ЗАЙНУЛДИННІҢ ОРАЛУЫ немесе АҚТАНОВТЫҢ «АҚЫРЫ»

Сонымен, зайсандықтар он айға жуық уақыт «тамашалаған» «Ақтановтың ақыры» атты «сериал» кеше аяқталды. Ауданды 10 айға жуық уақыт басқарған Серік Ақтанов қызметінен кетті.

Зайсанды басқаруға келген алғашқы күннен-ақ көптің емес, жекенің мүддесін ойлап әрекет еткен әкімнің жүйесіз жұмысын айта-айта жүйкесі тозған тұрғындар, биліктің заңсыз талабын орындаудан зәрезап болған жергілікті шенеуніктер, мұңын айтып баратын жан таппаған қарапайым халық, әділдіктен күдер үзіп, құқығы тапталған азаматтар Ақтановтың қызметтен кетуін көптен күткен болатын. (Тарысы бардың тауығы болып күнелтетіндерден басқа...)
Сәл шегініс жасасақ, 2019 жылдың 15 сәуірі - Серік Қасымбекұлы Ақтанов Зайсан ауданына әкімдік қызметке тағайындалған күн. 1960 жылғы 1 тамызда Қытай Халық Республикасында туғанымен, балалық шағы осы Зайсан ауданында өткен азамат. Өскемен жол-құрылыс институтын және Сібір мемлекеттік жол-автомобиль академиясын тамамдаған Серік Ақтанов қызметке кіріскен алғашқы күннен–ақ ауданда берекесіздік белең алды. Әкімдікте көп жылдар бойы жұмыс істеп жүрген қызметкерлер қысқарып немесе төмендетіліп, олардың орындарына саланы басқаруда тәжірибесі жоқ Алматы мен Өскеменнен келген азаматтар жайғасты. Ауылдық округ әкімдері аудан басшысының «Мемлекеттік сату және сатып алу туралы» Заң талаптарына қайшы тапсырмасын орындаудан бас тарта алмай, жаппай айыппұл төледі. Ауыл халқының мал жайылатын жерін жеке кәсіпкерге алып беру фактісіне байланысты сот шешімін орындау кезінде де ауданның кеше ауысқан басшысы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол бергенін бұрын да жазғанбыз. Бюджет қаржысын ысырап ету фактілеріне байланысты ақиқатты айтқан адамдардың үстінен Ақтанов пен оның орынбасары сотқа шағым түсіріп, моральдық шығын талап еткені әлі де аяқталмаған істердің қатарында. Ал бұрын-соңды болмаған ең сұмдық оқиға - Серік Қасымбекұлының өзіне түн қараңғылығында шабуыл жасалды деп бірнеше адамның үстінен құқық қорғау органдарына арыз түсіргені... Зайсандықтар елдегі осы келеңсіздіктерді жоғары билікке жазбады емес, жазды. Бірнеше мәрте тексеру де болды... Алайда, «Құланның қасуына - мылтықтың басуы» дегендей, 19 ақпан күнгі Зайсандағы оқиға болмаса, Ақтанов мырза әлі де отыра берер ме еді, кім білсін...
10 ай уақыт бұрын өз жерлесіміз келді деп қуана қарсы алған зайсандықтар Серік Ақтанов қызметтен кеткенде терең тыныс алған сияқты...
Сонымен, Зайсан ауданының әкімі қызметіне осы елдің өз перзенті СЕРІК ЗИНАБЕКҰЛЫ ЗАЙНУЛДИН тағайындалды. Серік Зинабекұлы 2010 – 2013 жылдары Зайсан ауданында әкім болып, 2013 жылдың маусым айынан бастап соңғы 7 жылдан артық уақыт аймағымыздағы ең ірі аудан Үржарға басшылық жасады.
Биліктің астауынан су ішкен басшылар да әр алуан болып келеді. Әсіресе шуы көп, науқаны басылмайтын әкімдіктің шаруасы оңай емес. Зайсанды Серік Зайнулдиннен кейін, 2013-2016 жылдар аралығында, марқұм Алмас Оңдаханов, 2016 жылдың маусымы мен 2019 жылдың наурызы аралығында осы ауданның өз тумасы Темірбек Қасымжанов, ал 2019 жылдың сәуір айынан бері Серік Ақтанов басқарған болатын. Біздің байқауымызша, Зайсанда әкім болғандардың арасында халық тарапынан қайта келуін қош көру абыройы бұйырған жалғыз әкім әзірге Серік Зайнулдин сияқты. Зайсанды басқарған әкімдердің ішінде есімі ел арасында ерекше аталады. Егер сенімді ақтамаса, елдің көңілінен шықпаса, іскерлігін дәлелдемесе, бір ауданға екінші мәрте әкімдікке тағайындалар ма еді? Нақты айтқанда, халық қабылдар ма еді?
