«А» КОРПУСЫНЫҢ АЛАМАНЫНАН КЕЙІН

аймақтағы аудан әкімдерінің қатарын кімдер толықтырады?

«А» корпусы - Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ-стан - 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа  Жолдауында белгіленген мемлекеттік қызметтің сүт бетіндегі қаймағы деп саналатын тобын іріктейтін жауапты сынақ. 

Еліміздегі элиталық мемлекеттік қызметкерлер корпусының резервін қалыптастыру жұмысы 2013 жылғы 7 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қолға алынып, Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға «А» корпусын қалыптастыру міндеті қойылған болатын.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем-қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің деректеріне сәйкес, республика бойынша «А» корпусына сынақ тапсыруға биыл 600-ден астам үміткерден өтініш түскен екен. Оның 80-і - комитет төрағасы болуға талап қылғандар, ал қалғандары - аудан әкімі лауазымынан үміткерлер. Бірақ шенеуніктердің небары 15 пайызы ғана қажетті межеден өтіп, қалғандары сынақтың талаптарын орындай  алмаған екен. «А» корпусының құрамына кіруге үміткерлер бұрын ҚР-ның 7 заңы бойынша білімдерін сарапқа салып келсе, осы сынақта 11 заң бойынша тест тапсырған.

Сонымен, биылғы қазан айында болып өткен «А» корпусының кезекті аламан бәйгесіне қатысқандар арасында Шығыс Қазақстан облысынан кім құлап, кім өтті? 

Құжат тапсырушылар тізімінен Жарқынбек Борашұлы Байсабыров, Қайрат Шаймарданұлы Ерембесов, Қайрат Мұратқазыұлы Мауадинов, Мақсат Тұрсынғазыұлы Мүсәпірбеков, Қайырбек Кажыбайұлы Садықов, Қуат Қайырғалиұлы Мирашев сияқты өзімізге таныс есімдерді кездестіргеннен кейін, аталған азаматтардың қайсысы сынақтан сүрінбей өтіп, аудан әкімдерінің қатарын толықтырар екен деген сауал көкейде болғанын жасырмаймыз.

Көпшілік нәтижесін асыға күткен сынақ қорытындысы екі күн бұрын әлеуметтік желіде жарыққа шықты. Біз де асыға қарап шықтық. Көкейімізде «Шығыстан кімдер бар екен?..» деген ой тұрды. Өкінішке орай, сынақтан өткендер қатарынан жоғарыда аталған өзімізге таныс есімдердің бірін де кездестіре алмадық...

Республика бойынша сынақтан өткендердің қатарында біздің аймақтан үш адамның ғана сүрінбегенін білдік. Сонымен, элиталы кадрлар армиясының  қатарын таяу уақытта ШҚО-нан кімдер толықтырады?  Біреулер үшін таныс та болар, дегенмен көпшілік үшін бейтаныс есімдер:

ҚИНАҒҰЛ ҚАШКЕНҰЛЫ БИЧУИНОВ - 1963 жылы 15 маусымда Семей облысы Бородулиха ауданы Бородулиха ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі жоғары.

1984 жылы дене тәрбиесі мамандығы бойынша Н.К.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын, 2002 жылы қаржы және несие мамандығы бойынша жоғарғы білім базасында Қазақстан-Американдық еркін университетін тамамдаған.

Еңбек жолын 1984 жылы Семей облысы Бородулиха ауданы Бородулиха ауылындағы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы қызметінен бастаған. Әр жылдары Бородулиха аудандық атқару комитетінің әкімшілік комиссиясының жауапты хатшысы, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, әкім аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары, Бородулиха ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарған.

2016 жылғы мамыр айынан бастап Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары. 

СЕРГЕЙ АЛЕКСАНДРОВИЧ ХАРЧЕНКО – 1980 жылы Семей қаласында туған. Ұлты - орыс. Білімі жоғары. 2001 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін, 2009 жылы Семейдегі М.Әуезов атындағы университетті экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Республикалық «Еңбек-Өскемен» мемлекеттік кәсіпорнының №11 Семей филиалының қатардағы бухгалтерінен бастап аталған мекеменің директорлығы қызметіне дейінгі мансап баспалдағынан өткен. Соңғы қызмет орны - Риддер қаласы әкімінің орынбасары.

