БІЗ СЕМИПАЛАТИНСКІДЕ ЕМЕС, СЕМЕЙДЕ ТҰРАМЫЗ

 

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.

Елімізден кұт – береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз!

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөзді асырмаған елміз!

Досымызды сақтай білген елміз,

Дәм, тұзын ақтай білген елміз.

Қаз дауысты Қазыбек би

 

Айналайын, ағайын! Кешегі отаршылдық саясаттың салқыны бізге қатты тиген. Науқастың басты белгісі - жалтақтық. Одақтың озбыр саясаты тұсында «аға ұлт» атанып, айтқанын істетіп үйренген халықтың елімізді мекендеп қалған кейбір ұрпақтары жалтақтығымызды өздеріне тиімді пайдаланып-ақ келеді. Туған топырағымызда өзімізге-өзіміз қожамыз десек те, «халықтар достығы» деген фанатизм жетегінде жүріп, жерімізді басып, суымыз-ды ішіп, ауамызды жұтып, елімізді мекендеп жатқан кейбір басқа ұлт өкілдерінің өз үстемдігін жүргізу әрекетін көргенде қазақтың «Жаман үйді қонағы билейді» деген мақалын іштен күбірлегенімізбен, сыртқа шығаруға үрейленеміз.

Соңғы кездері біздің өз ұлтымыздың мүддесіне қатысты айтқан ойларымызды «қара базардың» саудасына салып, сынап - мінеу, әлеуметтік желі арқылы дауға айналдыру, тапсырыспен мақалалар ұйымдастыру ісі әдетке айналып кетті. Қазақстандағы бірқатар  орыс тілді басылымдар ұлтын сүйген патриоттардың пікірін естісе, «жұмыртқадан жүн қырқып» жедел түрде «ұлтшылдық» деген диагнозды қойып жіберетін болды. Өйткені ол өздеріне қолайлы. 1937 жылдың жылымығында, 1986 жылдың желтоқсанының ызғарында ұлт намысын қорғаған талай азаматты үсікке ұрындырып, ажал құштырған да осы «ұлтшыл» деген сөз болатын. Біздегі дерттің диагнозы, шын мәнінде, ұлтшылдық емес, тензофобияға көбірек ұқсайды. Жалтақтық, бағыныштылық  жайлаған елді кім көрінген басынып, әртүрлі талап қоя беретініне бүгін мән беріп жатқан кім бар?

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 21 маусым, 2007 жылғы Жарлығымен бұрын Семипалатинск - Семей болып келген қаламыздың аты екі тілде де Семей болып ресми түрде өзгертілгені баршаға белгілі. Кеше емес, бүгін емес, одан бері де он жыл уақыт өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов таяуда қала белсенділерімен кездескенде жақтастары «қоғам қайраткері» деп таныстырып жүрген Николай Исаев дегенге дәл осы мәселеге қатысты ескерту жасады. Сөзбе-сөз айтар болсақ:

- Сіз қай қалада тұрасыз?– деген облыс әкімінің сауалына:

- В Семипалатинске,- деп жауап берді.

  Аймақ басшысы:

- Сіз Семейде тұрасыз. Есіңізде болсын, Семейде. Бұл маңызды,- деп баса айтты.

Облыс басшысы тарапынан жасалған орынды ескерту көпшіліктің көңіліндегі бітеу жараны тырнап өткенін байқадық. Бейнежазба жиын бітпей жатып әлеуметтік желі арқылы көпшілікке тарап кетті. Талқы - таластың шарықтау шегіне жеткені сонша - пікір айтушы топ екіге жарылды. Жасыратыны жоқ, ұлтаралық мәселеде жауапты қызметтегі шенеуніктердің ерекше сақтық танытып, шідерлеулі аттай шегіншектеп қалатынына үйренгендіктен де болар, көпшілік облыс басшысының жасаған ескертуін «ерлік» деп қабылдасып, елең етісе қалды. Қандастарымыз Семейді Елбасының Жарлығымен өзгертілген атымен атаудың қажеттігін айтып жатса, екінші жақ өз дәлелдерін келтіріп, қарсылық білдіріп бағуда. Жарайды, сөз бостандығына шек қойылмаған елімізде айтатындарын айтсын-ақ... Ал «Караван» газетінің 28 қыркүйек күнгі санында «Как аким Ахметов ономастикой занимался» деген тақырыппен (авт. - Алла Белякина) жоғарыда айтылған мәселені тақырыпқа тамызық қылып, өршіте түскендеріне қарағанда, жанды жерлеріне тиген сыңайлы ма, қалай?

Facebook әлеуметтік желісінде «Семей» деген атқа қарсы «ұлыорыстық» ауруды үрлеп отырғандардың бірі, бүркеншік атпен жүрген өз қандасымыз: «...журналист, распространивший ролик, услышал лишь то, что, видимо, очень хотел услышать, что и выделил в своем ролике: Не Семипалатинск, а Семей!

Последовавшая затем массированная атака в соцсетях махровых националистов и их ботов (которую, кстати, заметили и истинные сторонники развития казахской самоидентификации), заставляет думать о том, что слова акима, который, кстати, ни разу не был замечен в излишне националистических выпадах, что Исаев строил Семипалатинск, и с такими подходами и нормами нельзя строить новый Семей, какая-то часть общества использовала для того, чтобы качнуть ситуацию и поднять волну нетерпимости и национального превосходства. Кто-то расценил эти слова, как призыв навязать другим, что им говорить, как им говорить, как «сидеть и как свистеть». А это в нашем городе недопустимо. Это недопустимо в нашей стране, которая богата именно своим опытом межнационального единства...»- деп көпшілікке ұзын - сонар ақыл айтыпты.

