«ШЫМШЫҚ СОЙСА ДА ҚАСАПШЫ СОЙСЫН»

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ назарына

Құрметті Даниал Кенжетайұлы!

Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті болуына, халыққа шынайы хабар таратуына кері әсер ететін жағдайлар әлі де аз емес. Сондай келеңсіздіктердің қатарында соңғы кездері БАҚ саласында журналистикаға қатысы жоқ «жолбикелердің» көбейіп кетуін айтуға болады... Осы орайда «Шығыс ақпарат» ЖШС басқарма төрағасын тағайындау мәселесіне қатысты менің ғана емес, әлеуметтік желідегі бір топ қоғам белсенділерінің пікіріне назар аударуыңызды сұрағым келеді.
Көтеріп отырған тақырып оқырмандарға түсінікті болу үшін егжей-тегжейлі баяндай кеткен жөн болар. Сәуір айының ортасында, еліміздегі төтенше жағдай уақытында, облыстағы «Дидар», «Рудный Алтай» және бірқатар аудандық газеттерді жарыққа шығарып отырған «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің басқарма төрағасы тағайындалды. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын басшысы қазақ тілді журналиске қысым жасап, желіні шулатқан «Шығыс ақпарат» медиахолдингіндегі бұл жолғы тағайындау журналистерді ғана емес, барша зиялы қауымды таңғалдыруда...
Сонымен, 13 сәуір күні «Шығыс ақпарат» ЖШС директорлар кеңесіне жаңа төраға тағайындалды. Басшының жыл сайын ауысуы бұл мекеме үшін соңғы кездері үйреншікті әдет болып алды. Ең бастысы, кадр мәселесін ұжыммен ақылдасып жатқан басқару органы жоқ.
Соңғы тағайындауға орай қашықтықта жұмыс істеп жатса да редакция жақтан жаңа басшының бұрынғы бірқатар қызметкерлерді қысқартып, орнына өзіне кеңесші, көмекші т.т. кадрлар алып жатқаны жайлы хабарды естіген тілшілер қауымы қатты айтса «қара тізімге» ілініп кетуден үрейленіп, «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтың» күйін кешіп жүрген сыңайлы.
2016 жылы Нұржан Қуантай кеткеннен кейін «Шығыс ақпаратты» кім басқармады дейсіз. Олардың арасында телевидениеде диктор болған тәжірибесіз жас бала да, «төрімізге өзіміз шығарып қойып, төбемізде «ойнақ салғанда» әрең құтылған, қазақ тілінде жазатын журналистерді қудалауға салған өзге ұлт өкілі де бар...
2016 жылы аталған серіктестікке басшылыққа тағайындалған МҰРАТ БӨЛДЕКБАЕВ атты алматылық азамат басылымды алыста, оңтүстік астанадағы үйінде жатып онлайн тәртібімен аз уақыт басқарып, жұмысты жүргізе алмаған соң тайып тұрды. Рас-өтірігін кім білсін, жай кеткен жоқ, «Шығыс ақпарат» ЖШС-ін үлкен шығынға батырып кетті деген де сөз бар.
Бөлдекбаевтан кейін медиахолдингке ИРИНА ЯКУНИНА басшылық жасады. Қазақ тіліндегі басылымға қырын қарап, мемлекеттік тілде жазатын журналистерге ашық қысым көрсеткен сол уақытты әріптестеріміз әлі күнге үреймен, қорқынышты түс көргендей еске алады... «Шығыс ақпаратты» Якунина ханым басқарған кезде «Дидар» газетінде жарық көрген «Өскемен қашан рухани жаңғырады?» деген мақаласы үшін қудалауға түсіп, жазықсыз сөгіс алған журналиске барша халық араша түсіп, әлеуметтік желіде үлкен шу болғаны есімізде. Мақала авторының фейсбуктегі: «Ұлттық рух жайында жазған дүнием мемлекеттік тілді білмейтін басшыға ұнамағанына күйіндім»,- деген жазбасын оқығаннан кейінгі наразылық, тамырында қазақтың қаны бар намысшыл қауымның жанайқайы, ақыры, өзіңіздің құлағыңызға жетіп, дереу шара қолданылған болатын. Дәл сол оқиға, Сіздің ұсынысыңызбен, кадр мәселесін ақылдасып шешетін Байқаушы кеңесін құруға да себеп болған еді.
Сол жағдайға байланысты өткен жиында көпшілік тарапынан өңірдегі қос газет - «Дидар» мен «Рудный Алтайды» қазақ, орыс тілдерін және осы саланы жетік білетін маман басқаруы керектігі айтылғаны да есімізде... Бұл ұсыныс та өзіңіздің тарапыңыздан болғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Осы оқиғадан кейін Ирина Якунина қызметінен алынып, орнына СЕРІК ЖЕҢІСОВ тағайындалған болатын. Мамандығы журналист болмағанымен, облыстық ішкі саясат басқармасында бұқаралық ақпарат құралдарына басшылық жасай жүріп БАҚ-тың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп қалған Серік Жеңісов бұл салаға жат адам емес еді. Жұмысын жап-жақсы ұйымдастырып, соңғы жылдары күйі кетіп қалған «Шығыс ақпараттың» еңсесін көтеруге қадамдар жасала бастағанда Серік Жеңісов Өскемен қаласы әкімінің орынбасарлығына тағайындалды.