МҰРАТ ЕЛУБАЙҰЛЫ ЖЕЛДІБАЕВ - 1964 жылы туған. Білімі жоғары. Мамандығы бойынша көліктерді пайдалану жөніндегі инженер, Өскемен қаласының жол – құрылыс институтын менеджмент мамандығы бойынша тамамдап, Алматы қаласының экономика және статистика академиясын бітірген. 2010 жылдың 29 наурызында Шемонайха қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін аудан әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Облысымыздағы Абай және Бесқарағай аудандарында әкім орынтағының бос тұрғанына да біраз уақыт өтті. Бесқарағайлықтардың көпшілігінің бүгінгі әкімнің міндетін атқарып отырған орынбасары Ерболат Еренұлы Рахметуллин ауданның бірінші басшысы болар деген үмітте болғаны да құпия емес. Ұзақ уақыт аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша, ал соңғы жылдары ауыл шаруашылығы, қаржы салаларын үйлестіретін орынбасары қызметін атқарған Ерболат Еренұлы - өңірдің жай-жапсарын жақсы білетін маман. Сондықтан да болар, сырын білмейтін сырттан келетін кадрдан гөрі, әр салада  біліктілігін байқатып жүрген өз аудандарының тумасы бірінші басшы болса деген көпшілік үміті ақталмады. Биылғы сынақ талаптарына енгізілген өзгерістердің қатарында үміткердің жасы да ескерілгендіктен, Ербол Еренұлы «А» корпусына сынақ тапсыратындар тізіміне ілінбеді.

Жоғарыда айтып кеттік, жаңа әкімнің тағайындалуын асыға күтіп жүрген аудандардың бірі - қазақтың Ұлы ақынының елі Абай ауданы. Естеріңізде болса, біздің газетте «Абай ауданын енді кім басқарар екен?» деген мақала да жарық көрген болатын. Жасыратыны жоқ, Абай ауданының даласында жайқалған бақшасы да, бюджетке құйылып жатқан ағыл - тегіл ақшасы да жоқ. Негізгі кәсібі - мал шаруашылығы. Бірақ Абайымен, Шәкәрімімен, Мұхтарымен бай өлке. Топырағы киелі мекенді кім басқармады? Бүгінгі таңда Абай ауданында әкімнің міндетін Бауыржан Тәттібеков есімді  орынбасар атқарып отыр. Тамыз айында өткен облыс әкімдігінің отырысында аймақ басшысы Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібековтің жұмысына «2» деген баға қойды. Бұл - Даниал Кенжетайұлының Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушыға қойған екінші «екілігі». Аймақ басшысы, жарық пен су тарту жұмыстары қажет деп, мемлекеттен қолдау сұрап отырған шаруа қожалықтардың ертең бар-жоғына кім кепілдік бермек деген сауалды төтесінен қойды:

- Мәселен, 45 сиыры бар «Алтынбек» шаруа қожалығына жарық тарту үшін 6,5 млн. теңге қажет депсіңдер. Ал сіздер бұл шаруашылықтың жемшөбі бар ма екен, білдіңіздер ме? Қыстан малын аман сақтап қала ала ма? Малды жайылымда бағу мен қорада ұстаудың айырмашылығы көп қой. Сондықтан бюджет ақшасын игеру туралы құжаттарыңызды қайта жасаңыздар,- деді Даниал Ахметов, әкімнің міндетін атқарушы Бауыржан Тәттібековке.

Ауданда мүйізді ірі қара және жылқы малын өсіру жұмысымен айналысатын тоғыз шаруа қожалығы бар екен. Мысалы, жоғарыда айтып өткен «Алтынбек» шаруа қожалығына электр жүйесін тарту үшін 6,5 млн. теңге ақша қажеттігі жайлы өтінім келіп түскен. Алайда жергілікті әкімдік пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жоба дайындау кезінде жұмысқа үстірт қарағанына аймақ басшысы наразылығын жасырмады. Аталған шаруа қожалығының қарауындағы жалпы жер көлемі қанша гектар, оның қаншасы  жайылымдық, қаншасы шабындық жер? Биылғы жазда қанша тонна шөп жиналды?  Қожалықтың шаруашылық жұмысына қажетті қанша техникасы бар? Жалпы, мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржылық қолдауды қажет етіп отырған қожалықтың болашағы бар ма? Міне, аймақ басшысының атқарушы билік тарапынан білгісі келгені де осы болатын.

