ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАР: ҮМІТ пен КҮДІК

Облыста өткен аптада аздаған кадрлық ауыс-түйістер төбе көрсетті. Бірен-саран болғанымен, халық көптен күткен өзгерістер. Сонымен, аймақтық масс медианың көш бастаушысы «Шығыс ақпарат» ЖШС-не жаңа басшы тағайындалды. Соңғы кездері жетекшісі жиі ауыса берген бұл серіктестікке бұрын облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Катонқарағай ауданының тумасы, 36 жастағы Серік Жеңісов директорлыққа тағайындалды. Айтпақшы, осы ауыс-түйіске «Шығыс ақпарат» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Ирина Якунина ханым мен серіктестік құрамындағы екі басылымның бірі «Дидар» газеті редакциясы қызметкерлері арасында болған «қысқа толқынды» даудың дауылға айналып кетуі себеп болғанын біреу білсе, біреу біле қоймас. Нақты айтқанда, «Дидар» газетінде Өскемен қаласындағы әлі күнге қызыл туы желбіреп, кеңестің иісі бұрқырап тұрған көше аттарын ауыстыру жайлы бастама көтергені үшін, мақала авторына сөгіс жариялаған Ирина ханымның ісі әлеуметтік желі арқылы «жаһанға» жария болып, намысы бар барша қандастарымыздың наразылығын тудырған болатын. Ұлт мүддесіне қатысты мақаласы үшін қудалауға тап болған журналистің жанайқайы аймақ басшысының да құлағына жеткен... Сөйтіп маңызды мәселеде мүлт кеткен Ирина ханымның әрекеті облыс басшылығын бүгінгі кадр өзгерісін жасауға мәжбүр еткен еді...
Қара шаңыраққа басшылық ету жауапкершілігі қазақтың қара баласына жүктелді. Қара сөзден маржан тізіп, қоғамдық ойдан қорытпа құйып, журналистиканың жауапкершілік жүгін қайыспай көтеріп жүрген әріптестерімізге ұлттық мүддені көтеруде енді кедергі болмасына күмән жоқ. Жаңа басшы іргелі ой айтып, қоғам көшін ілгері жылжытып, қасиетті қаламды қолына ұстаған журналистердің кәсібіне құрметпен қарайды деген ҮМІТ көп.