Келесі басшылық тізгіні НҰРБЕК БЕКЕН атты азаматқа ауысты. Нұрбек Бекен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында дүниеге келген. Журналистика саласындағы еңбек жолын 2003 жылы жергілікті телеарнада диктор ретінде бастаған. Бұдан кейін республикалық «Хабар» телеарнасының Қытай Халық Республикасындағы меншікті тілшісі болып қызмет істегенімен, газет шығару жұмысын білмейтіндігі мен басшылық тәжірибесінің жоқтығы бұл азаматтың бір жылға екі күн қалғанда қызметтен кетуіне себеп болған сияқты...
Даниал Кенжетайұлы, бұл жолғы тағайындау естіген жұртты ерекше таңғалдырды!!!
«Шығыс ақпаратқа» басшылыққа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицері тағайындалды. Ерлан Смағұлов дегеннің кім екенін білгісі келіп отырған оқырмандарымыз болса, таныстыра кетейік, біреулер жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келген десе, енді біреулер «ҚТЖ» ұлттық компаниясында аз уақыт қатардағы қызметкер болған дейді... Әскери борышын өтеп қайтқаннан кейін «Семей» мемлекеттік университетінде «Инженер-механик» мамандығын, «Қайнар» университетінде «Юриспруденция» мамандығын алып, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясының тыңдаушысы болған. Ұзақ жылдар ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. Басқаны қайдам, өзім «Шығыс ақпарат» ЖШС-на тағайындалған жаңа басшының өмірбаянын оқып шығып, «Әндіжанда бір әпкем бар, бұдан да өткен сорақы» деген сөз өмірден алынған-ау деп ойладым…
Бұл қызметке Е.Смағұлов облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы ИРИНА СМИТ ханымның бұйрығымен тағайындалды. БАҚ-тағы маркетингтен мүлде бейхабар, ұжым басқару тәжірибесі жоқ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатардағы қызметкеріне аймақтық басылымдар қандай се- бептермен сеніп тапсырылды? Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік билік органдарына ресми және бейресми тәуелді болуы журналистер қауымының еркін қанат сермеуіне, ақиқатты айтуына шектеу қойып отырғандығы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ал мына тағайындауды журналистердің әр аяқ басқанын аңдытып, сөз бостандығына шектеу қою үшін жасалған әрекет демеске амал жоқ. Өйткені бұл қызметті сеніп тапсыратындай басқа себепті көріп тұрған жоқпыз... Тағайындау жайлы әркім әр алуан жорамал айтуда. Көпшілік облыс басшысының жар құлағы жастыққа тимей аймақты аралап, бүгінгі төтенше жағдайдан халықты аман алып қалу қамымен жүргенін пайдаланып, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит ханымның тілін тауып, орайын келтірген іс деген болжам жасауда...
Даниал Кенжетайұлы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, 2018 жылы өзіңіздің бастамаңызбен «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің Байқаушы кеңесі құрылған болатын. Құрамында Владимир Головатюк, Түсіпхан Түсіпбекұлы, Әнуарбек Мұхтарханұлы, Айтмұханбет Қасымов, Азамат Қасым, Саид Фазылов, Маржан Бақыт т.т. мүшелері бар бұл кеңестің міндеті, басқарма төрағасын тағайындау тәртібі «Шығыс ақпараттың» ЖАРҒЫСЫНДА анық жазылған. Оны Ирина Смит ханымның білмеуі мүмкін емес. Өйткені жарғы өзі басшылық ететін басқармада бекітілген. Енді осы құжаттың бүгін көтеріп отырған тақырыбымызға қа-тысты жерлеріне назар аударайық:
«Байқаушы кеңестің келісімі бойынша Басқарма төрағасын және оның мүшелерін сайлайды немесе тағайындайды және босатады». Жарғының 4-бабы.
«Басқарма төрағасы кон-курстық негізде сайланады немесе тағайындалады. Басқарма төрағасының орынбасары және мүшелері Байқаушы кеңестің келісімінен кейін өкілетті орган арқылы сайланады немесе тағайындалады». Жарғының 9.2-бабы.
ИРИНА ханымның осы қызметке Ерлан Смағұловты қандай қасиеттерін негізге алып тағайындағанын көпшілік түсіне алмай дал. Жазу қабілеті, ұйымдастырушылық қасиеті, менеджменттік ұстанымы... Алғашқы мамандығы инженер-механик екен. Бұқаралық ақпарат құралдарын механикке басқартатындай кадр тапшылығы жоқ сияқты. Сол «Шығыс ақпараттың» өзінде көп жылдар бойы қызмет істеп келе жатқан, осы орынға лайықты мамандар жеткілікті емес пе? Солардың біріне сенім көрсетуге болмады ма?

