотының алдында өзіңізді адалмын деп айта аласыз ба?
Тұмабаев мырза, екі ай бұрын болған қайғылы оқиға жайлы «маңызды мәлімдемені» кеше БАҚ өкілдеріне емес, қылмыс жасалған күні құқық қорғау орындарына барып, өз аузыңыздан баяндап, ертесінде өтініш беріп қызметтен біржола кетуіңіз керек болатын. Көпшілік Сізден «қызметтен өз еркіммен кетемін» деген мәлімдеме күткен еді...

Риза МОЛДАШЕВА

 

 

ҚОШ БОЛ, ИЛЬИЧ!

Ардақты оқырман, айтыла –айтыла жауыр болған, жазыла-жазыла тілімізді жараға айналдырған тағы бір ауқымды мәселеге нүкте қойылған сияқты...

Ұлттың зиялыларын дүниеге әкелген қазақтың рухани-мәдени астанасы Семейдің орталығындағы Ленин көшесі мен қарт Ертісті қақ жарып жатқан Полковничий аралының атаулары талай әріптестеріміздің тақырыбына тұздық қана болып қоймай, сырттан сынай келгендердің елдігімізге таққан елеулі мініне де айналып жүргені баршаға белгілі... Талай қала қонақтары Алаш ардақтыларының асқақ армандарына қанат бітірген қаланың қақ ортасын қақ жарып өтетін «Ленин көшесі» деген атауды естігенде құбыжық көргендей селк ете қалады... Өйткені бұл - Павл... мен Петр...дан қалған қала емес, ұлттың ұлыларын бесігінде әлдилеген қарт СЕМЕЙ, қасиетті СЕМЕЙ, қасіреті бір басына жеткілікті СЕМЕЙ! Владимир Ильичтің Семейдегі «ғұмыры» ұзақтау болды десек те, абыройымызға дақ салып тұрған бұл қателік түзетілді. «Ештен кеш жақсы» дегендей, ұзақ күттірсе де республикада дұрыс шешім қабылданыпты.
Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина, атау берудің жаңа тәртібіне сәйкес, қала тұрғындарының қоғамдық тыңдауынан кейін облыстық ономастикалық комиссияның Семейдегі Ленин көшесін Мәңгілік ел, ал Полковничий аралын Бейбітшілік аралы етіп өзгерту жайлы берген ұсынысы республикалық комиссияның кезекті отырысында қаралып, мақұлданғаны жайлы хабарды біздің редакцияға қуанышты көңілмен жеткізді. Таяу уақытта, ШҚО әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімі шыққан соң, бұл атаулар заңды күшіне енеді.
Кеше, 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің таңы қаламызға қатысты осындай жақсы жаңалықпен атты.
Назерке Аққожинаның айтуынша, биылғы жыл соңына дейін Семейде тағы 20 көшенің атын ауыстыру жоспарда бар екен. Жақсы жаңалық. Халқы үшін жанын беріп, қазақ үшін қанын төккенімен, есімі әлі күнге елеусіз жатқан, әрқайсысы бір-бір көшеге ат болуға сұранып тұрған қанша тұлға бар... Өткен жылдары біздің газеттің беттерінде бұл тақырып аз көтерілген жоқ. Қиын кезде талайға пана болған қазақтың нанын жеп, суын ішіп, жерін басып адам болған «талайдың» тәуелсіздік алған соң тарихи отанына «тәйт» деп тайып тұрған өкілдерінің бірі, өзін адам қылған ұлтқа қарсы сөз айтып, кітап жазған Николай Морозов пен 1986 жылдың Желтоқсанында тәуелсіздікті аңсаған жалынды жастарымыздың жазықсыз жазалануына ұйытқы болған Ғылым Елемесов көшелері көрген көзге күйік болып әлі тұр... Дегенмен сең қозғалды. Ендеше, жоғарыдағы екеудің де келмеске кетер күні алыс емес шығар.
P.S Айпақшы, Владимир Ильичтің қаламыздың бір көшесінде сап түзеп тізіліп тұрған мүсіндер қатарын қоқысқа апарып тастайтын «қайраткер» де табылып қалар деп үміттенеміз.

