ДӘУЛЕТТІНІ ДӘРІПТЕУ ДЕРТКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ...

Дүниенің  жарығын сыйлаған жанды  асылына балап, қарындасын қарлығашым деп еркелететін халыққа әлем мен бесікті екі қолымен қатар тербеткен ананың  орны ерекше екені белгілі.

 Жасыратыны жоқ, алғашқыда Барқытбел бауырындағы Тарбағатай ауданында аналарға  құрмет көрсетіліп, «Тарбағатайдың алтын анасы» медалі беріле бастады дегенді естігенде қуандық. Қазақстанның шығысындағы шекаралық өңірде ұлағатты ұрпақты дүниеге әкеліп, өсірген аналар қауымына арналған айрықша төсбелгіні аудан әкімі Ділдабек Оразбаевтың тарапынан әйелдерге  жасалған  құрметі деп қабылдағанбыз...

«Бақсақ, бақа екен» демекші, бұл марапаттың нәзік жандылардың аналық борышын абыроймен атқарғаны үшін емес, қаржылық мүмкіндігіне қарай берілетінін естігенде таң - тамаша болдық... Шаңырақтың береке-бірлігін ұйытып, дүниеге сәби әкеліп, көпбалалы ана атанып жатқандарға қандай құрмет көрсетіліп жатса да кім қарсы болсын? Қызметке де, бала тәрбиесіне де уақыт тауып,  еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген қыз-келіншектер қай жерде болсын бар. Бірақ білімі мен біліктілігі жоғары, өңірдің,  өзі қызмет атқарып отырған саланың дамуына сүбелі үлес қосып, осы марапатқа лайықты өмір сүріп жатқандарымен, өздерінің немесе балаларының демеушілік жасауға мүмкіндігі жоқ болса, «Тарбағатайдың алтын анасы» бола алмайды екен. Бұл аналарды әлеуметтік жағдайы «жақсы», «жаман» деп бөлу, кемсіту емес пе?! 

Төсбелгі ананың ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіне емес, балалары ауыл көшелерін асфальттаса, жарықтандыру жұмыстарына көмектессе, ата-бабасына ескерткіш қойса, басқа да істерімен әкімнің қажетіне жарайтын «керек адам» деген өлшемге лайық болса ғана беріледі екен. Аталған белгіні алып жатқандар - шендінің шешесі, ақшалының апасы, «керек адамның» келіншегі... «Тарбағатайдың алтын анасы» деген аты дардай болғанымен, атақ аудан әкімінің көңілі түскендердің иығына жабатын шапанына айналып кеткен. Жалпы, Елбасының Жарлығымен алтын құрсақты аналарға берілетін «Алтын алқа», «Күміс алқасына» бәсеке марапатты аудан көлемінде шығарудың өзі артық деп ойлаймыз.

2015 жылы «Тарбағатайдың алтын анасы» төсбелгісі 9 анаға, 2016 жылы 24 анаға, 2017 жылы 11 анаға беріліпті. Марапатталғандардың жалпы саны 43 адам. Тізімінен Алматы, Астана, Семей қалаларында тұратын есімі елге таныс аналарды да кездестірдік. Сөз жоқ, қандай құрметке болсын әбден лайықты жандар. Дегенмен марапат Тарбағатайда бүгін өмір сүріп, ұрпақ өрбітіп жатқан аналарға емес, әлдеқашан көшіп кеткен адамдарға не себепті беріліп отыр деген сауал көкейде тұр. Ары қарай... Өңірде тұрып жатқандардың ішінде кімдерге берілгендігіне журналистік сараптама жасау мақсатында тізім бойынша бірлі-жарымына қоңырау да шалдық. Қысқасы, бірінің балалары ауданда ескерткіш қоюға үлес қосса, енді бірінің балалары 1,5 миллион теңгеге мектептің бір сыныбын жөндеуден өткізіп, жаңа құрал-жабдықтар алып берген екен. Туған жерді түлету ісіне үлес қосып отырған  отансүйгіш ұл-қыздарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген, марапатқа әбден лайықты осы аналардың балалары  демеушілік көрсетпесе, төсбелгіні алар ма еді? Ананың атын жамылған марапат, медаль дегендеріміз таза бизнес көзіне айналып кеткен. Айтпақшы, біздің қолымыздағы аудандық әкімдіктен сұратып алынған ресми құжатта «медаль» деп көрсетілген екен. Медаль Елбасының Жарлығымен берілетін мемлекеттік наградалар қатарына жататын марапат екендігін  еске сала кеткен артық болмас. Осы төсбелгі  Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жасалып жүр ме? Сертификаты, ресми құжаты бар ма?