Құрметті Даниал Кенжетайұлы!

«Шығыс ақпарат» ЖШС жарғысына сәйкес, Ирина СМИТ ханымның бұл тағайындауының заңсыз екеніне өзіңіздің назар аударуыңызды сұрағымыз келеді. Өйткені басқарма төрағасы, серіктестік ЖАРҒЫСЫНЫҢ талаптарына сәйкес, Байқаушы кеңесінің келісімін алғаннан кейін ғана тағайындалуы керек болатын.
Ал БАЙҚАУШЫ КЕҢЕСІНІҢ мүшелері бұл тағайындау жайлы жаңа басшы қызметке кіріскеннен кейін бірақ естіген.
Тағы бір түсініксіз жағдай, «Шығыс ақпаратқа» басшылыққа Ерлан Смағұлов Ирина Смиттің бұйрығымен тағайындалды. Ал ұжыммен таныс-тыруға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат мырза алып барады... Сонда облыс әкімінің орынбасары ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығын орындаушы болғаны ма?
Бұл орайда сауал көп:
1. Тәж киген тажалдың тығырыққа тығуы бүгін талай істерді жеделдете шешуге себеп болып отырғаны белгілі. Дегенмен төтенше жағдай аяқталғанша осы тағайындауды тоқтата тұрып, Байқаушы кеңесі мүшелерімен ақылдасып, асықпай шешуге болмады ма? Бірнеше ай бойы «міндетін атқарушы» басқарып отырған сала аймағымызда аз емес қой... Мысалы, облыстық мәдениет басқармасының басшысыз отырғанына біраз уақыт болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында да осындай жағдай болғаны көпшіліктің көз алдында. Тіпті кейбір аудандарда әкімдердің міндетін атқарушылардың жарты жылдап отырған кездері болған. Ендеше, елдегі ТЖ, карантин уақытында осы тағайындауды жеделдетіп жіберуге не себеп болды?
2. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген қағида бар ғой. Құрамында «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттері бар «Шығыс ақпарат» ЖШС-на журналистика саласында тәжірибесі бар басшы керек деп есептейміз. Екі тілде шығатын басылым қызметкерлеріне кәсіби бағыт-бағдар бере алатын маманға емес, механик, қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне неге таңдау жасалды? Ұлттық қауіпсіздік саласының офицеріне бұқаралық ақпарат құралдарын басқарту «қойды қасқырға бақтырғанмен» бірдей дегенге Сіз қалай қарайсыз?
3. Байқаушы кеңесімен ақылдаспай кадрлық тағайындауға бұйрық беру үшін елдегі төтенше жағдай уақытын ұтымды пайдаланды деген шындыққа жанаса ма?
«Шығыс ақпарат» ЖШС-нің жаңадан тағайындалған басшысы Ерлан Смағұловтың өзі бізбен әңгімесінде: «Келгеннен бері көп жұмыс істеп жатырмын. Редакция ғимараты маңына сенбілік ұйымдастырып, ауланы тазарттырдым. Сынған есіктерді жөндеттім...» - деген болатын... Өзінің функциясына кіретін негізгі міндеттерді түсінбейтін адамды ақпарат құралдарына емес, қандай да бір мекеменің шаруашылық істерін басқаратын орынбасарлығына жіберген дұрыс болар ма еді... Айтпақшы, «Шығыс ақпаратқа» жаңа басшының келуі өңірлік басылымдарға да жайсыз болып тұр. Аталған серіктестік облыстық бюджеттен ақпараттық саясатты жүргізуге өте көп қаржы алып отыр. Әлеуметтік желілер үшін - 116 миллион + газеттерге - 181 миллион шамасында. Оған қоса жеті ауданның газетіне жергілікті әкімдіктерден бөлінетін қаржы тағы бар. Енді бұрын (жоғарыдағы жеті ауданнан бөлек) аудандық және қалалық басылымдар орындап келген шағын тапсырыстарға (2 - 15 миллион көлеміндегі) ауыз сала бастады. Ала алмай қалған конкурстарға байланысты «Шығыс ақпарат» тарапынан арыздар жазылып, қысқасы, Ерлан Смағұлов келгенннен бері өңірлік және облыстық газеттердің арасында бұрын-соңды болмаған түсініспеушілік өршіп барады... Бір сөзінде Ерлан Смағұлов серіктестіктің миллиондаған қарызға батып отырғанын да айтып қалған болатын. Ал ол жақтағы әріптестеріміз: «Жаңа басшы жұмысын өзіне көмекші және кеңесші алудан бастады»,- дейді. Бұрын басшылық қызмет атқармаған азамат қолға тигеннен кейін қоныштан басып, бастық болудың қызығын дұрыстап көрейін деп шешті ме екен, әлде өзіне сенімсіз болғандықтан, кеңесшінің ақылы қажет болды ма? Көмекші мен кеңесшіге төлейтін еңбекақыны, өзі айтып кеткендей, миллиондаған қарызы бар «ауру» кәсіпорынды сауықтыруға жұмсаған орынды болар ма еді? Жоғарыда айтып кеткеніміздей, облыс бойынша мемлекеттік саясатты жүргізуге ең үлкен тапсырыс алатын - осы «Шығыс ақпарат» ЖШС. Өз баспаханалары бар. Білікті басшы болса, миллиондаған қарызға бататындай негіз жоқ.