Ары қарай «Караван» газетіндегі мақалада: «По мнению большой части участников интернет-дебатов, упоминание старого названия Семея – это возврат в советское прошлое. Причем многими участниками споров это трактуется чуть ли не как подрыв независимости современного Казахстана и перемежается требованиями переименовать вслед за Семеем еще и Павлодар, Петропавловск и Усть-Каменогорск,- дей келіп: - Между тем в XVII веке Семипалатинск получил свое имя от останков буддийских калмыцких храмов, расположенных вблизи места основания города. И это название город носил без малого 300 лет – с 1718 года»,- деп мақала авторы Семейдің 300 жылдығына байланысты Исаевтың идеясын тағы бір еске салып өтеді.

«Семейдің 300 жылдығын тойлау» жайлы әңгіме соңғы жылдары қайта - қайта көтеріліп, тарихты қастерлейтін топтың наразылығын туғызып жатқаны оқырманға жақсы таныс деп ойлаймыз. Сол бастаманы көтерушілерге Семейдің 300 жылдығын тойлау - І Петрдің қазақ даласын отарлау саясатын тойлау, Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, шеп бекіністер салу арқылы қазақ жерін тартып алу, халықты рухани отарлау мақсатын көздеген уақытын тойлау екендігі қанша айтылса да тоқтау болмай отыр... Мақала авторының орайы келгенде аталған тақырыпты қайталай көтеріп отырғаны ойымыздың тағы бір дәлелі болса керек.

Жоғарыда «строил Семипалатинск» деп әлдеқандай қылып әспеттеп отырған Николай Исаев деген - Одақ тұсында қаладағы құрылыс трестерінің бірінде қызмет атқарып, зейнет демалысына шыққан соң әкімдікті жағалап, халық бас қосқан жерде барынша белсенді болып көрініп жүрген азамат. Айтпақшы,   «2018 жылы Семейге 300 жыл» деген жоғарыда айтып кеткен бастаманы көтеріп, өлкетанушылар мен тарихшыларға қаламыздың тарихын «үйретіп» жүрген құрылысшы да осы Николай Исаев. Өз тарапымыздан Исаевқа айтарымыз - «етікшінің етік тігумен» айналысқаны дұрыс... Ал тарихты таразылауды тарихшылардың, өлкетанушылардың үлесіне қалдырғаныңыз жөн болар.

Айтпақшы, он жыл уақыт бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Семипалатинск атауының Семей болып өзгеруіне байланысты: «Ровно десять лет назад, в 2007 году, указом Президента РК Семипалатинск был переименован в Семей по единственной причине: иностранные инвесторы боялись вкладывать деньги и работать в городе из-за того, что Семипалатинск ассоциируется у всего мира с ядерным полигоном»,- деп мақала авторы өз жорамалын да айтуды ұмытпапты.                                     

Біріншіден, Мемлекет басшысының Жарлығымен ауысқан қаланың заңды атауы бүгін - СЕМЕЙ. Ендеше, бұл тақырып неге талқыға салынуы керек?

Екіншіден, мемлекетке атын беріп отырған ұлттың қаласына тарихи атауы қайтарылып, қазақшаланды деген сөзден гөрі, Одақтың ойрандауынан қалған осал жеріміз, қасіретіміз сынақ полигонымен байланыстыру мақала авторының көңіліне жақындау болып тұрған сыңайлы. Осы жерде айта кетейік, «Семей» деген сөз – көне түркі қауымына жататын сарыұйғырлар тілінде «киелі мекен» мағынасын білдіреді. Киелі мекен – көне түркілер құлшылық ететін орын, ғибадатхана (Академик С.Е.Малов. «Язык желтых уйгуров, словарь и грамматика»).

Күрестің әдіс - тәсілі әртүрлі, оның қайсысын таңдау әркімнің шама - шарқына байланысты. Қазақстандағы орыс тілді басылымдар интернационализм, ұлтшылдық деген сөздерді өздеріне лайықты құрал етіп пайдаланып отыр. Қазақ тілді ақпарат құралдарында да ұлтшылдық, ұлтжандылық қасиеттердің бүгінгі қазаққа өте қажет екені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дегенмен, өз ұлтымыз туралы жылы сөз айтсақ, ел тыныштығын «бүлдіріп аламыз» деген құлдық сана сіңірген үрейден әлі де арыла алмай жүргеніміз біздің осалдығымыз екенін мойындауымыз керек.

«Семейге 2018 жылы 300 жыл толады» деп пікір айтушылар қатарында өз қандасымыз, қалалық мәслихаттың бір депутаты: «Я считаю необходимым отметить 1000-летие Семея и 300-летие со дня основания крепости. Ведь у Тараза – 2000-летняя история, у Туркестана - 1500-летняя, Алматы исполнилось 1000 лет»,- деген ұсыныс жасапты. Осы жолдарды оқығанда «халықтың сенген қалаулысы сен болсаң» деп қапа болғанымызды да жасырмаймыз. Елімізді мекендеп жатқан өздерін әлі де үстем санайтын өзге ұлттың кей өкілдері шовинистік әрекеттерін қандастарымыздың өз ішінен шыққан, ана тілінен гөрі «ана ұлттың» тіліне жақын, ұлттық намыстан жұрдай мәңгүрттердің аузымен айтқызуды қолайлы қару етіп пайдаланып жүргенінің бір көрінісі осы.

Таяуда менің электронды поштама Семейдегі «қазақ тілді емес белсенділердің» WhatsApp желісі арқылы құрылған тобының өзара пікір алысуларының көшірмесі келіп түсті. Осы көшірмені бізге жіберген адам араларына байқаусызда кіріп кеткен өз ұлтымыздың жанашырларының бірі болар деп түсіндік. Бізге жолданған көшірмеден байқағанымыз - Алаштың 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияның қазақ тілінде өтетінін айтып, наразы топ өзара тәуір-ақ «гуілдесіпті». Жалпы, жеке топ құрып, біздің тілімізге, ұлттық мүддемізге қатысты мәселені оңаша талқылаудың өзі қоғам үшін қауіпті екені де ойланатын мәселе.