Ділдабек Оразбаев басшылыққа келгеннен бері, аталған өңір ескерт-кіш қою және  атақ беруден алдына жан салмай тұр... Тарбағатайда «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін», басқа да тағысын тағы марапаттар бар екендігін де білеміз. Осы жерде айта кеткен жөн болар, 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің шешімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағайындалғанын ақпарат көздерінен естуіміз бар. Облыстың өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, тер төккен азаматтармен бірге, аймақтан тысқары жүрсе де, туған жердің дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қайырымдылық ісі бар азаматтарға да аталған марапаттың берілетінінен хабардармыз. Ділдабек Тәжібайұлы Қазақстанның оңтүстігінің тумасы ғой. Туған жеріндегі сол көргенін біздің өңірге су жаңа жаңалық етіп жеткізгісі келген болар. Жарайды, ол белгі берілсін. Ал аналарды қаржылық мүмкіндігіне қарап алалау дұрыс па? Қадірменді оқырман, осы жерде Қожанасырдың тойға барғаны есіңізге түскен жоқ па?

Үстіндегі киімі жаман Қожанасырға ешкім «төрге шық, тамақ іш» деп елемегендіктен, үйіне барып, тәуір киімдерін киіп қайта келгенде, үй иесі  құрметтеп, төрден орын береді:

- Қожеке, тамақтан алыңыз, алыңыз!- деп қошеметтейді. Ал Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:

- Же, шапаным, же!- деп отыра  береді.

Үй иесі:

- Сіздің бұл не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді?– дейді.

Сонда Қожа:

- Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп  отырғаным!– деп жауап беретіні сияқты ғой.

Тарбағатайдың шалғай ауылдарында таңның атысынан күн ұясына батқанша күнкөрістің қамымен маза таппай, тары-талқандарын, құрт-ірімшік, сүт-айран, жеміс-жидектерін сату үшін базарда қыста суыққа тоңып, жазда ыстыққа қақталып жүрген көпбалалы әйелдер арасында осы белгіні алған қанша ана бар екен? Балаларына алатын азғантай  жәрдемақыларын жеткізе алмай, тұрмыстың қиындықтарын қайыспай көтеріп, ұрпағын қатарынан қалдырмау жолында жанталасып жүрген аналар әкім назарына ілінді ме? Нағыз алтын аналар солар емес пе? Бірақ олар дәл қазір «керек адамдардың» тізіміне кірмей тұрған сияқты.

Риза Молдашева, 

ШҚО мәслихатының депутаты.

ЗЫРЯНДЫ КОММУНИЗМ ЕЛЕСІ ӘЛІ КЕЗІП ЖҮР

Орыстанып кеткен ауылдар... Ұлттық болмысты жоғалтқан қандастар... Бұрышқа тұрғызылған  мемлекеттік  тіл... 

Одақ тұсында еліміздің қай облысына, қай аудан орталығына барсақ та алдымыздан пролетариаттың көсемі Лениннің «болашаққа жол сілтеп» қасқайып тұрған тас мүсіні шығатын. Қазан революциясы белсенділеріне құрмет көрсетілген ауыл-қалаларда қазақтың иісі шығатын бір белгі жоқ еді. Сол ескерткіштер қазір азайғанымен, сақталып қалғандары әлі де бар.

