ШЫҒЫСТЫҢ БАС ШАҺАРЫ – ӨСКЕМЕН

Семей - Өскемен! Бір аймаққа айналған 20 жылдан артық уақыт ішінде Ертіс бойындағы ежелгі екі қала арасында барыс - келіс көбейгенімен, облыстың басшаһары жайлы біздің газетімізде көп жазыла бермейді. Оның себебі де түсінікті. Тұрғындарының басым бөлігі орыс тілді.

Өткен жылдың мамыр айында аймақтың бас қаласына 36 жастағы Қуат Тұмабаев әкім болып тағайындалды деген хабарды естігенде халық арасында, «Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтер» дегендей, «жас әкімнің топ бастайтын өз қасиеті барма, әлде әке даңқымен өтті ме?» деген сауалдың аз болмағанын да жасыру артық болар.

Қуат Тұмабаев  - «Приречное» агрофирмасының басшысы, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, есімі аймақ тұрғындарына жақсы таныс Мұхит Тұмабаевтың ұлы.

Әлқисса! Өскемен сияқты көп ұлтты, өндірісті қаланы басқару - тәжірибелі, жігерлі басшының ғана қолынан келетін шаруа. Ендеше, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған жас әкім қызметке кіріскелі қандай іргелі істі, күрделі шаруаны қолға алды? Облыс орталығында айтулы өзгеріс, селт еткізер серпіліс болды ма? Орда бұзар отыздың үстіндегі азамат ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін қалай байқатып жүр деген сауалдарға жауап іздеп, өткен жылдың қараша айында Қуат Мұхитұлымен байланысқа шыққан едік. Біздің қазақша сауалымызға Өскемен қаласының жас әкімі іссапарға кетіп бара жатқанын, екі аптадан кейін өзі хабарласатынын айтып, орысша жауап берді. Біз - қазақша, ол - орысша! Ардақты ағайын, жас шенеунікті сынап, тырнақ астынан кір іздеу мақсатынан аулақпыз. Оның үстіне Өскемен сияқты орыс тілінің қолданылу аясы басым ортада Одақтың тілінде сөйлеу қажеттілік болар деп көңіліміздегі көлеңкелі жайларға ерік бермей, өзімізді-өзіміз іштей жуып - шая бастадық.

Сонымен, уәделі уақытта Қуат Мұхитұлынан хабар болған жоқ. Сәл кейінірек өзін Әсем Қайратқызымын деп таныстырған баспасөз хатшысы байланысқа шығып, сұхбаттың сауалдарын жіберуді сұрады. Ал біз жас басшының қол астындағылар дайындап берген сөзін емес, шынайы әңгімелесу үстінде өзін танығымыз келген... Осы жерде өткенге сәл шегініс жасап, Өскемен қаласын кімдер басқарды деген сауалға жауап іздеп көрелік.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бері Өскемен қаласында 16 әкім ауысқан екен.  Сан ұлттың өкілдеріне мекен болған өнеркәсіпті қалаға басшылық ету оңай іс емес. Шығыс Қазақстан облысының орталық қаласын ертеректе басқарған бірқатар әкімдердің есімдерін жергілікті тұрғындар ұмытып та қалған сыңайлы. Біз де олардың  барлығына тоқталып жатуды артық деп ойлаймыз. Дегенмен, қала тұрғындары Вера Сухорукованы қалаға басшылық жасаған әкімдердің ішіндегі жалғыз нәзік жанды ретінде, Амангелді Қажыбаевты Өскеменге басшы болған тұңғыш қазақ ретінде, Темірбек Қасымжановты Өскемен қаласына екі мәрте басшы болған бірден - бір әкім ретінде, Ислам Әбішевті қалаға қазақылықтың рухын әкелген басшы ретінде еске алады. Ал бүгінгі әкім Қуат Тұмабаев қала тарихына ең жас әкім ретінде енеді деп ойлаймыз.

Өскемен сияқты қаланы басқару - үлкен жауапкершілік және зор сенім. Қуат Мұхитұлының алдында әкім болған Ерлан Айтмұқашев өндірісті қаланы өркендетемін деп біраз әрекеттенді. Жұмысы жүйелі не жүйесіз болды деп үзілді – кесілді пікір де айтқымыз келмейді. Өкінішке орай, Ерлан Қапарұлының әкімдік дәурені көпке бармады. Бір жылға бір ай жетпейтін уақыт әкім тағында отырған Айтмұқашев қызметінен өз еркімен кетті. Түсініксіздеу түсініктемемен кетті. Жасы сексеннен асқан, нашар жатқан әкесін бағу үшін қызметтен кетуге өтініш бергені ел арасында талай қалжыңға тақырып болғаны да жасыратын жағдай емес...