Ау, ағайын, өздеріңіз ойлаңыздаршы, Алаш тақырыбына арналған конференция қазақ тілінде өтпегенде, қай тілде өтуі керек? Ұлтшылдық деген жат қылық емес, ол өз ұлтыңды сүю, Отанға адалдық екені әлі де санамызға сіңісті болмай отыр. Ал елімізді мекендеп жатқан басқа халықтың өкілдеріне қазақтың тарихын, тілін, салт - дәстүрін сыйлауды үйрете алмай, нанын жеп отырған елдің тілінде нан сұрап алуға қауқары жоқтарды тәрбиелей алмай отырған өз әлсіздігіміз екенін де мойындауымыз керек. Бұл орайда өзбек ағайыннан үйрену артық болмас. Өзбектендіру саясаты көрші мемлекетте мықты жолға қойылған... Қандай ұлттың өкілі болсаң да өзбек тілінде сөйлеуің керек. Ол елде басқа тілде сөйлеуге қақыңыз жоқ.

Ұлтаралық қатынас деген өте нәзік мәселе екенін түсінеміз. Қазақстанда елімізді мекендеп жатқан басқа ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп жатқан ешкім жоқ. Ұлтаралық татулық пен бірлік-тұрақтылық кепілі, береке бастауы - бұл Елбасының да, елімізді мекендеп жатқан барша қазақстандықтардың да басты ұстанымы. Ендеше, қазақтың жерінде бейбіт жағдайда өмір сүріп жатқан барша халықтың да осы құндылықтарды бағалауы қажет емес пе?  Ал бізге идеологиялық вакуумнан шығып, азаттығын алған өз елімізде жалтақтықты қоятын кез келді. Өзіміздің ұлтымызға қатысты мәселеде пікір айтқан, ұлттық намысты жоғары қойған адамды теріс пиғылды деп түсіну әлі де тыйылмай келе жатқандығы «өзгелерге» жел беріп отыр.

Біз Алаш зиялыларының алдында кінәліміз. Оларды «ұлтшыл» деген атақтан  қорғай алмадық. Біз Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың алдында кінәліміз. Кремльдің ығына жығылып, талай жас өскіндеріміз «ұлтшыл, шовинист» деген жаладан құрбан болды. Өзімізді - өзіміз Одақтың отарлаушылары алдында масқаралап, жығып бердік.

Енді қазақ ұлтшылдығы мен патриотизм  сөзі тең ұғым екенін түсінетін кез келді. Ұлтсыздықтан шеккен азабымыз аз емес. Ұлы Даланы мекендеп жатқан ұлт үшін бүгін ұлтшыл болу аса қажет.

Риза МОЛДАШЕВА

БАЛАҢЫЗ ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНДЕ ОҚИ МА?

Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді.      

Мұстафа ШОҚАЙ

Мектептерде жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Бұл күні мыңдаған бала білім ордаларының табалдырығын аттайды. Сол оқушылардың қаншасы өз тілінде білім алып, ұлтына қызмет ететін азамат болып шығады?

Жылдан - жылға балаларын қазақ мектебіне берушілер саны көбейіп келе жатыр десек те, орыс тіліне басымдық беретіндер қарасы да азаймай тұр. Өзіміздің қаракөздеріміздің бірқатарының қазақ емес, орыс мектебінің табалдырығын аттайтындары, алғашқы әріпті «Әліппе» емес, «Букварь» арқылы танитындары - алаңдарлық жағдай. Бұл қазақ тілінің болашағына әлі де күмәнмен қарайтындардың бар екенін білдіреді.

Қазақ мектебінде білім алған оқушының болашағы бар ма? Осы сұраққа жауап беру үшін  өткенге бір шегініс жасап көрейік. Бұрынғы Семей облысында білім беру сапасы жағынан атағы жер жарған С.Сейфуллин атындағы № 1 мектеп-интернатта оқыдым. Осы мектеп-интернатта жазушы Медеу Сәрсекенің, абайтанушы – қайраткер ағамыз Төкен Ибрагимовтің, марқұм Ырысхан Мусиннің, ана тілінің айбары болған Бәтташ Сыдықовтың, журналист Ілияс Исхановтың балаларымен қатар оқыдық. Ол уақыт пен бұл уақыт мүлде бөлек. Хрущевтің «жылымығынан» кейін «Брежневтің тоқырауы» деп аталған заманның салқынына ұрынған тіліміздің қолданыс аясы тар кез. Қызмет баспалдағында көтерілу үшін орыс тілін білу міндетті. Дегенмен жоғарыда аттары аталған ағаларымыз сол заманның өзінде-ақ Одақтың ойраны шығар күннің алыс еместігіне, қазақ тілінің түбінде тұғырына қонатындығына, болашағына сенген ғой. Аталған мектепте білім алған азаматтардың барлығы өмірден жолдарын тауып, бұл күндері нұрлы болашақтың кірпішін қаласып жүр.

Бүгін ел басқарып отырған азаматтарымыздың барлығы дерлік ана тілінде білім нәрімен сусындап өскен ұрпақтар. Басқа ел танитын қайраткер дәрежесіне жеткен тұлғаларды айтпағанның өзінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті де Шамалған ауылындағы қазақ мектебінде оқыды емес пе? Одақтың озбыр саясаты тұсында да болашағына сенген кешегі аға буынның бүгінгі ұрпағы Тәуелсіздігін алған елдің мемлекеттік тілінің болашағына неге күмәнданады?                              

