ЗАЙСАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Немесе оқиғадан кейінгі ой

Зайсан ауданында орын алған оқиға әлеуметтік желіде  «ЕРЕУІЛ» деп жазылып жатыр. Ереуіл деген тым артықтау  болар, бұл  бір оқиғаға байланысты болған наразылық  шарасы  деп есептейміз.

Сонымен, 19 ақпан күні шығыстың Майқапшағай кеденіне жақын орналасқан Қытаймен шекаралас жатқан Зайсан ауданындағы Сарытерек және Айнабұлақ ауылдары тұрғындарының шекарадан өтетін коронавирус дертіне шалдыққан науқастарды жергілікті ауруханаға жатқызуға орын дайындалып жатыр деген сыбысты естіп наразылыққа шыққанын әлеуметтік желі арқылы білдік.
Жоғары жақтан түскен бұйрық негізінде Майқапшағай шекара бекетінен бері қарай өткен азаматтар жергілікті амбулаторияға 14 күнге жатқызылып, бақылау жасалатыны, тіпті төсектер кіргізіліп қойғаны да видео арқылы халыққа көзді ашып-жұмғанша тарап кетті. Айнабұлақ және Сарытерек ауылдары тұрғындары: «Мұны аудан басшылығы бізге неге алдын ала ескертпеді? Неге түсіндіріп айтпайды? Біз бұған қарсымыз!»- деп, өз наразылықтарын жеткізуге түс ауа көшеге шығып, Зайсан ауданы әкімінің келуін талап еткен. Өкінішке орай, халық қанша күткенімен, Серік Ақтанов Сарытерек ауылындағы кездесуге келмеген. Ал Айнабұлақта, ұзақ күттіріп барып, түн ортасында төбе көрсеткен...
Жағдайды естіген облыс басшысы Даниал Ахметов Қытаймен шекарада жатқан Зайсанға дереу жетті. Халықтың ортасында болып, жиналған көпшіліктің наразылығын мұқият тыңдады. Шындық бүкпесіз айтылды. Елдің аузына ешкім қақпақ қоймады. Облыс әкімі екі күн бойғы уақытын зайсандықтардың ортасында өткізді. Халықтың пікіріне зейін қоя отырып, мәселелердің шешілуіне мұрындық болған аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлы көпшілікпен ашық әңгімеге, конструктивті диалогқа әзір екенін байқатты.
- Қазіргі уақытта Қытай шекарасынан бірде-бір кісі өткен жоқ. Бірден айтайын, шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді де. Біз шекарадан тек қазақстандықтарды ғана өткізуіміз керек. Өйткені олар біздің елдің азаматтары. Олардың денсаулығы 14 күн бақылауда болуы керек, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысына аудан тұрғындары: «Кеше аудан әкімін сағат 3-тен бастап күттік. Түнгі сағат 11 жарымда Айнабұлаққа ғана келді. Жергілікті билік халықпен санаспайды», «Қытайдан келетіндерді неге ауыл ауруханасына орналастырмақ?», «Біз шекараның жабылуын талап етеміз!», «Ешқандай да карантин өткізуге жол бермейміз, Қытаймен шекара жабылсын. Зайсанда жол жөндеу жұмысында жүрген 42 Қытай Халық Республикасының азаматы еліне қайтарылсын!» деген талаптарын қойды. Ең басты наразылық шекараның жабылмауына байланысты болған сияқты.
Халық талабы орындалды. Шекара жабылды. Бұл орайда облыс басшылығының халықтың ортасына жедел жетіп, тұрғындарға барлық жағдайды түсіндіруінің көмегі көп болды.
Сонымен, Зайсанда болған жағдайдан қандай ой түюге болады?
Аудан әкімі Сарытерек ауылы тұрғындары шақырғанда келмеді. Тек түнгі сағат 11-ден асқанда, халықтың талабы күшейіп кеткенде Айнабұлаққа жеткенін жоғарыда айтып кеттік. Бұл жағдай Серік Ақтановтың елге бас болуға жарамсыздығын байқатты. Санада жауап іздеген сауал көп... Осындай сын сағатта ауданнан сайланған мәслихат депутаттары, олардың хатшысы Дәулет Ыдырышев, «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Меруерт Қайрақова, аудан әкімінің орынбасары, коронавирусқа қарсы штабтың жетекшісі Миргүл Сапарғалиева, ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев қайда болды? Облыс әкімі: «Ағайын, мен халықтан биік емеспін, Сіздермен біргемін, бұл - ортақ мәселе!»- деп, үрейленген елді сабырға шақырды. Халық сөзге тоқтады. Шын мәнінде, жергілікті билік тарапынан осы сөзді айтып, халықтың ортасында болатын жан табылмағаны аудандағы кадрлардың әлсіздігін аңғартпай ма? Зайсандағы наразылық ауданда идеологиялық жұмыстың жоқтығын анық көрсетті. Ендеше, жоғарыда аттары аталған тиісті салаға жауапты қызметкерлер түгелдей жұмыстан кетулері керек деп есептейміз.
Көңілге көлеңке түсірген тағы бір жағдайды айтпай кетуге болмайтын сияқты. Зайсан ауданына арнайы жасақтың келіп жатқанын әлеуметтік желіден көргенде «әттең-ай» дегенімізді жасырмаймыз. Арнайы жасақтың жеткізілуі биліктің әлсіздігін аңғартпай ма?.. Халық соғысқа шыққан жоқ. Тәртіп бұзушылық та байқалмады. Тек бейбіт түрде билікке талап қоюға келген тұрғындармен арадағы жағдайды арнайы жасақтың келуімен ушықтырып алу қаупі болғанына да келешекте назар аудару қажет болар.
Әлеуметтік желіде тараған видеожазбадан сол маңда жүрген ел-жұрттың «спецназды неге әкеп жатыр?» деп сұраған дауыстары да естіліп жатты.

Осы оқиға кезінде зайсандықтар биліктен жасқанбай талаптарын айтып, орындатты десек те, бүгін үнсіз қалуға болмайтын келеңсіз көріністер де назарымыздан тыс қалмады. Мысалы, қолына дыбыс күшейткішті ұстап көш бастап, белсенді болып жүрген зайсандық бауырымыз Еркебұланның және бірқатар ауыл тұрғындарының облыс басшысымен кездесуде жарыса сөйлеп, «басқа шауып, төске өрлеген» тым еркін қылықтарын көріп, халқымыздың бүгінгі ұрпағы үлкенді құрметтеп, басшыны сыйлайтын, бір ауыз сөзге тоқтайтын асыл қасиетінен айырылып бара жатқан жоқ па деп қапа болдық...

Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57