Сондай өңірлердің бірі - Зырян қаласы. Неге екенін кім білсін, кеншілер қаласына әр кезде басшылық жасаған әкімдердің тарапынан осы ескерткішті алып тастауға бастама көтергендері әзірге болмай тұр... Келмеске кеткен Одақтың отаршыл заманындағы  үрейшілдіктен әлі арыла алмай келеміз бе? Кім білсін...

Аталған өңірмен танысу мақсатында Зырян ауданы әкімінің ресми сайтына кірдік. Бұл ауданның аумағында Зырян және Серебрянскіден бастап, Прибрежный, Зубовск,  Малеевск, Северное, Средигорный, Чапаев, Парыгино, Никольск, Соловьево, Первороссийск сияқты атауларымен-ақ әлі күнге «ал қызыл жалауын» желбіретіп тұрған ауылдар көп.                                                                                                                       

Назарымызды өңірдің әлеуметтік дамуына бағытталған ақпараттағы балалар бақшаларының тізіміне аудардық: «Ладушки», «Катюша», «Жасмин», «Алва», «Золотой ключик», «Сказка», «Радуга»... Орысша атаулардан көзіміз сүрініп бара жатқанда,  «Қарлығаш», «Салтанат» атты балалар бақшалары бар екендігін көріп бір селт ете қалдық... Соңғы екеуі қазақ балалар бақшасы болар деп жорамалдап, Зыряндағы бүлдіршіндеріміз  «Катюшаны»  әндетіп, Буратиноның бастан кешкендерін ғана тыңдап өспей, арасында өзіміздің «Мақта қыз бен мысықты», «Қарлығаштың  құйрығы неге айырды» да білетіндер болады деп қуандық...

Ары қарай... Мектептер тізбесіне көз жүгірттік: Путинцев, Леснопристань, Зубовка, Парыгин, Чапаев, Никольск, Бородино, Маяк, Средигорный, Соловьево, Александровка, Андреевка, Кремнюха, Быков, Новокрестьянка, Крестовка, Снегирево... Бұл - Зыряндағы  мектептердің атауы. «Балаң қай ұлттың мектебінде оқыса, өскенде сол ұлтқа қызмет етеді» деген даналық сөз бар ғой. Зыряндағы жоғарыдағы атауларды алып жүрген мектеп оқушыларынан ұлтжанды ұрпақ өсіп шығады деген үміттен күдік басым...

Шекараның ар жағына қарап аңсары ауып отырғандар саны да бұл жақта аз емес сияқты.  Отбасы мүшелерін Ресейге апарып тастағандар немесе жақын болашақта кетуді жоспарлап жүргендер көп деседі білетіндер. Әрине, оларды ешкім қуалап жатқан жоқ. Дегенмен қос азаматтықты астыртын қалтасына салып алып, әлдеқандай заман туа қалса, «тәйт» деп қыр асып кетуге шамадандарын жинап, буынып-түйініп дайын отырғандардан сақ болу қажеттігі тарихтың ащы сабақтарынан белгілі. 2008 жылы жазда Грузиядағы Оңтүстік Осетияда болған қанды қақтығыс дәл осы қос азаматтықтан, соның ішінде Ресей азаматтығын көптеп алудан басталғанын есте ұстаған дұрыс болар. Бөтен елдің тұрғындарын өз азаматы етіп алған Ресей кейіннен қорғаймын деген желеумен Осетияға әскер кіргізіп, Грузияның қару – жарақ қоймаларын бомбаның астына алғаны естеріңізде болар...

Зырянды мекендеп жатқан өзге ұлт өкілдері арасында ғана емес, осы жерде туып-өскен қандастарымыз арасында да қазақ тілін білмей-ақ өмір сүруге болады  деген пікір қалыптасқан сияқты. Байырғы тұрғындардың басым бөлігі - өзі де, ата-бабасы да орыс тілін ананың тілі ретінде қабылдап өскен  қандастар. Тіпті  ұлттық дәстүрді әлі де  «күні өтіп кеткен» өркениет есебінде қабылдайтындар да бар сияқты. Оларға енді қазақ тілін үйрену де оңай бола қоймас...