Өткен оқу жылында Семей қаласы бойынша 7153 қазақ баласы орыс мектебінде білім алған екен. Бұған аралас, яғни көпшілік бүгін қойыртпақ, немесе алапес мектеп атап жүрген білім ордасында оқитын оқушыларды қоссаңыз, жоғарыдағы көрсеткіштің бірнеше есеге өсіп шығатыны сөзсіз. Ал өткен оқу жылында қазақ мектебінде оқыған өзге ұлт (өзге  ұлт! татары бар, ұйғыры бар...) өкілдерінің саны небары 45 оқушы болыпты. Балаларын орыс мектебіне берушілер мемлекетке атын беріп отырған халықтың тілінің болашағына күмән келтірушілер екені белгілі. Осыдан кейін тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі төрге қалай шықсын? Бүгінгі таңда аралас мектептерге байланысты сын пікірлер көптеп айтылып жатыр. Аралас мектептерден космополит ұрпақ өсіп шығатынына, ұлттың мерейін өсіруден гөрі қазақтың қанын сұйылтатын іс екеніне мән бермей келе жатқанымыз да өкінішті...                                                                                                                                          Қазақ халқының даналығын мойындап, салт-дәстүріне бас иіп өткен ұлты неміс, рухы қазақ болған Герольд Бельгердің «Плетенье чепухи» атты еңбегіндегі мына бір жолдар оқыған адамды немқұрайды қалдыра алмасы анық: «Бывший замминистра времен Кунаева рассказывает. У него девять внуков. Один учился в казахской школе, остальные – в русской. Того, кто учился в казахской школе, он отправлял на время каникул в аул, и там он овладел свободно казахским языком, проникся казахской ментальностью, пас ягнят, косил сено, совершал со сверстниками набеги на колхозную бахчу, играл, озоровал. Сейчас он, Даурен, уже взрослый, часто навещает овдовевшего деда, тщательно следит за содержимым холодильника, выбрасывает старые продукты, забивает свежими.

Однажды дед тащил с базара две огромные сумки. На остановку на своей машине подъезжает какой-то парень и говорит: «Ата, садитесь. Подвезу». Дед насторожился: с какой стати он сядет в незнакомую машину.  «Рахмет, айналайын! На трамвае доберусь». Незнакомец говорит: «Вы, ата, наверное, меня не узнали. Я ведь друг вашего Даурена». Довез старика с сумками домой. Потом доложил другу: «Я сегодня встретил на остановке твоего ата с сумками, довез до дому». Немного погодя звонит внук: «Ата, что вы делаете?! Вы же позорите весь наш род. Завтра ведь по всему городу пойдут разговоры: дескать, бывший замминистра, как бишара-сирота с сумками тащится с базара. Будто нет у него ни детей, ни внуков. Срам-то какой! Если тебе что надо, говори мне, я сам все привезу».

А остальные восемь внуков, воспитавшиеся в русских школах, о таком и не помышляют, и все это им невдомек. При встрече говорят: «Салют, аташка!» или бросают мимоходом: «Чао, аташка!». А о семейном достоинстве, о чести и гордости рода и понятия не имеют... Подобных примеров разной ментальности и я встречал немало. Есть большая разница в разном национальном воспитании...».

Қарапайым ғана мысал. Алайда қазақы тәрбиенің қасиетін, ана тілінде білім алудың  ұрпақ тәрбиесіндегі артықшылығын жеріне жеткізе айтып кеткен Герағамыздың осы сөзіне бірдеңе алып-қосу да артық болар... Елбасымыз бүгін ерекше көңіл бөліп отырған рухани жаңғыру жолындағы басты құрал да қазақы тәрбие мен ана тіліміз екенін назардан тыс қалдырмаған жөн ғой.                                                                                                                     

Мектеп – тек білім беру мекемесі емес, тұлғаны қалыптастыратын, ұрпақтың отансүйгіштік, ұлттық сана-сезімін оятатын алтын ұя. Қазақ тілді мектептердің орыс мектептеріне қарағанда артықшылығы көп екеніне көпшілік әлі де мән бермей келеді.  Қазақ мектебін бітірген оқушылар өз ана тілін де, орыс тілін де жетік меңгергенін байқап жүрміз. Өкінішке орай,  орыс  мектептерінде білім алған  балалар туралы олай айта алмаймыз... Көпшілік әлі де орыс тілділердің қазақ мектебінде білім алушылардың деңгейіне жете алмайтынынан бейхабар сияқты. Жалпы, орыс тілін мектеп бағдарламасында міндетті пәндердің қатарында оқытудың  да қажеті жоқ сияқты. Орыс тілін балалар көшеде жүріп-ақ үйренеді. ҰБТ деректеріне көз жіберсек, жоғары балл алғандардың басым көпшілігі - қазақ мектебінің түлектері. Бүгін ел басқарып отырған азаматтардың ішінде мемлекеттік тілді білмеуден қиындық көріп жүргендер аз емес. Қазақстанда тұратын әрбір азамат, елімізді мекендеп жатқан барлық ұлт пен ұлыстың өкілдері мемлекеттік тілде сөйлей алуы керектігі - бүгін дәлелдеп жатуды қажет етпейтін аксиома. Кезінде қазақ мектебінде білім алғандар, ауылдан келген ұрпақ орыс тілін білмегені үшін ұялатын. Бүгін қазақ тілін білмейтіндердің ұялғандары жөн. Отанды сүю, Ата Заңымызды, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, мемлекеттік тілді меңгеріп, оны қастерлеу әрбір азаматтың борышы  десек, ол мектеп қабырғасынан басталады.

Ал екінші бақытым - тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім!-

деп ақын Мұқағали Мақатаев үш бақытының біріне бағалаған қасиетті қазақ тілінің бүгінгі тағдыры қалай, тілімізді жоғалтпау мақсатында не істеуіміз керек?                                       

Ата мен әже немересімен орысша сөйлесіп, әке мен ана баласының қолынан жетектеп, үйінің жанындағы қазақ мектебін айналып өтіп, орыс мектебіне апарады. Бұдан өткен сорақылық бола ма?                                                                                                                             

Жаңа оқу жылы басталуға бір аптадай ғана уақыт қалды. «Тарыдай болып» мектеп табалдырығын аттайтын ұрпағыңыз «таудай болып» қай тілде білім алып шығады?

Ардақты ата-ана! Ойланыңыз! Балаңыз елін сүйетін, ұлтына адал айтулы азамат болсын десеңіз, қазақ мектебіне беріңіз!

