ЕСКЕРТКІШТІҢ ДЕ ЕСТІСІ БАР, ЕСЕРІ БАР

Халқы үшін ханнан да биік тұрған тұлға, қаһарман қолбасшы, атамекенді жау қолына бермеу жолында аттан түспеген баһадүр баба Қаракерей Қабанбайдың есімі қандай құрметке болсын лайық. Дарабоз атанған батыр, талантты қолбасшыға өткен жылдары Үржарда ескерткіш қойылды дегенді естіп, елең етісе қалдық. Бұған дейін домбыра, қобыз, жауырын, асық, алма сияқты жансыз заттарды ескерткішке айналдырып, ұсақтап кеткен ауданның атқарушы билігінің бұл бастамасына өзара «бәрекелді» дедік. Алайда ескерткішті көргенде қуанышымыз су сепкендей басылды.

Біткен іске сыншы көп десек те, үндемей қалмауға болмайтын сәттер аз емес. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері тарихи тұлғалар мен батырлардың туған жерінде   ескерткіштер жаппай қойыла бастады. Өскелең ұрпақтың өз халқының тарихын танып білуіне ықпалын тигізетін, ұлтымыздың рухани құндылықтары болып табылатын асыл жауһарларын келешеке жеткізетін жақсы үрдіс екенінде дау жоқ. Дегенмен ескерткіштер де әр түрлі болып келеді. Сәттісі бар, сәтсіз шыққандары бар... Әдетте тарихи  тұлғаның бейнесін жасар алдында автор кейіпкер туралы  шығарманы оқып барып іске кіріседі. Шынайы образ жасау үшін бұл аса маңызды.

Бүгін Қабанбай батырға қойылған ескерткішті көргеннен бері көкейде жүрген ойымызды ортаға салуды жөн көрдік. Ескерткіш Тарбағатай өңірінде «Қабанбай деген батыр болған» деген дүрмекпен, белгі қоюдың жөні осы екен деген ниетпен істеле салған шаруа сияқты көрінді. Туынды авторы мен тапсырыс беруші тарихи деректерді оқып, кейіпкер образымен танысты ма? Жоба қоғамдық талқылауға ұсынылды ма деген сауалдар көкейімізде маза таптырмайды... Өз басым тастан сомдалған батыр баба бейнесінен  көрген жанның мысын басатындай отты байқай алмадым... Жансыз болса да жат пиғыл именетін айбарды көре алмадым. Елі мен жері үшін жанын құрбан еткен батырдың рухымен сырласа алмадым.

Төрт түліктің төресі жылқы малын ерекше қастерлеген біздің халық батырды жорытқанда жолына сенімді серік болған пырағынан ешқашан бөлектемеген. Ауыз әдебиетінің озық үлгісі батырлар жырларында Алпамысты Байшұбарынан, Қобыландыны Тайбурылынан, Ер Төстікті Шалқұйрығынан ажыратпағаны соның айғағы болса керек. Ендеше, Қабанбай батырды да сенімді серігі болған Қубастан бөліп алуға болмайды. Қабанбай батыр туралы қандай тарихи деректерге сүйенсек те Қубас ат қоса аталады. Батырдың қанаты болған есті жануар жайлы тарихта таңбаланып қалған ерекше сәттер аз емес. Ақылды жануар Қаракерей Қабанбайға жаудың келе жатқанын «кісінеп», хабар беріп, жанына қырық жылдай серік болған. Дарабоз батырдың барлық жорықтарында жеңіс туы осы Қубас аттың үстінде көтерілген. «Қабанбай батыр» дастанында:

«Әй,серігім,тұлпарым!

Сен келдің отыз сегізге.

Мен келдім жетпіс сегізге.

Сенен басқа ат мінсем,

Мінгендей болам өгізге.

Жетпіс сегізге келгенде

«Қабанбай өлді» дегізбе, -

деген жыр жолдарына арқау болған Қубас ат. Ол Тарбағатай жоталарында, Барқытбел баурайында ізі қалған Қубас ат. Ендеше, батырды пырағынан түсіріп тастаған  үржарлықтарға Қубастың неге жақпай қалғанын кім білсін?

Ұрпақ үшін, жер үшін, елі үшін дұшпанға қарсы шығып, толарсақтан қан кешкен, сол үшін де азан шақырып қойған Ерасыл есімінің орнына халқынан Қабанбай, Дарабоз, Хан батыры деген ат алған ұлы даланың даңқты батырына ескерткіш қоюға тасырыс берушілер де, орындаушылар да тарихи тұлға образын ашу мәселесіне мән бермегендері өкінішті-ақ. Бахадүр бабамыздың тас мүсініне ғайыптан тіл бітсе, бірінші сұрағы: «Қубасым қайда, ұрпағым?» болары сөзсіз.

Өкінішке орай, Үржардағы Сіз бен біз көрген ескерткіш даңқты батыр Қабанбайдан гөрі  аса таяғын аспанға білеп «аттандап», көрген жанның езуіне күлкі үйіретін елімізге белгілі «клоун» Амантай қажыны көбірек еске салады.

Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57