ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН: 2018 ЖЫЛДЫҢ ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАРЫ

Міне, сан қилы оқиғаларға толы 2018 жыл да тарих қойнауына өтіп барады. Санаулы күндерден соң Тәуелсіздігінің 27 жылын артқа тастаған Қазақ елі төл тарихының тағы бір жаңа парағын ашады. Жаңа жылдың табалдырығында тұрып, 2018 жылдың есте қалар кейбір оқиғаларына бір мәрте шегініс жасай кеткенді жөн санадық.

ЕЛЕКЕ САЗЫНАН «АЛТЫН БОЗБАЛА» ТАБЫЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай өңірінің Елеке сазы қорымынан 2018 жылы жаңа «Алтын адам» табылды. Белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен қазба жұмысы Қазақстан тарихының тағы бір ірі жаңалығын ашып, ұлттық тарихи қорымызды тағы бір құнды деректермен толықтырды.
Елеке сазы қорымы – біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырлардағы сақ кезеңінің адам қолы тимеген тарихи орны. Антропологтердің айтуынша, табылып отырған сүйек 17-18 жастағы жігіттікі. «Алтын бозбаланың» бойы – 160-170 сантиметр. «Онымен бірге жерленген жәдігерлер жақсы сақталғандықтан, сырт келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік бар»,- дейді мамандар. «Алтын бозбаланың» киімі басынан-аяқ алтынмен апталған, мойнында оның биік әлеуметтік мәртебесі болғанын айғақтайтын бақыр бар және қорамсақ пен алтын қынға салынған қанжары да бірге жерленіпті.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, табылған жәдігерлер сол ерте дәуірде металл өңдеу мен зергерліктің бірегей технологиясы болғанын көрсетеді. Бұның барлығы Алтайдың адамзат өркениетінің ошағы, түркі әлемінің алтын бесігі болғанын тағы бір мәрте қуаттайды.

ЛЕНИНДІ МӘҢГІЛІК ЕЛ, КАРЛ МАРКСТІ ҚАЗЫБЕК БИ, ПОЛКОВНИЧИЙДІ БЕЙБІТШІЛІК ығыстырды

Өтіп бара жатқан жыл облысымызда ономастиканың оңға басқа жылы болуымен де есте қалатын болып тұр. Шығыс Қазақстандағы көптеген елді мекендер мен көшелерге жаңа атау берілді. Облыс орталығы Өскеменде Қаз дауысты Қазыбек би мен Шәкәрім атына көше берілуі рухани тұрғыдан оянудың белгісі емес деп кім айта алады?
2018 жылы Семейде Тәуелсіздік алғаннан бері көпшіліктің «көзіне күйік» болып жүрген «күн көсем» көшесі күлтөкпеге кетті.

АЙТА –АЙТА ЖАМАЛ АПАМЫЗДЫ ҚАРТАЙТҚАН АЛТАЙ

Өр АЛТАЙ! Төр АЛТАЙ! Асқар АЛТАЙ! Асқақ АЛТАЙ! Арғы–бергі етегі қазаққа пана болған АЛТАЙ! Ендеше, облыс әкімінің бастауымен, жергілікті халықтың қостауымен Зырян қаласы мен осы аттас ауданның Алтай болып ауысуына жасалған қадамды өтіп бара жатқан жылдың ерекше оқиғалары қатарында айтуымыз керек.
Сонымен, айта–айта Жамал апамызды қартайтқан АЛТАЙ тарихтағы өзінің заңды тұғырына қонды.

ОЙ мен ТОЙ

Шашылып той жасауды, сол елде туып-өскен, бұл күндері атағы жер жаратын ығай мен сығайларды тойға шақырып, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсетіп, мақтанып қалуды әдетке айналдырып алған басшылар да жоқ емес... Артқа салып отырған 2018 жыл да тойдан кенде болмады. Биыл тек біздің ШҚО ғана емес, республикамыздағы бірқатар аудандар өздерінің 90 жылдығын тойлады. 1928 жылы Қазақстан ОАК мен ХКК «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті шығып, ауқаттыларды кәмпескелеу жұмысы белсенді жүргізілгені тарихтан белгілі. Голощекиннің геноциді қазақ ауылдарының қасіретіне айналғанына 90 жыл толды. Ұлтымыздың іскер тобы, яғни мықты кәсіпкерлерінің легі кәмпескеден қашып, туған жерден пана таппай шекара асқанына 90 жыл болды. Ендеше, осы қасіретті бастан кешкен ата-бабаны еске алудың орнына той жасатқан жыл да 2018 болып тұр.
Көңілімізде «той жасаймын» деп жыл соңында үстіндегі тәп-тәуір шекпеннің орнына жыртық күпі киіп қалған әкімдер жоқ па екен деген алаңдаушылық та барын жасырмаймын...