Сонымен, сұхбат алудың сәті түспеген себепті Қуат Тұмабаевтың жұмысымен әлеуметтік желі арқылы танысуға мәжбүр болдық. Жаңа басшы келгелі өскемендіктер  өмірінде қандай өзгерістер бар? Ардақты оқырман, біздің бұл сауалымыз материалдық игіліктен гөрі рухани құндылыққа көбірек қатысты екенін түсінерсіздер. Оның себебі де жоқ емес. Өскеменнің ұзақ жылдар бойы (тіпті Тәуелсіздік алғаннан кейін де) алаш баласы ана тілінде нан сұрап ала алмайтын Ресейдің қаласы іспетті болып келгені белгілі. 2009 жылы Өскеменге қойылған Абай ескерткіші қандастарымызға қанат бітірді, «елім» деп еміренгеннің еңсесін көтерді. Қазақылықтың рухына қасқайып тұрған Қабанбай батыр ескерткіші қосымша дем берді. Сол күннен бастап екінші тынысы ашылған өндірісті шаһардың бүгінгі жағдайы қалай? Халық бірінші басшының аузына қарайды. Жас басшы ұлттың жоғын жоқтап, алдында әкім болған ағалары салып кеткен ізді қалай жалғап жүр?

Қуат Мұхитұлы 1980 жылы 30 қазанда Семей қаласында дүниеге келген. 2001 жылы  Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша, 2003 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тамамдап, банкте, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мемлекеттік қарыз беру және несиелендіру,  Инвестициялық саясат және жоспарлау департаменттерінде, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасында лауазымды қызметтер атқарып, 2015 жылдың наурыз айынан ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, 2016 жылдың 15 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2017 жылдың мамырынан бастап Өскемен қаласының әкімі болып тағайындалды. Небары 36 жастағы азаматтың өмірбаян деректері САЛМАҚТЫ!

***

Сонымен, ВКонтакте, Одноклассники, Facebook, Twitter, mail.ru сияқты әлеуметтік желілерге Қуат Тұмабев деген сөзді тіркеп, ақпарат теруге кірістік:

«Өскемен қаласына әкім болған 3 күн ішінде 3 келі салмақ тастаппын. P.S. 100 күнде не болар екен...» деген алғашқы жолдарды Twitter парақшасына 3 маусым күні орыс тілінде («За 3 дня акимом Усть-Каменогорска потерял 3 кг в весе. P.S. Интересно, что будет на 100 день») бүгінгі кейіпкеріміздің өзі тіркеген екен.

«Өскеменге әкім болып жаңа тағайындалған Қуат Тұмабаев әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы сияқты. Ол қазір, өзінің жеке өміріне қатысты жаңалықтармен бірге, Өскемендегі проблемаларды, оларды шешу жолдарын да жазуды әдетке айналдырған»,- деп жазады sn.kz.

***

Өскемен қаласының жаңа басшысы Қуат Тұмабаевтың жұмыс пен спорттағы белсенділігі әлеуметтік желі қолданушылары назарынан тыс қалмаған сияқты. 5 маусым, дүйсенбі күні «Қуат Тұмабаев еңбек пен спортты қатар алып жүр» деген жолдарды оқыдық.

***

Ал шаһардың жас басшысының өзі: «Жұмысқа келе жатқанда велосипедпен кезекті 23 шақырым қашықтықта жол жүрдім» деген жолдарды Facebook желісіндегі парақшасына маусым айында жазып қалдырыпты. Алғашқы қызметке кіріскен бетте-ақ  Қуат Тұмабаев өзінің алдында болған қала басшысы Ерлан Айтмұқашевпен салыстырғанда белсенділігімен көзге түскен сыңайлы.

***

«Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев сенбілікке қатысып, Қабанбай батыр ескерткішін жуды,- деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. - Ол сондай-ақ «Каравай» нан зауытының жұмысшыларына Ұлан ауданындағы Герасимовка ауылының жанындағы өзеннің жағасын қоқыстардан тазартуға көмектесіп, кәсіпорын жұмысшыларымен бірге 200 қап қоқыс жинады» деген хабарға қосымша әлеуметтік желіде қала басшысының жол жұмысшылары киетін арнаулы киіммен Қабанбай батыр ескерт-кішін құлшына жуып жатқан суреті де бірнеше қырынан беріліпті.