Іскерлігі арқасында қай ауданда болмасын басшылық қызметін абыроймен атқарып, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты орындауда жеткілікті тәжірибе жинақтаған азамат. Біздің байқағанымыз, Зайсанға келген басшылардың барлығын жергілікті тұрғындар Серік Зайнулдинмен салыстырады. «Секең әкім болып тұрғанда басқаша болатын...», «көше гүлге оранып тұрушы еді...», «қала мен ауыл Зайнулдиннің кезінде тап-таза болатын...» деген сияқты сөздерді жиі естиміз. Қысқасы, бұл азамат - Зайсан ауданының халқы үшін жақсы әкімнің үлгісі.
Жерінің көлемі мен халқының саны жағынан аймағымыздағы ең үлкен өңір, бұрынғы Семей облысына қараған Үржар, Таскескен, Мақаншы атты үш ауданға басшылық жасау оңай іс емес екендігі белгілі. Серік Зинабекұлы Үржарда да жанкешті еңбек етті. Жеті жыл Үржар сияқты үлкен өңірді басқару мамықтай жұмсақ, тақтайдай тегіс болды деп айтуға келмес. Алайда көпшілік қолға алған ісін абыроймен жүргізе алатын еңбекқор азаматты қолдады. Өйткені халыққа жақын басшы болды. Ел ішінде өз ісін бастауға ынталы жан байқаса, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпке тартты. Баспанасызға баспана берді. Жан жылуын қажет еткен жанұяларға көмек беруде халықты жұдырықтай жұмылдырды. Айдынды Алакөлдің жағалауын адам танымастай өзгертіп, қазақстандық туризмді дамытуға елеулі үлес қосты. Ауыл-аймақты гүлдендірді. Ең бастысы, Зайнулдин басшылық жасаған жылдары Үржар ауданының экономикасы қарқынды дамыды. Басшыларының ісіне сүйсінген Айжарық сынды ақындары:
Өмір тәтті боп тұрады дос күнде,
Ере бермес ерсің жөнсіз көшкінге,
Парасатпен пайымдайтын әрнені,
Азаматсың ұқсамайтын ешкімге!-
деп жыр арнады.
Жеті жылдан артық уақытта Серік Зинабекұлы Үржар өңірінің бел баласына айналып кетті. Ақ жаулықты аналар көрген жерде ақ тілегін арнап, ақ сақалды қариялар ақ батасын беруден тынған емес. Ал әріптестері талап қойғыш та еңбекқор басшымен қызмет істегендерін мақтанышпен айтады.

Ел арасында «Ер екеніңді білейін, Зайсанды басқарып көр!» деген сөзді жиі естиміз. Бұл зайсандықтардың басшыға талап қойғыштығын меңзесе керек. Сол жайсаң мекен Зайсанның тұрғындары Серік Зинабекұлы елге басшылыққа қайта оралады дегенді естігеннен–ақ бір-бірінен сүйінші сұрап, ерекше қуанышты күйде болды. Халық Серік Зайнулдинді туған жерінің адал перзенті деп біледі. Бейбіт заманның бесігінде ұрпақ өрбітіп, ұлан-байтақ қазақ даласының шығыстағы шетін мекендеп жатқан Зайсан елі енді өздерінің адал перзенттерінің алақан жылуымен көркейе түсері анық.
Ендеше, ел-жұртының шынайы ыстық ықыласына бөленген «ЕЛІМ» деген ерге «ЕРІМ» деген ел қолдау көрсетіп, Зайсан жерінің мәртебесі әрдайым биіктей берсін деп тілейік.

Риза АСАНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57