***

Өткен аптаның ортасы ауа облыста тағы бір жаңа тағайындау болды. Соңғы үш жылдай уақыттан бері Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарып келген Рамиль Сағандықов облыстық Ветеринария басқармасына басшылыққа тағайындалды.
Көкпекті ауданы әкімінің орынбасарлығынан 2015 жылы басшылыққа келген Рамиль Нығметжанұлы жұмыс қарқынын алғашқы күннен–ақ шідерлеулі аттай кібіртіктеп бастаған. Жергілікті халықтың айтуынша, сол баяу қарқын үш жыл бойы өзгермеген сыңайлы. Әдетте, лауазымды қызметке жаңа тағайындалған басшы жұмысында ерекше белсенділік танытып, халыққа жақсы пікір туғызу жағын да ойлайтын еді. Рамиль Нығметжанұлы, бұл тұрғыдан алғанда, басқаларға ұқсамады. Әкімдік қызметінде үлкенді-кішілінің аузында жүрген «пәлендей» келелі істерді жүзеге асырды» деп көсілетіндей жұмысын да байқаған жоқпыз. Көкпектіге басшылық жасаған уақытта ауданның өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосты дегенді де естімеппіз. «Көре-көре көп нәрсені үйренген» деген сөздің де бұл басшыға аса қатысы жоқ сияқты. Керісінше, сыншы сырт көз аузынан «Көкпекті ауданының әкімі осы орында қашанға дейін отырар екен?» деген сауал жиі естілетін. Ашығын айту керек, Рамиль Сағандықовты іздеген жанның ешқашан орнынан таба алмайтынын, жұмыста барынан жоғы көп екенін көпшілік көп айтады. Әкімді іздеп барғандар қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздың алдынан бірде «демалыста», енді бірде «ауырып, емделіп жатыр» деген жауапты естіп қайтатын...
Сөзіміздің басында айтып кеттік, Рамиль Сағандықов Көкпектідегі бірінші басшының тағына көктен келіп түсе де қалған жоқ. Аталған ауданда әкімнің орынбасары болып біраз жыл қызмет істеген, осы жердің өз тумасы, халықтың да, жердің де жағдайын жақсы білетін азамат деген оймен таңдау жасалғаны белгілі. Оның үстіне Дүйсенғазы Мусин сияқты тәжірибелі басшының үйрену мектебінен өткен маман, экономиканы да көтерер, елдің рухын асқақтатуға да үлесін қосар деген үміт көп болған. Өкінішке орай, ол үміттің бірі де ақталмады. Бәлкім, мінезі момын, қарамағындағыларға жұмсақ болғаны да себеп болған шығар... Қысқасын айтқанда, Рамиль Сағандықов басшылық жасаған жылдары Көкпекті ауданы ұйқылы-ояу күй кешті.
Жергілікті халық Баянды Кәкенұлы әкім болған тәуелсіздіктің алғашқы кезеңін Самар мен Көкпектіні біріктірген уақыт деп, ал бүгінгі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин басқарған жылдарды ауданның тасы өрге домалаған кездер деп еске алады. Дүйсенғазы Мағауяұлы ауданды көркейту, экономиканы ілгері бастыру жолында көп еңбек етті. Көкпекті ауылының асфальт төселген жолдары мен күрделі жөндеуден өткізілген ғимараттар - Дүйсенғазы Мусин аудан басқарып тұрған жылдары іске асқан жұмыстар. Бұрынғы басшы Көкпектіде туып, бұл күндері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, кәсіпкерліктің көрігін қыздырып жүрген азаматтарды туған жерін түлетуге үлес қосуға жұмылдыра білді. Бұл іске Көкпекті ауданында кіндік қаны тамған Нұрбек Уалиев, Тұрарбек Ракишев сияқты азаматтар үн қосып, соның нәтижесінде халыққа қажетті талай игілікті шаралар іске асқан болатын.
Рамиль Нығметжанұлы ауданды үш жылдай басқарғанымен, бірінші басшы болу мен орынбасар болудың арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін сезінбеген сияқты... Әкімдік қызметте ерекше ісімен көзге түскен жоқ, басқарған жылдары аудан экономикасы да адымын алшақ ашып, басқаларды басып озып, көзге түспеді. Ұзын сөздің қысқасы, Көкпектіге басшылық жасаған өз перзенті туған жердің көгіне шығып күн де болмады. Халқына құл болып қызмет етті деп те айта алмаймыз. Тыңнан түрен салынбаса да, бұрынғы басшының кезінде қалыптасқан жұмыстарды жалғастыруға да қауқары жетпеді. Бүгін Рамиль Сағандықов басшылық жасаған уақытта, Көкпектіде қордаланып қалған проблемалар шаш етектен...
Көкпектіні үш жылға жуық басқарғанымен тындырғаны шамалы Р.Сағандықов облыстың бас мал дәрігері болып тағайындалды. Жауапкершілігі өте жоғары қызмет. Кеңес кезінде меншігінде 20-30 мың бас қой, табын-табын сиыр, үйір - үйір жылқы ұстаған әр совхоз бен колхозда мал дәрігері шаруашылықтың ең беделді кадры болып есептелетін. Ал қазір малдың сау болуы ең алдымен иесін ғана алаңдатады. Ауру мал шықса ғана дереу бақылауға алынып, ветеринарлық жұмыстар жүргізіледі. Мал дәрігерлері де жетіспейді. Бұрын жылына 250 мал дәрігерін дайындап, бүкіл республиканы қажетті кадрлармен қамтамасыз етіп отырған Семей малдәрігерлік институтын бітірген аға толқынның қатары да күн өткен сайын азайып барады... Бір сөзбен айтқанда, Рамиль Сағандықов басшылыққа тағайындалған қызмет аптаның бес жұмыс күнінің екеуін жұмысқа, үшеуін демалуға арнайтын жалқаудың орны емес.
2015 жылдан бергі Көкпекті ауданының көрсеткіштеріне көз жүгіртіп отырып, «Р.Сағандықовты әкім етіп тағайындаудан кім не ұтты?» деген сауал да санаға салмақ салып тұр... Әрине, басқармаға басшы етіп тағайындағанда өз саласының маманы деген таңдау жасалғаны белгілі. Көкпектіде қабілеті ашыла қоймаған Сағандықов осы қызметте жаңа қырынан көрініп, белсенділік таныта алар ма екен?!
Жасыратыны жоқ, үміттен гөрі КҮДІК басым.
Бүгін көпшілік арасында Көкпектіге көрші аудандардың біріндегі әкімнің орынбасары болып жүрген азамат басшылыққа келеді деген де сөз бар. Көкпекті шаруашылығы сан салалы, мекендеп отырған халқы да көп ұлтты өңірлердің бірі болғандықтан, аталған ауданды басқару жауапкершілігі де зор. Келетін әкімге ел мен жердің ерекшелігін сезініп, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне тілектестігімізді білдіре отырып, біз өздеріңізді Толағай төсіндегі дүбірлі тіршілік тынысынан алдағы уақытта хабардар етіп отыруға уәде береміз, ардақты оқырман.
Бізбен бірге болыңыздар.

Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57