***

Өскеменнің әкімі 28 маусым - Журналистер күні БАҚ өкілдерін құттықтауға мотоциклмен келді. Жұмысқа да екі дөңгелекті «досымен» қатынағанды ұнататын шаһар басшысының қаланы аралауға қолайлы көлік екенін айтқанын, тіпті қызық көріп тамашалаған тілшілермен суретке түсуге де қарсы болмағанын әлеуметтік желі қолданушылары жарыса жазды. Қуат Тұмабаевтың жол қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесінде өзінің тәртіпті жүргізуші екенін айтқаны да әріптестеріміздің назарынан тыс қалмаған сыңайлы. Шаһар басшысының сүйікті көліктерінің қатарында велосипед те бар екенінен БАҚ өкілдері хабардар. Әкімдік қызметіне кіріскен алғашқы күндері қалалық веложарысқа қатысқаны да көпшіліктің көз алдында. Ендеше, велосипедті жақсы көретін шенеунік жалғыз Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек емес сияқты.

Өскемен қаласының бұрынғы әкімдерін мұндай қырынан байқамаған БАҚ өкілдері жас басшының мотоциклмен келуін көзге ерекше көріну деп емес, демократиялық басшының бейнесін көргенін де айта кеткен орынды болар. Шын мәнінде, мотоцикл Қуат Тұмабаевтың әуес көлігі екен. Өзінің «Хонда» маркалы қос дөңгелекті «досының» тізгінінен ол 2012 жылдан бері айырылмай келе жатқан көрінеді. 3 жыл уақыт бұрын Астана мен Балқаш арасында спорттық автокөліктер жарысына қатысып, ұзақ жолдағы сайыста бірінші орынды иеленгені соның айғағы болса керек.

***

ҚазАқпараттың әлеуметтік желі арқылы жар салған жаңалықтарының тағы бірі: «Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев өзінің орынбасары Расул Манаповқа екі ай бойы қызметтік көлікті пайдалануға тыйым салды. Бүгінгі күннен бастап қаңтар айының біріне дейін ол жұмысқа қоғамдық көлікпен келетін болады...»- деп хабарлады Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Сексеноваға сілтеме жасап.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің этика бойынша кеңесінде Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Расул Манаповтың қызметтік көлікті жеке пайдасына жаратқаны туралы шулы оқиға тараған болатын. Қазан айында, жексенбі күні Расул Манаповтың демалыс базасына өзінің қызметтік көлігімен барып, демалып жүргені белгілі болған», - деп хабарлайды баспасөз қызметінен. Қала әкімінің орынбасары өзіне тағылған кінәні толық мойындап, «Өскемен тәртіп» кәсіпорнында 20 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелген. Сонымен бірге мемлекетке келтірілген шығынды өтейтін болды. Бұған қоса ол қала әкімінің міндеттеуімен қаңтар айының біріне дейін қызметтік көлікті пайдаланудан шектеліп, жұмысқа қоғамдық көлікпен келетін болды.

***

Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев ЖРВИ-дің алдын алу үшін екпе қабылдап, басқаларға үлгі көрсетті. Шаһар басшысы №2 қалалық ауруханаға барып тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін өзіне екпе жасатты.

«Вирусты кез келген жерде жұқтыруға болады. Мен қала тұрғындарын екпе жасатуға шақырамын. Өзім 30 жылдан бері жасатып келемін, осы уақыттың ішінде бірде-бір рет ауырған жоқпын»,- деп әлеуметтік желі арқылы халыққа үн қатқан қала басшысынан кейін әкімдіктің басқа қызметкерлері де екпе жасату үшін емханаға ағылған.

***

«14 маусым – Бүкіләлемдік қан тапсырушылар күні Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев еріктілер қатарында жарты литр қан тапсырды»,- деп жазылды Twitter әлеуметік желісінде. Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шаһар басшысы мұндай қайырымдылық шарасына бірінші рет қатысып отырған жоқ. «Салауатты өмір салтын берік ұстайтын Қуат Тұмабевтың қан тобы - үшінші. Қала басшысының бүгін өз қанымен бір адамның өмірін сақтап қалуы да ғажап емес»,- деп жазылады ақпарат деректерінде.