Риза Молдашева

ТЕКТІ БІЛУ ТЕКТІЛІК ДЕСЕК ТЕ...

 

Астанаға барған жанның «Ханшатыр» ойын - сауық орталығына кірмей кететіндері кем де кем шығар. Таяуда еліміздің бас қаласында болғанымда аталған орталықтың 2-қабатында жарнамасы шынының сыртынан жарқырап, жүргіншіні елеусіз өтіп кете алмайтын сауда нүктесіне мен де бас сұқтым. Дүкендегі ұлттық нақышта өрнектелген киім үлгілері тұтынушыны өзіне еріксіз тартатындай әдемі-ақ. Сабыржан Айрин есімді қазақстандық сәнгердің авторлық киім үлгілерінің дүкені екен.

Жасыратыны жоқ, қазақстандық шебердің сән әлеміне халқымыздың ою-өрнегімен безендірілген киім үлгілерін әкелгені қуантты. Алтын барыс бейнеленген күртеше де, оюмен көмкерілген жейделер де қазақ елінде дайындалған тауар екенін анадайдан паш етіп тұр.  Дүкеннің орта тұсына халық көбірек жиналып қалыпты. Ең жақсы тауар сол жерде болар деген оймен мен де жақындадым...

Қазақ руларының аттары жазылып, ру таңбалары   бейнеленген жаздық   жейделердің әр алуан түстері самсап тұр. Жалайыр, Дулат, Шапырашты, Арғын, Найман, Қыпшақ, Уақ, Керей, Адай, Беріш, Табын... Алғашқыда аңтарылып қалған мен жан-жағыма қарасам, әркім өз тегі жазылған жейдені іздеп әлек. Кездескен бетте таныстықты бір - бірінің руын сұраудан бас-тайтын қазаққа бұл жерде артық әңгіменің қажеті де жоқ. Қай рудан екені қолына ұстаған тауарда жазылып тұр. «3 - 4 жастағы Адайға дәл жейденің ақ түсі жоқ па екен?» деп жанына барған жігітке сатушы қажетін тауып берді. Пендеміз ғой, мен де әулетіміздің екі кішкентайына арнап алайын деп «Арғындардың» жейдесін қолыма ұстаған бетім еді, жаныма жақын келген бойжеткен: «Сіз де Арғынсыз ба?» деп бетіме сұраулы көзбен қарады. Жүзінде жақынын көргендей жылылық бар, жымиып тұр...  Екі жейдені алып, сатушымен есеп айырыстым. Менен кейін жаңағы «туысым», одан әрі кезекте Дулат, Керей, Найман, Адай, Шапырашты бауырлар тұрған...                        

Алты Алаштың бас қосқан Астанада қай рудың өкілдері жоқ дейсің? Ендеше, осы жердегі ең өтімді тауар да ру аттары жазылған жейделер сияқты.                                              

Сыртқа шығып айналама көз тастадым. Бұрын байқала бермейтін үйреншікті көрініс осы жолы басқаша көрінді. Әрине қазақтың астанасы болғандықтан жүргіншілердің де басым бөлігі жергілікті ұлт болуы заңдылық. Дегенмен, бәріміз Сабыржан Айриннің жейделерін киіп көшеге шығып кетсек не болар екен... Ойлаудың өзі қорқынышты сияқты... Тауар өткізу үшін кәсіпкерлер не ойлап таппайды десеңізші! Руының аты айтылса, өртке тиген дауылдай өрекпи жөнелетін қазақ баласы үшін бүгін ружандылық емес, ұлтжандылық керек екенін естен шығарып алмасақ болғаны.

Риза Молдашева

«ОТАНҒА ОРАЛЫП «ҚЫТАЙ» АТАНДЫҚ»

 дейді ұлтжанды ағамыз

Редакцияға  Алтайдың ар жағынан  атажұртқа оралған  ұлтжанды ағамыз келді. Жай келген жоқ, өкпе назын арқалай келіпті.

  - Қытайда жүргенде бізді «қазақ» деп шеттетуші еді,отанға оралып «қытай» атандық. Көңіліміз  алып  ұшып  атажұртқа оралғанда  «қандасым» деп құшақ жая қарсы алғандар жоқ  емес-ау, бар, бірақ «келімсек» деп кемсітушілер де аз емес.  Қарнымыз тоқ, бірақ рухани  тұрғыдан ашпыз. Аттап  бассақ  орыс тілін білмеудің қиындығын көріп жүрміз. Кейде атамекенге емес, ресейге келгендей күй кешетінімізді де жасырмаймын. Ата жұртқа шекара  асып, көші-қонның қиындығын көріп әрең жеттік. Көзім тірі тұрғанда   ұрпағымды  еліне жеткізейін, өлсем атажұрттан топырақ бұйырсын,  немере-шөберелерім   қазақ болып қалсын деп келдім, - деген ақсақалдың өкпе-назы қара қазандай.

Ағайынның жан айқайы мені бей-жай қалдыра алмады. Шынында да біз осы шекара асып келген қандастарымыздың қадірін біліп жүрміз бе? Бүгін Монғолиядан көшіп келген қандастармыз – «монғолдар», Қытайдан келген бауырлар – «қытайлар», таяу шет елден келгендер «өзбектер», «қырғыздар»  аталып, жергілікті халық пен оралман бауырлардың арасын екі топқа бөліп жатқан сызықтың бар екендігі ақиқат.

Шетелдегі бүгінгі қазақ диаспоралары  туралы мектептерде арнайы пән оқытылмайды. Жат жерді  мекендеп жатқан  қазақтар кімдер, олар не себепті атамекеннен жырақта жүр деген сауалдарға жауап беретіндей білімнің жеткіліксіздігінен  де болар, кейінгі толқын арасында  шетелдегі қандастарды  ел басына қиын-қыстау заман туғанда Отанын тастап  қашқан опасыздардың  ұрпағы деген түсінік те бар.  Елге оралған қазақтың мұң-мұқтажын тиісті орындар ескере бермейтіндіктен де болар: «Елім, жерім деп келгенде...» деген өкпе жиі естіліп қалады. Әрине қиналғанда...Кейбір жергілікті тұрғындар тарапынан: «Елге келгеніңді міндетсіме!» - деген жауап та болып жатады. Атамекенін аңсап келген қандастарға халық арасында  масылдар деп  төмендетушілердің бар екендігін  де мойындау қажет шығар.

