«ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАРДЫҢ» БӘРІ ҚҰРМЕТТІ МЕ?

Таяуда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңында дәстүр бойынша министрлер, депутаттар мен әкімдердің омырауы түрлі орденге толатынын сынға алып: «Бірде-бір министр, депутат, әкім мемлекеттік наградасыз қалмаған. Барлығында орден бар. Әр бес жыл сайын олар орден алады. Ал жүз мыңдаған ұстаз бен дәрігерлер, журналистер, жұмысшылар мемлекет тарапынан марапатсыз қалып жатады. Олар басқалардан аз еңбектеніп жүрген жоқ қой. Сондықтан олар да назардан тыс қалмауы керек»,- деді.

Мемлекет басшысының айтқанын тыңдап отырып, еріксіз бас шұлғисыз. Мемлекеттік марапаттарды айтпағанның өзінде бүгін қай ауыл, қай қалаға барсаңыз да жай адам жоқ... Екінің бірі - «Құрметті азамат». Лайықтыларға марапат беруге қарсы емеспіз. Керісінше, айналамыздағы адамдардың арасында құрметтілері, абыройға лайықтылары көп болып жатса, неге қуанбасқа... Өкінішке орай, сол «құрметтілердің» қатарында мұғалім, дәрігер, көпбалалы ана жоқ. Әкім, депутат, сол елде туып-өскен ақын, жазушы, әнші, күйші... Елең еткізер ерекше еңбегі жоқ «құрметті азаматтардың» көбейіп кеткендігі осы атақтың құнын түсіріп жіберді...
Соңғы кездері әкімдер мен мәслихаттар «Құрметті азамат» атағын базардан сатып алып, мерейтойларда иыққа жабатын шапанның дәрежесінде пайдаланып жүргенін де байқап жүрміз. Ендеше, ондай «Құрметті азамат» атағының қаншалықты беделі бар? Аталған мәселеге байланысты ел ішінде туындап жатқан өкпе-реніш те аз емес.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-2-тармақшасына сәйкес, облыстық мәслихатта бекітілген ереже бар. Сол ереже талаптары бойынша, бір жылда «Құрметті азамат» атағын беру облыс бойынша 5 адамнан, ал қала мен аудандарда 3 адамнан аспауы тиіс. Ережеде осылай деп тайға таңба басқандай жазулы тұр. Қандай жағдай болса да, осы талап сақталуы тиіс. Ашығын айтқанда, аталған ереже талаптарын елдегі атқамінерлер құлағына да қыстырмайтын сыңайлы. Келген-кеткен қонақтарға да, лайықты мен лайықсызға да «Құрметті азамат» атағын ала жүгіру әдет болып кетті. Біздің ойымызша, ереже талаптарының сақталмауының басты себебі - аталған құжаттың әділет басқармасында ресми түрде тіркелуге жатпайтындығы. Ереже бойынша, аталған атаққа үміткерді еңбек ұжымдары, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Алайда бірқатар өңірлерде лайықтыларды таңдауда халықтың пікірі ескерілмей, бұл атақ халық қалаулыларының өздерінен аспай отырғандығы байқалады. «Құрметті азамат» атағына ұсынылған адамның мінсіз беделі, кәсіби тұрғыдан алғанда жетістіктері, тұрып жатқан өңірінің экономикасын дамытуға қосқан үлесі ерекше назарға алынып, абыройын қоғам мойындаған тұлғаға берілуі керектігі белгілі. Қалай ойлайсыздар, әлгі «құрметті азаматтардың» барлығы сол ауданның немесе қаланың тұрғындары арасында беделді ме? Сіздерді қинай бермей, жауабын өзіміз-ақ берейік. Құрметтемек түгілі олардың көпшілігін халық жыға танымайды да.