ЕРМАКТЫҢ ЕРЛІГІ немесе СӘЛІМОВ ЖАРАДЫ!

Семей қаласының әкімі «2018 жылы Семейдің 300 жылдығы тойланады. Қаланың тарихы Петр І шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлық шығарған 1718 жылдан басталады» деп даурыққан дарақылардың аптығын басты. Ермак Сәлімовтің 300 жылдықты тойламай, жай ғана Қала күнін өткізіп, 2018-ден өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай аман-есен алып шығуын өз басым үлкен ерлік деп бағалар едім.
Ермак Сәлімов болашақта Семейдің жасына байланысты айтылар талай көлденең әңгімеге осы қадамымен нүкте қойды деп есептеймін. Тарихта таңбаланып қалар бұл оқиғаға «Ермактың ерлігі» деп ат қойсам, асыра сілтеп жібердің деп айыпқа бұйыра көрмеңіздер...

АЛТАЙ МЕН АЯГӨЗДЕ ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

2018 жылдың маусым айында Алтай мен Аягөзде екі инсульт орталығы ашылды.
Елбасы ШҚО-да болған биылғы іссапарында тікелей телекөпір арқылы аймағымыздағы шалғай жатқан осы екі қаладағы инсульт орталығының ашылуын өз көзімен көрді. Алтай мен Аягөздің медицина мамандарымен тілдесіп, ауруханаларда қойылған соңғы үлгідегі жабдықтармен танысты. Халықтың денсаулығын жақсартуда өзінің тапсырмасын ойдағыдай орындап жатқан шығысқазақстандық дәрігерлердің жұмысына оң бағасын берді.

ӨСКЕМЕНДЕ РОБОТ ОТА ЖАСАЙДЫ

Биылғы Жолдауында Елбасы, әдеттегідей, медициналық қызмет сапасын арттыруға ден қою керегін баса айтқаны естеріңізде болар. 2018 жылы әлемде тұңғыш рет Өскемен қаласында нефрэктомия операциясы (бүйректі алып тастау) роботохирургия жүйесінде жасалды. Шығысқазақстандық хирургтер жаңа технологиямен бүйрекке жасаған теңдесі жоқ осы үш бірдей ота медициналық әдебиеттерге алтын әріптермен жазылуға лайық еңбек болып табылады. Италиялық профессор Стефано Джидаро жерлестеріміздің еңбегін алдағы ғылыми жұмысына арқау етпекші.
- Стефано Джидаро — Еуропалық урологиялық ассоциациясының белді хирургі. Дәл осындай кәсіби маманмен жұмыс істеу — біз үшін де үлкен мәртебе,- дейді өскемендік хирургтер.

САЯСИ САХНА немесе КАДРЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАУЛАР

Өтіп бара жатқан жылы облысымызда бірқатар аудан басшылары ауысты. Атап айтқанда, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өкімімен Көкпекті ауданы әкімі қызметіне соңғы 8 жылда Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, 1968 жылы туған АСХАТ САЙДАХМЕТҰЛЫ СМАИЛОВ, Ұлан ауданының әкімі қызметіне ШҚО басшысының бұрынғы орынбасары, 1970 жылы туған НҰРЫМБЕТ АМАНҰЛЫ САҚТАҒАНОВ, Күршім ауданының әкімі лауазымына 1984 жылы Зайсан қаласында дүниеге келген, осыған дейін Ұлан ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған ДУЛАТ ЗАЙСАНБЕКҰЛЫ ҚАЖАНОВ тағайындалды.
Айтпақшы, 2015 - 2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты басшысы, 2016 - 2017 жылдары бір жылға толар-толмас уақыт облыстың бас шаһарын басқарған ЕРЛАН ҚАПАРҰЛЫ АЙТМҰҚАШЕВ елге қайта оралды. 2017 жылы қызметтен кетерде біздің әріптестерге: «Бұл оңай шешім болған жоқ, отбасындағы жағдайларға - егде жастағы әкемнің сырқаттанып қалуына байланысты. Менің борышым - қазір оның жанында болу...»- деп қызметтен кету себебін түсіндірген 1970 жылғы Павлодардың тумасы Ерлан Қапарұлы Айтмұқашев 2018 жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.
Өтіп бара жатқан жылдың тағы бір жаңалығы - Өскеменге жаңа әкімнің тағайындалуы... Бұл тақырыпқа жеке тоқталу қажет деп ойлаймыз.