Риза МОЛДАШЕВА

 

КӨКПЕКТІГЕ ЖАҢА ӘКІМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Газетіміздің өткен сандарының бірінде Көкпекті ауданы әкімінің басқа қызметке ауысқанынан оқырмандарды хабардар еткеніміз естеріңізде болар. Халықтан өткен сыншы жоқ. Көпшілік арасында Көкпектінің бұрынғы әкімі Рамиль Нығметжанұлы Сағандықов үш жылға жуық уақыт аудан басқарып, креслода отырды демесеңіз, шидің басын сындырған жоқ деген сынды пікір көп. Сондықтан да болар, аудан тұрғындары тарапынан кеткен әкімдеріне қимастық сезімді байқамадық. Керісінше, «үш жылдай уақыт «ұйықтап қалған» ауданды серпілтетін басшы келсе дұрыс болар еді» деген тілекті көп естідік.
Сонымен, кеше Көкпектіге жаңа әкім тағайындалды. Облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков аудан активіне Қазақстан Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа əкімді таныстырды:

АСХАТ САЙДАХМЕТҰЛЫ СМАИЛОВ

Асхат Сайдахметұлы Смаилов 1968 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. 1985 жылы С.М.Киров атындағы орта мектепті бітірген. 2005 - 2007 жылдар аралығында Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары қызметін, 2007 жылы Тарбағатай аудандық қаржы бөлімінің бастығы, 2007- 2009 жылдары Тарбағатай аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Соңғы қызметі - Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары.
Өмірбаян деректеріне ден қойсақ, елуді енді ғана еңсерген азаматтың еңбек жолы салмақты. Әсіресе қаржы саласының маманы екені көңілге үміт ұялатады. Көкпектіліктер Дүйсенғазы Мағауяұлы Мусин басқа қызметке ауысқаннан кейінгі үш жылға жуық уақыттан бері ауданда басшының аты бар да, заты жоққа пара-пар болғанын жиі айтады.
Ал Асхат Сайдахметұлы Көкпектіге алыстан келген жоқ. Толағайдың қос етегін мекендеп жатқан егіз қозыдай екі аудан - Тарбағатай мен Көкпекті - ежелден ауылы аралас, қойы қоралас өңірлер. Табиғаты да, жерінің жағдайы да бір-біріне ұқсас. Жаңа басшы жұмысқа кірісер алдында Көкпекті ауданының бүгінгі экономикалық және әлеуметтік жағдайларын, күнгейі мен көлеңкелі тұстарын барлап және сол кемшіліктерді жөндеу бағытында жоспар жасап келді деген үміттеміз. Көкпектінің бұрынғы әкімі Рамиль Сағандықов үш жылға жуық осы ауданға басшы болған уақытта қордаланып қалған, шешімін күткен мәселелердің де аз емес екенін білеміз.
Аймақ басшысы жаңа әкімге Көкпекті ауданындағы халықтың әл-ауқатын көтеру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бағытында Елбасы тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі іске асыруда үлкен үміт артқаны да белгілі. Асхат Сайдахметұлы облысымыздағы ірі аудандардың бірі Тарбағатайда әкімнің орынбасары қызметін атқарып жүріп, Ділдабек Тәжібайұлы Оразбаев сияқты еңбекқорлығымен ел құрметіне бөленген басшының үйрену мектебінен өтті. Сол тәжірибесін енді өзі әкім болып тағайындалғанда қажетіне жаратып, Көкпектінің көсегесін көгертер деген үміттеміз.
Айтуға оңай болғанымен, әкімдерге тапсырылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Олар өз аумағындағы жұмыстың бәріне жауапты... Жергілікті бюджеттің толықтырылуы, басшылық етіп отырған өңірдің әлеуметтік - экономикалық тұрғыдан дамуы, бөлінген қаржының дер кезінде игерілуі, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы... Тіпті тапсырыс алған мердігердің жұмысының сапасын да жоғары басшылық та, халық та әкімнен сұрайды. Оның сыртында жергілікті тұрғындардан түсетін жеке өтініштер тағы бар. Олардың да әр алуан болатыны белгілі. Өтініш елеусіз қалса, халық алдындағы сенімнен айырылдым дей бер. Ал «халық деген - Құдайдың бір аты». Барлығына әкім жауапты деген түсінік - қарапайым адамнан бастап биліктің ұшар басындағы азаматтарға дейін сіңісті қағида.
Әкімдердің де қызмет бабында өздерін ұстауы әр алуан болып келетінін байқап жүрміз. Жоғары лауазымға қолы жеткендердің бірі басшылық қызметті мысық, біреулер түлкі, біреулер арыстан болып жүріп өтейді. Қолы мансапқа жетсе, қораз болып кететіндер де жоқ емес. Адал басшыны қашанда халық қолдайды, тек сөзің жылы, қабағың ашық, ой - пікірің кабинетіңе кіріп шыққандардікі емес, өзіңдікі болсын. Ал ақылды басшы артынан көпті ерте біледі.
Тағайындалған әкімге ақыл айтудан аулақпыз. Дегенмен, бұрынғы әкімнің жұмысына қатысты кемшіліктер Смаилов мырзаның қаперінде жүрер деген үмітпен жаңа басшыны құттықтап, сәт сапар тілейік. Қалғаны алдағы уақыттың еншісінде...