- Егжей-тегжейлі сараптама жасалмаған, үстірт дайындалған жобаларға неге қол қоясыздар?- деген Даниал Кенжетайұлының айтқаны жай сөз емес, алдағы қыста жағдайлары не болады деген алаңдаушылықтан туып отырғаны белгілі.

Біздің көкейімізде бір сауал. Ауданда жылқы және мүйізді ірі қар өсірумен айналысатын 9 шаруа қожалығы бар екен. Бұл кеше мен бүгін құрылған шаруашылықтар емес. Ендеше, аудан әкімінің міндетін атқарушы мен өңірдегі басқа да билік тұтқасын ұстап отырған шенеуніктер небары тоғыз шаруа қожалығының жерінің көлемін, қанша тракторы, басқа да мүмкіндіктері бар екенін түнгі ұйқыдан түртіп оятып сұраса да жатқа айтуға болатындай емес пе?

Бауыржан Тәттібековтің аудан басшысының міндетін екі айға жетер-жетпес уақыт атқарғандағы жұмысы «2» деп бағаланды... Мемлекеттен қаржылай көмек алу үшін жасалатын жоба - бір-екі ай емес, дайындалуы біраз уақытты қажет ететін жауапты құжат. Ендеше, бұл «екілік» бүгінгі әкімнің міндетін атқарушыға ма, әлде бұрынғы әкімнің жұмысына қойылған баға ма, қалай ойлайсыздар?

Таяуда өзін Абай ауданының тумасымын деп таныстырған бір азамат редакцияға қоңырау шалды:

- Абай ауданына абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен қосымша 100 млн. теңге қаржы бөлінгенін естігенбіз. Бұл қаржымен алақандай ауданның бүкіл елді мекендерін ал қызыл раушан гүлдерімен көмкеріп тастауға болатын еді ғой,- деді телефонның ар жағындағы аты-жөнін белгісіз қалдыруды жөн санаған жаңағы дауыс... «Сырт көз сыншы» десек те, бұл пікірді таласқа салуды қажет емес деп санағандықтан, оқырман назарына қаз қалпында, еш өзгеріссіз жеткізуді ғана жөн көрдік.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын, аймағымызға Бердібек Сапарбаев басшылық жасап тұрған шақта, бүкіл облыс аудандары Абай ауданына көмек беруге жұмылдырылған болатын.

Өткен қыста да 600 тонна мал азығы осы өңірге облыстың ой-қырынан көмекке жіберілгені көпшілікке белгілі. Жақсы әкенің даналығы балаға мың жылдық азық екенінің бір айғағы осы болса керек.

Бүгінгі таңда қылышын сүйретіп келетін қыстың есік қағып тұрғандығы мен ауданда әлі басшының жоқтығына алаңдаған халық «А» корпусының кадрлық резервіне өткендердің қайсы таяу уақытта бос тұрған әкімнің тағына келіп отырады деп асыға күтуде...

Жасыратыны жоқ, өз басым элиталық корпустың сынағынан сүрінбей өткен жоғарыдағы үш есімнің арасынан Абай ауданына басшылыққа лайық дейтіндей тұлғаны көре алмай отырмын. Риддер, Шемонайха, Бородулиха сияқты аудандарда қызмет істегендіктен ғана емес... Бұдан бұрынғы әкімдер арасында қазақтың қасиетті жерінің қадірін жанымен түсініп, жарылқай қойған басшылардың аз болғанынан кейін көңілде қалған күдік болар...

Құрметті оқырман, аздап сын айтсақ, шама-шарқымыз жеткенше шындықты айтуға тырыстық. Қазақтың Ұлы ақынының елін соңғы жылдары басқарған әкімдер жайлы бұған дейін де жазғанбыз. Біздің тілек - бүгінгі ауылдың жағдайы жақсы болса, ел басқарып отырған басшылар жауырды жаба тоқып, тек жылт еткен жақсы істерін жарнамалау арқылы арзан ұпай жинаумен айналысқаннан гөрі нақты істерге көшсе деген ой тастау ғана...

Пікіріңіз болса, редакцияға хабарласуды ұмытпаңыз!

Риза МОЛДАШЕВА

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңарту

Меншік иесі: «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС

Техникалық директор:Қайрат Жолобаев

Бас редактор: Ерзат Жанатұлы

           

Ескерту! Кез келген

материалды көшіру және жариялау

үшін редакцияның арнайы

рұқсатын алу қажет!

 

Телефон: 8-775-746-46-70,

8-707-372-57-00

Кеңсе тел.: 8-7222-52-36-57