 Тәуелсіздік алған 25 жылдан бері Зырянда талай әкім ауысты. Алайда солардың бірінің қала орталығында қолын көкке сілтеп тұрған  аласа бойлы қасқа бас шалдың  ескерткішін алып тастауға батылдары жетер емес.

Сонымен, Ермак Сәлімов пен Айбек Кәрімовтің тұсында тұғырынан қозғалмаған пролетариат көсемінің тас мүсінінің ғұмыры Нұржан Тоқсеитов басшылыққа келгеннен кейін үзіле ме, әлде қасқайып тұра берер ме екен? Бұл көпшілік көкейіндегі сауал...

Риза Молдашева,

ШҚО мәслихатының депутаты.

ҚАЙЫМҒА ЖАСАЛҒАН ҚЫСАСТЫҚ - ҚАЗАҚҚА ЖАСАЛҒАН ҚАСТЫҚ

Қайым Мұхамедханов - абайтанудың көш басында тұрған ірі ғалым. 2010 жылы Қайымға ескерткіш-стелла ашылғанда, оны Тәуелсіздікті аңсаған күллі қазақ зиялысының бейнесіне балаған едік. Әрине, ескерткішті көптің көңілінен шыққан туынды деп айтуға келмес. Құны 20 млн. теңге көлеміндегі бейне қазыққа шанышып қойған басты көз алдымызға елестетеді... Үлкен ғалым, абайтанушы,  Алаш азаматтарының соңғы тұяғына ескерткіш қою ниеті дұрыс болғанымен, орындалуы сын көтермейді. Қайымның қазағы үшін көрген азабы осы ескерткіште әлі де қайталанып тұрғандай. Енді сол ескерткіштің тақтасына да дақ түсті. Ғалымның есімі жазылған тақтадан бірнеше әріп ізім-ғайым жоғалды. Қасақана  жасалған қаскөйлердің ісі ме, әлде тосыннан орын алған жағдай ма, бізге беймәлім. Бір білеріміз: Қайымға көрсетілген қысастық  Абайға, Алашордаға және қазақ мәдениеті мен ғылымына жасалған қастандық екені анық. Яғни, қазақ руханиятының арына түскен дақ.

Ескерткішке назар аударған адам әріптердің кешелі-бүгін ғайып болмағанына көз жеткізер еді. Қаланың қақ ортасында орналасқан Қайым бейнесінің бүлінгенін көретін көз қайда? Ескерткіштерді күтуге жауапты сала мамандары неге назар аудармай отыр? Айдың-күннің аманында тақтадағы әріптер не себепті жоғалды?  Арыстарымызға  жасалатын қиянат әлі біткен жоқ па?

Ескерткіш қашан қалпына келер екен?

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ.

АЩЫ ШЫНДЫҚ ПА, ӘЛДЕ ТӘТТІ ӨТІРІК ПЕ? МӘРКЕН АҒАМА АШЫҚ ХАТ

 Риза Молдашева,

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Мәркен аға! Еуразия кіндігіндегі алты Алаштың басын қосқан қасиетті мекен, келешегі кемел, салтанат-сәні келісті әсем Астанада аман-сау жүріп жатырсыз ба? Ақыл сұраған ағайынға жөн сілтеген, артыңыздан ерген біз сияқты іні-қарындастарға өнеге болған, халқыңыз құрметтеген Сіз сияқты ағалардың сөзі мен ісін үлгі етіп өскен қазақтың қызымыз ғой, «Морозов деген кім болған?» атты мақалам жарық көрген соң өзіңізден жеткен дұғай-дұғай сәлемдерден кейін үнсіз қала алмадым... Жаңа жыл мерекесінің үш күнін пайдаланып бүгінгі тақырыпқа себеп болып отырған Н.Е.Морозовтың «Горькая правда» атты естелігін оқып шықтым.

