СЫНАҒАН ЕДІК....

Шырылдап шындық іздеген халықтың елдегі атқарушы билік тарапынан жіберіліп жатқан келеңсіздіктерді айтып, редакциядан араша сұрауы - жиі кездесетін жағдай.
Хат авторлары, негізінен, өздерін мазалаған мәселелерді басылым арқылы облыс басшылығына жеткізуді, кемшіліктердің жөнделуіне ықпал етуімізді сұрайды. Редакцияға Бесқарағай ауданынан келіп түскен сондай хаттардың бір тобын негізге ала отырып газетіміздің 11 қаңтар күнгі №3 санында «Ащы... Бірақ ақиқат...» атты тақырыпта мақала жариялаған болатынбыз. Аталған ауданның тұрғындарынан жеткен деректерді баспаға түгел жариялайтын болсақ, бір емес, бірнеше мақалаға жүк боларлықтай екендігін де жасырмаймыз...
Сын мақаланы жазу оңай десеңіздер, қателесесіздер, ағайын! Ақиқаттың ақ жолынан аттамау - журналист мамандығы үшін басты қағида... Ендеше, оқырмандардан келіп түскен жағымсыз деректерді жарыққа шығарудан гөрі ел ішіндегі келеңсіз жағдайды шешуге қалай ықпал ете аламыз деген ой қашанда басым болады. Мақала жарық көргеннен кейін, байланысқа шығып, жазылған жағдайға орай аудандағы бүгінгі ахуалдан бізді хабардар етуге ниет білдіруші бесқарағайлықтар өте көп болды. Хабарласқандардың қатарында шын мәнінде туған жердің болашағына алаңдаушылардың аз емес екендігін байқап қуандық... Фактілерді бұрмалап, әкімдік пен редакция арасында жалған әңгіме таратып, жеке бастың мәселесін шешуге пайдаланып қалуға ниеттілер де болмай қалған жоқ...
Көпшілікті аудан әкіміне қарасты мекемелердің бірінде жасы сексенді алқымдап қалғанына қарамастан әлі күнге қызмет істеп жүрген ақсақалдың қылығы да таң қалдырғандай... Әрине, Семейде тұрып, аудандық бюджет қаржыландыратын мекемеден еңбекақы алып отырған қарияның жағдайын да түсінуге болатын шығар... Мақала жарық көргеннен кейін, аудан басшылығы мен ардагерлер бас қосқан жиында көнекөз қариядан жасына лайықты парасатты пікір мен салмақты сөз күткен халық ақсақалдың биліктің арасына түсіп шыр-пыры шыққан жүйесіз сөзін естіп, үлкеннен ұлағат алудың орнына түңілген сыңайлы.
Ау, ақсақал, жиында билікке адвокат болғаннан гөрі аудандағы тілдің жағдайын, ауылдар мен мектептердің Владимир мен Николайлардың құрметіне аталып, әлі күнге құлдықтың қамытын шешпей тұрғанын айтсаңыз, халық басқаша қабылдар ма еді...? Қартая білу де өнер. Қазына боп қартаю бар да, қазымыр боп қартаю бар... Соның қайсысына жататыныңызды өзіңіз білерсіз. Жүз жасаңыз!
Сондай-ақ аудандық мәслихаттың депутаттарына, «Нұр Отан» партиясының жергілікті белсенділері мен қоғамдық ұйым өкілдеріне де біздің тарапымыздан қояр сауалымыз аз емес: Рухани жаңғыру туралы Елбасының мақаласының шыққанына екі жылға таяп қалса да, аудандағы тілдің қолданылу аясы көрші мемлекеттің тілінде екенін байқамайсыздар ма? Сонда «Рухани жаңғыруымыз» не болды, «Ұлы даланың жеті қыры» не болды? Біз өзіміздің тілімізде сөйлемей отырып, кімге не үйретеміз? Бұл ауданда орысша білмейтін, түсінбейтін тұрғын жоқ. Ал қазақ тілінің проблемасы - айта-айта тізесі әбден шыққан тақырып... Жиналыстардың - орысша, іс қағаздарының орысша екендігін проблема етіп көтеріп, жастардың санасына саңылау жүгіртуге тым болмаса бір талпыныс жасадыңыздар ма? Тəуелсіздігімізге 27 жыл болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «ұлттық код» деген - қазақ тілі. Біздің тарихымыз ешкімнен де кем емес. Халқымыздың ешкімге ұқсамайтын озық салт-дәстүрі, ұлтымыздың ұлықтауға лайықты болмысы бар екендігін айтып көптің көкірегін оятуға талпыныс жасап көрдіңіздер ме?
Қайталап айтамыз, газет оқырмандарының белсенділігі осы мақала жарық көргеннен кейін ерекше болды. Бесқарағай аудандық мәслихатының депутаты, «Балке» шаруа қожалығының басшысы Оралбек Тоқашев редакцияға аудандағы бас көтерер азаматтың жүгін арқалап келіпті. Мақалада жазылған жағдайлардың ақиқат екендігін, дегенмен ауданның жас басшысын аяқтан шалмай, алдағы уақытта көп болып көмектесіп, орын алған кемшіліктерді жөндеуге халық болып атсалысу қажет екенін айтты. Оралбек Нұрмұханбетұлымен болған әңгімеден кейін ел ішіндегі бірлікті ойлай жүретін, берекені бағалай білетін азаматтың да бар екендігін көріп қуандық.