Сонымен, әлеуметтік желіге шолу жасап, Өскемен қаласының бүгінгі жас әкімі жайлы біраз деректерге қанықтық. Қуат Мұхитұлымен бетпе-бет кездесіп,  атқарған істері және алдағы уақытқа жоспарланған шаруаларымен тереңірек танысу мақсатымыз болған... Оның себебі де жоқ емес. Елбасының өзі ел болашағы жастарға үлкен сенім арту қажеттігі жайлы жиі айтады. Біз де жас та болса үлкен өндірісті шаһарға бас болып отырған азамат өз ұлтына тән табиғи болмыс пен дала даналығын бойына  сіңіре білген тұлға ма деген сауалдың жауабын әңгіме үстінде барлап, байқағымыз келген... Облыс орталығының әкімі - саяси мемлекеттік қызметкер. Бүгінгі рухани жаңғыруға бет бұрған уақыттың өзі әкімдерді идеолог болуға мәжбүрлемей ме? Ендеше,   жас басшы облыс орталығының басты идеологына айнала алды ма? Жасыратыны жоқ, Өскемен сияқты көп ұлтты қалада бойында қазақылық қасиеті тұнып тұрған, сөз саптауы бөлек, бейнелі тіркестерді қолданғанда аудиторияны тылсым күшпен билейтін харизмасы мықты тұлғаны көргіміз–ақ келеді...

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңғырудың ең басты шарттарының бірі ретінде ұлттық кодымызды сақтай білуге ерекше маңыз берілген. Замана сынынан сүрінбей өткен халқымыздың озық дәстүрлерін табысты жаңғырудың алғышарттарына айналдыра білу елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу екені белгілі.

ОСЫ ОРАЙДА ҚУАТ МЫРЗАҒА АЙТАР БІРНЕШЕ ДАТЫМЫЗ ДА БАР:

Бірінші: Қуат бауырым, Өскеменді рухани тұрғыдан жаңғырту жұмысын өзіңіз қазақшаға қазақ тілінде жауап беруден бастағаныңыз жөн болар еді.

Екінші: Қазақтың партизан ұлы Қасым Қайсеновтің туғанына биыл 100 жыл толады. Батырға қойылған ескерткіш Кеңес дәуіріндегі паспорттағы 3х4 суретті еске салады. Қайсеновтей батырды туғызған қала Қазақстанда көп емес. Ендеше, осы ескерткіштің еңсесін көтеру жағын ойланып көрсеңіз.

Үшінші: «Өскемен қазақыланып келедi» деген сөзді естісек, елең ете қаламыз.   Орджоникидзе, Дзержинский, Революционная, Ворошилов, Горь-кий, Бажов, Добролюбов, Клара Цеткин, Крупская, Краснознаменная, Краснодонская, тағысын тағы,  «кеңестің көсемдері» мен «орыстың  ұлыларына» берген  көше атауларын ауыстырсақ, кімнің атын береміз деп қиналатындай, Шығыс Қазақстан таланттан кенде жер емес қой.

Біздің жақта аспаннан Алтай биік,

Ал ақыны тым биік Алтайдан да.

Бұл өлкенің Алтайдан халқы биік,

Көкірегі көк тірер шалқайғанда,-

деп ақын жырға қосқан кенді Алтай, асқар Алтай! Ұлттық әдебиетіміздің заңғар шың, биік тұлғалары Қалихан Ысқақов, Марат Қабанбай, Асқар Егеубаев, Дидахмет Әшімханов, Нұрлан Мәукенұлы, Талаптан Ахметжан, Рүстем Есдәулетті дүниеге әкелген асқақ Алтай! Ендеше, Өскеменде осы тұлғалардың атына көше берілуі өзіңіз сияқты жас басшының назарында болуын қалар едік. Шығыстан шыққан белгілі педагог Қанипа Бітібаеваның есімін де ескерусіз қалдыруға болмайды деп ойлаймыз. Айтпақшы, Оралхан Бөкейге берілген көше іздеген жан әрең табатын шеткері жатқан, елеусіз жерде екені бізге дейін де айтылып жүрген шығар деген ойдамыз.