Не жеткілікті бiлiмi, не жұмысы жоқ, базарда шаршап-шалдығып жүрген, қарапайым халықты айтпағанның өзінде ұлт зиялыларының қатарындағы  жазушы Дулат Исабековтың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен кезде: «Шетелдегі қандастардың бәсекеге қабілеттілерін әкелейік», – дегені атажұртқа оралған бауырларымыздың арасында наразылық тудырғанын әлеуметтік желіден байқадық. Журналист Ұларбек Дәлейұлы Ф.Б желісіндегі өз парақшасында:

«Жазушы Дулат Исабектің айтқаны «шетелде жүрген 5 миллион қазақтың оқыған, еңбекке жарамдыларын ғана елге әкелейік, қалған шал-шауқан, кемпір-кешектер, оқымаған, бәлен баласы бар, бірақ қаражаты жоқ дәрменсіз жұрт сонда қала берсін» дегенге саяды. ҰЛТ ұғымын барша Қазақ құрамаушы ма еді? Қартайған ата-анасын, ауылдағы оқымаған аға-інісін тастап, сопайып жалғыздан-жалғыз келіп, кім опа таппақ мұнда? Көзіме күллі жұртқа даңқы кеткен абыз жазушыдан гөрі, тайға мінуге ғана шамасы келетін он жасар бала елестеп кетті…»  деген жолдарды жазыпты...

Қазақстан  Тәуелсіздігін алғаннан кейін Ұлт көшбасшысы   Н.Ә.Назарбаев  «Алыстағы ағайынға ақ тілек» деген тақырыпта үндеу тас-тады. Тағдырдың тәлкегімен төрткүл дүниеге   тарыдай шашырап кеткен қазақтарды  тарихи Отанына  шақырды. Қиыр жайлап, шет қонған    қандастардың басын жинау жұмысын мықтап қолға алды. Елінің, Елбасының осы шақыруы  жат жерді мекендеп жатқан бауырларға күш қуат берді. Әлемнің түпкір-түкпірінен тарихи Отанына бет алған  отандастар көші сол күннен бастап толастаған жоқ.

Оралмандар бізге масыл деген жүдеу ойдан арылып, шекара асып келген бауырларымыздың егемендігін алған елінің өркендеуіне қосып отырған үлесін бір сәт таразы басына салып көрейікші. Ұлт болып қалудың негізгі белгісі – тілі мен салт-дәстүрі екендігі белгілі.  Рухы әлсіреген ұлттың болашағын ойлаудың өзі  ауыр. Әрине бұл тек біздің халықтың емес,  Кеңестік империяның  құрамында болған мемлекеттердің бәрінің басындағы жағдай. Егемендігімізді алып есімізді жинағанда бұл қауіптің бұлты сейілді десек, оған шеттен ата жұртына оралған қандастарымыздың да қосқан үлесі аз емес екендігіне қарсы дау айтушылар көп бола қоймас. Салт-санадағы сонау одақтың отарлау саясатынан жұққан дертімізді емдеп, күрмелген тілімізді қалпына  келтіруге  атажұртқа оралған қандастарымыздың ықпалы зор.  

Алыстан келген ағайын арасында маскүнемдер мен нашақорлар жоқ. Олар қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қайнарын, ұлт руханиятының тіл, салт-дәстүр, дінін алыс-та жүрсе де алтынға балап өскен таза ұрпақ. Ең бастысы халқымыздың бүгінгі рухани қазынасының баюына шекараның арғы жағынан келген  қандастарымыздың  үлесі аз емес  екендігін мойындау қажет.  Елбасымыздың  осы  бастамасының арқасында  Тәуелсіз  қазақ еліне алыстан оралған бауырлармен бірге   үлкен рухани  қазына келді. Шеттен оралған бауырлардың  арасында  жер еміп өскен  дихан да,  төрт түліктің сырын жақсы білетін малшы да,  ғалым да, дәрігер де, ақын - жазушы да,  техниканың тілін жетік білетін  сауатты маман да, кәсібін дөңгелетіп отырған ауқаттысы да бар. Қазақстанға алыстан оралған бауырлармен бірге   экономиканы  өркендетуге  қажетті қосымша күш келді.

Елбасының: «келген  ағайын  елімнен  не  аламын  деп емес, не беремін деп келулері керек» деген сөзі естеріңізде болар. Ұлт көшбасшысының  алыстан келген қандастардан  күткені де  осы рухани құндылық болса керек. Еліне оралған қандастарымыздың арасында біреуге алақан жайып,   азып-тозып жүргендерін көрген емеспіз. Керісінше, аңсап келген атажұрттағы  рухани тұрғыдан  азып-тозуды  байқап түңілу бар екендігін мойындауымыз керек.  

Алыстан оралған бауырларымыздың ар-қасында елімізде  қазақ тілділердің қатары көбейді. Көші-қон еліміздің демографиялық өсіміне айтарлықтай үлес қосты. Бұл аз ба? Жас қазақ елінің болашағына сырттан сынай қарап отырғандарға   «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып»,  бәріміздің бір қазақстандық екендігімізді дәлелдеу арқылы Тәуелсіздігіміздің тұғырын мықтай түсу еліміздің әр тұрғынының  алдында тұрған міндет.   Бізден «Отаным» деп келген оралманға  жылы қабақ қана қажет.

Бүгінгі оралман – «Қаратаудың басынан көш келді, көшкен сайын бір тайлақ бос келді, бауырластан айрылған жаман екен, қара көзден мөлтілдеп  жас келді»   деп халқымызды  зарлатып, қазақтың басынан бақ ұшқан   «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында қоныс аударғандардың ұрпақтары. 