Бірінші бетінде 2002 жылы Мәскеудегі «Новые Черемушки» баспасынан жарық көрген деп жазылған, ал соңғы бетінде «Семей Полиграфия» кәсіпорнында басылғаны жайлы дерек көрсетілген кітаптың кей жерлерін бір емес, бірнеше рет қайталап оқуға тура келгенін де жасырмаймын. Жарайды. Қай елде, қандай баспада жарық көрсе де мейлі. Ең бастысы, 342 беттен тұратын естелікті оқи отырып, Одақ тұсындағы дәуренін көксеген партократтың жан сырына қанықтым.

Әңгімені басынан бастар болсақ, тақырыпқа тұздық болып отырған кейіпкеріміз  тағдырдың жазуымен біздің елімізде дүниеге келіп, өсіп-өнген, еркелеп ғұмыр кешкен, жер-анамызды бізбен бірге тел еміп, небір тар заманда   қазақтың бір үзім қара нанын бөліп жеп, жырғап өмір сүрген адам. Еліміз егемендігіне қол жеткізіп, заман өзгерген тұста, қазақтың енді бодан ел емес екендігін көрген соң тарихи отанын бетке алып, шекара асып кеткен кеңестік шенеунік.

«Горькая правда» деп аталатын естелігін оқыған адам Морозов марқұмды бүкіл саналы ғұмырын Қазақстанда өткізген, қазақ жерінде туып-өскен деп емес, Кремльдің дәлізінде дүниеге келіп, Қызыл алаңда ойнап өскен деп ойлауы хақ. Басынан аяғына дейін Мәскеу, Кремль, Лениннен бастап, Сталин, Хрущев, Брежнев, Андропов, Черненко, Горбачев жайлы көрген-білген, естігендері жазылған... Кеңес көсемдеріне егжей-тегжейлі сипаттама берген автордың көңіліндегі өткен шақтағы бақытты дәуренін аңсауы мен сағынышын аңғару да қиын емес.

Әрине, бір қарағанда, өмірден түйгендерін айтқанның әбестігі де жоқ болып көрінуі мүмкін. Дегенмен Морозовтың өзіне білім беріп, адам қылған, тоқымын қағып, тұғырға қондырған, тұлға жасаған қазақ халқы жайлы бір ауыз жылы сөз жазбау себебін өз басым тарихи отанынан шет жүріп, қарттық шағында оралғандықтан Ресейде «нағыз орысқа» айналуы қиын болған соң, қандастарының көңілін табу мақсатын көздеген-ау деген ой түйдім. Ал егемендігін алған біздің елде қалып рухы «қазақ болуы» қиын болатындығын  түсінді де, аузынан ақ май ағып отырса да, ерте қам жасап, тарихи отанына тайып тұрды... Естеліктің басынан аяғына дейін «жоғары мәдениеттің түпнұсқасы орыс халқында» деген тәкаппар ойды аңғару қиын емес: «...Настоящий русский человек никогда не будет счастлив в роскоши и богатстве, если рядом другой живет бедно. Соборность, артельность, община, братство, бескорыстие, взаимовыручка, совесть, честь, порядочность - вот основные черты русской нации, и этим он отличается от многих других»,- дей келіп, басқа ұлттарға да баға бере кетуді ұмытпапты. «Народы Кавказа гордые, воинственные, амбициозные. Еврейская нация предприимчивая, расчетливая. Азиатские народы коварные, восточная душа - загадка...» (184-бет), ары қарай: «Евреи, бесспорно, талантливый народ, особенно в интеллектуальной сфере. Основное поле деятельности евреев - умственный труд: наука, искусство, пресса, коммерция, финансы, управление...» (225-бет) - деп кетеді. Жалпы, басқа ұлттарды мақтай отырып, өзін өсіріп, бағып-қаққан қазақ халқы жайлы бір жылы сөз айтпаған. Тағы бір жерінде: «...ментальность русского народа отличается надежностью, степенностью, хлебосольством, способностью поделиться горем и радостью...» - деп көсіледі.