Ел мен жердің болашағына өз перзенттерінен артық жаны ашитын, оның қыры мен сырын жергілікті халықтан артық білетін әкім болмайды.
КЕШЕ ТОҚСЕЙІТОВ, БҮГІН БАТЫРБАЕВ, ЕРТЕҢ...
Біздің байқауымызша, Бесқарағайдағы бүгінгі келеңсіздіктердің негізі, Ахмет Байтұрсыновтың «Аққу, Шортан һәм Шаян» атты мысалындағыдай, көрпені әркімнің өзіне қарай тартуында жатқан сияқты. Ендеше, бұл жерде жалғыз әкім кінәлі деп бір жақты пікір айтқаннан гөрі ортақ МАҚСАТ жолында ел мен жерге жанашырлық танытатын, ұлтымызды рухани тұрғыдан жаңғыртуды қызмет бабындағы МІНДЕТІМ деп түсінетін шенеунік те, туған жер алдындағы ПАРЫЗЫМ деп түсінетін перзент те аз болып отыр деген дұрысырақ болар.
АЛ БІРЛІГІ БЫТЫРАҢҚЫ ЕЛДЕ БЕРЕКЕ ҚАЙДАН БОЛСЫН...!?
Оралбек Нұрмұханбетұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ел арасында белсенді қолдаушылардың бірі екен. Кәсіпкер депутаттың жанұялық ансамблі Бесқарағай ауданындағы ауылдық округтерді аралап өнер көрсетіп, ұлтымыздың озық дәстүрлерін насихаттап жүргенінен біз бұрын да хабардар болатынбыз. Бізбен болған әңгіме арасында аудан басшылығы, әкімдіктің ішкі саясат бөлімі тарапынан игі бастаманы қолдаушылардың аз екендігіне орай өкпесін де айтып қалды.
- Көп ұлтты Бесқарағай сияқты ауданды мекендеп жатқан түрлі этнос өкілдерінің өзара татулығы - тәуелсіз еліміздің тұғырының мықты болуының кепілі. Өзім орыс мектебінде оқып, осы тілде сөйлейтін ортада өстім. Біз кеңес деп аталатын кер заманның құрбаны болған ұрпақпыз. Бүгін мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің жоғары болуы әрқайсымыздың қолымызда,- дейді Оралбек Нұрмұханбетұлы.
Орекең ауданның 90 жылдығын тойлауға да өзінің қарсы болғанын, бұл орайда азаматтық ұстанымын мәслихаттың кезекті сессиясында айтқанын да жасырмады. Ел басына қасірет әкелген сол жылдар жайлы:
- Голощекиннің геноциді біздің әулетті де айналып өтпеген. Нағашыларым анамның 5 жасында елдегі қысымға шыдай алмай Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болған. Сол қасіретті жылдарды анамның айтқан әңгімелері арқылы жақсы білемін. Халқымыздың басына нәубет әкелген тарихтың осы қасіретті беттерін той жасап, көңіл көтеру арқылы еске алу кешегі ата-бабаларымыздың рухын сыйламау деп түсінемін,- дейді Оралбек Нұрмұханбетұлы.
Оралбек Тоқашев «Семей таңы» газетінде жарияланған мақалада көрсетілген сын бойынша аудан әкіміне барып ел арасында орын алған осы келеңсіз жағдайларды мәслихаттың депутаттары мен әкімдіктің жауапты мамандары бас қосып талқылауы қажеттігін және кемшіліктерді жоюға атқарушы және өкілетті билік өкілдерін бірлесе жұмылдыру жайлы ұсыныс жасағанын да бізге айта келіпті.
Ел арасында береке мен бірліктің кепілі - татулықтың бұзылмауының ұйытқысы болуға мүдделі азаматтардың бар екендігін көрген соң дайындап қойған «ащылау» мақаламыздың мәтінін жұмсартқанымызды да жасырмаймыз.
Бет қатталып жатқанда Бесқарағай ауданынан телефон соққан бейтаныс ақсақал аудан әкімінің Ардагерлер үйінде қарттардың басын қосып, алдағы жұмыс жоспарлары жайлы ақылдасқандығын қуана жеткізді. Мақалада көрсетілген тағы бір мәселе қызметтік пәтердің әділ бөлінуі жайлы болған еді. Редакциямен байланысқа шыққан тағы бір азаматша Молдажанов көшесі, 71-ші үйде тұратын Әлия Измаилованың екі бөлмелі қызметтік пәтер алуына да біздің газетте жарық көрген мақаланың ықпалы болғанын хабарлады.
«Бізге қашан келесіздер?» деп күтіп жүрген ағайынға айтарымыз - аудандарыңыздағы кемшіліктерді сырттан келіп ешкім жөндеп бермейді. Сондықтан билік пен бұқара арасында араздық болса жарастырып, пенделікке парасат биігінен қарап, адамгершілік пен сыйластық атты ізгі қасиеттер негізінде жұртты жұдырықтай жұмылдыруды Оралбек Тоқашев сияқты ел ішіндегі есті азаматтардың еншісіне қалдыра тұруды жөн көрдік. Ал ауданның бүгінгі ахуалы, мақалада айтылған сынның нәтижесі алдағы уақытта да редакцияның назарында болатынын естеріңізге сала кетеміз.
Бірлігің бекем болсын, ардақты ағайын!

Риза АСАНҚЫЗЫ

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57