Риза МОЛДАШЕВА

ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАР: ҮМІТ пен КҮДІК

Облыста өткен аптада аздаған кадрлық ауыс-түйістер төбе көрсетті. Бірен-саран болғанымен, халық көптен күткен өзгерістер. Сонымен, аймақтық масс медианың көш бастаушысы «Шығыс ақпарат» ЖШС-не жаңа басшы тағайындалды. Соңғы кездері жетекшісі жиі ауыса берген бұл серіктестікке бұрын облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Катонқарағай ауданының тумасы, 36 жастағы Серік Жеңісов директорлыққа тағайындалды. Айтпақшы, осы ауыс-түйіске «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ирина Якунина ханым мен серіктестік құрамындағы екі басылымның бірі «Дидар» газеті редакциясы қызметкерлері арасында болған «қысқа толқынды» даудың дауылға айналып кетуі себеп болғанын біреу білсе, біреу біле қоймас. Нақты айтқанда, «Дидар» газетінде Өскемен қаласындағы әлі күнге қызыл туы желбіреп, кеңестің иісі бұрқырап тұрған көше аттарын ауыстыру жайлы бастама көтергені үшін, мақала авторына сөгіс жариялаған Ирина ханымның ісі әлеуметтік желі арқылы «жаһанға» жария болып, намысы бар барша қандастарымыздың наразылығын тудырған болатын. Ұлт мүддесіне қатысты мақаласы үшін қудалауға тап болған журналистің жанайқайы аймақ басшысының да құлағына жеткен... Сөйтіп маңызды мәселеде мүлт кеткен Ирина ханымның әрекеті облыс басшылығын бүгінгі кадр өзгерісін жасауға мәжбүр еткен еді...
Қара шаңыраққа басшылық ету жауапкершілігі қазақтың қара баласына жүктелді. Қара сөзден маржан тізіп, қоғамдық ойдан қорытпа құйып, журналистиканың жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп жүрген әріптестерімізге ұлттық мүддені көтеруде енді кедергі болмасына күмән жоқ. Жаңа басшы іргелі ой айтып, қоғам көшін ілгері жылжытып, қасиетті қаламды қолына ұстаған журналистердің кәсібіне құрметпен қарайды деген ҮМІТ көп.

