КӨК ТУ және «КҮН КӨСЕМ»

Зырян ауданының әкімі НҰРЖАН ТОҚСЕЙІТОВТІҢ назарына

Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен бері елімізде бір «қызық» науқан басталып кетті. Ескерткіш қойсақ та, концерт берсек те, айтыс өткізсек те, ауылымызға барып бір түп тал ексек те, тіпті ата – бабамызға Құран оқытып, ас берсек те «Рухани жаңғыру» аясында» деген сөзді ілестіріп жүретін сорақылыққа жол берудеміз. Қысқасын айтқанда, «Рухани жаңғыру» деген кез келген жерге тықпалай беретін көп салалы бағдарлама болды. Сол іс-шараларды ұйымдастырушы «дөкейлердің» Елбасының мақсаты жай сөз қылып, мәдени іс - шаралар өткізу емес, санаға сілкініс жасап, рухани ізгілікке жол ашу екенін түсінбейтіндеріне таң қаламыз.

Қиыннан қиыстырып уәж айтып, өзімізді-өзіміз алдаудың қажеті қанша. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаны жариялап, бағыт бермесе, әлі де ұйықтап жата берер ме едік... Оянғанның да ой түйіп жатқаны шамалы. Дүрмекке еріп, күрмекті суарып, дарақылыққа бой алдырып жатқан тұстарымыз көп... Үлкен әкімнен тапсырма болмаса, жан-жағына жалтақтап, өздігінен батыл қадамға бара алмайтын аудандардағы кей басшылардың ісіне қарап атқарушы биліктің бүгінгі буынының әлі де әлсіз екенін байқауға болады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өткен аптада Зыряндағы Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский сияқты көшелердің орнына Абай, Шәкәрім, Мұхтар, жыр алыбы Жамбыл сияқты ардақтыларымыздың есімдерін беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Аталған өңірде дүниеге келіп, өлкенің дамуына үлес қосқан батыр ұл-қыздар мен еңбек майталмандарының да аз емес екенін, солардың рухына құрмет көрсетіліп, есте сақтау қажеттігін де айтты.

Аймақ басшысы «қызылдармен» күресті бастады... Естеріңізде болса, өткен жылы біздің газетте «Зырянды коммунизм елесі әлі кезіп жүр» деген тақырыпта мақала жарияланған болатын. Өкінішке орай, Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов мақалада көтерілген мәселені шыбын шаққандай да көрмеді. Газет көтерген тақырып тағдыры тақыр жерге шыға алмайтын шөп сияқты болды да қалды...

Даниал Кенжетайұлы әккі саясаткер ғой. Күте-күте төзімі таусылған болуы керек, аймаққа басшылыққа келгелі ашық айтпаса да, жергілікті жерде ел басқарып отырған азаматтар әлдеқашан қолға алуға тиісті болған олқылықтарды осы жолы ашып айтты, басып айтты. Жасыратыны жоқ, тәуелсіз қазақ елін кезіп жүрген кеңестің қалдықтарын тазарту жұмысын облыс әкімінің өзі мықтап қолға алғаны көпшілікті қуантты.

Сонымен, аймақ басшысының тапсырмасымен облысты коммунизм елесінен арылту науқаны басталды. Бұл орайда Даниал Кенжетайұлы Зырянды ерекше назарда ұстап отырғандай... Аталған аудан орталығындағы Совет көшесіне - Тәуелсіздік, Ленин көшесіне - Астана, Комсомол көшесіне Кеңес Одағының Батыры Павел Кольцов есімін беру жайлы ұсыныс жасалып, кеншілер қаласының атын Алтай деп ауыстыру жұмысы қолға алынып жатыр. Аманшылық болса, Зыряндағы кеңестің «керемет адамдарының» құрметіне аталып келген 28 көше атауы таяу уақытта ауысады деп жоспарлануда. Та-ма-ша!!! Толғағы жеткен шаруа.

Облыс әкімі тапсырмаса, Зырян әлі де отаршылдықтың ойранын еске салатын есімдерге оранып, «қып–қызыл» түске боянып тұра берер ме еді..? Жасыратыны жоқ, ұлттық мүддеге қатысты мәселеде шідерлеулі аттай алға жылжый алмай кібіртіктеп отырған жеріміз жалғыз бұл емес... Аудан басқарып отырған азаматтардың идеологиялық пәрменінің әлсіздігі жиі сыр беріп қалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бәйтерек» қоюдан бәйгеге түскен аудан әкімдері қазір ел ішін жарыса фонтан орнату арқылы «рухани жаңғыртып» жатыр...

Зыряндағы рухани жаңғыруды орталықта қолын көкке сермеп, әлі де коммунизмнен үмітін үзбей қасқайып тұрған Ильичті күлтөкпеге апарып тастаудан бастау керек. Нұржан Тілеужанұлы, ол үшін Сіз және өзіңіз сияқты әкімдердің «басқа ұлт не дейді» деген үрей билеген құлдық санадан тазарып, жалтақтықтан арылулары қажет. Әдемі сөйлеп, жылмия күліп орысқа да, шүршітке де жақсы болып көрінгісі келетін басшылармен елімізде рухани серпіліс жасай алмаймыз. Жалтақ әкімдер басшылық жасаған өңірлерде Ресейдің тілі Отанымыздағы заңсыз үстемдігін тоқтатпай, «қызыл көсемдер» салтанат құруын жалғастыра береді.

Ардақты оқырман, босағада телміріп тұрған тілінің тағдырын, елінің намысын ер намысы деп түсінген, осы жолда мансабын құрбан етуге дайын болып: «Осындай масқараны көргенше қызметтен кетейін»,- деген әкімді көргендеріңіз бар ма? Өз басым ұлттың уызына қанып өскен ұлдың аузынан шығатын осындай сөзді айтқан әкімді көрмеппін..

Нұреке, бүгін Зырян ауданын Сіз емес, көк тудың көлеңкесін паналап тұрған Ленин басқарып тұрған сияқты. ӨЗІҢІЗ ше? Күн сайын жұмысқа келе жатып КӨК ТУМЕН ЖАҒАЛАСЫП ТҰРҒАН «күн көсеммен» бетпе-бет келгенде қандай әсерде боласыз?

Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57