РИДДЕРДЕГІ АТЫ ШУЛЫ ЖОЛ АПАТЫ немесе ӨСКЕМЕННІҢ ӘКІМІ

Еске сала кетейік, өткен жылдың сәуір айында риддерлік 19 жастағы бозбала көлік астына түсіп, жол апатынан ажал құшқан еді.
Кейінірек белгілі болғандай, оқиға кезінде көлік тізгінінде Риддер қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев, ал қасында Өскеменнің әкімі Қуат Тұмабаев отырыпты.
«Оқиғаға қатысы бар шенеуніктердің ісі Әдеп кеңесінде қаралды. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаевқа осындай жағдайдан кейін жоғары басшылық қызметте қала алмайтынын, оған моральдық құқығы жоқтығын, өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуы керек екенін айттым. Сондықтан алдағы уақытта облыс орталығы Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалады»,– деген Даниал Ахметовтің мәлімдемесінен кейін көп кешікпей облыстың бас шаһарына жаңа басшы тағайындалды.

Сонымен, 2018 жылдың тамыз айында Өскемен қаласының әкімі орынтағына отырған Жақсылық Омарды біздің аймақтың халқына егжей-тегжейлі таныстырып жату артық болар.

1980 жылы Алматы облысы Алакөл ауданында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысындағы қызметін 2009 - 2010 жылдары Бердібек Сапарбаевтың көмекшілігінен бастап, 2013 жылдан 2016 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2016 жылдан 2018 жылдың тамыз айына дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етті.
«Тұмабаев тұтылды» деп бір серпілген халық енді: «Жақсылық қандай жақсылық жасар екен?»- деп күтуде. Жаңа лауазымға тағайындалғанына небары төрт айдай ғана уақыт болған Жақсылық Мұқаш әзірше өскемендіктерді елең еткізерліктей ештеңе жасай қоймаған сияқты.
Жергілікті халық амбициясы көп азамат Жақсылық Омар үшін Өскеменнің әкімі лауазымы қызметтік баспалдақтың кезекті өсу сатысы дейді... Кім білсін?.. Уақыт көрсетер...

СЕМЕЙДЕ ЫСТЫҚ СУ ЖЫЛ БОЙЫ БЕРІЛЕ БАСТАДЫ

2018 жылды ой таразысына салып сараптағанда еске түсер тағы бір жаңалық – Семейде соңғы ширек ғасырдан бері жаз бастала көзден бұлбұл ұшатын ыстық судың жыл бойы үздіксіз берілуі.
Семейліктердің көкейіндегі бүгінгі сауал: «Бұл үрдіс 2019 жылы жалғасып, алдағы жазда да ыстық су болар ма екен, әлде тағы да «Аристонға» арқа сүйейміз бе?»
Ардақты ағайын! Өткен жылдың есте қалар ерекше оқиғаларын осылайша тізбектеген болдық.
Әрине, 2018 жылы еліміздің өмірінде де, Шығыс Қазақстанда да жақсы жаңалықтар мен айтулы оқиғалар көп болды. Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғандай, ұлттық мүддемізді, рухани санамызды жаңғырту мақсатында ел көлемінде ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2018 жылдың қараша айында Елбасының тағы бір құнды еңбегі - «Ұлы дала елінің жеті қыры» атты мақаласы жарыққа шықты. Бұл мақаланы халық алдыңғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбекті нақты іске асырудың картасы деп қабылдады.
2018 жылдың 5 қазаны күні Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын жариялады. Дәрігерлер мен мұғалімдерге, қарапайым халыққа қамқорлық жасаудың нақты тапсырмалары белгіленген бұл құжаттан зор қанағат алған қазақстандықтар келер жылдың табалдырығын үлкен үмітпен аттағалы отыр.
Жаңа 2019 жыл, Доңыз жылы жайлы сәуегейлердің жасаған болжамына назар аударсақ:
Еңбекқорлық – Доңыз жылының басты ерекшелігі екен. 2019 жыл бизнесті дамыту үшін де, қызметте өсу үшін де жемісті жыл болуы мүмкін.
Доңыз жылында шаңырақ көтеретіндер саны өседі деген болжам бар, ал бұл бала туу көрсеткішіне де оң әсерін тигізеді-міс. Болжам жаман емес.
Ендеше, ардақты ағайын, 2018 жыл жақсылыққа толы болсын! Елімізде тыныштық болсын, бизнестеріңіз өркен жайсын, қызметтік лауазымдарыңыз өссін, қыздарыңыз қызғалдақтай құлпырып, ұлдарыңыз ізгі армандарыңызды орындай берсін, ұрпақтарыңыз көбейсін!

Ізгі тілекпен, РИЗА МОЛДАШЕВА.

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57