***

Өткен аптаның ортасы ауа облыста тағы бір жаңа тағайындау болды. Соңғы үш жылдай уақыттан бері Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарып келген Рамиль Сағандықов облыстық Ветеринария басқармасына басшылыққа тағайындалды.
Көкпекті ауданы әкімінің орынбасарлығынан 2015 жылы басшылыққа келген Рамиль Нығметжанұлы жұмыс қарқынын алғашқы күннен–ақ шідерлеулі аттай кібіртіктеп бастаған. Жергілікті халықтың айтуынша, сол баяу қарқын үш жыл бойы өзгермеген сыңайлы. Әдетте, лауазымды қызметке жаңа тағайындалған басшы жұмысында ерекше белсенділік танытып, халыққа жақсы пікір туғызу жағын да ойлайтын еді. Рамиль Нығметжанұлы, бұл тұрғыдан алғанда, басқаларға ұқсамады. Әкімдік қызметінде үлкенді-кішілінің аузында жүрген «пәлендей» келелі істерді жүзеге асырды» деп көсілетіндей жұмысын да байқаған жоқпыз. Көкпектіге басшылық жасаған уақытта ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосты дегенді де естімеппіз. «Көре-көре көп нәрсені үйренген» деген сөздің де бұл басшыға аса қатысы жоқ сияқты. Керісінше, сыншы сырт көз аузынан «Көкпекті ауданының әкімі осы орында қашанға дейін отырар екен?» деген сауал жиі естілетін. Ашығын айту керек, Рамиль Сағандықовты іздеген жанның ешқашан орнынан таба алмайтынын, жұмыста барынан жоғы көп екенін көпшілік көп айтады. Әкімді іздеп барғандар қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың алдынан бірде «демалыста», енді бірде «ауырып, емделіп жатыр» деген жауапты естіп қайтатын...
Сөзіміздің басында айтып кеттік, Рамиль Сағандықов Көкпектідегі бірінші басшының тағына көктен келіп түсе де қалған жоқ. Аталған ауданда әкімнің орынбасары болып біраз жыл қызмет істеген, осы жердің өз тумасы, халықтың да, жердің де жағдайын жақсы білетін азамат деген оймен таңдау жасалғаны белгілі. Оның үстіне Дүйсенғазы Мусин сияқты тәжірибелі басшының үйрену мектебінен өткен маман, экономиканы да көтерер, елдің рухын асқақтатуға да үлесін қосар деген үміт көп болған. Өкінішке орай, ол үміттің бірі де ақталмады. Бәлкім, мінезі момын, қарамағындағыларға жұмсақ болғаны да себеп болған шығар... Қысқасын айтқанда, Рамиль Сағандықов басшылық жасаған жылдары Көкпекті ауданы ұйқылы-ояу күй кешті.
Жергілікті халық Баянды Кәкенұлы әкім болған тәуелсіздіктің алғашқы кезеңін Самар мен Көкпектіні біріктірген уақыт деп, ал бүгінгі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин басқарған жылдарды ауданның тасы өрге домалаған кездер деп еске алады. Дүйсенғазы Мағауяұлы ауданды көркейту, экономиканы ілгері бастыру жолында көп еңбек етті. Көкпекті ауылының асфальт төселген жолдары мен күрделі жөндеуден өткізілген ғимараттар - Дүйсенғазы Мусин аудан басқарып тұрған жылдары іске асқан жұмыстар. Бұрынғы басшы Көкпектіде туып, бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, кәсіпкерліктің көрігін қыздырып жүрген азаматтарды туған жерін түлетуге үлес қосуға жұмылдыра білді. Бұл іске Көкпекті ауданында кіндік қаны тамған Нұрбек Уалиев, Тұрарбек Ракишев сияқты азаматтар үн қосып, соның нәтижесінде халыққа қажетті талай игілікті шаралар іске асқан болатын.