Елі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз болғанымен, есімі елеусіз қалып бара жатқан тағы бір тұлға - Ілияс Омаров. Аты аңызға айналған  мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров 1945 – 1947 жылдары Қазақ КСР ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда Қазақстанның шығысының тұралап қалған шаруашылығын, елдің әл-ауқатын, ең бастысы, зұлматтан кейін есеңгіреп қалған халықтың рухын көтеруге ерек-ше еңбек сіңірген ұлтымыздың отаншыл перзенті Ілияс Омаров Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның құрылуына тікелей ұйытқы болған азамат ретінде белгілі. 1947–1952 жылдары Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы қызметінде жүріп ұлт руханиятының жанашыры болған Ілияс Омаров - халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға, Ұлы Абайдың мол мұрасының жарыққа шығуына ерек-ше үлес қосқан тұлға. Қанатының астына алып, талай таланттың қияға құлаш ұруына қамқорлық жасаған, бағын ашып, болашағына жол сілтеген Ілияс Омаров ШҚО партия комитетінің бірінші хатшысы болғанда небары 33 жаста екен.

Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды,

Сонда да тастамаймын астанамды,-

деген отты жырлары әлі күнге көпшіліктің аузында жүрген Қасым Аманжоловтың үй алуына көмек көрсеткен жанашыр жан да осы Ілияс Омаров болғанын бүгінгі билік басындағы ұрпақтың көпшілігінің білмейтіні алаңдатады.

Омарұлы Ілияс сіз екенсіз,

Ойланарсыз, толғанып іс істерсіз,

Күйсіз өмір секілді өлеңім бар,

Кей жерлерін өзіңіз түзетерсіз.

Талай жанға қойғанмен адам атын,

Ел таниды өзінің азаматын.

«Азамат!» деп ел Сізге ат қойыпты,

Сол себепті бұл жырды жазады ақын.

Жасап көрген емеспін сөз саудасын,

Тебіренгеннен, тереңнен шығар даусым.

Туған елі өлеңнен құя салған,

Алдыңызда отырған мынау Қасым,-

деп Қасым Аманжолов жыр арнаған Ілияс Омаров сияқты азаматтардың есімдері өз дәрежесінде жастарға дәріптел-мей жатқаны алаңдатады. Өскеменнің орталығындағы бір көшенің осы Ілияс Омаровтың құрметіне аталуына өзіңіз          бастамашы болып жатсаңыз,  Клара Цеткин мен Максим Горький, Орджоникидзе ренжи қоймас деп ойлаймын.

Төртінші: Өскемен жақтан 2020 жылы қаланың 300 жылдығы аталып өтеді деген сөз де естіліп қалып жатыр. XVIIІ ғасырдың басында патшалық Ресей қазақ даласында әскери бекіністерді салу арқылы өзінің отаршылдық әрекеттерін бастағаны белгілі. 1720 жылы Өскеменде бой көтерген бекініс те I Петр патшаның қазақ елін отарлау мақсатында салған сол қамалдарының  бірі. Ендеше, Өскеменнің 300 жылдығын атап өту жайлы бастама көтеріп жатқан дүрмектің ұсынысына қазақтың отаншыл азаматы ретінде парасат биігінен қарап, жалтақтамай, жастық жалыныңызбен тойтарыс берерсіз деген үміттеміз. Бізде бүгін «толерантность» деген сөз сәнге айналып кетті. Шын мәнінде, бұл сөздің аудармасы «құлмінез» екенін Сіз бен Біз түсініп, қолданыстан ығыстыруға талпыныс жасауымыз  керек, Қуат бауырым! Бас изей бергенді «басқалардың» басынып алатынын да естен шығармағанымыз дұрыс қой. 

Әрине, Өскемен қаласының әкімі қызметіне кіріскеніңізге әлі бір жыл да болған жоқ. Атқарған жұмыстарыңыз аз емес те сияқты. Атқарылатындары әлі алда екені де белгі.  Әділ бағасын беретін халық бар. Жұмысыңыздың табысты болуына ниеттеспіз, Қуат мырза! Өскеменнің тарихында хоббиі мотоцикл болған басшы ретінде ғана емес, ұлтжанды әкім ретінде де қалуыңызға тілектеспіз! Егер халықшыл бастамалар көтеріп жатсаңыз, баянды болсын! Қызметіңіз жоғарылап  жатса, артыңызда «Тұмабаевтың тектілік феномені» деп еске алып жүретін аталы сөз, айшықты іс қалдыруыңызға  тілектеспіз...

Ардақты оқырман, біз алдағы уақытта да Өскемен қаласының жаңалықтарынан өздеріңізді хабардар етіп отырамыз! Бізбен бірге болыңыздар!

Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57