Біздің халық кімге пана болмаған? Бұл жерде де тарихтың еншісінде кеткен көп жылдар бұрын қазақ жерінен пана тапқан, Қазақстан егемендігін алғаннан кейін өз тарихи отандарына көшіп кеткен өзге ұлт өкілдерінің бірінің сандырағы деп көңіл бөлмеуге де болар еді... Алайда естелікті толық оқып шыққаннан кейін үнсіз қалудың мүмкін емес екендігін түсіндім.

Келмеске кеткен кеңестік биліктің құйтырқы саясатын аңсаған Морозов «Горькая правда» естелігінде Коммунистік партияның қатарында болған жарты ғасыр уақыттағы көрген-түйгендерін, ішкен-жегендерін түк қалдырмай тізіпті. Автор Үлкен Совет Энциклопедиясында өзі жайлы есімі елге белгілі партия, кеңес қайраткері ретінде жазылғандығын, Социалистік Еңбек Ері, 16 жыл КСРО Жоғарғы Кеңесі-нің депутаты болғандығын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты екендігін, үш Ленин орденін алғанын, басқа да мемлекеттік марапаттарын, Қазақстандағы ең ірі екі облысты басқарғандығын кітаптың алғы сөзінде ғана емес, әннің қайырмасы іспетті жиі қайталап отырады.

Естелікті оқып шыққаннан кейін ең бірінші түйген ойым - кітап қазақстандық оқырмандарға емес, ресейліктерге арнап жазылған. Еврейді мақтап, орыстарды аспанға көтерген Морозов жоғарыдағы атақтарды алып берген қазақтар жайлы не жазды екен, байқамай өтіп кеттім бе деп, кітапты бірнеше рет қайта парақтап шығуға тура келді. Өкінішке орай, біздің халыққа арналған бір жылы сөз таба алмадым. Естелік авторы бастан кешкендерін өтірікті шындай етіп шимайлап, Ресейде өзіне арзан саяси ұпай жинауды мақсат еткен деген ой түйдім.

Семей облысын басқарып тұрған шақтан келтірген мына бір жолдар назарымды ерекше аударды: «Харитон Юлий Борисович - ученый-ядерщик с мировым именем... С ним я близко познакомился на Семипалатин-ском ядерном полигоне в 1972 году, когда мы в торжественной обстановке отмечали 25-летний юбилей полигона. Собрались видные ученые-атомщики страны... На этом мероприятии, от имени обкома, облисполкома и всех трудящихся области, я выручил высокому собранию портрет Курчатова и внес предложения присвоить его имя городу испытателей...» (227-бет). Міне, «ащы шындықты» жазып отырған автор халыққа ажал уын шашқан полигонды жабу жайлы ұсыныс жасау қайда, ширек ғасырлығына той жасағанын мақтана әңгімелейді. Семей облысына басшылық жасай отырып, халыққа қасірет әкелген ядролық сынақ полигонын жабу жайлы ұсыныс жасадым, бірақ орындалмады деген өкініш күткен едім... Жалпы, естелігінің басынан аяғына дейін оқып шыққанда байқағаным - Одақтың күйреуіне байланысты өзінің жан күйзелісін жасыра алмаған:

 «...Если бы создатели СССР не выгораживали национальные республики, автономные области, а сохранили бы губернии наподобие американских штатов, на территории которых проживают все нации и народности, не появилось бы таких надуманных государств, как Казахстан, Татарстан, Киргизстан и т.д. Не было бы и территориальных притязаний, непродуктивных суверенитетов, разваливших экономику единого государства, сделав нищими народы...» (23-бет) деген масқара жолдарды тамырында өз ұлтының қаны, жүрегінде намысы бар әр қазақтың  кеудесіне қадалған қанжар деп қабылдадым. Осы сөз Ресейге кеткеннен кейін емес, қазақ жерін мекендеп жатқанда айтылса, біздің халық қанша кешірімшіл, кең болса да намыссыз емес екендігін Морозовқа танытар еді. Жарайды, діні мен ділі бөлек келімсектің қазаққа жаны ашымай-ақ қойсын. Тым болмаса «су ішкен құдығына түкірмегені» дұрыс еді ғой.