Рамиль Нығметжанұлы ауданды үш жылдай басқарғанымен, бірінші басшы болу мен орынбасар болудың арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін сезінбеген сияқты... Әкімдік қызметте ерекше ісімен көзге түскен жоқ, басқарған жылдары аудан экономикасы да адымын алшақ ашып, басқаларды басып озып, көзге түспеді. Ұзын сөздің қысқасы, Көкпектіге басшылық жасаған өз перзенті туған жердің көгіне шығып күн де болмады. Халқына құл болып қызмет етті деп те айта алмаймыз. Тыңнан түрен салынбаса да, бұрынғы басшының кезінде қалыптасқан жұмыстарды жалғастыруға да қауқары жетпеді. Бүгін Рамиль Сағандықов басшылық жасаған уақытта, Көкпектіде қордаланып қалған проблемалар шаш етектен...
Көкпектіні үш жылға жуық басқарғанымен тындырғаны шамалы Р.Сағандықов облыстың бас мал дәрігері болып тағайындалды. Жауапкершілігі өте жоғары қызмет. Кеңес кезінде меншігінде 20-30 мың бас қой, табын-табын сиыр, үйір - үйір жылқы ұстаған әр совхоз бен колхозда мал дәрігері шаруашылықтың ең беделді кадры болып есептелетін. Ал қазір малдың сау болуы ең алдымен иесін ғана алаңдатады. Ауру мал шықса ғана дереу бақылауға алынып, ветеринарлық жұмыстар жүргізіледі. Мал дәрігерлері де жетіспейді. Бұрын жылына 250 мал дәрігерін дайындап, бүкіл республиканы қажетті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған Семей малдәрігерлік институтын бітірген аға толқынның қатары да күн өткен сайын азайып барады... Бір сөзбен айтқанда, Рамиль Сағандықов басшылыққа тағайындалған қызмет аптаның бес жұмыс күнінің екеуін жұмысқа, үшеуін демалуға арнайтын жалқаудың орны емес.
2015 жылдан бергі Көкпекті ауданының көрсеткіштеріне көз жүгіртіп отырып, «Р.Сағандықовты әкім етіп тағайындаудан кім не ұтты?» деген сауал да санаға салмақ салып тұр... Әрине, басқармаға басшы етіп тағайындағанда өз саласының маманы деген таңдау жасалғаны белгілі. Көкпектіде қабілеті ашыла қоймаған Сағандықов осы қызметте жаңа қырынан көрініп, белсенділік таныта алар ма екен?!
Жасыратыны жоқ, үміттен гөрі КҮДІК басым.
Бүгін көпшілік арасында Көкпектіге көрші аудандардың біріндегі әкімнің орынбасары болып жүрген азамат басшылыққа келеді деген де сөз бар. Көкпекті шаруашылығы сан салалы, мекендеп отырған халқы да көп ұлтты өңірлердің бірі болғандықтан, аталған ауданды басқару жауапкершілігі де зор. Келетін әкімге ел мен жердің ерекшелігін сезініп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне тілектестігімізді білдіре отырып, біз өздеріңізді Толағай төсіндегі дүбірлі тіршілік тынысынан алдағы уақытта хабардар етіп отыруға уәде береміз, ардақты оқырман.
Бізбен бірге болыңыздар.