«Шығыс ақпаратта» соңғы төрт жылда орын алған жағдайды сараптай келгенде, «Сауысқан келіп саңқ етіп, Сарқып ішіп ол кетті. Қырғауыл келіп қиқу сап, Қазан түбі қаспағын Қырнап ішіп ол кетті» деген бала кезімізде жатқа соғатын тіркестер тілімізге жиі орала береді. Қарызға батып отырудың себебін енді айтпасақ та түсінген боларсыз... Сауал көп...
Бұл тағайындау қазір Facebook әлеуметтік желісінде қызу талқыланып, облыстағы екі басылымның тағдырына алаңдаулы ардагер журналистер мен Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесіне немқұрайлы қарамайтын зиялы қауымның наразылығын тудыруда. (Олардың бірқатарын жоғарыда назарыңызға ұсынып отырмыз).
Құрметті Даниал Кенжетайұлы, Сізге халық пен билік арасындағы алтын көпірдің міндетін атқарушы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жоғарыда айтып кеткен жағдайларды баяндай отырып, көпшілік өзіңізден кемел басшының келісті шешімін күтетінін жеткізгім келеді.

Құрметпен, Риза МОЛДАШЕВА

 

Tusiphan Tusipbekov
Бұл өзі қызық тағайындау болды. Байқау кеңесінің мүшесі ретінде айтарым, маған осы мəселе бойынша ешкім хабарласқан жоқ. Жалпы, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингіне кейінгі кезде басшы тұрақтамай кеткені рас. Якунинамен болған жағдайдан кейін «Байқау кеңесі» (наблюдательный совет) құрылып, кадрлық тағайындаулар Кеңестің келісімімен жүзеге асырылу керек болатын, бірақ осы жолы олай жасалмады. Не себеп болғаны түсініксіз. Ал басшылыққа журналистикадан алыс, еш хабары жоқ адамның тағайындалуы тіптен жұмбақ.

Сахан Акелеев
АПАМ ДА АҢ-ТАҢ, МЕН ДЕ АҢ-ТАҢНЫҢ КЕРІ ДЕ БАЯҒЫ. ЕШКІМНІҢ ЖАНЫ АШЫМАҒАН ДҮНИЕ ОСЫЛАЙ КЕРМЕК ТАТИДЫ ДА ТҰРАДЫ СОЛ...