Шырайлы шығыстың шекарасына жақын орналасқан аудандардың бірінде тұратын оқырмандарымыздың бірінен осы «Құрметті азамат» атаған беру мәселесіне орай хат келіп түсті. Сөзін: «Лайықты адамдарға лайықты құрмет көрсетілуі тиіс!»- деп бастаған хат авторы құрметті атақ биліктегілердің көңілін тапқандарға беріліп жүргенін қынжыла баяндап, бұл марапаттың мағынасы, тәрбиелік мәні жоғалып бара жатқанын айтады. Айтпақшы, аудандық мәслихаттың сессиясында бекітілген атақты халыққа көрсетпей, жасырып беру үрдісі де бар екендігін осы хатты оқып білдік. «Атақ халықтың көз алдында беріліп, БАҚ арқылы жарыққа шығарылуы керек» деген оқырман ойына біз де қосыламыз.
Редакция поштасына келіп түскен осы хат бойынша аудандық мәслихатқа ресми түрде сауал жолдадық. Аудандық мәслихат хатшысынан келген жауапты басшылыққа алып, аталған мәселеге байланысты біраз журналистік зерттеу де жасап көрген едік.
Сонымен, аталған ауданда 2017 жылы құрметті азамат атанғандардың қатарында екі мәслихат депутаты, 2019 жылы тағы да екі депутат бар болып шықты. Екі жылда осы атақты алған алты адамның төртеуі - депутат. Біреуі мәслихат хатшысының өзі... Арасында ішкі істер органының ардагері мен 90 жасқа толған ұстаз ана да бар екен. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты ананың бұл атаққа лайықты екендігіне еш қарсылық айта алмаймыз.
Бізді ойландырған мәселе - аудандық мәслихаттың 13 депутатының бесеуі «Құрметті азамат» екен. Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың ақпан айының 25-і күні өздерінің өтініш-тілектерін айту үшін көпбалалы үш ана осы ауданның бұрынғы әкімінің ресми қабылдауына барады. Ауданның өздері сияқты басқа да тұрғындарымен бірге жазылып, кезегі келгенде кірген екен, өкінішке орай, өтініштеріне құлақ аспағандары өз алдына, аудан әкімі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы айғайлап, әкімшіліктің ғимаратынан аналарды сүйреп шығарып жіберген. Бұдан кейін құқығымыз тапталды деген аналар аудандық прокуратураға шағым да түсірген болатын.
Шекараға жақын жатқан осы өңірдегі халық қалаулылары! Аудандағы әлеуметтік ахуалдың асқынып тұрғанын сіздер білмесеңіздер, редакцияға келіп түсіп жатқан хаттар легінен біз байқап отырмыз. Бірақ сіздердің өз араларыңызда «Құрметті азамат» атағын бөлісуден сайлаушылардың проблемаларына құлақ асуға уақыттарыңыз жоқ сияқты... Ау, депутат мырзалар, ар-намысы аяққа тапталған аналарыңызға қорған бола алмай дәрменсіздік көрсеткен халық қалаулыларына «Құрметті азамат» атағының жүгін арқалап жүру ауыр емес пе? Аналарға араша түсе алмаған күні мандатты да, атақты да әкімнің үстелінің үстіне қойып кетулеріңіз керек еді ғой...
Әлеуметтік желіден оқыған мына бір оқиға ойға оралып отыр. Грозный қаласындағы мешіттердің бірінде 20 жылдан бері ақысыз-пұлсыз еден сыпырушы болып еңбек етіп жүрген Хамсат Жанаралиева деген кейуанаға «Шешенстанның Құрметті азаматы» атағын елдің басшысы Рамзан Қадыров барып өз қолымен тапсырыпты. Еден сыпырушы әйел... Және қыстың суығы мен жаздың ыстығындағы жұмысын бір тиын жалақысыз, Құдай үшін, мешітке келуші жамағат үшін тегін атқарған...
Жоғарыда айтып кеткен шешеннің Хамсат кейуанасы мен таққа мінсе – төмендегі елді көрмей, атқа мінсе – аяғының астындағы жерді сезбей «аспанда» жүрген депутаттарды өзара салыстырып көрейікші... Осылардың қайсысы «Құрметті азамат» атағына лайықты? Біздің ойымызша, таразының басын Грозныйдағы еден сыпырушы кейуана басып кетеді-ау...

Риза АСАНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57