Риза МОЛДАШЕВА

СЕМЕЙ мен ӨСКЕМЕННІҢ АРАСЫ...

Облыстар біріктіріліп, оңтайландыру саясаты ортақ аймаққа айналдырған жиырма жылдан артық уақыттан бері «көршің соқыр болса, бір көзіңді қысып жүр» деген сөзді іштен жиі қайталайтын болдық... Ол сөзді айтуға мәжбүр ететін де баяғы таусылмай қойған тақырып - оңалмай қойған ономастика. «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық» демекші, еліміз егемендігін алғаннан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Кезінде қызыл империяның қан түсті бояуымен сызылып тасталған жер-судың тарихи аттарын қалпына келтіру жұмысы оңай іс емес сияқты...

Өскемен мен Семейдің арасы 200 шақырым жер. Осы екі қала арасындағы жол бойына қоныстанған елді мекендердің атауларындағы Одақтан қалған отаршылдық иісі мен келмеске кеткен қызыл коммунистер салған ен-таңба намысы бар қандастарымыздың мазасын кетіріп жүргені де құпия емес.
Бүгінгі тақырыпқа тамыздық болып отырған - облысымыздағы Ұлан ауданына қарасты елді мекендердің қазіргі атаулары: Азовое, Акимовка, Белогорский, Верхние Таинты, Восточное, Гагарино, Герасимовка, Зелёное, Казачье, Каменка, Макеевка, Мирное, Митрофановка, Нижняя Таинта, Новая Канайка, Ново-Азовое, Новоодесское, Огневка, Пролетарка, Радовка, Саратовка, Смолянка, Степное, Тройницкое, Украинка, Южное болып келеді.
Кеңес тұсында, негізінен, өзге ұлт өкілдері сан жағынан басым тұрған өңірлердегі елді мекендердің, түгел болмағанымен, көпшілігі орысша аталды. Сол өзге ұлт өкілдеріне мекен болған ауылдардың бір тобын жоғарыда атап өттік. Біз өз тарапымыздан Семей - Өскемен бағытында жол бойы кездесетін бірқатар елді мекендер аттарының шығу төркініне шолу жасап көрген едік. Сонымен:
ПРИВОЛЬНЫЙ сөзі орыс - қазақ сөздігінде орыстың вольный, раздольный, свободный сөздерінің синонимі деп көрсетіліп: байтақ; дарқан; емін-еркін; кең; қысымсыз; ілу-қағусыз дарқан өмір; еркін тұрмыс деген мағынаны білдіреді екен. Ендеше, осы елді мекен атауын «Мәңгілік Ел», «Азат», «Тәуелсіздік», «Ұлы Дала» деп қазақшаласақ, мағынасы жағынан бастапқы атауынан алысқа ұзап кетпейтін сияқтымыз ғой.
ДОНСКОЙ – Семей – Өскемен бағытындағы поселкелердің бірі. Бұл атау туралы да пікір әр алуан. Біреу бұл маңды кезінде Дон казактары мекен еткендіктен солай аталған десе, енді біреу-лер орыс князі Дмитрий Донскойдың құрметіне берілген ат деседі. Казактар Қазақстанға Шығыс Қазақстан облысы арқылы кірген деген де тарихи деректер бар. Аймағымыздың Семей, Өскемен, Шемонайха сияқты өңірлерін мекендеп жатқан казак ұйымдарының өздерінің дәстүрлі мерекесін тұрақты түрде атап өтетіндерінен де хабардармыз. Казактардың жастары Ермак Тимофеевичтің туған күніне арналған салтанатта сапқа тұрып, Отанына, казачествоға адал болуға ант береді деп те естиміз. Алайда олардың қай Отанына адал болуға ант беретіндерін кім білсін...
Ал орыс князі Дмитрий Донской Күлік шайқасында (Куликовская битва) жеңіске жеткендіктен «Донской» деген атақ алған. Қайсысының құрметіне аталса да қарық болып тұрғанымыз шамалы...
ТАВРИЯ ауылының әу баста ата-бабамыз қойған аты Мырзабел көрінеді. Алайда оны бүгінгі тұрғындардың көпшілігінің білмейтінін байқадық. Жергілікті халыққа қазіргі аты жақынырақ. Ресейдің әйел патшасы, императрица Екінші Екатерина орыс-түрік соғыстарында жеңіске жетіп, 1783 жылы Қырым хандығын Ресей империясының құрамына кіргізді. Кейін Қырым хандығы жойылып, орнына Таврия губерниясы пайда болды. Бұрынғы Одақтың құрамындағы ауылдардың ішінде осы губернияның құрметіне Таврия аталғандары аз емес, басым көпшілігі Ресейде. Біздің аймақтағы Ұлан жерінде де солардың бірі әлі күнге сақталып қалған.