Azamat Qasym
Себебін Ішкі саясат басқармасынан сұрағанымызда «Қазіргі жағдайға байланысты осылай болды» деді. Біздің қолда не тұр дейсіздер?!

Adil Sailaubek
Өз басым Серік пен Нұрбекті танимын. Екеуі де өз жұмыстарын мықты білетін мамандар еді. Байқау кеңесі неге білмей қалды екен?

Толеген Калимажан
Айтарға сөз жоқ, елдің руханиятын көтеру ісімен айналысатын салаға «тыңшыдан» басқа адам таппаса - Ирина ханымдікі де бос отырыс болғаны ғой...

Хамза Сатиев
«Әй!» дейтін әже, «қой!» дейтін қожа жоқ па?
Ирина Смит ханымның «айттым - бітті, кестім - үзілді» деген әміршіл әуенімен заңды белшесінен басып, ойына келгенін істеп отырғаны, жұмсартып айтқанда, шектен шыққандық, әділетке қиянат жасау. Осындай келеңсіздік орын алып отырғанда байқаушы кеңесі не бітірген, қайда қараған? Өзінің атқарушы органының кызметін бақылауды тиісті дәрежеде жүзеге асыра алмаған байқаушы кеңесінің бейқамдығына таң қаласың.

Толеген Калимажан
Өткенде ауданымызға келген ШҚО әкімінің бірінші орынбасарына: «Біздің облыста өзі ішкі саясат басқармасының басшысы бар ма? Ол неге ауданға ат ізін салмайды?» деп, біраз наразылығымды айтқан едім. Үн де, жауап та жоқ, соған қарағанда бір дөкейдің қанатының астындағы еркесі ме? деген ойға қалдым.

Карбек Шопатов
Журналистика мен жазушылықты қатар алып жүрген жаны ізгі, әлде де жазары бар азаматтар біздің облыста жыртылып айрылады. Солардың біреуін әкеп қою керек деп ойлаймын. Бұны тезірек Даниал Ахметов мырзаның алдына қою керек шығар. Ол кісі дұрыс қабылдайды деп ойлаймын, Якунина дегенді орнына қойды емес пе?

Дәулет Тілеуберді
Айтылған сын өте орынды. Бүкіл аймақтағы белді басылымдарды басқаратын лайықты адам болмағаны ма?

Әлібек Қаңтарбай
Ирина - орындаушы. Ат дегенді атады, ас дегенін асады! Әңгіме жоғарыда. Әңгіме - «Шығыс Ақпаратты» оқырмандарға сүйкімсіз етіп барып, түбіне от қоя салу! Кім көрінгенді басшы етіп қоя берсе, оның қадірі кетпегенде қайтеді. Бұл - тактика! Ал, Байқау кеңесі деген, кезінде - Якунина мәселесінен жеңіл шығып кету үшін жоғарғының уақытша құрған тобы. Әйтпесе, неге ақылдаспайды? Қазақстандағы дәл осындай «өзім білем» жүйесімен кәдуілгі Жоңғармен соғысқандай, парасат майданын ашу қажет!
Міне, осы бассыздықты көріп отырған Байқау кеңесі неге ұрандап, неге бақан ұстап байбалам салмайды? Бірқауым жұрт емеспісіңдер.

Карбек Шопатов
Байқау кеңесінде отырған азаматтар салиқалы азаматтар деп ойлаймын. (Көбін танимын) Олардың айтыстарына қарасақ, ешкімімен ақылдаспай Е.Смағұлов деген азаматты осы қызметке тағайындай салған деп отыр. Ендігі кезекте осы Кеңестің мүшелері ресми түрде өз пікірлерін білдіруі керек деп ойлаймын. Ол хат күйінде жазылып облыс әкіміне жеткізілуі тиіс. Пікір қосыңыздар.
Баяғыда біздің салада, (мен медицина саласынанмын) Досаевты Денсаулық министрі етіп тағайындап, біздің Үкімет айды аспанға бірақ шығарғаны есімізде. Мына жағдай да соған саяды. Қазақта осыған байланысты мынандай бір мәтел бар: «Өгіздің мұрнын жұдырықпен тескен»-деген. Ақылды адам өзі-ақ өтінішін жазып кетіп қалу керек шығар, әлде ... тіреуішің болса аспанда жүресің.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57