КОКП мен Кеңес Одағы орталық билігінің Қазақстанға көрсеткен ең соңғы қиянаты әрі қатыгез өктемдікпен жүргізілген 1986-1989 жылдардағы саясаты, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен Колбиннің билік басына келуі жайлы сөз жоқ. Мәскеудегі биліктің қазақ ұлтына менсінбеушілік тұрғысынан қарауы мен өзін үкілеп өсірген ұлтты өз ұлдары басқара алатын еді деген жолдарды іздеген едім... Өкінішке орай, ондай ойдың ұшқынын да таба алмадым.

Мәркен аға, Сіздің әкеңіз - Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Көкпекті балалар үйінде 1938 жылдан демалысқа шыққанша, қырық үш жылға жуық директор болған, өз заманында тәжірибесі республикалық деңгейде насихатталған, еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын алған белгілі адам. Жақия Шайжүнісов балалар үйінде мың жетімге пана болған, тағдырдың қиыншылығын бастан ерте кешіп, жан жылуына зәру болып жетілген қамкөңіл жандардан қамқорлығын аямаған халқының ардақты ұлы ретінде ел есінде. Сол әкеңіздің тәрбиесін көрген жетімдердің өсіп-жетіп алған соң ұмытып кеткендері болды ма? Егер мейірімімен жылытып, тарыққанына тамақ берген, шөлдегеніне сусын ұсынған  ұл-қыздары ұядан ұшқан соң сырт айналса, қандай күйде болар едіңіз? 

Жақсы әкенің тәрбиесін алған текті атаның ұрпағы- Сіздің де бағындырған өз биігіңіз, өз абыройыңыз, халқыңызға сіңірген еңбегіңіз жетерлік. Алайда өзін адам қылып, абырой биігіне көтерген халық туралы бір жылы сөз айтпаған адамға көзі тірісінде заңды белден басып көше бергеніңіз өз алдына, Астанада жатып елдегі кей замандастарыңызды маған қарсы желпіндіріп қойғандығыңыз да сіз сияқты парасат иесіне жараспайды деп ойлаймын.  Осы уақытқа дейін аталған тақырыпты қанша жазсам да, өзіңізді сыйлағандықтан  атыңызды атамаған едім...

Мәркен аға, мен көше атын ауыстыру қажеттігі жайлы пікірімді өзгертпеймін. Келешек ұрпақ  тарапынан туындайтын «Өз халқымыздың ардақтыларына қимаған көшені беріп, сонша әспеттеген Морозов деген кім?» деген сауалға Сіз ғана емес, біз де жауаптымыз. Сол кезде не дейміз?

Қазақ халқы үшін ақ жаулықты ана мен ақ сақалды қарияның алдынан кесіп өту әдепсіздік деп саналатыны - ешқандай моральдық кодекссіз-ақ дала заңымен реттелген қағида. Біз де, өзіңіз сияқты, абыройлы ағаларымызды құрметтей білу, үлкеннің сөзіндегі, қарияның ғибратындағы құндылықтан нәр алу, жүректегі имандылықты жоғалтпау қажеттігін бойымызға ана сүтімен сіңіріп өскен қазақтың қызымыз. Мәркен аға, өзіңізге ақыл айтайын деген ойым жоқ. Сіз сияқты ағаларымыздың ақылын тыңдап, сөзге тоқтауға қашанда мақұлмын. Шындықтың қанжары терең жаралайтынын да білемін. Дегенмен ұлт намысы тапталып жатқан жерде  үнсіз қалу қиын екен...