ХХ ғасыр басындағы Ақ патша жарлығы кезінде, одан кейінгі  зұлмат, алапат аштық заманда  шекаралас өңірлерден жан сауғалап, қыр асқан ұрпақ. Шекараға жақын орналасқандықтан да болар  Қытайдың Шәуешек маңын мекен еткен қазақтардың ата жұрты Тарбағатай бойы, жеменейлік қазақтардың тарихи отаны Зайсан маңы болып келеді. Шет елде жүрген 5 миллион қазақтың  бір тобы шекара бөлінген кезде   жаттың қолында кеткен туған жермен бірге ата мекенін тастамай, тұрақтап қалған  ұрпақтар. Сол қандастарымыздың елге оралған бүгінгі толқыны  негізінен ата-бабасының туған жеріне  қоныстануға ниетті болып келеді.

Жүздеген жылдар   бойы елден жырақта  жүрсе де, ана тілін, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас етіп келе жатқан, кешегі  мың өліп мың тірілген қандастардың бүгінгі ұрпағының одақтың отаршыл заманында ұмыт болған ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің, әдебиетіміздің қорын толықтырып жатқанын да назардан тыс қалдырмау қажет. Олар өздерімен бірге  ауыз әдебиетінің біздің елде сақталмаған  сирек қорларын, қазақ ертегілері мен  қиссаларын жеткізуде. Әсет Найманбаевтың, Көдек Маралбайұлының, Таңжарық Жолдыұлының мұраларын туған топыраққа табыстаған, аспан асты елінің түрмесінде жиырма жылға жуық өмірін өткізген жазушы Қажықұмар Шабданұлының 6 томдығын халқымен қауыштырып, рухани байлығымызды еселеуге үлес қосқан текті ұрпақтың елге қайтқан өкілдері.

 Бүгінгі оралман  - «Түрік әлемінің ғұламасы» атанған  ірі тұлға, дін қайраткері, туған еліне оралып, 2003 жылы 86 жасында Алматы қаласында өмірден өткен  жазушы, өз естелігінде: «1991 жылы желтоқсан айының ортасында Ыстамбұл көшесінде келе жатып, көпшілік радиодан «Бүгін Қазақ елі тәуелсіздік алды, жер бетінде Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды!» деп түрік тілінде саңқылдап жатқан дауысты естідім. Естідім де, егіліп жыладым. Сол тұрған жерімде құбыланы тауып алып, сәждеге бас қойдым. Жаратқан Иеден: «Иә, Аллам, қазақ деген халыққа ақыры еркіндік келді-ау, абырой бердің-ау! Айбарлы мемлекет қыла гөр! Ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тіледім. Қуаныштан ыршыған көз моншақтарым тас еденге тырс-тырс тамды. Сәжде қылған жерімде ұзақ жатып қалыппын» деп жазған Халифа Алтай!

Бүгінгі оралман - Қазақ және түрік таэквондосының негізін қалаушылардың бірі, Түркиядан еліне оралып, 1995 жылы кенеттен қайтыс болған Мұстафа Өзтүрік.

Бүгінгі оралман - «Көк тудың желбірегенінен» бөлек 100-ге жуық әннің авторы марқұм Ермұрат Зейіпхан, атымтай жомарт, үлкен меценат, әрі керемет іскер ұйымдастырушы болған, Қазақстанға келгеннен кейін  «Ас - ай» атты компания құрып, оны биік қаржылық мекемеге айналдырған,   2016 жылы дүниеден өткен Асқар Жәкулин.

Бүгінгі оралман - әуезді әсем үнімен   әлемге қазақ атын  мәшһүр еткен  күміс көмей әнші Майра Мұхамедқызы,  талантты биші  Шұғыла Сапарғалиқызы, Өзбекстаннан еліне оралған  - бокстан  халықаралық спорт шебері, «Барыс» орденінің иегері,  бірнеше Олимпиада ойындарының жүлдегері, спортта қазақтың атын шығарып, ұлтының  мықтылығын мойындатқан Бақыт Сәрсекбаев, Монғолиядан еліне оралған от ауызды, орақ тілді айтыс ақыны  Дәулеткерей Кәпұлы, атамекенге деген ыстық сағыныштан туған «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлы, тарихшы Зардыхан Қинаятұлы, тарихшы, қытайтанушы Нәбижан Мұхаметханұлы, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлы, Жапонияда ұзақ жыл еңбек етіп, еліне оралған медицина   ғылымдарының док-торы Уатқан Сәйпілұлы, дінтанушы Мұртаза Бұлұтай, тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы, тарихшы Жанымхан Ошанұлы.

Бүгінгі оралман – кешегі сұрқия тағдыр тәлкегіне түскен зауалды заманда   «елімайлап», «жерімайлап» шерлі көңілмен шекара  асқан бабалардың көзі. Тағдыры талай болған кер заманда ғұмыр кешіп, отарлық езгіге шыдай алмай әлемге тарыдай шашыраған ұлтымыздың ұрпағы. Қиыр жайлап, шет  жүрсе де жүрегіне туған жерін  тұмар етіп байлаған, ана тілін ұмытпаған, халқының салт дәстүрін ұлықтаған, бүгін еліне оралып  «Қара жорғаны» бізге үйретіп жатқан, төске түссе де жаншылмайтын, тезге түссе де сарқылмайтын қасиетті қазақ халқының ауыр азап, батпандай бейнет көрсе де қайсарлығынан танбаған  ұл-қыздары.

Бүгінгі оралман – Елі тәуелсіздігін алғанда алыста жатып бөркін аспанға атып қуанған,   желбіреген көк ту жанына қуат берген   ұлтжанды, отаншыл ұрпақ.