АБЛАКЕТКА - Алтай аймағында Қалба жотасынан басталып, Ертіс өзенінің сол жағалауын басып Аблакетка аталатын өзен ағады. Бұл өзен буддалық монастырь –Аблайкит құрметіне аталған, қазақтар «Абылай кеткен» деген мағына береді деген де болжам айтады. XVII ғасырда өмір сүрген моңғол ханы қазіргі Өскемен қаласының маңына пұтхана тұрғызған болуы керек. Моңғол тілінде «хийд» (монастырь) бізше «пұтхана» дегенді білдіреді. Ал кейіннен Ресейден келген қоныс аударушы орыстардың өз тіліне ықшамдап алғанынан Аблакетка аталып кеткен сияқты . «Кит» моңғол тілінде (хийд) «монастырь» дегенді, ал Аблайкит атауы моңғол тілінде «Абылай монастырі» дегенді білдіреді.
Айтпақшы, Привольное ауылдық округінде «БАГРАТИОН» атты шаруа қожалығы да бар. Пётр Иванович Багратион – 1769 - 1812 жылдар аралығында өмір сүрген орыс армиясының қолбасшысы.
2010 жылы Ұланда Жомарт Мұратов әкім болып тұрған кезде, бұрын Молодежный аталып келген ауданның әкімшілік орталығына Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған осы топырақтың тумасы Қасым Қайсенов есімі берілгенде, жергілікті ұлтжанды азаматтар қатты қуанған. Жақсы жаңалықты Тәуелсіздіктің кешігіп жеткен алғашқы қарлығашындай қарсы алған халықтың көңілінде игі бастама алдағы уақыттарда жалғасын табады деген үміт те болған сияқты. Өкінішке орай, қазақтың даңқты перзенті Қасым Қайсеновтің туған жеріндегі елді мекендердің бүгінгі атаулары өзгеріссіз қалып отыр.
Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың туған жері де осы Ұлан ауданы. Батырдың өмірбаянында Қарақұдық деп көрсетілгенімен, қазір қай ауыл екенін нақты біле алмадық. Батырдың атында Герасимовка, Украинка, Казачье атты үш елді мекенді біріктіретін округ бар болғанымен, нақты ауыл жоқ. Округ орталығы - Герасимовка. Облыстық тілдер басқармасының ономастика бөлімінің меңгерушісі Роза Әшімханқызы Төлемісованың айтуынша, мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдері қарсы болғандықтан, ауылға батырдың атын беру мүмкін болмай отырған көрінеді.
Елді мекеннің тарихи атауын қайтару үшін, заң бойынша, жергілікті тұрғындарының пікірін ескеру керек. Бұл өңірде қоныс тепкендердің көбі - басқа ұлт өкілдері. Ал елді мекеннің атын ауыстыру үшін тұрғындардың елу пайыздан астамы қолдап дауыс беруі қажет. Әзірге Ұлан ауданының халқы Қырым хандығы мен Дон казактарына, буддалық монастырь – Аблайкитке, орыс армиясының қолбасшысы құрметіне аталған атауларды өзгертуге құлықсыз...
Елді мекен атауларын өзгерту жұмысында қарапайым халықтың көпшілігінің тарихты білмеуінің де кедергісі аз емес. Бұл біздің тарихымыз деп елді мекен атауын ауыстыруға қарсылық білдіретіндер де көп көрінеді... Олардың ойынша, «Привольный», «Таврия», «Казачье», «Украинка», «Герасимовка» - «тарихи атау». Одақ тұсындағы дәуренін аңсайтын қайсыбіреулердің қарсылығы бөлек әңгіме... Өздерін әлі де Ресейдің бір бұрышында тұрып жатқандай сезінетіндер де жоқ емес. Тәуелсіздігін алған мемлекеттің елді мекендеріне орыс офицерлерінің, казактар мен украиндықтардың құрметіне қойылған атауларды елін қорғаған батырларымызға ауыстыру үшін рұқсат сұрауымыз керек. Ономастика туралы Заңның аз ұлттарға тәуелді етіп қойған осы жері қиындау... Ұлан ауданының әкімшілік орталығы бүгінгі Қасым Қайсенов кенті аймақтың бас шаһары Өскеменнен 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы уақытқа дейін Ұланды басқарған әкімдер арасында Одақтың қатып қалған тоңын жібітетін, жергілікті халықтың рухын көтеретін ұлтжанды ұлдар аз болған сияқты...
Соңғы кездері «әкіміне қарап арызыңды айт» деген сөз тіліміздің ұшына жиі оралатын болды. Айтуға тиісті сөзді айтамыз-ау, еститін әкім болса... Өткен жылдың желтоқсан айынан бері Ұлан ауданында әкімнің орынтағы бос тұр. Көп ұлтты аудан болғанымен, ана тілі мен ұлттық тәрбие мәселесіне жанашыр азаматтар ұландықтар арасында да бар. Руханиятқа қамқор әкім келсе деп үміттенетіндердің де аз емес екенін байқап қалдық... «Ескіні аңсап» жүргендерге жалтақтайтын емес, елінің болашағына алаңдайтын ұлтжанды басшы келсе оң болар еді деген тек біздің ғана тілек емес...
Дәл қазір Ұлан ауданы қызыл империяның қылышынан қан тамған атауларына оранып-ақ тұр...

Риза МОЛДАШЕВА

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57