ЖАЙ ОТЫНА ЖАНЫП КЕТСЕМ ДЕ ШЫНДЫҚ ОСЫ, МӘРКЕН АҒА.

Өзіңізді құрметтейтін қарындасыңыз Риза.

АЛАШҚА 100 ЖЫЛ. БИЛІК НЕГЕ ҮНСІЗ?

Біз осы Алашордаға, Абайдың сөзімен айтсақ, «ит көрген ешкі көзденіп» қарауды қашан қояр екенбіз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы»,- деген болатын. Бұл - бір ғасыр бұрын мың өліп, мың тірілген қазақтың зиялылары басын біріктіріп құрған «Алаш»  партиясы мен Алашорда үкіметіне берілген заңды әрі тарихи баға.

Қазақтың  зиялылар шоғырының   халықтың өзін-өзі билеу мүмкіндігіне қол жеткізу,  ұлт өмірін өзгерту мақсатымен  Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясын құрғанына  ғасыр толуын атап өтетін жыл да келді.

Рубасыларын төбеге көтеріп, әр ауылда ескерткіш қойып жатқан қазағымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстарының бар екендігін естен шығарып алған сияқты. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»,- деп ана тіліміздің болашағына сонау заманда алаңдаған ұлтымыздың Ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы белсенді  мүшесі болған, «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді»,- деп,  оның әр түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керектігін айтып, жеріміздің жаттың қолында кетпеуі жолында күрескен Әлихан Бөкейханов құрған Алашорда үкіметінің қадіріне әлі де жете алмай келе жатқанымыз неліктен? Тіліміз тентіреп, жеріміз жаттың қолында кетпесе деп зайырлы демократиялық мемлекет құруды бір ғасыр бұрын армандап, сол жолда жандарын құрбан еткен ардақтылар неге лайықты тұғырдан орын ала алмай отыр? Әлиханын, Ахметін, Міржақыбын, Жүсіпбегін, Мұстафасын құрметтей алмаған біз кімнің қадірін білеміз?

ЮНЕСКО-ның өзі әлемдік тұлға деп таныған Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын   кежегеміз кері тартып, неге атаусыз қалдырдық? Ол Әлиханға емес, қазаққа керек емес пе еді? Аста-төк той жасамай-ақ қой, Алаш отанында елі үшін құрбан болған арыстың атын келер ұрпаққа жеткізетін бір белгі қоюға болар еді ғой.

Ескерткіш қойылады дегенді естіп, өткен жыл бойы елеңдедік. Семейдегі Ленин көшесін Бөкейхановқа береді деп елірдік. Елеңдеген - бұқара, елірткен - билік. Жыл басында қала әкімі Ермак Сәлімовке бір топ ұлт жанашырларының сәлемін арқалап барып: «Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы атаусыз кетті. Биыл Алаштың 100 жылдығы. Қалалық әкімдік тарапынан Алаштың отанында жоспарланған іс-шаралар бар ма?» - деген сауал тастадым. Мәннән Тұрғанбаев, Шаймарден Тоқжігітов негізін салып, кейіннен Мұхтар Әуезов біраз уақыт басшылық жасаған, Алаш армандарын халыққа жеткізген «Сарыарқа» газетінің бүгінге жеткен жалғасы «Семей таңының» да жарыққа шыққанына маусым айында 100 жыл толатындығын құлаққағыс еттім. Қалалық мәслихаттың хатшысы Бейсенбек Ақжалов та әңгімеге куә болды. (Екеуінің де ұлтжандылардың қатарына жата қоймайтындығы баршаға белгілі...). Екі билік басшысына да Алаштың құны көк тиын екендігін байқадым.

Міржақып бабамыздың «Оян, қазақ!» деп сананы серпілтуге талпыныс жасағанынан бері де бір ғасырдан артық уақыт өтті. Селт етер түріміз көрінбейді.

Ұрпағы әлі ұйқылы-ояу...

Риза МОЛДАШЕВА.

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57