Елбасымыз еліне оралған бауырларға қамқорлық жасау ісін қанша тапсырса да атқарушы билік тарапынан  сенім көрсету,  қолдау әлі де әлсіз сияқты. Әрине, оралмандардың мүддесін қорғау мәселесі бір қатар ұлт жанашырлары тарапынан биік мінберлерден айтылмады емес, айтылды. Мәжіліс депутаты - Бекболат Тілеуханның, ұлтжанды қазақ қызы Оразкүл  Асанғазының атажұртқа  оралған отандастарға қамқорлық жасау жайлы талай келелі ойларды ортаға салғандарын да білеміз. Дегенмен, өкілетті билікте өз өкілдері болса, талай түйткілдің түйіні шешілер ме еді... Бүгінгі таңда ҚР Парламенті депутаттары арасында атажұртқа оралған қандастардың өкілдері бар ма? Жергілікті мәслихаттарда ше? Жоғары басшылық қызметтерде отырған оралман ағайынды да білмейді екенмін. Әрине олардың Қазақстанның Заңын жетік білмеуі мүмкін. Орыс тілінен де олқылықтары көп. (Соңғысын білу тіпті міндетті де емес.)

 

 Біз туған жердің қадірін осы алыстан оралған ағайын сияқты білеміз бе деген ой мені жиі жағалайды... Туғалы түзге шықпаған елдегі адам атамекеннің қадірін дәл алыстан келген бауырлардай біле қоймайды-ау... Ендеше, қиырда жанары мөлдіреп жүрген қазақтың Атамекенге бет алған  көшінің  тоқтамауы Сіз бен Бізге де  байланысты. Ол үшін көңілі алып ұшып еліне келген қандастарымыздың әрқайсысын «бауырым» деп қабылдауымыз керек.

Сабыр Адайдың  «Әр қазақ менің жалғызым» деген  сөзі осындай сәтте еріксіз тілге оралады...

Риза Молдашева

АБАЙ АУДАНЫН ЕНДІ КІМ БАСҚАРАР ЕКЕН?

Қазаққа Абайды сыйлаған топырақты киелі емес деп кім айта алады?

Бұл елдің халқына көңілі сүйгенге көл болып төгіле салатын дарқандық тән. Бұл елдің халқына лайықты тұлғаға төрін беретін жайсаңдық тән. Халықтан өзін биік қойғанның басын идіріп, тізесін бүктіретін ел де осы жерді мекен етеді. Өйткені бұл - Құнанбайдай кемеңгерді, Абайдай абызды, Шәкәрімдей дананы туғызған, шеттерінен ақын, жазушы, әнші, ешкімге есесін жібермейтін мінезді, кеудесін басқызбайтын намысты, текті ұрпақ мекен ететін жер.

Бүгінгі таңда Абай ауданында тұратын халықтың саны 15 296 шамасында. Шағын аудан болғанымен, естігеннің мысын басатын аты бар. Талғампаз елдің талап үдесінен шығудың жауапкершілігі зор, салмағы ауыр.
Абай ауданын кімдер басқармады? Жалпақ жұрттан өзін жоғары қойып, қалада отырып алып далаға бұйрық бергісі келген әкімді көрген халық: «Қайран сөзім қор болған...» деп қапа болған сәттер де, «өз баламыз ғой, өзекке теппейік» деп ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, сенім артқанымен, жауапкершілік жүгін арқалай алмаған әкімді көріп: «Біз ішпеген у бар ма...» деп түңілген кездер де болған. Дегенмен ауданға соңғы жылдары басшылық жасаған Тұрсынғазы Мүсәпірбеков көптің көңілінен шыққан сыңайлы. Қазір зейнеткерлікке шыққан әкімнің міндетін уақытша атқарып Бауыржан Болатұлы Тәттібеков есімді орынбасары отыр. (Бауыржан Тәттібеков 2016 жылдың 3 мамырында аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалған екен). Орынбасарлық өтілінің өзі бір жылдан сәл ғана асатын азамат аудан басқаруға дайын ба...? Айтпақшы, Тұрсынғазы Мүсәпірбековке дейін ауданға әкім болған Ержан Сүлейменов те елдегі ақсақалдардың сол кездегі облыс басшылығына өз тумаларына сенім көрсету жайлы ұсынысымен орынбасардың орынтағынан жоғарылаған болатын. Сенім артқан жерлестері елдің көсегесін көгертіп қарық қылмағаннан кейін, «ағайынның атына» да, «ауылдастың тайына» да шаппай бәйгені беретін даладай дарқандыққа сақ болу қажеттігіне, харизмасы жоқ, рухы әлсіз адамнан білікті басшы шықпайтындығына көптің көзі жеткен сияқты. Бүгін халық Ұлы Абай елін енді кім басқарар екен деп алаңдаулы... Қалай десек те, рухани тұрғыдан қазыналы өңірдің жағдайының жақсы болуына өз үлесін қоса алатын басшы болса, Абай ауданының ахуалы жаман болмауға тиісті.
Дәстүрге адал, тектілігі тереңнен тартқан ұрпақ мекен еткен өңірді басқару оңай емес. Қазақтың Бас ақынының еліне келген әкімнің бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалап, жоғарыдан тапсырылған міндеттерді ғана орындаумен шектелуі аздық етеді... Бұл ауданға елін Абайша сүйіп, елі үшін Абайша күйе білетін, халқының ынтымақ - бірлігі мен береке - дәулетін арттыруды Абайша ойлайтын, өресі биік басшы қажет. Көңілден шықпаған жағдайда, есті халықтың «Мықты болсаң, Абайдай ұл таптырып ал» деген Құнанбайдың сөзін айтып, шығатын есікті көрсетіп жатуы да ғажап емес.
Ардақты ағайын, дұрыс түсінерсіздер, келетін әкім Абайдай ғұлама болу керек деп асыра сілтеуден аулақпыз. Біздікі тек еліне адал қызмет ететін рухани дүниесі бай азамат болса, атқаратын жұмыстары берекелі болса деген тілек қана...

Риза Молдашева

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57